Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.03.2008

Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы заң жобасы жұмыс тобында талқыланды


Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы заң жобасы жұмыс тобында талқыланды

 

Астана, 20 наурыз. Бүгін  Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде «Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын, Адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын-алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттаманы Қазақстан Республикасының ратификациялауы туралы» заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының  екінші отырысы болды.

Жұмыс тобының жетекшісі Бағила Баймағамбетова бірінші отырыста біраз жағдайлар анықталмаған соң, бүгін қайта бас қосып, бұл жолы жұмыс тобына Ішкі істер, Сыртқы істер, Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау,Туризм және спорт министрліктерінің өкілдері бас қосып отырғандарын мәлімдеді.

БҰҰ-дың Бас Ассамблеясының 2000 жылғы 15 қарашадағы 55-сессиясының қарары негізінде қабылданған хаттамаға 117 мемлекет қол қойған. Қосымша 80 мемлекет қосылған.

Ішкі істер министрлігінің өкілі өткен жылы қылмыстық процесс бойынша 293 адамды қорғап, нашақорлықтан 259, адам ұрлаудан 125 адамға көмек жасағандарын, 56 адамға қылмыстық іс ашылғанын жеткізді.

Сыртқы істер министрлігінің өкілі сауданың құрбаны болған, форс-можорлық жағдайға түсіп қалған Қазақстандықтарға берілетін көмек  10-шы бюджеттік бағдарлама бойынша өткен жылы 12 миллион 920 мың, биылғы жылы 11 миллион 645 мың теңге бөлініп отырғанын айтты. 2006 жылы Қазақстан елшіліктері мен консулдықтары 60 азаматқа, 2007 жылы 32 азаматқа көмек берілгенін,  көмек тәртібін Әділет министрлігінде жазылып бекітілетінін мәлімдеді. «Бұл конвенция қосымша қаржы қажет етпейді, әзірге бөлініп отырған қаржылар жетеді.»,- деп түсінік берді.

Заң жобосы алдағы уақытта комитет отырысына шығарылып, тағы да ұсыныстар мен қосымшалар ескеріліп барып, Палатаның жалпы отырысында  депутаттар талқысына шығарылатын болады.

 

(Әзірлеген Сәуле Досжанова, баспасөз қызметкері.

                       Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының

                       баспасөз қызметі таратып отыр.Т.74-63-01.SauleD.@parlam.kz)2007

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі