Кездесуге Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым, Кенжеғұл Сейтжан, Дәулет Тұрлыханов және «Bike for Peace» ұйымының өкілдері қатысты. – «Bike for Peace» қозғалысы – бейбітшілік пен ядролық қарусыздану жолындағы белсенді күресуші ұйым. Осы ұйым көтерген бейбітшілік құндылықтарын қазақстандықтар да құптайды. Елімізге, оның осы саладағы халықаралық саясатына қолдау көрсеткеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз, – деді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым. Сондай-ақ ол Қазақстан жаһандық ядролық қарусызданудың жақтаушысы екенін және барлық елдің жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін қатаң сақтауын жақтайтынын атап өтті. – Біз Қазақстанға келгенімізге өте қуаныштымыз. Өйткені сіздер ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы елдердің бірісіздер. Біздің ұйымның қызметі де осы саладағы саясатпен тығыз байланысты. Сонымен қатар біз бүкіл әлем бойынша тиісті шарттарды ратификациялау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау мақсатымен де велотурлар ұйымдастырамыз, – деді «Bike for Peace» қозғалысының президенті Торе Нерланд. Талқылау қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Кездесуден соң қонақтарға Мәжіліс ғимараты таныстырылды.