Астана, 30 қараша. Мәжіліс Үйі.
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен бірлесе отырып кеңейтілген отырыс өткізді, онда халықтың ішкі істер органдары жұмысының тиімділігіне бақылау жасауына мүмкіндік беретін «Қылмыстық құқық бұзу картасы» интернет-порталын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
ҚР Бас Прокуратурасының ғимаратында өткізілген Комитеттің кеңейтілген отырысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің төрайымы С.Айтпаева, Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары М. Байболов, ішкі істер, ақпарат және коммуникациялар министрліктерінің, Астана қаласы әкімдігінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлері, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары және полицияның жас көмекшілері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы Г.Баймаханова мемлекеттік билік органдары және республикадағы «Нұр Отан» жетекші партиясы тарапынан «Ұлт жоспары - 100 қадам» бағдарламасын іске асыру аясында қабылданған заңнамалық актілердің жүзеге асырылуына және орындалу барысына айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Бұл ретте, «Ақпараттандыру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңдарының Ұлт жоспарының 32-қадамында көзделген «Қылмыстық құқық бұзу картасы» интернет-порталын қалыптастыру бөлігіндегі нормаларының іске асырылу барысына мониторинг жүргізу және оған жетекшілік ету ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне тапсырылған болатын.
Отырыста Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің төрайымы С.Айтпаева және Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары М. Байболов «Қылмыстық құқық бұзу картасы» интернет-порталын қалыптастыру және пайдалану мәселелері бойынша баяндама жасады.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің төрайымы С.Айтпаева өзінің баяндамасында Комитеттің құзыреті «Қылмыстық құқық бұзу картасы» интернет-порталын қалыптастыру және оның қызметін қамтамасыз ету бөлігінде кеңейтілгенін атап өтті. Қазіргі уақытта аталған карта жасалды және тәжірибелік пайдалануға берілді. Бұл құрал халықтың құқық қорғау органдарының жұмысына бақылау жасауына, сондай-ақ ішкі істер органдарына кез-келген ауданның қылмыстық деңгейін есепке ала отырып, патруль жүргізу бағдарларын қайта қарауға мүмкіндік береді.
Отырыс жұмысының қортындылары бойынша тиісінше ұсыныстар қабылданды.
(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты.)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі