https://www.facebook.com/share/p/6Je5HNSaFp7aPzf6/?mibextid=2JQ9oc
Бүгін Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның мүшелері депутаттармен және сарапшылармен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді талқылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов заң жобаларындағы нормалармен таныстырды. Оның айтуынша, түзетулер арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы ішінара жүзеге асырылады. Негізгі заң жобасы алты бағытты қамтиды. Жалпы үш кодекс пен бес заңға өзгерістер мен толықтырулар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулер енгізіледі.
Баяндаманы тыңдаған соң Қоғамдық палата мүшелері мен жиынға қатысушылар түзетулерге қатысты өз пікірлерін ортаға салды. Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова заң жобасын қолдады. Оның пікірінше, бастама уақыт талабына сай, бірақ ұсынылған стандарттардың тиімділігі қайта қарауды қажет етеді.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Марат Бәшімов пен Екатерина Смышляева, «Әділет жолы» қоғамдық бірлестігінің директоры Дидар Смағұлов, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Мэлс Семғалиев және т.б. заң жобаларын жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты.
Кездесу соңында Айдос Сарым талқылауға қатысқандарға алғысын білдіріп, жұмыс тобы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң жобаларымен белсенді жұмыс істеуге шақырды.
Толығырақ parlam.kz сайтында.