Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
18.01.2010

Мәжілісте – Үкімет сағаты: «Әлеуметтік-еңбек саласы: 2009 жылдың қорытындылары және 2010 жылдың негізгі басымдықтары»


   Мәжілісте – Үкімет сағаты: «Әлеуметтік-еңбек саласы: 2009 жылдың қорытындылары және 2010 жылдың негізгі басымдықтары»

 

АСТАНА. 18 қаңтар. Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Әлеуметтік-еңбек саласы: 2009 жылдың қорытындылары және 2010 жылдың негізгі басымдықтары» деген тақырыпта Үкімет сағаты өтті. Онда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады. Назарларыңызға сол баяндаманы ұсынып отырмыз:

Құрметті депутаттар!

Жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс бойынша, Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Бұл құбылысты талдау, мәнін түсіну және жеңу үшін, барлық ескі догмалар мен таптаурын көзқарастарды жіті қарастыратын ерекше әдістемені қолдану қажет», – деген еді.

Алпауыт мемлекеттерді де шайқалта бастаған жаһандық дағдарыс салқыны бізді де айналып өткен жоқ.

Қолымыздағы мәліметтер бойынша, 2008 жылы экономика өсімі 3,3%, жұмыссыздық деңгейі – 6,6 %, жыл соңындағы инфляция – 9,5 % құрады.

2009 жылдың басында Қазақстанның еңбек нарығында күрделі кезең белең алды. 2008 жылдың күзінен бастап елде жұмыссыздар саны артты. Әсіресе оның жасырын үлгісі қарқынды өсе бастады. Жұмысшыларының жалпы саны 135.0 мың адамды құрайтын 264 кәсіпорын өндірісін толықтай және жарым-жартылай тоқтатты. 25.0 мың адам жартылай жұмыс күнімен қамтылса, 15.6 мың адам еңбек ақысы сақталмайтын демалысқа шықты.

Болжам бойынша, жұмыссыздықтың арту қаупі экспорттаумен айналысатын салаларға төнді. Жұмыссыздықтың көбею мүмкіндігі мұнай-газ өндірісі басым өлкелерде байқалды.

Осы қиын-қыстау кезеңде өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста, саудада, көлік және байланыс салаларында да жұмыс орындарының қысқару қаупі күтілді.

Сарапшылар елдегі жағдайды пессимисттік тұрғыдан қарастырғанда 136 мыңнан астам жұмыс орны қысқарады деп болжады, ал бұған сол кездегі жұмыссыздарды қосқанда жеті жүз мыңға тарта азамат жұмыспен қамту проблемасына тап келуі ықтимал еді.

 

Осындай жағдайларда, Үкімет жұмыстан босап қалғандарға назар аудару, жаңа жұмыс орындарын ашу, кадрларды даярлау және қайта даярлау жөнінде шұғыл шараларды қолға алуды қарастыратын стратегиялық үш бағытты анықтады.

Олардың біріншісі, қолда бар жұмыс орындарын сақтап қалу болды. Осы мақсатпен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дағдарысқа қарсы шараларды қолға алу үшін ел экономикасына Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен 1,2 трлн. теңге бөлінді және ол:

- қаржы секторын тұрақтандыруға (банктердің қосымша төлемақы жүргізуі үшін – 480 млрд. теңге);

- жылжымайтын мүлік нарығындағы мәселелерді шешуге (оның ішінде тұрғын үй құрылысын қаржылық қолдауға 360 млрд. теңге көлемінде);

- шағын және орта бизнесті қолдауға (бұған 120 млрд. теңге бөлінді);

- агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға (120 млрд. теңге);

- инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға (120 млрд. теңге) бағытталды.

Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар, сөзсіз, еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға оң әсерін тигізеді. Өткен жылдың сәуір айынан бастап елдегі жасырын жұмыссыздықтың көлемі 3,5 есеге төмендеді.

Екінші бағыт азаматтарды жаппай жұмыстан босатуды болдырмауды қамтыды.

Осы мақсаттар үшін ҚР Парламенті депутаттарының қолдауымен қысқа мерзім ішінде қажетті нормативтік-құқықтық база жасалды. Ол:

- алдағы уақытта жұмыс берушінің жұмысшыларды жұмыстан босату туралы өкілетті органдарға хабарлау мерзімін бір айдан екі айға дейін арттыруды;

- жұмыс берушінің алдағы уақыт ішінде жартылай жұмыс күні режіміне өту туралы өкілетті органдарға кемінде бір ай бұрын хабарлауы нормасын енгізуді;

- нысаналы топтарға кіретін адамдардың ауқымын жоғары оқу орындарының түлектерімен, кәсіпорындарда қысқарған адамдармен толықтыра отырып кеңейтуді;

- жартылай жұмыс уақыты режімінде жұмыс істейтін қызметкерлерді кәсіби даярлауға, қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға, қоғамдық жұмыстарға жіберу мүмкіндігін қарастыруды көздейді.

Есептік кезеңде жалдамалы жұмысшылар қатарынан 34,5 мың адам өздері істейтін кәсіпорын ішіндегі басқа жұмыс түрлеріне ауыстырылды, басқа мамандық профильдеріне бейімделді, қосалқы өндірістерге жұмысқа орналастырылды және жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіби даярлауға және қайта даярлауға жіберілді.

Еңбек нарығын турақтандыруда жұмыс берушінің ролі зор.

Елдегі миллионға тарта адам жұмыс істейтін 8 мыңнан аса ірі және орта бизнес кәсіпорындарының иелері Үкіметпен кәсіподақтардың жұмыс орындарын сақтап қалу, еңбек құқықтарын және жұмысшылардың кепілдіктерін қорғау жөніндегі меморандумдар жасау туралы бастамасын қолдады.

Осылайша бизнестің әлеуметтік жауапкершілік танытуы кәсіпорындардағы қысқартуларды едәуір азайтты.

 

Дағдарыстан шығудың және бұдан былай әлеуметтік-экономикалық дамытудың маңызды құралы ретінде жұмыспен қамту стратегиясында анықталған, жұмыссыз қалған азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2009 жылғы Наурыз айындағы Қазақстан халқына «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауында нақты атап өтті және бұл дағдарыс кезеңіндегі Үкіметтің әрекетінің үшінші бағыты болды.

 

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыра отырып, еңбек нарығын тұрақтандыру, аймақтық жұмыспен қамтуды және мамандарды қайта даярлауды қамтамасыз ету үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша 191,5 млрд. Теңге 1,3 млрд. АҚШ доллары бөлінді; Үкіметтің 2009 жылға арналған іс-қимылдар жоспары – Жол картасы әзірленді және қабылданды.

Жыл ішінде, оның аясында:

- Жол картасының 5 261 жобасы іске асырылды немесе жоспарланған саннан 99,8 пайыз, соның ішінде;

- 258 жаңа жұмыс орны ашылып, 248 мың адам жұмысқа тартылды. Бір жұмыс орнының нақты құны 681 мың теңгені құрады, соның ішінде орташа жалақы 30 мың теңге болды;

- кадрларды даярлау және қайта даярлауға 97,7 мың адам жіберілді, олардан 41,1 мың адам жұмысқа орналастырылды;

- әлеуметтік жұмыс орындарына 73,4 мың адам жұмысқа орналастырылды және білім беру мекемелерінің 51,2 мың түлегі жастар практикасына жіберілді;

Оны іске асырудың негізгі нәтижелері осы Бағдарламаны Үкіметтің ең сәтті Бағдарламаларының біріне жатқызуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, аймақтық жұмыспен қамту бағдарламалары аясында жергілікті атқарушы органдар халықты белсенді әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын қабылдады. Сөйтіп, 2009 жылы 109,3 мың жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға жіберілді, бұл 2008 жылғы деңгейден 80,5 пайызға артық.

 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша атаулы әлеуметтік көмекті төлеумен қатар, жұмыссыздарды материалдық қолдау мақсатында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемдер төлудің кезеңі 4-айдан 6-айға дейін ұлғайтылды.

 

Қазақстан жұмысшыларының мүдделерін қорғауға көші-қон саясаты да кіреді. Өткен жылы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 2 есеге қысқартылып, шетелдік жұмысшылардың орнын кезең-кезеңімен алмастыру мақсатында жергілікті қызметкерлерді даярлау және қайта оқыту жөнінде белсенді шаралар жүргізілді.

Осылайша, жұмыспен тиімді қамтуда жәрдем беру стратегиясы, мемлекеттік бақылауды күшейту және жаппай жұмыстан босатуды болдырмау және жұмыс орындарын сақтау жөніндегі шараларды қабылдау бөлігіндегі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды ынталандыру еңбек нарығындағы жағдайға оң әсерін тигізді. Статистика жөніндегі агенттіктін деректері бойынша 2009 жылдың 4-ші тоқсанында қорытындылар бойынша жұмыссыздық деңгейі бірінші тоқсандағы 6,9 пайызбен салыстырғанда 6,3 пайызды құрады.

Еңбек қатынастарын реттеу де еңбек нарығын тұрақтандыруға, әлеуметтік қорғауға және еңбек шарттарын жақсартуға бағытталды.

Осы мақсатта Еңбек Кодексіне және жұмыспен қамту, міндетті әлеуметтік сақтандыру және мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізілді; қолданыстағы барлық Бірыңғай тарифті классификациялық анықтама қайта қаралып, оңделді, бюджет саласындағы қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа үлгісінің жобасы дайындалды.

Есеп беру кезеңінде еңбек және әлеуметтік заңнаманың сақталуын жоспарлы тексерумен 22,1 мың кәсіпорын қамтылды. Мемлекеттік еңбек инспекторларының тексерулері барысында еңбек және әлеуметтік заңнаманың 100 мыңнан астам рет бұзылғандығы анықталды.

Жиі қайталанатын заң бұзушылықтардың сипаттамалары слайдта көрсетілген.

Еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыс жалғасты. Есептік кезең ішінде өндірістегі жарақаттанғандар саны 2102 адамды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға кем (соның ішінде қаза болғандар – 346 адам, 2008 жылы бұл көрсеткіш 404 адамды құраған болатын).

Дағдарыс жағдайы еліміздегі әлеуметтік салаға да ерекше назар аудару талабын алға қойды. Министрлік қызметінің стратегиялық басым бағыттарының бірі де – осы.

Әлеуметтік қамтамасыз етуге және әлеуметтік көмекке бағытталған шығындар өткен жылы 813 млрд. теңгені құрады, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 22,8% артық.

Төменгі әлеуметтік стандарттар көлемі де артты. Бұл тек салыстырмалы түрде ғана емес, сонымен бірге оның көлемі күнкөріс деңгейінен де артып отыр.

Әлеуметтік бағдарламаларды үдемелі қаржыландыру алушылардың барлық санаттары үшін әлеуметтік төлемдер деңгейін арттыруға мүмкіндік берді:

Мәселен, ынтымақты жүйеден ең төменгі зейнетақы төлемдерінің мөлшері (базалық зейнетақыны қоса есептегенде) 15 362 теңге болса, орташасы – 22 853 теңгені және ең жоғарғысы – 32 703 теңгені құрады. Соңғы 3 жылда Қазақстандағы зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшер 1,6 есеге артты.

Сонымен бірге 677 мыңға тарта адам жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы ала бастады.

Міндетті зейнетақы жарнасының сақталуы үшін зейнетақы төлеу сәтіндегі инфляция деңгейін ескере отырып нақты енгізілген  міндеттемелер көлемінде  өткен жылы Үкімет тарапынан 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл жағдай, өз кезегінде 50,2 мың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушы-зейнеткерлердің мүддесін қорғауға мүмкіндік туғызды.

Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері (оның ішінде): мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 2007 жылы 9 331 теңгеден 2009 жылы 14 094 теңгеге дейін, асыраушысынан айырылу бойынша 8 507-ден 12 534 теңгеге дейін; жасына байланысты – 4 670-тен 6 858 теңгеге дейін өсті.

Бала туғанда берілетін біржолға жәрдемақы 2 есеге, баланы бір жасқа толғанға дейін күтуге төленетін ай сайынғы жәрдемақы – 1,6 есеге ұлғайтылды. Осындай жәрдемақыларды 410 мыңға жуық отбасы алды.

№2 тізімге жататын адамдарға жәрдемақылар енгізіліп, төленуде.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары үшін төлемдердің өткен жылғы орташа мөлшері 5 199 теңге болды. Тек қана жүктілік пен бала тууға және баланы бір жасқа толғанға дейін күтуге 41,8 млрд. теңге бөлінді.

1,2 млн. астам адам жәрдемақы алушылардың заңнамада белгіленген санаттарына қарай 1-ден 15-АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақылар алды.

Сөйтіп, 4 млн.-ға жуық адам немесе елдегі халықтың төрттен бір бөлігі ай сайын және уақтылы республикалық бюджеттен әлеуметтік жәрдемақылар алып тұрды.

Сонымен бірге, жергілікті басқару органдары тарапынан жағдайы нашар отбасыларды қолдау үшін атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге – 1,2 млрд. теңге, балалар жәрдемақысын төлеуге 2,1 млрд. теңге бөлінді. Бұл бір милионнан астам қазақстандыққа қосымша әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік берді.

Әлемдік ықпалдастыру процестерімен, халықтың қартаюымен және білікті еңбек ресурстарына бәсекелестіктің артуымен байланысты үрдістер, тағы да бір проблеманы – көші-қон процестерін басқару мәселелерін шешу қажеттілігіне әкеп соқтырды. Осыған байланысты көші-қон заңнамасы мен «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңын жетілдіру тұжырымдамасының жобасы дайындалды.

Экономиканың қиын-қыстау кезеңіне қарамастан, оралмандардың келу квотасы 20 мың отбасыға дейін арттырылды. Өткен жылдың көрсеткіштеріне көз жүгіртсек бұл 78 пайызға орындалған.

Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында «Нұрлы көш» бағдарламасының пилоттық жобалары жүзеге асырылды. Осы бастаманың нәтежиесінде, 959 отбасы көшіп келді, олардың 253 баспаналы болды.  

Мінеки, өткен жылғы ҚР Үкіметінің әлеуметтік саясатты жүзеге асыруының қорытындылары осындай.

Алдағы кезеңде де адам ресурстарын дамыту біздің ұлттық басым бағытымыз ретінде қала бермек. Бұл қазіргі заманғы Қазақстанның даму үдерісіндегі негізгі мақсаты және қажетті шарттары.

Тіршілік әрекетіміздің әлеуметтік шарттарының негізгі жиынтығынан көрініс беретін өмір сапасының ұлттық стандартын  қалыптастыру мен енгізу оны жүзеге асырудың бастапқы алаңы болып табылады.

I.Мемлекеттік әлеуметтік стандарттар мен нормативтер жүйесін дамыту 

Бүгінгі күні ең төменгі әлеуметтік стандарттар, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау стандарттары, әлеуметтік көмек көрсету және әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары әзірленіп бірте-бірте еңгізілуде.

Біріншіден, базалық әлеуметтік стандарт – төменгі күнкөріс деңгейін жетілдіру жұмыстары жалғасады. Бірінші кезеңде (2015 жылға дейін) халықтың тұтыну шығындары құрамындағы өзгерістерді ескере отырып, төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымына өзгерістер енгізіледі, бұл өз кезегінде оның мөлшерінің ұлғаюына септігін тигізеді.

Одан кейін, Еуропалық қоғамдастық елдерінде қалыптасқандай халықтың әл-ауқатының артуына қарай медиандық кіріс негізінде төменгі күнкөріс деңгейін анықтауға көшу мүмкіндігі қарастырылады.

Екіншіден, осы әдістерге және төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес, жалақының төменгі мөлшері, ең төменгі зейнетақы мен жәрдемақылар, әлеуметтік көмек және қолдау көрсетудің шекті деңгейі кіретін – мемлекеттік әлеуметтік төменгі стандарттар ретке келтірілетін болады.

II. Еңбек нарығы мен жұмыспен  қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың  дамуы

Халықты  еңбекпен қамту  ҚР Үкіметінің  басым бағыты болып   қала бермекші.

Осы мақсатта  Жол  картасын  жүзеге асыру жөніндегі  жұмыстар жалғаса береді.  Бүгінгі таңда инвестициялық жобалардың  тізбесі,    азаматтарды   еңбекпен  қамту  үшін   жұмыс орындарын  құру жөніндегі    негізгі тапсырмалар және олармен байланысты қаржы шығыстары  анықталып   болды.

Инвестициялық жобалардың жалпы саны   шамамен   3 мыңды  құрайды,    республикалық бюджеттен қарастырылған қаржыландыру көлемі 82  миллиард теңгені құрайды, оған    43,2  миллиард теңге сома тең  қаржыландыру  жергілікті   бюджеттерден  қарастырылған.

Жөндеу  жұмыстарында  130  мың  жұмыс орнын   құру  жоспарлануда.

Әлеуметтік  жұмыс орындарын   құруға және  жастар тәжірибесін   ұйымдастыруға   6,3  миллиард  теңге   жұмсалады,    осы соманың есебінен  уақытша 52,7 мың   жұмыс  орны   құрылады.   67   мың азаматты қайта мамандандыруға  8 миллиард  теңге  жұмсау    жоспарлануда.

Жол картасының тапсырмаларын   орындау   жөніндегі жұмыстар  бізді көп нәрсеге  үйретті. Сондай-ақ ол,   еңбек   нарығы  мен   жұмыспен  қамту саласында   туындайтын    тәуекелдерді басқаруға  жаңаша   қарауға   мәжбүр етті.

Жалпы алғанда,  дағдарыстан    шығу    мен   экономикалық  дамудың  қарқынын арттыру  шаралары,      экономикалық белсенді   халық  санының     болжалды    динамикасы     еңбек нарығы   және  еңбекпен қамту саласындағы мемлекеттік  саясатты  жаңартуды   талап етеді. Индустриялық-инновациялық  даму  стратегиясын  ескере  отырып біз Еңбек  нарығы  және   еңбекпен қамту саласындағы  мемлекеттік      саясаттың  тұжырымдамасын    әзірледік  және  жақын   арада   оны  біз талқылауға шығарамыз.   Соның  негізінде    ұзақмерзімдік  перспективада     халықты     еңбекпен қамтудың     нәтижелі  жаңа моделі    жасалатын болады.

Онда   мына мәселелер  қарастырылады:

бірішіден – Индустриялық-инновациялық  даму стратегиясы  аясында   салалардың техникалық  және қызмет көрсету  саласы  мамандарына  деген  сұраныстарына мониторинг  жүргізу  және     ғылыми негізделген    болжам жасау;

екіншіден  -  халықтың  экономикалық белсенді бөлігінің    табиғи өсуін   ескере  отырып,  елдің  еңбек  ресурстарының  балансын жасау,   еңбек  ресурстарының ішкі  резервтерін пайдалану  және шетелдік  жұмыс күштерін тарту (2012 жылдан бастап облыстық деңгейде еңбек  ресурстарының балансын жасау, 2015 жылдан бастап - жалпы ел  ауқымындағы жұмыстар басталады).

Жүргізілген  есептеулер көрсетіп  отырғанындай,  жұмыссыздарды  еңбекпен   қамту, өзін өзі жұмыспен қамтып отырған   халықтың еңбек  қарым-қатынастарын   заңдастыру,   еңбекке  қабілетті    мүгедектерді жұмыспен  қамтудың  өсуі  есебінен    қосымша 1 млн-ға жуық     жұмыс күшін  алуға   болады екен.

үшінші – адами  ресурстардың сапасын  арттыру,    оның ішінде  қайта  мамандандыру ісіне  жұмыс берушілердің атсалысуын экономикалық тұрғыдан ынталандыра   отырып қызметкерлер  дайындау.

Бұл  бағытта    жұмыс   жүргізіліп те  жатыр.   Әлеуметтік  серіктестерді    тарта  отырып  біраз мәселелер  нақтылануда,   ал  жекелеген жағдайларда   мамандарға  деген  кәсіптік-біліктілік  талаптары қайта  жаңартылуда,     олардың барлығы   кәсіптік  стандарттарға негіз болады.

төртінші – еңбек  ресурстарының  ұтқырлығын арттыру,     еңбекпен оңтайлы,  өнімді  және   орнықты  қамтуды қамтамасыз  ету.

 

Модельдің   бесінші  құрамдас бөлігі бұл еңбек нарығы мен  жұмыспен  қамту саласындағы икемді саясатты әлеуметтік қорғалудың жоғары  деңгейімен (флексикьюрити  саясаты) үйлестіру.

Бұл жағдайда әлеуметтік  қорғалу    тәуекел   жағдайына   ұшыраған     азаматтар  мен    жергілікті атқарушы  органдардың арасындағы «өзара  міндеттемелер»  қағидаларына   негізделеді. Әлеуметтік  қолдау алу   құқығы    еңбекке қабілетті жұмыссыздар мен басқа да нысаналы топтардың  жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын бағдарламаларға атсалысу мүмкіндіктерімен қабысатын  болады.

Жұмыспен  қамту саясаты еңбек  қатынастарын  реттеумен   үздіксіз байланысты.

 

III. Еңбек  қатынастарын   үйлестіру  жүйесін дамыту

ҚР Еңбек  Кодексі Еңбек  саласында туындайтын  әлеуметтік  тәуекелдерді  басқарудың  заңнамалық негізі болып табылады. Қазіргі уақытта   Кодекске    белгілі  бір өзгертулер  мен  толықтырулар енгізу    қажеттілігі туындап отыр.

Заңнаманы  жаңарту  қажеттілігін  ескере  отырып,   еңбек  қатынастары  жүйесін    тәжірибе жүзінде дамыту  ісі мына төмендегі  бағыттар    бойынша жүзеге асырылатын болды:

1.Ұжымдық-келісімшарт қатынастары жүйесін  кеңейту,  ең төменгі  әлеуметтік-еңбек кепілдіктері мен міндеттемелерін жүзеге асыруға бағытталған  салалық,  салааралық   келісімдерді    қабылдауға  қолдау  көрсету.

2. Еңбекті  нормалауды  дамыту,   монополист-кәсіпкерлер  мен  экономиканың мемлекеттік секторындағы  кәсіпорындарға арналған типтік нормалар мен  еңбек  нормативтерін    жасау жұмыстарын 2015   жылға   қарай   аяқтау. Технологиялық   процесстерді,  еңбек  және  демалыс режімін  нормалау,  кәсіби құзырлықтардың осы заманғы өндірістерге қойылатын  талаптарға сәйкестігін  қамтамасыз  ету,  жұмысшыларға   түсетін психикалық-физиологиялық   жүктемелерді оңтайландыруға,   еңбек  өнімділігін арттыруға  және    өндірістік  жарақаттану оқиғаларының алдын  алуға мүмкіндік береді.

3. Бұдан әрі еңбекті қорғауды басқару  жүйесін реформалау және   жұмысшылар денсаулықтарының  зақымдануына   назар аударудан    еңбек құқықтарын бұзу фактілерін азайту процесстерін, өндірістегі жазатайым  оқиғалардың  және  кәсіби  аурулар тәуекелдерін    басқаруға  ауысу    көзделуде.  2010 жылдан бастап   тәуекелдерді   бағалау  жүйесі (ТБЖ)  енгізіле бастайды.

4. Жалақы  жүйесін  жетілдіру  ісі де  жалғаса береді.

Азаматтық    қызмет жұмыскерлерінің еңбекақыларының  жаңа  моделі талқылануда, ол    модельде мына мәселелер  қарастырылып  отыр:

1) қолданыстағы лауазымдар тізбесін функционалдық блоктарға бөлу   және функционалдық міндеттерге, атқарылатын   жұмыстың, кәсіби құзырлықтың    ерекшелігі мен  күрделілігіне   байланысты   лауазымдарды   жіктеу;

 2) лауазымдық   жалақының  көлемін  есептеу  үшін қолданылатын   коэффициентер  кестесін жетілдіру;

3) қолданыстағы  үстеме  ақылар мен қосымша ақылар жүйесін   қайта қарау  және   оңтайландыру.

 

IV. Көші-қон саясатын жаңарту

Жоғарыда атап өткендей, Көші-қон заңнамасын   жетілдірудің  жаңа стратегиясы    әзірленді, ол құжат  елдің   геосаяси  мүдделерін  жүзеге асыруға, әлеуметтік-экономикалық  дамуға, ұлттық  консолидацияны,  қауіпсіздік пен    тұрақтылықты  нығайтуға  бағытталып  отыр.

Этникалық  миграция  саясатында     оралмандарды  бейімдеу   және ықпалдастыру   мәселелеріне  -      оларды республика аумақтарына оңтайлы   орналастыруға, «Нұрлы Көш» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын   жұмыспен қамту және  тұрғын үй  мәселесін  шешуге  ерекше   назар  аударылып отыр.

Жаңа  әдістер   еңбек миграциясын  басқаруда да   жүзеге  асырылатын болады.

1) еңбекші-мигранттардың қабылдаудың 3 санаты: елде  жүріп-тұру мен  еңбекпен    қамтудың сараланған нормалары қолданылатын шетелдік жұмысшылар, маусымдық шетелдік жұмысшылар және бизнес-иммигранттар деп белгілеу қарастырылуда.

2) жалпы квотамен   қатар (қазіргі   қолданылып жүрген)  елдік  және  салалық  квоталар,  сондай-ақ     басымдықты  жобаларға  деген  квоталар   белгіленетін болады.  Бұл шара   селективті  саясат  жүргізуге  және    ҚР Үкіметі  басымдықты ретінде  анықтаған  жекелеген  салалардың  еңбек  ресурстарына  деген     қажеттілігін  қанағаттандыруға мүмкіндік береді;

Оларға деген сұранысты жергілікті кадрлардың есебінен қанағаттандыру мүмкін емес    жоғары білікті мамандарды тартуға  айрықша  назар аударылуда.    Ондай мамандарды  жұмысқа тартуға   рұқсатнама   ҚР Үкіметі  анықтайтын  жеңілдікті  тізімнің негізінде  берілетін   болады.  

Жекелеген  аумақтардың  әлеуметтік-экономикалық   және  демографиялық   даму  бағдарламаларымен  және    болжамдарымен     келісілген    ішкі  көші-қонды үйлестіру  тетіктері  әзірленіп, іске  қосылатын болады.  Осы мақсатта  әкімшілік етуді жақсарту,    экономикалық   ынталандыру  және   қаржылық жеңілдіктер,   әлеуметтік  қолдау мен қорғау, халықтың хабардар болуын арттыру және әлеуметтік-психологиялық   көмек көрсету шаралары қолданылады. 

Қоныс аударған  аймақтардағы  әлеуметтік-экономикалық      жағдайларды  жақсарту  жөніндегі     шаралар да  қабылданғалы отыр.

Қазіргі     уақытта осы мәселелерді қамтыған заң  жобасы   ҚР Парламент  Мәжілісінің  қарауына  келіп түсті  және   осы  бағытта бірлесе     табысты   жұмыс атқаратындығымызға  сенімім мол.

        

V. Әлеуметтік  қамтудың  көпсатылы  жүйесін  дамыту

Әлеуметтік  қамтамасыз  ету  жүйесінде басты назар бұған дейінгі  жылдардағыдай,    азаматтардың  зейнет  жасындағы   барабар  табысын   қамтамасыз  ететін  қаржылық-тұрақты  зейнетақы  жүйесін қалыптастыруға  бөлінеді. 

Елбасының халыққа Жолдауына сәйкес, биылғы жылғы қаңтардың 1-нен бастап зейнетақыны көтерудің кезекті сатысы қолданысқа енді. Зейнетақыны 25 пайызға арттыру 1,6 млн. ел азаматтарын  қамтыды.

біріншіден, базалық зейнетақы көлемі 5 981 теңгеге көбейтілді (төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызы);

екіншіден, төменгі зейнетақы көлемі базалық зейнетақыны қоса есептегенде 18 325 теңгені құрады;

үшіншіден: жоғарғы зейнетақы мөлшері – 40 001 теңгеге, орта мөлшері – 27 481 теңгеге жетті;

  Қазіргі уақытта   зейнетақы мен қамтамасыз  етудің әр деңгейінде   жүйелі    өзгертулерді   қарастыратын     зейнетақы   төлемдерін көтеру   стратегиясын  әзірлеу  ісі  аяқталып келеді.

Табысы төмен болған    қарт адамдардың    әлеуметтік   қорғалуын қамтамасыз  ететін зейнетақы жүйесінің    базалық   деңгейінде    базалық  зейнетақыны    кезең-кезеңмен  төменгі күнкөріс деңгейінің 75 пайызына  дейін       арттыру жоспарлануда.

 

Ынтымақты зейнетақы  жүйесінде:

- орын алған қиғаштықтарды жоя отырып және бұрынғы еңбекақысына  сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, зейнетақы төлемдерін есептеудің тәртібіне параметрлік өзгерістер енгізу көзделуде. Енгізілген  өзгертулер 2015 жылға қарай ынтымақты зейнетақының көлемін,  2009  жылғы көрсеткішке қарағанда, 1,8 есеге, ал одан кейінгі 5 жылда -   тағы үштен  біріне арттыруға   мүмкіндік береді.

