Мәжілісте көші-қон саясаты талқыланды
Астана, 3 қараша. Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановтың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасындағы көші-қон саясатының жай-күйі және оны дамыту перспективасы» деген тақырыпта Үкімет сағаты өтті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев аталған тақырыпта баяндама жасады.
Үкімет сағаты басталар алдында депутаттар холлға ұйымдастырылған шағын кәсіп иелері мен қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов көрмеде кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлерімен әңгімелесіп, ұлттық қолөнер бұйымдарын көрді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Палата депутаттары алдында жасаған баяндамасында ҚР Ұлттық «Нұрлы көш» жобасына айырықша тоқталды. Бұл жоба - әзірленіп жатқан Көші-қонды басқару жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады. Әртүрлі эксперттердің жобалауынша шет елдерде 3,5 – 4,5 миллионға жуық қазақтар тұрады. Этникалық қазақтардың тарихи отанына оралу 1991 жылы басталды. 1991—2008 (1 тамызға) жылдары Қазақстанға 174,8 мың этникалық отбасы немесе 686 мың адам көшіп келді. Қазіргі уақытта 14 уақытша орналастыру орталықтары және 3 оралмандарды бейімдеу мен кіріктіру орталықтары жұмыс жасайды. Барлық оралмандар медициналық қызметпен, білім алумен және әлеуметтік көмекпен қамтылған. Оралмандар отбасының 78,4 % баспанамен, 81,4 % жұмыспен қамтылған. Жұмысы жоқтар санын – 18,6 % құрайды. 2007 жылы Қазақстан Республикасы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар негізінде 2008 жылдан бастап Қарағанды, Шымкент және Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ақсукент ауылында оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталықтары өздерінің жұмыстарын бастады, бұл орталықтар оралмандарға құқықтық кеңестер, мемлекеттік тілге және қалауы бойынша орыс тілін оқыту, кәсіптік дайындау, қайта дайындау және біліктіліктерін арттыру секілді қызмет түрлерін көрсетеді.
2008 жылдың мамыр айынан бері оралман куәлігі жеке әлеуметтік код (СИК) беруге негіз болатын құжаттардың тізіміне енгізілді. Бұл оралған қандастарымызға азаматтық алғанша дейін жұмысқа тұруға мүмкіндік тудырды.
Жобаның мақсаты өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуы және Жоба қатысушыларының әлеуетін іске асыру мүддесімен шетелде тұратын этникалық қазақтарды, отандастарды және еліміздің тоқырау өңірлерінде тұратын Қазақстан азаматтарын ерікті негізде ұтымды қоныстандыру болып табылады. Этникалық қазақтар мен шетелде тұратын отандастарымызды сияқты, еліміздің тоқырау аудандарында тұратын қазақстандық азаматтарды әлеуметтік қолдау да, ең алдымен тұрғын үй сатып алуға тұрғын үй займын беруді қамтиды.
«Нұрлы көш» жобасы елдегі көші-қон процестерін жүйелеуге бағытталған. Көші-қонды бақылауға принципті түрдегі жаңа тәсіл түрлі аудандардағы және тұтастай елдегі жұмыссыздық деңгейін реттеуді жүзеге асыра отырып, еңбек ресурстарын ұтымды таратып бөлуге мүмкіндік береді.
Палатаның Әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрағасы Жақсылық Досқалиевтың қосымша баяндамасы арқылы көші-қон саясатының жай-күйі мен дамыту перспективасы нақтылана түсті. Депутаттар М.Тінекеев, У.Қалижанов, А.Момышев, В.Нехорошев, Е.Омаров, К.Сағадиев, Ш.Мырзахметов, А.Смайыл, Г.Сейтмағанбетовалар министрге қандас бауырларымыздың ата-жұртына келгенде бейімделіп кету, жұмысқа орналасу, баспаналы болу мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап алып, «оралман» деген сөзді ауыстыру жайында ой тастады.
Ұлттық идеологияның бір тармағы, саяси мәні бар мемлекеттік көші-қон саясатының жүйелі ұйымдастырылуына, оның құқықтық базасының дамуына ықпал етуге қатысты Үкімет сағатын Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов қорытындылады.
Әзірлеген Сәуле Досжанова, баспасөз қызметкері.
баспасөз қызметі таратып отыр.Т.74-63-01.SauleD.@parlam.kz)2008
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі