Саурықов
Ерболат
Байұзақұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУЛЕР ТУРАЛЫ

Image title

1 шілдеден бастап ҚР Парламенті депутаттары елді-мекендерге халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысу үшін іс-сапарға шықты. Осы орайда мен бүгін «Ауыл» партиясының Түркістан облысындағы партия белсенділерімен кездестім. Басқосу барысында Мәжіліс мінберінде партияның сайлауалды бағдарламасы аясында атқарып жатқан жұмыстарымыз жөнінде баяндап бердім. Одан бөлек «Ауылдың, ауыл мектептерінің білім деңгейін көтеру», «Ауылшаруашылығы саласындағы ғылымды қаржыландыру», «Агробанк құру», «Қоғамдық бақылау» сынды біршама ұсыныстарымыз бен Заң жобасы туралы тарқатып айттым. Өз кезегінде аудан тұрғындары партияның ұсыныстары мен ұстанымын әрдайым қолдайтынын айтып, ауылды жерлерде туындап отырған жер алу, жарық, жол, су, интернет, жұмыссыздық сынды бірқатар мәселені көтерді.

Image title

Кездесу барысында ауданның шаруалары «Агробанк құру» жоспарын қос қолдап қолдайтынын жеткізді.

Мен бүгінгі кездесудегі ең өзекті мәселелерге тоқталғым келіп отыр. Әңгіме Шардаралық шаруалардың жан-айқайы жайлы. Олардың айтуынша, егістікке келетін 600 млн текше метр судың 46%-ы, яғни 250 млн т/м не құмға сіңіп, не болмаса қашыртқылар арқылы Сырдарияға қайта құятын көрінеді. Шаруалар 2019 жылы 1000 текше метр су үшін 232 теңге төлесе, 2021 жылы ағын су тарифі 787 теңге болып бекітілген екен. Өткен жылдармен салыстырғанда биыл тарифтің тағы өскені байқалады дейді шаруалар. Бүгінгі таңда 1000 текше метр су үшін басқаларға қарағанда екі есе артық төлейтін де аталған аудандағы ағайын екен. Себебі, Сырдарияға құятын немесе құмға сіңіп кететін 250 млн т/м су үшін артық ақша төлеп отырмыз деп налиды.

Ал Сауран ауданының фермерлері су тапшылығынан қысылып отырғандарын жасырмады. Соның салдарынан тамыз айында еккен егін өнімінің 50%-ын әрең жинап аламыз дейді. Себеп: аталған айда ағын су мүлдем тоқтап қалатын көрінеді. Бұл жерде ескере кететін мәселе тамшылатып суару әдісі де фермерлерге тиімсіз тұсын көрсетіп тұрғандай. Олар: ағын судың тапшылығын жою мақсатында жайылымды жерлерді суару үшін тік ұңғымалы құдықтар қазуға 50%-дық субсидия болса деген өтініштерін айтты. Сонда шаруалар алатын өнімдер 10-20 центнерге көбейетін еді, сәйкесінше базарда өнімдер арзан болып диқандардың да табысы молаяр еді дейді.

Әрине, облыс тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселе көп. Тақырыптарды түртіп алдым. Түйінді мәселелерді тарқатуға білек сыбана кірісемін. Ең бастысы - маңызды мәселенің барлығын Мәжіліс мінберіне алып шығатын боламын!

Сондай-ақ, бүгін Түркістан облысы Ақсукент ауылындағы отандық өнім шығаратын «CaPable group» цехының жұмысымен таныстым.

Еліміздегі отандық жөргектер шығаратын өндіріс орыны 2021 жылдан бері жұмыс жасап келе жатыр.

Қазіргі таңда жөргектер Altyn Bala, Simon Baby, Altyn Ana, GIGO сынды атаумен белгілі. Аталған цех 60 адамды жұмыспен қамтыса, сату бөлімінде 300-ге жуық адам жұмыс жасайды екен. Өндіріс иесінің айтуынша, цех қуаттылығы минутына 450 жөргек шығаруға жетеді екен.

Отандық өнім шығаратын цехтың іске қосылғанына 2 жыл уақыт өтсе де, әлі де мемлекет тарапынан қолдау таппай тұралап тұрған көрінеді. Басты мақсаты - цехтың көлемін кеңейтіп, отандық өнімді сыртқы нарыққа шығару. Осы орайда Мемлекет басшысының отандық өнімдерді қолдау туралы жолдауларын еске ала отырып, алдағы уақытта цех жұмысының одан әрі жандануына септігімді тигізсем деймін.

Сондай-ақ, бүгін Түркістан облысы Ақсукент ауылындағы отандық өнім шығаратын «CaPable group» цехының жұмысымен таныстым.

Еліміздегі отандық жөргектер шығаратын өндіріс орыны 2021 жылдан бері жұмыс жасап келе жатыр.

Қазіргі таңда жөргектер Altyn Bala, Simon Baby, Altyn Ana, GIGO сынды атаумен белгілі. Аталған цех 60 адамды жұмыспен қамтыса, сату бөлімінде 300-ге жуық адам жұмыс жасайды екен. Өндіріс иесінің айтуынша, цех қуаттылығы минутына 450 жөргек шығаруға жетеді екен.

Отандық өнім шығаратын цехтың іске қосылғанына 2 жыл уақыт өтсе де, әлі де мемлекет тарапынан қолдау таппай тұралап тұрған көрінеді. Басты мақсаты - цехтың көлемін кеңейтіп, отандық өнімді сыртқы нарыққа шығару. Осы орайда Мемлекет басшысының отандық өнімдерді қолдау туралы жолдауларын еске ала отырып, алдағы уақытта цех жұмысының одан әрі жандануына септігімді тигізсем деймін.

 Мен іс-сапарымды жалғастырып, Түркістан облысындағы шалғайда жатқан Мыңбұлақ және Боралдай ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп талап-тілек, ұсыныстарын тыңдадым. Жиынға тұрғындармен қоса, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары қатысты. Мен өз сөзімде 3 ай ішінде Мәжіліс қабырғасында атқарған жұмыстарымызға қысқаша тоқталып, бүгінгі таңда жойылып бара жатқан ауылдар туралы тақырып қаузадым. Басты мақсатымыз - ауылдарды сақтап қалу екендігін, әрі ауылшаруашылығы саласына басымдық беру екендігін жеткіздім.

Жиын басталысымен Мыңбұлақ атты аядай ғана ауылда күн кешіп жатқан ағайын ауылдық кәсіпкерлерге қолдау аз екендігін айтты. Бұдан бөлек, ауылда инфрақұрылым мәселесі әлі күнге дейін ақсап тұрған көрінеді. 4 мыңға жуық халқы бар ауылға емхана, балабақша салу мәселесі де тұрғындар тарапынан көтерілді. Ауылды жер болған соң, жайылым мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы тұста тұрғындарға «Қоғамдық жайылым» туралы заң жобасын кеңірек түсіндіріп бердім.

 Ал Боралдай ауылдық округінде 12 мыңнан астам халық тұрады. Олардың басты сұранысы шаруалар үшін берілетін 2,5%-дық несие. Кооперативті ұйымдастырып жұмыс жүргізейін десе, қажетті техникаға қол жеткізе алмай отыр. Бұл тұста 2,5 пайыздық несиенің берер көмегі орасан екендігін алға тартты шаруалар. Және мұнда тұрғындар тарапынан «Қоғамдық бақыла» туралы Заң жобасы сұралды. Сәйкесінше, тақырып жөнінде тұрғындарға тарқатып айтып бердім.

Шынында, ауыл ағайыны тарапынан көтеріліп жатқан мәселе көп. Мен Мәжіліске депутат болып сайланғанға дейін де ауылдағы ағайынның жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне, әл-ауқатына алаңдайтын едім. Қазіргі кезде де сол жолымнан жаңылмай, ағайынмен алыстан емес, жақыннан араласып, мұң-мұқтаждығын тыңдап, түйінді мәселелердің түйінін тарқатуға көмек беруге ниеттімін.

Image title

Мен Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Мүгедектігі бар балаларды оңалту орталығына» бардым. Аудан халқының саны 250 мыңды құраса, оның 10175-і (4,6%) мүгедектігі бар жандар екен. Оның ішінде 2171-і балалар. Орталықтың жай-күйімен танысып, әлі де балалардың ем алуына қажетті жағдай жасау керектігін айттым.

Сәйкесінше, орталық тарапынан да мүгедектігі бар жандар үшін біршама шешімін табуды талап ететін өзекті мәселе көтерілді. Анығында, дәл қазіргі сәтте ерекше жандар үшін мемлекет тарапынан болса да, қоғам тарапынан болса да, жалпы қандай көмек болса да оларға қажет. Себебі, біз олар үшін қолайлы орта құруымыз керек. Алдағы уақытта осындай оңалту орталықтарына үздіксіз көмек беруге ауданның кәсіпкерлерін жұмылдырмақ ойым бар.

Түркістан облысына іс-сапарым барысында Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында өзінің кәсібін ашып, нәсіпті болып отырған ауыл кәсіпкерімен жүздестім. 2013 жылы «Altyn Adam» атты тігін фабрикасын ашып, отандық өнімнің өрге қарай жылжуына өзіндік үлес қосып жүрген азамат ауылдағы ағайынға қолдан келгенше көмек көрсетуді қолға алған. Кәсібінің арқасында қазірдің өзінде 100-ден астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

Image title

Мен Түркістан қаласындағы қалалық өрт сөндіру бөлімінде болдым. Онда бөлімнің басшылық құрамы және арнайы жасағымен кездестім. Өздеріңіз білетіндей, өрт сөндіру қызметі ең қауіпті, әрі ең қатерлі салалардың бірі болып саналады. Өрт сөндірушілер қай кезде де төтенше жағдайларға дайын болуы керек және құрал-саймандары сақадай сай болуы қажет. Себебі, бұл сала қателік жасауды кешірмейтіндігін өте жақсы білеміз. Жүздесу барысында бөлімнің материалдық-техникалық базасымен танысып, өрт сөндірушілермен ашық сұхбат жүргіздім. Аталған саланың жауапкершілігін ескере отырып, өрт сөндірушілердің жалақысын көтеру керектігі туралы, оларға әлеуметтік көмек көрсету туралы да ұсыныстар айтылды.

Мамандардың айтуынша, биыл 5 облысты құрғақшылық күтіп тұрған көрінеді. Оның бірі осы - Түркістан облысы. Кездесу кезінде өзге облыстарда орын алған қателіктер қайталанбас үшін, сондай-ақ құрғақшылық күтіп тұрған облыста төтенше жағдайларды алдын алу үшін әрдайым дайын болу керектігін және салада мәселе туындаса, жасырып қалмай бірден жауаптыларға жолдау керектігін айттым. Олардан жауап болмаса, тікелей маған хабарласуға мүмкіндіктері бар екендігін жеткіздім. Негізі мұндай салада мәселені жасырып қалуға болмайды. Себебі, ауруын жасырғанның соңы - қандай болатынын жақсы білесіздер. Сондықтан бұл сала әрдайым біздің жіті бақылауымызда болуы керек деп ойлаймын.

Image title

Мен Түркістан облысындағы іс-сапарымды Түркістан қаласында тәмамдадым. Аз ғана уақыт ішінде белсенді партия мүшелерінің, ауыл жағдайына, ауыл шаруашылығы саласына алаңдаушылық танытып отырған ағайынның арқасында облыстағы көптеген күрмеулі мәселеге қанық болдым.

Айтқым келетіні - облыстағы ауыл тұрғындарының басым көпшілігі кәсіп ашуға ден қойған. Бірақ, құжаттама рәсімдеу жағынан, көзделген кәсіп пен несие қаражатының сай келмеуі жағынан, одан қала берді несие алуға қоятын кепіл болмауынан деген секілді тағысын-тағы себептерден көздеген іске қол жеткізе алмай отыр. Өзіңіз ойлап қараңыз, ауылды жердегі үйдің барлығы кірпіштен қаланған деуге келмейді. Көпшілігі сонау заманда сабаннан салынған болуы да мүмкін. Ал кәсіп ашуға несие алайын десеңіз, ондай үйлерді кепілге қоя алмайтындығыңыз тағы бар. Бұл тұста ауылдағы ағайын «Ауыл» партиясы ұсынған «Агробанк» құрылса, кәсіп ашуда және өзге де ауылшаруашылығы саласындағы тақырыптарда мәселе туындамайтын еді дейді. Субсидия беру ісінде де «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер орын алмайтын еді деген ойларын айтты.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасында өткен басқосу барысында тұрғындар мен жауапты сала мамандары көкейкесті сұрақтарды талқылады. Осы орайда Бәйдібек ауданының тұрғынынан аталған ауданға кіретін ауылдық округтер жайлы тың ақпараттар естідім.

Мәселенің мән-жайын естіп қана қоймай, көзбен көру үшін тамыз айында Бәйдібек ауданына арнайы бармақпын. Себебі, ең алдымен тасадағы тұралап қалған ауылдардың жайын шешуіміз керек.

Қазақта «Арық айтып, семіз шық» деген жақсы сөз бар. Сондықтан жалаң сөзге салып, жалған ұрандату менің позициям емес. Ауылдардың мәселесін білдім, ондағы ағайынның көкейіндегі сауалдарды ұқтым. Ендігі мақсат сол мәселелердің шешімін табуға ықпал ету.

Мен бұл бағытта қолымнан келгенше көмек көрсетуге еш аянып қалмаймын!