Мәжіліске денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасы ұсынылды.
Оны Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният таныстырды. Жиынға Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етті. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген.
Ол медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған. А.Ғиният министрлік медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың әртүрлі үлгісіне талдау жүргізгенін айтты.
Денсаулық сақтау министрлігі заң жобасының шеңберінде медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру және ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының санкциялық шараларын төмендету жөніндегі нормаларды ұсынды.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.
«Сақтандыруды енгізуден медицина қызметкерлері нақты қандай пайда көреді?» – деген сауал қойды депутат Дәулет Мұқаев. «Біріншіден, әрбір қызметкерді кәсіби сақтандыру, екіншіден, пациенттердің де құқығын қорғау. Сондықтан әр қызметкер өзінің кәсіби функциясын орындау кезінде «мен ертең сотталып кетемін-ау» деп қорықпауы керек.
Сонымен қатар заң жобасында тек сақтандыру емес, кәсіби біліктілігін арттыру, қосымша еңбекақы төлеу туралы нормалар қамтылған. Көмек көрсету кезінде медицина қызметкерінің жұмысына араласпау, әлеуметтік қолдау көрсету, марапаттар беру де көзделіп отыр», – деп жауап берді министр.
Заң жобасын талқылау жұмыс тобында жалғасады. Оған Әлеуметтік-даму комитетінің мүшесі Гүлдара Нұрымова жетекшілік етеді.