Сәрсенғалиев
Нартай
Аралбайұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
10.07.2023 Ж., БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

🚨Қарапайым қазақтың баласы қашанғы қор боп жүреді? Бүгін БҚО Казталов ауданындағы Жалпақтал ауылына бардым. Ағайын ашулы, бұқараның базынасы басым!

🚨Жалпақталдағы жұрттың бірінші талабы аудан статусын қайтару! 1997 жылға дейін Жалпақтал аудан болды. 1997 жылы Казталовқа қосып жіберген. Содан бері Жалпақталға лайықты жағдай жасалмады, тиісті көңіл бөлінбеді, жұрт жетімнің күйін кешті дейді ел. Бұл талапты талқыладық, мәселе орталықта қарастыруды қажет етеді, арызды өзіммен әкеттім!

🚨Жалпақталдағы салалық колледжге ат басын тіредім. Ғимарат өте ескі. 1904 жылы салынған ғимаратта заман талабына сай білім беру қиямет! Қабырғалары қақырап, шынылары шытынап жатыр. Жатақхана ғимараты да қирап тұр! Екі ғимаратты да жаңадан салу керек, әйтпесе жүздеген студент далада қалады, аудандағы шаруалар жас мамансыз қалады. Ғимарат салу үшін ПСД жасалған, алайда “бюджетте қаржы жоқ” деп кері қайтарылған. Мұны да бас қалада қарастырамын, арызды алып кеттім.

🚨Ауыз су мәселесі қиын. Ауылдарға таза су тартылғанмен ондағы тазалау құрылғылары сапасыз, жиі бұзылады. Оны ауыстырғанша халық лас су ішуге мәжбүр! Мемлекеттік сатып алу жүйесінің жүйесіздігі бұл.

🚨Шабындықтарды киік отап кеткен, шаруалар малға шөп таппай қиналып отыр. Сондықтан мал шаруашылығымен жан бағып отырған адамдарды қолдау үшін субсидия берілсе дейді, бұл кешенді жұмыс. Шабындықсыз қалған шаруаларға қолдау қажет-ақ.

…мәселелерді жазып алдық. Жергілікті жерде шешілетіндерін жергілікті шенділер реттейді, бақылаймыз. Орталықта қарастырылатындарын өзімізбен әкетеміз…



Image title

Image title