Сәрсенғалиев
Нартай
Аралбайұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ, 2023 жылғы 24 мамырда жарияланды

2023 жылғы 24 мамырда жарияланды

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі

Б. Мусинге

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Бағдат Батырбекұлы!

Бұл депутаттық сауалымның артында интернеттің инесіне отырмаса да, ғаламторға тірелген тіршіліктерін уақытында тындыра алмай зәрезап болған миллиондаған қазақстандықтың мұңы жатыр.

«Қазақстанда интернет бар» деген аты болмаса бүкіл әлемде жылдам саналатын желі біздің елге келгенде табанына тас байлап алғандай көрінеді. Сандарға сүйенейік, үстіміздегі жылдың 1 сәуіріндегі мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы халқы саны 200 мыңнан асатын 1432 ауыл кең жолақты мобильді интернетке қосылмаған. Бұл ресми дерек,  шынайы жағдайға келсек ғаламторды атымен көрмеген елді-мекендер саны бұдан әлденеше есе көп  болуы бек мүмкін. Себебі, 2020 жылы мемлекет Қазақстан Республикасы халқының 98,7%-ын интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамассыз етті дегенді де естіді ел, бірақ бұл деректің де арты бір-ақ тұтам екенін уақыт өте аңғардық. Басқасын былай қойғанда бас қаланың біраз жерінде интернет әупірімдеп әрең істейді. Сапалы интернетті басқа түгілі бас қалада  қолдану қиынның қиыны. Интернеттің сын көтермейтін сапасына қарамастан халыққа қажет талай қызметті электронды порталдарға салып тастады жауапты ведомство. Интернетсіз өмірдің азабын қазір ең алдымен ұстаздар мен оқушылар тартып отыр. Бұл проблеманы Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновте растап отыр. Ол өз сөзінде қазір Қазақстандағы 3 мыңнан астам мектеп ғаламторға қосылмаған немесе оның сапасы төмен деді. Ал біз көшпелі отырыс барысында Солтүстік Қазақстан облысының ауылдарында Күнделікті үйлерінен толтыруға мәжбүр ондаған ұстазбен жүздестік. Бұл тек 1 облыстағы ахуал.

2023 жылдың 4 айының өзінде қазақстандықтар сапасыз интернетке қатысты 5 мыңнан астам арыз-шағым түсірген. Осы жерде заңды сауал туады, сапасыз интернетті ұсынған операторларға қандай жаза кесілді? Қанша айыппұл салынды? Бұған дейін байланыс операторларына салынған айыппұлды естіп келдік, демек бұл мәселенің шешімі емес екенін түсінетін кез келген жоқ па? Жұртқа айыппұл емес, сапалы интернетқажет емес пе?

Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында қадап айтты. Цитата: «Азаматтар сапалы цифрлық қызметтерге қол жеткізе алады. Ұялы байланыстың бесінші буыны (5G) барлық облыс пен аудан орталығында пайда болады. Жасанды интеллект, виртуалды және толықтырылған шынайылық, цифрлық активтер мен блокчейн технологияларының таралуына жан-жақты жәрдемдесетін боламыз» деді Президент. Аталған межеге жету үшін жауапты министрлік қандай қарекет қылып жатыр? Және Қазақстан қашан 100%-ға сапалы интернетпен қамтамассыз етіледі? Қалалар ғана емес, алыстағы ауылдарға, шекаралық аймақтағы елді-мекендерге сапалы ғаламтор жеткізіледі? Бұл проблеманы АМАNАТ партиясы үнемі көтеріп келеді. Партияның сайлауалды бағдарламасында «Бүкіл ел аумағында жарық, су, жылу, кәріз, байланыс, интернет барлық жерде қолжетімді болуы және желілер уақытылы жаңартылып отыруы керек» делінген. Алайда қазіргідей ахуалмен бұл межеге қалай жетеміз? Атқарылған жұмысты түгел жоққа шығарудан аулақпыз, бүгінгі күнге дейін 6290 ауылдың 4974-не кең жолақты мобильді интернет тартылған. Бірақ  бұл қалған мыңнан астам елді-мекендегі халықтың құқығын шектеу емес пе?

Үкімет  Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын әзірлегенін естідік. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін бес жылда шамамен 560 миллиард теңге бөлінбек. Бұл Қазақстандағы интернет мәселесін толық шеше ме? Оған кім кепіл? Бұдан бөлек, кейінгі үш жылда салаға байланыс операторлары тарапынан инвестицияның 60 пайызға дерлік қысқарғаны белгілі болды. Мұның себептері қандай? Және интернеттің бағасы қазақстандықтардың қалтасын қатты қағып тұр. Кей ауылдарда адамдар уай-фай арқылы интернетті қолдану үшін әкімдіктер мен дүкендердің алдында сағаттап отыруға мәжбүр. Ғаламтор үшін алынатын төлемақыны қолжетімді қылу мүмкін бе?

Тұрғын үй кешендерін салған компаниялармен интернет қызметін ұсынатын компаниялар арасында лоббилік әрекеттер жиі байқалады. Мысалы: Астанадағы тұрғын үй кешендерінде тұратын отандастарымыз өз қалауына қарай интернет қызметін ұсынатын компанияны таңдай алмайды. Өйткені құрылысты салған компания «біздің үйде тек мына интернет ұсынатын компанияның қызметін пайдалана аласыз» дейді. Бұл да жемқорлықтың бір көрінісі емес пе? Бұған кім жауапты? Адамдарды таңдаудан айыратын қандай тәртіп?

Тағы бір түйткіл ретінде жауапты ведомства халық арасындағы радиофобияны айтады. Яки адамдар үйлердің төбесіне базалық станцияларды қойдырмайды дейді. Бірақ бұл елдің емес, уақытылы түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген билік өкілдерінің айыбы. Және қазір салынып жатқан көпқабатты үйлердің кейбірінде техникалық қабаттың өзі пәтер ретінде сатылады. Оған қоныстанған ел расында станцияның төбесіне қойылғанына қарсы. Демек айыпты ағайыннан емес, құрылыс салушы компаниялардан іздеу керек.

Президент: «Біз IT-компанияларда кем дегенде 150 мың жаңа жұмыс орнын ашамыз. Біз цифрлық технологиялардың экономикаға қосқан үлесін ІЖӨ-нің 1 пайызына дейін жеткіземіз» деді сайлауалды бағдарламасында. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Отандық IT компаниялардың әлеуеті жеткілікті ме? Шетелдегі үздік IT орталықтарда қызмет етіп жүрген отандастарымызды аталған жұмысқа жұмылдыру жоспары бар ма?

Осы ретте ұсыныстар:

Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз.

«AMANAT» партиясының

фракция мүшесі, депутат                                                   Н. Сәрсенғалиев

«RESPUBLICA» партиясы

фракциясының депутаты                                                  Н. Тау

 

Бірмандаттық аумақтық сайлау

округі бойынша сайланған депутаттар                           Д. Мұқаев

Д. Исабеков

М. Жайымбетов

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары                                            К. Сейтжан

И. Смирнова