 

Сонымен бірге, жинақтаушы  зейнетақы   жүйесінің де  орнықтылығы  болжалуда.    Мемлекеттің,  жұмыс беруші мен  жұмысшының арасындағы сияқты, сонымен бірге    мемлекеттің,    жинақтаушы    зейнетақы   қоры  мен   салымшының   арасындағы   жауапкершілікті  теңгерімді     жіктеудің    негізінде   жүйенің  тиімділігін арттыру    пайымдалуда. 

Ұсынылған   шараларды  жүзеге асырудың  нәтижесінде    зейнетақымен қамтамасыз  етудің   жаңа  жоғары  стандартына ауысу мүмкіндігі  пайда болады және     орташа  зейнетақының    орташа  жалақының  40 пайызынан төмен болмауын  қамтамасыз  етеді.

VI. Әлеуметтік  қолдау  және әлеуметтік  қызмет көрсету  жүйесін  дамыту

Әлеуметтік көмек көрсету  және  қолдау,   қиын жағдайға ұшыраған    адамдарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету әлеуметтік қамсыздандырудың тағы бір  маңызды  буыны болып табылады.

Бұл  бағыттағы  стратегиялық  бағыттар мыналар:

1. Ана мен  баланы  әлеуметтік  қолдау  саясаты. Бала  бір   жасқа толғанға  дейін    баланы  күту  бойынша  ай сайын берілетін  жәрдемақыны   2011 жылға   дейін   кезең-кезеңімен  көтеру,   2007   жылғы  көрсеткішпен  салыстырғанда,  оның 2,5 есеге  өсуіне жеткізеді.  

   Баланы күту  бойынша берілетін  айлық  жәрдемақының ағымдағы  жылғы көлемі:

1-ші балаға – 20 пайызға дейін (7 772 теңге (5,5 айлық есептік көрсеткіш);

2-ші  балаға –  29 пайызға дейін (9 185 теңге (6,5 айлық есептік көрсеткіш);

3-ші балаға  –  36 пайызға  дейін (10 598 теңге (7,5 айлық есептік көрсеткіш);

4-ші және оданда  көп  балаға -  43 пайызға дейін (12 011 теңге (8,5 айлық есептік көрсеткіш) көтеріледі.

Осы жылдан бастап   сондай-ақ,  әлеуметітк төлемнің  жаңа түрі – мүгедек  балаларды тәрбиелеп отырған  ата-аналарға,  қамқоршыларға   бір төменгі жалақы  көлемінде   жәрдемақы  (14 952 теңге) беріле  бастайды.

Аналардың   беделін  көтеру  мақсатында ағымдағы жылдан бастап  көпбалалы  аналарды «Алтын  алқа»   және «Күміс алқа»  алқаларымен  марапаттаудың  шарттары   өзгеріп  отыр.  Бұдан былай   жеті баласы  бар  аналар  «Алтын  алқамен» (бұған  дейін  10 балалы  ана), ал   алты баласы  бар  аналар   (бұрын  сегіз балалы аналар) «Күміс алқамен»   марапатталады. Сонымен   бірге,  оларға  берілетін арнайы  мемлекеттік      жәрдемақының көлемі   3,9 айлық  есептік   көрсеткіштен  6,0      АЕК-ке  дейін  (8 478)   жеткізіледі.

Бұл   шаралардың барлығы демографиялық  проблемаларды  шешуге оң әсерін тигізеді  деп  күтілуде.

2.  Халықтың аз қамтамасыз етілген санатына қарай кедейшілікті еңсерудің   сараланған  формалары мен  әдістерін әзірлеу  және   қолдану көзделуде.

3. Арнайы  әлеуметтік   қызметтер көрсету  жүйесін әрі  қарай   қайта  құрылымдау қарастырысуда.

ҚР Үкіметінің   келесі жылға  негізгі   басымдықтары осындай.   Осы міндеттерді    толыққанды  жүзеге асыру     халықтың  тұрмыс сапасын   анағұрлым жақсартуға   мүмкіндік береді  деп санаймыз.

Назарларыңызға рахмет!

 

 (Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратып отыр.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі