Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.02.2012

2012 жылғы 6 - 13 ақпан аралығында Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметі туралы жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға Ш О Л У


2012 жылғы 6 - 13 ақпан аралығында

Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметі туралы

жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға

Ш О Л У

 

Ақпарат-талдау бөлімі сіздердің назарларыңызға «Бұқаралық ақпарат құралдары Парламент туралы» ақпараттық шолуды ұсынады. Шолуға қазақ баспасөзінде және республикалық телеарналар мен ақпараттық агенттіктерде, сондай-ақ Интернет-басылымдарда жарық көрген материалдар енгізілді. Парламент қызметі туралы мемлекеттік тілде барынша жиі, шұғыл және егжей-тегжейлі ақпарат ұсынған мемлекеттік тілдегі БАҚ арасынан «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алаш айнасы», «Заң газеті», «Жас Алаш», және «Халық сөзі» газеттерін, «ҚазАқпарат», «Kazakhstan today», «Қазақстан жаңалықтары», «BNews.kz», ақпараттық агенттіктерін және «Қазақстан» ТРК, «Хабар» телеарналарының жаңалықтар қызметін атап өтуге болады.

 

2012 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың бірінші сессиясына арналған негізгі іс-шаралар  жоспарын бекітті.

Палата төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың айтуынша, іс-шаралар жоспары Елбасының Парламент сессиясын ашу барысында және ағымдағы жылғы Қазақстан халықына арнаған Жолдауында жүктеген міндеттерді ескере отырып, құрылған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі.

«Егемен Қазақстан», «Алаш айнасы» газеттері, «ҚазАқпарат», «BNews.kz» агенттіктері, «Қазақстан ТРК» телеарнасы  Парламент депутаттары жолдаған депутаттық сауалдарда көтерілген мәселелерге өздерінің мақалаларын арнады.

Мәселен, сауал барысында Дариға Назарбаева, Елбасының Жолдауында ең бірінші кезекте онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді төмендету мәселесі қойылғанын айта келе, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ауыр онкологиялық сырқат түрлерінен жыл сайын 600-650 бала емделетінін жеткізді.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың атына Ерген Дошаев Үкімет әзірлейтін заңдардың мемлекеттік тілдегі мәтіні сын көтермейтінді туралы және соның салдарынан Мәжіліс елдің қоғамдық өмірі үшін маңызды құжаттарды дер кезінде қабылдап үлгермейтіндігі туралы атап өтті.

Елбасының «Саяси-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағдары» атты биылғы Жолдауында ең алдымен өңірлерді дамыту туралы баса айтылды.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин 2012 жылғы 10 ақпанда Ақтөбеде болды. Өңір белсенділерімен, еңбек ұжымдарымен кездесіп, Жолдаудың маңызды бағыттарын түсіндірді, деп мәлімдейді «Хабар» агенттігі журналисті.

«BNews.kz» агенттігі тілшісінің хабарлауы бойынша, 2012 жылғы 6 ақпанда Орал қаласында Парламент Мәжілісінің депутаттары Камал Бұрханов, Рысқали Аманжан және Сәкен Жылқайдаров Елбасы Жолдауының түпкі мәнін ел арасында түсіндіру мақсатында Ақжайықта құрылған ақпараттық топ мүшелерімен кездесті.

Шолудың «Түсініктемелер мен сұхбаттар» бөлімінде депутаттардың елдегі қоғамдық-саяси өмірдің маңызды мәселелері жөніндегі пікірлері, мақалалары мен сұхбаттары жинақталды. Олардың арасынан Парламенті Мәжілісінің депутаттары: Тұрарбек Асановтың «Мемлекет дамуының бағытын белгілеген құжат», Жексенбай Дүйсебаевтің «Қазақстанның қуаттылығы – өңірлердің қуаттылығы», Алдан Смайылдың «Қазаққа керегі – қазақтың ішкі бірлігі. Ол үшін заңның керегі жоқ» атты мақалаларын ерекше бөліп көрсетуге болады. («Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттері).

 

 

 

Шолуды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты Ақпарат-талдау бөлімінің сектор меңгерушісі  Ә. Нұржанова  дайындады.

 

 


ЗАҢ ШЫҒАРУ ҚЫЗМЕТІ


 

 

Мәжілісте микроқаржы ұйымдарының қызметіне арналған заң жобасының таныстырылымы өтеді

 

/«ҚазАқпарат». 06.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Ертең, 7 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде  «Қазақстан  Республикасының кейбір заңнамалық  актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтеді.

Қаржы және бюджет комитетінің ұйымдастыруымен өтетін заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі депутат Құттықожа Ыдырысов.

Таныстырылым барысында аталған заң жобасы жайында ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Данияр Ақышев баяндама жасайды деп күтілуде.

 

 

Мәжілісте микроқаржы ұйымдарының қызметін қамтыған заң жобасы таныстырылды

 

/«ҚазАқпарат». 07.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ -  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық  актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Атап айтқанда, елбасы микрокредиттеу құралдарына және оны жүзеге асыру тетіктеріне қол жеткізуді кеңейту мәселелері бойынша Үкіметке қаржы реттеушілерімен бірлесіп, шұғыл түрде тиісті заң жобасын және шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы іске асыру шеңберінде ҚР Ұлттық Банкі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп заң жобасын әзірледі. Бұл ретте микрокредиттеу нарығын одан әрі дамытуды, әлеуетті заемшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету тетіктері ұсынылады. Микрокредиттік ұйымдар қызметінің айқындылығын, олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру және микрокредиттік ұйымдар арасындағы адал бәсекелестікті ынталандыру, сондай-ақ түрлі тәуекелдердің алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында заң жобасымен  «микроқаржы ұйымдары» ұғымын енгізу мен микроқаржы ұйымдарының қызметін реттеу, бақылау және қадағалау институтын ендіру ұсынылады.

Бұдан бөлек, микроқаржы ұйымдарының қызметін шектеу, оның ішінде микрокредиттер беру жөніндегі және рұқсат етілген қызмет түрлерін қоспағанда, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салу, сондай-ақ кредиттік бюроларды, басқа микроқаржы ұйымдарды, инкассаторлық ұйымдарды және күзет қызметіне лицензиясы бар ұйымдарды қоспағанда, өзге заңды тұлғалардың капиталына микроқаржы ұйымдарының қатысуына тыйым салу шаралары қарастырылады. Микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату тетіктері де заң жобасымен нақтыланып отыр.  Бұл ретте жұмыс істеп тұрған микрокредиттік ұйымдардың микроқаржы ұйымдары немесе өзге ұйымдық-құқықтық нысан болып қайта тіркелуі не олардың таратылуы үшін үш жылдық кезең қарастырылып отыр.

Заң жобасы жұмыс тобында талқыланатын болады.

 

 

Мәжілісте микроқаржы ұйымдары туралы заң жобасы таныстырылды

 

/«BNews.kz». 07.02.2012./ -  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық  актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, аталған заң жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Атап айтқанда, елбасы микрокредиттеу құралдарына және оны жүзеге асыру тетіктеріне қол жеткізуді кеңейту мәселелері бойынша Үкіметке қаржы реттеушілерімен бірлесіп, шұғыл түрде тиісті заң жобасын және шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы іске асыру шеңберінде ҚР Ұлттық Банкі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп заң жобасын әзірледі. Бұл ретте микрокредиттеу нарығын одан әрі дамытуды, әлеуетті заемшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету тетіктері ұсынылады. Микрокредиттік ұйымдар қызметінің айқындылығын, олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру және микрокредиттік ұйымдар арасындағы адал бәсекелестікті ынталандыру, сондай-ақ түрлі тәуекелдердің алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында заң жобасымен  «микроқаржы ұйымдары» ұғымын енгізу мен микроқаржы ұйымдарының қызметін реттеу, бақылау және қадағалау институтын ендіру ұсынылады.

Бұдан бөлек, микроқаржы ұйымдарының қызметін шектеу, оның ішінде микрокредиттер беру жөніндегі және рұқсат етілген қызмет түрлерін қоспағанда, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салу, сондай-ақ кредиттік бюроларды, басқа микроқаржы ұйымдарды, инкассаторлық ұйымдарды және күзет қызметіне лицензиясы бар ұйымдарды қоспағанда, өзге заңды тұлғалардың капиталына микроқаржы ұйымдарының қатысуына тыйым салу шаралары қарастырылады. Микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату тетіктері де заң жобасымен нақтыланып отыр.  Бұл ретте жұмыс істеп тұрған микрокредиттік ұйымдардың микроқаржы ұйымдары немесе өзге ұйымдық-құқықтық нысан болып қайта тіркелуі не олардың таратылуы үшін үш жылдық кезең қарастырылып отыр.

Заң жобасы жұмыс тобында талқыланатын болады.

 

 

Өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі

 

/«Егемен Қазақстан». 11.02.2012. Сәуле Досжанова./ - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қар­жы және бюджет комитеті оты­рысында «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне микро­қар­жы ұйымдарының қызметі мә­селелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өткізілді.

«Мемлекет басшысы өзі­нің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында микрокредиттеу құралдарына және оны жүзеге асыру тетіктеріне қол жеткізуді кеңейту мәселе­лері бойынша «Үкіметке қар­жы реттеушілерімен бірлесіп, шұғыл түрде тиісті заң жобасын және шаралар кешенін әзірлеуді» тапсырған болатын. Осы тапсырманы іске асыру шеңберінде Ұлттық банк бас­қа мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоғарыда атал­ған заң­дардың жобаларын әзір­леп, ұсынып отыр», – деді отырысқа жетекшілік жасаған Қаржы және бюджет комите­тінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова.

Құжат жайында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев баяндама жасады.
Микрокредиттеу рыногын одан әрі дамытуды, әлеуетті заемшылардың құқықтары мен­ мүдделерін қорғауды, ми­кр­о­кредиттік ұйымдар қызметі­нің айқындылығын, олардың инвестициялық тартымды­лы­ғын арттыруды және микро­кредиттік ұйымдар арасын­дағы адал бәсекелестікті ынталандыруды, түрлі тәуекел­дердің алдын алуды қамта­масыз ету мақсатында заң жобаларына «микроқаржы ұйымдары» ұғымын енгізу мен микроқаржы ұйымда­рының қызметін реттеу, бақылау және қадағалау институтын ендіру ұсынылады.

Микроқаржы ұйымда­ры­ның қызметін шектеу бойынша – микрокредиттер беру жөніндегі және рұқсат етіл­ген қызмет түрлерін қос­пағанда, кәсіпкерлік қызмет­ті жүзеге асыруға тыйым салу, сондай-ақ кредиттік бюроларды, басқа микроқаржы ұйымдары, инкассаторлық ұйымдарды және күзет қыз­метіне лицензиясы бар ұйым­дарды қоспағанда, өзге заңды тұлғалардың капиталына микроқаржы ұйымда­рының қатысуына тыйым салу деген сөз.

Микроқаржы ұйымда­рын қайта ұйымдастыру және тарату дегенде, бұл үдерістің жұмыс істеп тұрған микро­кредиттік ұйымдардың микро­­қаржы ұйымдары немесе өзге ұйымдық-құқық­тық нысан болып қайта тіркелуі не олардың таратылуы үшін үш жылдық кезең беруінен тұратыны нақты­ланады.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекші­лігіне депутат Құттықожа Ыдырысов бекітілді.

 

 

 

Шағын несие ұйымдары жұмысын шектеу қажет пе?

 

 

/«Заң газеті». 11.02.2012. Айша Құрманғали./ - Шағын несие ұйымдары төңірегінде әңгіме көп. Жалпы, бұл құрылымдар банк қызметіне қол жеткізе алмайтын аймақтарда және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қаржылай қолдау мақ­сатында құрылғаны белгілі. Олардан ешкім пайда көрмеді деп ауызды құр шөппен сүртуге болмас. Несие беру рәсімдері әуре-сарсаңға салмайтын, көп құжаттарды қажет етпейтін шағын қаржылық құрылымдар арқылы, әсіресе, ауылдағы біраз жан жеке шаруасын дөңгелетіп әкеткенін экономикалық сарапшылар да жоққа шығармайды. Сол секілді, көптеген кәсіпкерлер де осы шағын несиенің арқасында ауылда қызмет орындарын ашып, өз нәпақасын тауып қана қоймай, біраз адамға жұмыс беріп отырғанын айтады.

Сұраныс бар жерде іс қашан да алға жылжымақ. Бүгінде бұл құрылым өзінің мүмкіндігін де, қызмет көрсету аясын да кеңейтіп бара жатыр. Алғашында екі жүзге жетпейтін микроқаржы ұйым­дарының саны соңғы бес-алты жылдың ауқымында мыңнан асып отыр. Алайда, әлемдік деңгеймен салыс­тырғанда бұл әлдеқайда аз. Шағын бизнесті қолдау үшін бұл институтты дамыта түсіп, оның нысандары қатарын көбейту қажет.

Десек те, осыдан бірер жыл бұрын банк саласының мамандары, тіпті, бас банкир Григориий Марченконың өзі де шағын несие ұйымдары жұмысын шектеу қажет деген мәселені көтерді. Мұны бірқатар депутаттар да қолдады. Олар шағын несие ұйымдарының алыс аймақ, ауыл үшін тиімділігін біле тұра осындай қадам жасалу керек деген ұстанымда болып келді.

Мұны қолдаушылар да және қарсы шығушылар да аз болмады. Алайда, олар бір мәселе жөнінде ортақ көзқараста тұрды. Яғни, барлығы да осы шағын несие ұйымдарының қадағалаусыз кеткені, олардың ұсынатын қаржысының па­йыздық өсімінің жоғарылығы және қаржы алатын жобалардың ауыл шаруа­шылығын көтеруге емес, көбіне сауда-саттыққа бағытталуын сынады. Ал, ке­лісе алмайтын тұстары шағын несие ұйымдарының жұмысын шектеуге қатысты. Бірі олардың жұмысына заңдық тұрғыда шек қойылу қажет десе, енді бірі екінші деңгейлі банктердің жұмысын дамыту арқылы оларды адал бәсекеге тарту қажет десті.

Қалай дегенмен де, өмірдің өзі көр­сетіп отырғандай, шағын несиелеу ел ішіндегі жұмыссыздықты азайтып, кедейшілікті төмендетуге едәуір сеп болуда. Ауылдағы кәсіпкерлік осы құралдың арқасында өз арнасын таба бастады. Сондықтан, шағын несиеге салынған қылбұрау алдымен өзін-өзі жұмыспен қамтыған қауымның тірлігіне көлеңке түсіріп, олардың шаруасына кері әсер етпек. Демек, оларды шектегеннен гөрі осы құрылымның жұмысын реттеу, арнайы заңдық тетіктер арқылы дамыту ұтымды болмақ.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында микрокредиттеу құралдарына және оны жүзеге асыру тетіктеріне қол жеткізуді кеңейту қажеттігін айта келіп, Үкіметке қаржы реттеушілерімен бірлесіп, шұғыл түрде тиісті заң жобасын және шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған болатын.

Обалы нешік, Экономикалық даму және сауда министрлігі дер кезінде елгезектік танытты. Яғни, тиісті құжат­ты сол жылы дайындап Мәжіліске тап­сырған болатын. Алайда, оның тағдыры көпшілікке беймағлұм болып қалған еді.

Мәселенің жайын осы аптада Пар­ламент Мәжілісіне Ұлттық банк әке­ліп тапсырған «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының кейбір заңнамалық акті­леріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобасының таныстырылымы кезінде білдік. Жиынның тізгінін ұстаған Палатаның Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсованың айтуынша, өткен ша­қырылымда ұсынылған алғашқы заң жобасының тұжырымдамасын депутаттар ұнатпапты. Халық қалаулылары шағын несиелік ұйымдар тәжірибеде екінші деңгейлі банк ұйымдарының жұмыстарын атқарып кеткендігін, сөйте тұра, олардың жұмысы еш қадағалаусыз реттелмей жатқандығын, жаңа құжатта оларды жоюдың тетіктері жоғын айтқан. Сондықтан, Үкімет ол заңды қайтарып алуға мәжбүр болыпты.

Гүлжан Жанпейісқызының айтуынша, Ұлттық банк аталмыш құжатты жасауға барынша бүгінгі күн талабынан келуге тырысыпты. «Оның тұ­жы­рымдамасында біздің ұсы­ныс­тарымыз, тілектеріміз барынша қамтылыпты. Мәселен, шағын қаржы ұйымдарының анықтамасы, яғни, олардың немен айналысу керектігі жөнінде нақты мағлұмат берілген. Ең бастысы, олардың жұмыстары құқықтық тетіктер арқылы реттелетін болып отыр. Тек ескерілмеген жай, шағын несие ұйымдарының немен айналыспау ке­ректігі жөніндегі мәселе. Бұл міндетті түрде қарастырылу керек. Өйткені, ешқандай шектеусіз кеткен қаржы ұйымдарының айналыспаған шаруасы жоқ. Олар, тіпті, ипотекалық несие берумен де шұғылданды. Акционерлік қоғамдардың үлесін сатып алып, ин­вес­торға айналып шыға келгенін де көз көрді. Сондықтан, заңды жасаушылар бұл мәселеге айрықша назар аудару керек», – деді ол.

Заң жобасын Ұлттық банк төра­ғасының орынбасары Данияр Ақышев таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасын жасаудағы басты мақсат микрокредиттеу нарығын одан әрі дамыту, әлеуетті заемшылардың құ­қық­тары мен мүдделерін қорғау, микро­кредиттік ұйымдар қызметінің ай­қын­дылығын, олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру және ми­кро­кредиттік ұйымдар арасындағы адал бәсекелестікті ынталандыру, түрлі тә­уекелдердің алдын алу болып та­бы­лады. Осыған орай, заң жобасы бо­йынша «микроқаржы ұйымдары» ұғы­мын енгізу мен микроқаржы ұйым­дарының қызметін реттеу, ба­қы­лау және қадағалау институтын ен­діру ұсынылып отыр. Микроқаржы ұйым­дарының қызметін шектеу тетігі бекі­тілмек. Бұл орайда, шағын несие ұйым­дарының кәсіпкерлікпен айналы­суына, кредиттік бюроларды, басқа микроқаржы ұйымдары, инкассаторлық ұйымдар және күзет қызметіне лицензиясы бар ұйымдардан басқа заңды тұл­ға­лардың капиталына микроқаржы ұйым­дарының қатысуына тыйым салынады. Сонымен қатар, микроқаржы ұйымдары қайта ұйымдастырылады және таратылады. Бұл үшін жұмыс істеп тұрған микрокредиттік ұйымдардың микроқаржы ұйымдары немесе өзге ұйымдық-құқықтық нысан болып қайта тіркелуі не олардың таратылуы үшін үш жылдық кезең беріледі.

Заң жобасына қатысты депутаттар сауалына кезек берілген сәтте ай­рық­ша белсенділік танытқан Нұртай Сабильянов болды. Ол бір өзі Ақышев мырзаға алты сұрақ қойды. Нұртай Са­лихұлы негізінен аталмыш заң жобасында неліктен қаржылық капиталдың аз көлемі, несиенің пайыздық өсімінің жылдық деңгейі бекітілмегеніне, шағын несие беретін ұйымдардың ақылы түр­де кәсіпкерлерді оқытуға құқық бе­рілгеніне қарсылығын айтты. Сонымен қатар, ол шағын несие ұйымдарын қа­да­ғалау үшін «Қаржы нарығын және қар­жы ұйымдарын мемлекеттік реттеу мен қадағалау» деген мәтінді енгізу жө­нінде пікірін ортаға салды.

 Бас банкирдің орынбасары бұл мәселелердің заң жобасын комитеттерде қарау кезінде талқылауға, сөйтіп, олардың тиімді шешімін қарастыруға дайын екенін білдірді.

Айтылған пікірлердің бірқатары несие алу үшін кепіл бола алатын мүлікке қатысты өрбіді. Бұл тұрғыда депутаттар ұсыныстары екіге жарылды. Мәселен, нұротандық депутаттардың бірқатары кәсіпкерлердің өз үй-жайларын кепіл­дікке қоя алатынын айтты. Бұған «Ақ­жол» партиясының мү­шесі Меруерт Қазбекова қарсы шықты. Ол қаржы ұйымдарының жалпы ауыл бизнесін қолдауға құлықсыз бо­латындығына олардың ұсынатын кепіл­дерінің болмауын себеп етті. «Ауыл­дағы ескі үй кімге қажет? Несие өтел­меген жағдайда оны алып, қаржы ұйым­дары еш кәдеге жарата алмайды. Сондықтан, осы мәсе­лені аталмыш заң жобасында нақ­ты шешіп алуымыз керек. Несие қар­жы­ның белгілі бір бөлігі үкімет тара­пы­нан субсидия­лануы оны алушы үшін де, беруші үшін де тиімді болмақ», – деді ол.

 Біздіңше, бұл – аталмыш заң жо­ба­сының негізгі, яғни, ауыл, алыс аймақ­тағы кәсіпкерлерді, шаруаны қолдау мақсатына сай келетін пікір. Құжаттың басқадан бұрын әлеуметтік маңызы басым тұр. Демек, құжатты қарау кезінде барлық екпін оның қалайда діттеген мүддеге жетуіне күш салыну керек.

 

 

Мәжіліс Ауғанстанды тұрақтандыруға Испанияның қатысуына байланысты әуе кемелері арқылы әскери мүлікті тасымалдауды қамтамасыз ететін заң жобасын мақұлдады

 

/«ҚазАқпарат». 08.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ -  Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігі Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге Испания Корольдігінің қатысуына байланысты әскери мүлікті және персоналды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуді қамтамасыз ету туралы  келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Аталған келісімге 2009 жылғы шілдеде Астана қаласында қол қойылған. Бұл ретте құжат Ауғанстанды тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға қатыстырылған Испанияның әуе кемелерімен еліміздің аумағы арқылы әскери мүліктерді және персоналды тасымалдау тәртібі айқындалады.

Бұл ретте еліміздің аумағы арқылы Испания әуе кемелерінің транзиті ұлттық заңнамаға сәйкес берілетін арнайы рұқсат негізінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, испан тарабы Қазақстанның әуе кеңістігін ұсынылған маршруттар бойынша пайдалану туралы хабарламаны әуе кемелерінің жоспарланған ұшу мерзімінен кем дегенде 24 сағат бұрын ҚР  әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығына жібереді. Қазақстан тарабы ұлттық заңнамаға сәйкес аэроновигациялық алымдарды төлете отырып, әуе кемелеріне аэроновигациялық қызмет көрсетеді.

Мәжіліс мақұлдаған заң Сенатқа жіберіледі.

 

 

Елбасының Германияға сапары нәтижесінде 2 млрд. доллар шамасындағы келісімшарттарға қол қойылмақ

 

/«ҚазАқпарат». 08.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Елбасы Н. Назарбаевтың Германияға сапары барысында 2 млрд. доллар шамасындағы келісімшарттарға қол қойылмақ.

 Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында заң жобасын талқылау барысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров осылай мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжілістің бүгінгі отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге Испания Корольдігінің қатысуына байланысты әскери мүлікті және персоналды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуді қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданған болатын. Осыған орай, Ауғанстан мәселесіне қатысты дәл осындай келісімдерге бірқатар елдермен қол қойылғанын айтқан министр орынбасары, олардың басым көпшілігі Қазақстанның стратегиялық әріптес мемлекеттері екендігін атап өтті. Аталған мемлекеттердің арасында Германия Федеративті Республикасы да бар.

«Келісімдер бойынша Ауғанстанға көмек негізінен әріптестік бағытын қамтып отыр. ГФР-ға келетін болсақ,  Қазақстанның осы елмен қарым- қатынасы белсенді түрде өрбіп келеді.  Бүгінгі күндері Елбасы Н. Назарбаев Германияда  ресми сапармен жүргенін білесіздер.  Осы сапар нәтижесінде екі ел арасында 2 млрд. долларды құрайтын келісімшарттарға қол қойылатыны күтілуде», - деп атап өтті Қ. Омаров.

Оның айтуынша, бұндай келісімдер Қазақстанның Ауғанстандағы тұрақтылық мәселесіне басқа мемлекеттермен бірлесе қосқан үлесі болып табылады.

 

 

Мәжіліс әскери мүліктерді тасымалдау туралы Қазақстан мен Испания арасындағы келісімді мақұлдады

 

/«BNews.kz». 08.02.2012./ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігі Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге Испания Корольдігінің қатысуына байланысты әскери мүлікті және персоналды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуді қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Қазақпарат агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, аталған келісімге 2009 жылғы шілдеде Астана қаласында қол қойылған. Бұл ретте құжат Ауғанстанды тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға қатыстырылған Испанияның әуе кемелерімен еліміздің аумағы арқылы әскери мүліктерді және персоналды тасымалдау тәртібі айқындалады.

Бұл ретте еліміздің аумағы арқылы Испания әуе кемелерінің транзиті ұлттық заңнамаға сәйкес берілетін арнайы рұқсат негізінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, испан тарабы Қазақстанның әуе кеңістігін ұсынылған маршруттар бойынша пайдалану туралы хабарламаны әуе кемелерінің жоспарланған ұшу мерзімінен кем дегенде 24 сағат бұрын ҚР әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығына жібереді. Қазақстан тарабы ұлттық заңнамаға сәйкес аэроновигациялық алымдарды төлете отырып, әуе кемелеріне аэроновигациялық қызмет көрсетеді.

Мәжіліс мақұлдаған заң Сенатқа жіберіледі.

 

 

 

 

 

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтті

 

/«Хабар» агенттігі. 08.02.2012./ - Қазақстанның Ауғанстанды қалпына келтіру үдерісіне белсенді қатысуы аймақтық және халықаралық деңгейлерде еліміздің рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан мен Испания арасындағы Ауғанстанды тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге Испания Корольдігінің қатысуына байланысты әскери мүлікті және персоналды Қазақстан аумағы арқылы транзиттеуді қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Келісімнің мақсаты Ауғанстанды тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға ықпал етудегі Қазақстанның ролін нығайту. Яғни ол бойынша транзитті жүзеге асыру тәртібі белгіленіп отыр. Атап айтқанда Ауғанстанды тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға қатыстырылған Испанияның әуе кемелерімен еліміздің аумағы арқылы әскери мүліктерді және персоналды тасымалдау ұлттық заңнамаға сәйкес берілетін арнайы рұқсат негізінде жүзеге асырылады.

Қайрат Омаров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

-Қазақстанның Ауғанстанды қалпына келтіру үдерісіне белсенді қатысуы аймақтық және халықаралық деңгейлерде еліміздің рөлін нығайтуға мүмкіндік береді. Ұқсас келісімдер Германия, Франция және АҚШ-пен бұдан бұрын да жасалған және ратификациядан өтті. Осы құжатты ратификациялау келеңсіз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық қайшылықтарға әкеп соқпайды. Сондай-ақ қосымша бюджет шығыстарын талап етпейді.

 

 

Алдағы сессия барысында депутаттар Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерге баса назар аударатын болады

 

/«ҚазАқпарат». 08.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары Бесінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың бірінші сессиясына арналған негізгі іс-шаралар  жоспарын бекітті.

Палата төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың айтуынша, іс-шаралар жоспары Елбасының Парламент сессиясын ашу барысында және ағымдағы жылғы Қазақстан халықына арнаған Жолдауында жүктеген міндеттерді ескере отырып, құрылған.  Бұл ретте іс-шаралар жоспарларында сессия барысында депутаттық корпустың тарапынан атқарылуы күтілетін аса маңызды, өзекті мәселелер қамтылып отыр.

«Депутаттар тарапынан жасалған ұсыныстардың барлығы бірдей іс-шаралар жоспарында қамтылған жоқ. Дегенмен де, олардың басым бөлігі алдағы жұмыс барысында ескерілетін болады», - дейді С. Дьяченко.

 

 

Мәжілісте 10 заң жобасы қарастырылды

 

/«BNews.kz». 08.02.2012./ - Бүгін Астанада ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында халықаралық қатынас, қорғаныс, экология, қаржы мен мәдениет мәселелеріне қатысты заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді. Бұл туралы BNews.kz тілшісі хабарлдайды.

Атап айтқанда, палата депутаттары төмендегі заң жобаларын қарастырды:

«Микроқаржы ұйымдары туралы;

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы»;

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы»;

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында әскери мақсаттағы өнімдерді шығару жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-өндірістік бірлестіктерді құрудың жалпы қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы»;

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралдарының қару-жарағы мен әскери техникасының техникалық және ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз ету туралы хаттаманы ратификациялау туралы»;

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу, өндіру, пайдалану, жөндеу, жаңарту, пайдалану мерзімін ұзарту және кәдеге жарату саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы»;

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын құру және қолдану тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы»;

«1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы үшінші хаттаманы ратификациялау туралы»;

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».

Сонымен қатар мәжілісмендер бесінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың бірінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспары туралы мәселерді қарастырды.

 

 

Сегіз заң жобасы қаралуда

 

/«Қазақстан ТРК». 08.02.2012. Бақытбек Жамашұлы./ - «Микроқаржы ұйымдары туралы» заң жобасын, сондай-ақ, «Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары мәртебесі туралы келісімді ратификациялау заңдарының жобасын әзірлеу» секілді өзекті мәселелер дәл қазір Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қаралып жатыр.

 Жалпы бүгінгі отырыста депутаттар маңызды деген сегіз заң жобасын қарап, кейбір мәселелер бойынша толықтырулар мен өзгертулер енгізбек. Олардың ішінде 1992-ші жылы 15-ші мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы үшінші хаттаманы ратификациялауға байланысты заң жобасы да бар. Мәжіліс отырысы жөнінде толығырақ алдағы жаңалықтарымызда баяндаймыз.

 

 

«Ақ жол» ҚДП заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу туралы заң жобасын қабылдамауды талап етеді

 

/«Kazakhstan Today». 08.02.2012./ – «Ақ жол» ҚДП заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу туралы заң жобасын қабылдамауды талап етеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгін Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында «Ақ жол» ҚДП төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын қабылдауға болмайтындығын мәлімдеді. А. Перуашевтің пікірінше, қаралып отырған редакциясында бұл заң жобасы жеке бизнеске нұқсан келтіреді және тұтас алғанда оның теріс әлеуметтік-экономикалық салдарлары болады.

«Қазіргі кезде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы (бұдан әрі - заң жобасы) қаралып жатыр. Бизнес-қоғамдастығы осы заң жобасына елеулі түрде алаңдаушылығын бірнеше рет мәлімдеген болатын», деп мәлім етті Азат Перуашев.

Ұсынылып отырған заң жобасын осы редакцияда үзілді-кесілді қабылдауға болмайды, деп есептейміз. Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы туралы мәселе ғылым мен практикалық экономиканың әртүрлі салаларының мамандарын тарта отырып, неғұрлым терең әрі кешенді қайта әзірлеуді қажет етеді.

Аталған заң жобасын осы қалпында қабылдамауды және оны тұжырымдамалық тұрғыдан қайта әзірлеуге жіберуді сұраймыз.

 

 

Балаларды қинағандар қатал жазаға лайық

 

 

 

/«Айқын». 09.02.2012. Елдок Сенбай./ - Қазақстандық қалаулылар педофилдерді кастрациялау туралы заң қабылдайтын уақыт жеткендігін жариялады. Осы сейсенбіде солтүстік көршіміздің МемДумасы мұндай заңды ендігі қабылдаған болатын. Ал кеше, жалпы отырыстарынан шыққан Мәжіліс депутаттары өздерін қоршай алған журналистерге ресейлік әріптестерінің мұндай шешімін қызу қолдап жатты. Расында, қазіргі кезде елімізде балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық жасау деректерінің қаптап кеткені сонша, халық арасында үрей туып, саналы ата-аналар басқа жұмысын ысырып қойып, балаларын көзден таса қылмауға бекінген.

Сәбилерге көз салған азғын­дар­дың арсызданып кеткендігін биліктің өзі мойындауға мәжбүр болды. Ішкі істер министрлігі елде балаларды зорлау әрекеттерінің өскендігін мәлімдеген болатын. ІІМ-нің ресми дерегінше, был­тырғы жылдың тек тоғыз айында ғана Қазақстанда, педофилияның 111 фактісі тіркелген! Бұл мәлім бол­ғандары ғана! Қанша оқиға «жабулы қазан» күйінде қалған. Сондықтан қоғам адамдықтан без­ген айуандарды «еркектік қабі­леттен» айырып, кестіріп тастауды жақтап отыр. Әйтпесе жаза жеңіл болса, жауыздар аяғын тарт­пай­ды.
Рас, қылмыскер болса да, өз аза­матын хирургиялық жолмен «белден» айыруға мемлекет бар­майды, сондықтан әлемде мұны химиялық жолмен, яғни арнайы дәрі-дәрмектің көмегімен жүзеге асыру тәжірибесі қабылданған екен. Оны енді «одақтасымыз» да қолданатын болды: Ресейде, 7 ақпан күні МемДума Президент Д.Медведев бастамашы болған, педофилдерге қатысты жазаны қа­тайтатын заңның жобасын үшін­ші, ақырғы оқылымда қа­былдады. Бұл құжат педофил-рецидивистерді өмір бойға түрмеге отырғызуды, сондай-ақ мәжбүрлеп химиялық кастрациялауды қарас­тырады. Ресейлік заңмен енді жасы 14-тен төмен баланы зор­лағандарға шартты жаза кесуге тыйым салады. Ол заң педофилия күдігімен ұсталған тұлғаны дереу қылмыстық қудалауды бастауға мүмкіндік береді. Алдымен күдіктінің баланың шын жасы қаншада екендігін сезінгендігін дәлелдеуді талап ететін норманың да Ресейде күші жойылып отыр. Яғни «түріне қарасаң, ересек сияқ­ты» деген сылтаулар есепке алын­байды. Ол - ол ма, солтүстік көр­шіміз балалар қатысқан пор­но­графияны тарату түгілі, сондай бейнежазбаларды сатуға балаларды тарту үшін жазаны анағұрлым күшейтті! Ғаламтор арқылы ондай азғындықты таратушылар Ресейде тоғыз жылға дейін түрмеге қама­латын болды.

Депутат Мәулен Әшімбаев алда осы мәселені қарап, ресейлік тәжірибені зерттейтіндерін мәлім етті. «Біз ресейлік тәжірибені зерделейміз,-деді ол,-ресейлік заң шығарушылар алға тартқан дәйектемелерін қараймыз. Егер мен өзімнің жеке көзқарасымды айтсам, балаларға қарсы зорлық жазағандарды адам деп те айтуға болмайтын шығар. Балаларды зор­лағандар ең қатал жазаға лайық». М.Әшімбаев Мәжілістің осы бағыттағы заңнаманы қатай­татын-қатайтпайтындығын тек халықаралық тәжірибе мұқият зерт­телген соң, айтуға болатын­дығын жеткізді.

Ал «Ақ жолдың» жетекшісі Азат Перуашев сөз тыңдап тұрмай, өткір сөйледі. Ол педофилдерді кастрациялауды еш сөзсіз қолдай­тынын ашық мәлімдеді. «Зорлық қолданғандар - барып тұрған азғындар! Бұл айуандық қой, ақыл­ға сыймайтын. Мұндайға ба­рудан жиіркенбейтіндердің соған «қызыққыштығын» кесіп тастау керек! Ал мұны химиялық кас­трация, болмаса, өмір бойға қамап тастау жолымен жасауға болады. Сондықтан мен мұндай шешімді қоштаймын. Бұл тәжірибені бізге де қарастыру қажет деп санаймын» деді А.Перуашев.
Депутат Орал Мұхамеджанов та бүлдіршіндердің абыройын ай­мандай етуге барғандарды адамдық кейіптен кеткен деп санайды екен. Ол алда жазаны қатайтуды жақ­тамақ. Бұдан басқа да қалаулылар журналистерге педофилдердің табанына тас қойып, тайраң­дат­пайтын уақыт жеткендігін айтып жатты. Қазақстанда Қылмыстық кодекс, «Бала құқықтарын қорғау туралы» заңның 7-бабы бойынша бала зорлағандар 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл өзгерістерді ел Парламенті 2010 жылы қабылдаған болатын. Өткен жылдың соңында ел Үкіметі педофилия үшін жазаны ары қарай қатайтатын тиісті түзе­ту­лерді жақын уақытта жауапты меморгандардың әзірлеуге кірі­сетіндігін хабарлады. Қалаулылар енді педофилдерді мәжбүрлеп химиялық кастрациялауды, өмір бойға қамауды, сондай-ақ ондай азғындарды педагогикалық қыз­метпен айналысу мүмкіндігінен қол­даныстағыдай, 10-20 жылға емес, түпкілікті айыруды талап етпек.

Айтпақшы, соңғы талап Еңбек ко­дексі арқылы жақын уақытта өмір­ге жолдама алуы мүмкін: биыл­ғы 17 қаңтарда Сенат «Еңбек кодексіне өзгертулер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жоба­сын қабылдап, Мемлекет басшы­сына ұзатты. Егер бұл құжат жо­басына Елбасы қол қойса, кә­мелетке жасы толмағандарды өл­тір­гендерге, қасақана өлтірген­дерге, денсаулығына нұқсан кел­тіргендерге, зорлағандарға «кәмелетке жасы толмағандар тартылатын білім беру, тәрбиелеу, демалыс және сауықтыруды ұйымдастыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қам­тамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер са­лаларында» жұмыс істеуге тыйым салынбақ.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығ­­матулиннің жетекшілігімен өткен осы жалпы отырыстарында қа­лау­лылар басқа да көкейтесті мә­се­лелерді көтерді. Мәселен, депутат Жексенбай Дүйсебаев Премьер-министр Кәрім Мәсімовке жү­гініп, «қасиетті даламыздың эко­ло­гиясының өзгеріп, елді ме­кен­дердің маңайы тұрмыстық қалдықтардың алаңына айналып бара жатқандығына» ел Үкіметінің назарын аудартты. Сайлау­шы­лармен кездескенде, осы сұрақ жиі алдан тартылатын көрінеді. Ол мамандарға сілтеме жасап, қазір даламызда 22 миллиард тонна тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс жиналып қалғандығын айтады. Оның 6 миллиард тоннасы адам денсаулығына аса қауіпті химиялық қалдықтар екен. Осы­дан кейін қайдан дені сау ұлт қа­лыптастыруға болады? «Мұның басты себептері, өнеркәсібі да­мыған өңірлер мен қалалар өнер­кәсіп қалдықтарын шығаратын полигондармен және оны залал­сыз­дандырумен, өңдеумен то­лық­тай қамтылмаған, - дейді Жек­сен­бай Дүйсебаев. - Осының сал­­дарынан жыл сайын қалалар­дың маңайында тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтары көбею үстінде. Сондай-ақ респуб­ли­камыздағы 6325 елді мекеннің 75 пайызында немесе 4767-сінде қалдықтар үйіндісі арнаулы жер­лерде емес, ауыл маңында шо­ғырланып қалуда». Айтқандай, бұл мәселені Жолдаудан соң, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент көтерген болатын. Қиын­дықтан шығар бір жол - өнеркәсіп және тұрмыстық қал­дықтарды өңдейтін зауыттар салу. Депутат жергілікті және атқарушы билікке арнаулы мемлекеттік бағдарлама жасауды ұсынады.

 

 

Жаңа заң бірде-бір сайттың жабылуына себеп болған жоқ - депутат М. Әбенов

 

/«ҚазАқпарат». 09.02.2012. Арман Асқаров./ - Биыл қаңтар айында Мемлекет басшысы қол қойған «Зияткерлік меншікті жетілдіру мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң осы уақытқа дейін бірде-бір интернет сайттың жабылуына себеп болған жоқ.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаты Мұрат Әбенов мәлім етті.

Оның хабарлауынша, бүгінде ғаламторда осы заңға қатысты  таралып жатқан қауесеттер шындыққа жанаспайды. «Бұл заң интернет тұтынушыларға қандай да бір жауапкершілік жүктеп отырған жоқ. Ол ғаламторға заңсыз салынатын туындылар авторларының құқықтарын барынша қорғауды көздейді. Осылайша, біреудің туындысын интернетке заңсыз салғаны үшін ең алдымен ескерту жасалады. Ал ондай жағдай тағы да қайталанатын болса, тәртіп бұзушыға айыппұл салынады. Негізі қазіргі кезде саналуан ғылыми жаңалықтарды интернет арқылы заңсыз пайдалану оқиғалары көптеп кездеседі.  Біз осы іспетті заң бұзушылықтардың алдын алуды көздейміз. Осы уақытқа дейін жаңа заң бірде-бір сайттың жабылуына себеп болған жоқ»,-дейді М. Әбенов.

Халық қалаулысы атап көрсеткендей, Парламент Мәжілісінің төртінші шақырылымының депутаты болған Нұрлан Өнербаев әндер мен музыкаларды ғаламторда заңсыз пайдалану мәселесін жиі көтерген болатын.

 

 

Мәжілістің жұмыс тобында мемлекеттік рәміздер туралы заңға енгізілген өзгерістер талқыланды

 

/«ҚазАқпарат». 09.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық  актілеріне мемлекеттік рәміздер мәселелері бойынша өзгерістер мен  толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Естеріңізге сала кетейік, палата аталмыш заң жобасын өткен аптадағы жалпы отырыста өндіріске алған болатын.

Жұмыс тобының отырысы барысында депутат Майра Айсина мемлекеттік рәміздердің мемлекеттік құрылыстағы, елдік идеологиядағы, жастарды патриоттық тәрбие бағытындағы рөліне тоқтала келе, мемлекет рәміздерінің Қазақстан Тәуелсіздігінің ажырамас атрибуттары екендігін атап өтті. Сондай-ақ депутат алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.

Заң жобасына қатысты Үкіметтің берген қорытындысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын, сондай-ақ олар бейнеленетін материалдық бұйымдарды жасап шығару қызметінен лицензиялауды алып тастау туралы ұсыныс қарастырылған. «Өйткені бұндай лицензиялау жолы арқылы мемлекеттік рәміздердің белгіленген стандарттарын сақтау және мемлекеттік нышандарға құрмет білдіру секілді мақсаттарға қол жеткізілмейді», делінген Үкімет қорытындысында. 

Заң жобасымен жұмыс жалғасып, құжат жұмыс тобы шеңберінде бұдан әрі де талқыға түсетін болады.

 

 

Мәжіліс: Жалпы отырыстың күн тәртібіне негізінен халықаралық келісімдерді бекітуді көздейтін заң жобалары енгізілмек

 

/«ҚазАқпарат». 10.02.2012. Айбатыр Сейтақ./ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен Палата Бюросының отырысы өтті, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.

Бюро отырысында алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сарапқа салынды.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынуымен бірқатар заң жобалары депутаттардың талқысына шығарылатын болды. Атап айтқанда, «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын құру және қолдану тәртібі туралы келісімді  ратификациялау туралы», «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында әскери мақсаттағы өнімдерді шығару жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-өндірістік бірлестіктерді құрудың жалпы қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы», «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы үшінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобалары жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізілмек.

Бюро отырысында Мәжілістің заң шығармашылық ісіне қатысты басқа да мәселелер қаралды.

 

 

Мәжіліс бюросының отырысы өтті

 

/«Егемен Қазақстан». 11.02.2012./ - Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығма­тулин­нің жетекшілігімен палата бюросының отырысы өтті. Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шыға­ры­латын мәселелер сарапқа салынды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Халықаралық істер, қор­ға­ныс және қауіпсіздік коми­те­ті­нің ұсы­нуымен бірқатар заң жоба­ла­ры депутаттардың тал­қы­сына шы­ғарылатын болды. Атап айт­қанда, «Ұжымдық қауіп­­сіздік ту­ралы шарт ұйымы ұжымдық қауіп­сіздік жүйесінің күштері мен құралдары құра­лым­дарының мәртебесі туралы келісімді ратификациялау ту­ра­лы», «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын құру және қолдану тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында әскери мақсат­тағы өнімдерді шығару жөнін­дегі мемлекетаралық ғылыми-өнді­ріс­тік бірлестіктерді құру­дың жал­пы қағидаттары туралы келісімді ратификациялау ту­ра­лы», «1992 жылғы 15 мамыр­дағы Ұжымдық қауіпсіздік ту­ра­лы шартқа қа­ты­сушы мемлекеттер арасындағы Әскери-тех­никалық ынтымақтас­тық­тың негізгі принциптері ту­ралы келісімге өзгерістер енгізу туралы үшінші хаттаманы ратифика­ция­лау туралы» заң жоба­ла­ры жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізілмек.
Бюро отырысында Мәжілістің заң шығармашылық ісіне қа­тыс­ты басқа да мәселелер қаралды.

 

 


ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛДАР


 

Даламызда 22 млрд. тонна тұрмыстық қалдықтар мен күл қоқыс жиналған - Мәжіліс депутаты Ж. Дүйсебаев

 

/«ҚазАқпарат». 08.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Қазіргі таңда мамандардың есебінше даламызда 22 млрд. тонна тұрмыстық қалдықтар мен күл қоқыс жиналыпты.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Жексенбай Дүйсебаев осылай мәлім етті.

 Сауалда депутат қасиетті қазақ даласының экологиясы өзгеріп, елді мекендердің аумағы тұрмыстық қалдықтар алаңына айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сайлаушылармен кездесу барысында да осы мәселе ұдайы көтеріліп отыратынын еске салды.

«Мамандардың мәліметтеріне сүйенсек, қазір даламызда 22 млрд. тонна тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс жинақталыпты. Оның 16 млрд. тоннасы техногендік, минералдық қалдықтар болса, 6 млрд. тоннасы адам денсаулығына аса қауіпті  химиялық қалдықтар екен. Сонымен қатар, ауаны ластайтын улы заттардың 150-ден астам түрі белгілі болып отыр. Мұның  басты себебі өнеркәсібі дамыған өңірлер, қалалардың өнеркәсіп қалдықтарын шығаратын полигондармен және оны залалсыздандырып өңдеумен толықтай қамтылмағандығында болып отыр», - дейді депутат Ж. Дүйсебаев.  Оның айтуынша, жоғарыдағы проблема салдарынан қалалардың маңайында жыл сайын тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтары таудай болып үйілуде.

Сондай-ақ депутаттың сөзіне қарағанда, республикамыздағы 6 мың 325 елді мекенінің 5 пайызында немесе 1558 елді мекенде ғана қатты тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқысты арнаулы полигондарға таситын кәсіпорындар жұмыс істейді екен.  Ал  қалған 75 пайызында, немесе 4 мың 767 елді мекенінде  қалдықтар үйіндісі шоғарланып қалуда.

«Соңғы жылдары елімізде тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарын өңдейтін бірнеше жобалар  белгіленді. Бірақ әлі күнге дейін іс жүзінде жүзеге асқаны жоқтың қасы», - деген Ж. Дүйсебаев, аталған мәселеге жаңаша көзқарас қажеттігін атап өтті. «Ол үшін республикалық және жергілікті атқарушы органдар бірлесе отырып, мемлекеттік бағдарлама жасап, тиісті қаражат бөлінсе ғана қордаланған мәселе шешімін таппақ», - дейді ол.

 

 

Аттила жайлы шетелдік барлық шығармалар Қазақстанда басылып, сахналарда қойылуы қажет - А. Смайыл

 

/«ҚазАқпарат». 08.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Аттила - Еділ жайлы шетелдік барлық шығармалар Қазақстанда басылып, сахналарда қойылуы қажет.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәдениет және ақпарат министрінің атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осы мәселені көтерді.

Өз сауалында депутат А.Смайыл Батыс пен Шығыс әдебиетінің  білгірі Ф.Капрулузаденің: «Славян, фин, француз, герман әдебиетіне эпикалық жанр, поэма жазу дәстүрі «Аттила» дастаны арқылы келді», - деген пікіріне тоқтала келе, әлемдік өркениет жетік біліп қадірлеген осы дастанның елімізде белгісіз боп отырғанына қынжылыс білдірді. «Біздің дәуірімізге дейінгі ҮІІ-ҮІ ғасырларда туған «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр», «Көк бөрі», «Оғыз қаған» дастандарымен бірге Ұлы дала  жағалай жырлаған «Аттила» дастаны Еуропада талай ғасыр жатқа айтылыпты. Скандинавия елдерінің ғажайыбы «Алып қолды Вальтария» дастаны соған еліктеуден туған.  Эпикалық дүниеге осылай ауызданған Батыс келе-келе Аттиланың өзін жырға қосқан. Германия мен Скандинавия тарихында Этцель, Славян дүниесінде Атыл есімімен белгілі, сонау ІҮ ғасырда халықтардың ұлы қоныс аударуына ықпал еткен, атақты Шығыс Рим империясына бас идіріп, Еуропада феодалдық қоғамның құрылуына жол ашқан, кәрі құрлықта қуатты Ур-Аргун империясын құрған, жарты әлемде әскери демократия орнатқан даңқты қолбасшы жайлы дауылдата жырлаған. Біз осы күнге дейін түркі әлемі Еділ деген атпен дәріптейтін, Еуропа елі «Құдайдың қамшысы» деп көкке көтерген дарабоз бабымыз бейнеленген сол эпостарды төл тілімізде сөйлете алмай келеміз», - дейді депутат А. Смайыл.

Оның айтуынша, Еуропадан туған таланттардың өздері әйгілі Еділ патшаға арнап өлмес туындылар қалдырған. Алайда ондай шығарма республика сахналарында қойылмай жүр. «Сахна төрін Батыстың қойыла-қойыла жаттанды болған дүниелерімен толтырып жүргенде, неміс драматургі Вернер Цахариастың «Аттила» атты романтикалық трагедиясы бар екенін, бізге шетелдік шығармалардың ішінде соның ең жақын екенін неге ойламағанбыз? Бұл драма кезінде Еуропа сахнасының сәнін де, мәнін де келтірген. Әлем тілдеріне аударылған. Көркемдік, тарихи құндылығына орай А.Шишков 1831 жылы орыс тілінде сөйлеткен. Жалпы түркі, жалқы алғанда қазақ мәдениетінің тарихында сүбелі орын алатын осы ғажайыптардың жоталысы - Италияның атақты композиторы Джузеппе Вердидің «Аттила» операсы.    Дарынды композитордың басқа да тамаша туындыларымен бірге ұзақ уақыт қойылған осы операны күні бүгінге дейін қазақ сахнасында жаңғыртқан жоқпыз», - деген депутат, бұл бағытта ұмтылыстың болмай отырғанына қынжылатынын білдірді.

«Адамзат өнерінің алтын-күмісіне айналған, көне тарихымыз дәріптелген, толағай тұлғалы заңғарымыз ардақталған осы туындыларды ана тілімізде сөйлетуіміз керек. Аттила - Еділ жайлы шетелдік барлық шығармалар Қазақстанда басылып, сахналарда қойылуы қажет», - деді ол.

 

 

Мәжілісмендер барлық облыстарда протез зауыттарын ашуды өтінді

 

/«BNews.kz». 08.02.2012./ - Депутат Айгүл Самақова ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың атына Қазақстанның барлық облыстарында протез зауыттарын ашу жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Айгүл Самақованың пікірі бойынша, Қазақстанда мүгедектерді протездік-ортопедиялық жәрдеммен және көмекші құралдармен қамту мәселесі толықтай шешімін тапты деуге болады. Алайда, сол жәрдем мен құралдардың сапасы сын көтермейді деп атап өтті депутат.

«Зауыттардың техникалық базасы ескірген және әлемдік протездеу тәжірибесінің талаптарына жауап бере алмайды. Жасалатын протездерді пайдалану өте ауыр және істен тез шығып, оның соңы трофикалық жаралармен немесе қажаулармен аяқталып жатады. Қазақстанда барлығы 4 протезді-ортопедиялық зауыт бар: Алматыда, Петропавлда, Өскемен мен Семейде. Мүгедектер осы зауыттарға республиканың түкпір-түкпірінен баруға мәжбүр. Осы тұрғыда мүгедектерге барлық жерде бірдей жағдай жасалмағанын айта кету керек», - деді Самақова.

«Протезді-ортопедиялық зауыттардың филиалдарын басқа облыстарда да құру мәселесін қарастыруды сұраймыз. Сондай-ақ протездеу кезінде мүгедектерді күту жағдайын жақсарту қажет. Стационарлар мүгедектердің талаптарына ыңғайластырылмаған», - деп қосты депутат.

 

 

Дариға Назарбаева Денсаулық сақтау министрлігінен онкологиялық дертке шалдыққан баралалардың жайын сұрастырды

 

/«BNews.kz». 08.02.2012./ - Қазақстан аумағында онкогемотологиялық дертке шалдыққан балаларды емдейтін жаңа орталықтар салу жоспарда бар ма және науқас балалардың мәселесі бүгін күні қалай шешімін табуда? Бесінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековаға осындай сауал жолдады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Статистика бойынша Қазақстанда 1 жастан асқан балалардың өлімі бойынша гемотологиялық және онкологиялық дерттер қайғылы жағдай, суицид, жарақат пен автоапаттардан кейін екінші орында тұр. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ауыр түрдегі онкогемотологиялық патологиядан жыл сайын шамамен 600-650 бала ем қабылдайды. Алайда әлемдік стандарттарға орайластырылған онкогемотологиялық ауруларды емдеу нәтижелері қуанта алмай отыр, себебі химиотерапиялық емге көнбейтін науқас балалардың белгілі тобы қалыптасқан, олар үшін жұлынды ауыстырып салу өмірлік маңызды мәселе болып табылады», деді Д.Назарбаева.

Оның айтуына қарағанда, Қазақстанда жыл сайын жұлынды ауыстырып салуға 500 науқас мұқтаж, соның ішінде балалар да бар. Ал елімізде соңғы жылы тек 9 операция жасалған. Науқас балалардың басым көпшілігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан, деп атап өтті депутат.

«Жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты келесі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймын: Қазақстан аумағында онкогемотологиялық дертке шалдыққан балаларды емдейтін жаңа орталықтар салу жоспарда бар ма? Осындай орталықтарды құруға не кедергі? Денсаулық сақтау миинстрлігі онкогемотологиялық қызметтерді дамыту үшін қандай шаралар қолдануда, атап айтқанда, балалардың жұлынды трансплантациялау операциясына қанша қаражат бөлінуде? Лейкемия дертіне шалдыққан балаларды емдеу және оңалту бойынша арнайы бағдарламалар бар ма? Бір баланы емдеу үшін көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмектің көлемі қандай? Онкогемотологиялық орталықтарды қажетті медициналық құралдармен және дәрі-дәрмектермен қамту мәселелері қалай шешімін табуда? Онкологиялық дертке шалдыққан балаларды емдеу сапасын бақылауды кім және қалай тексереді?», - деді депутат.

 

 

Гемотологиялық және онкологиялық аурулар балалар өлімі оқиғаларының арасында екінші орында тұр - Д. Назарбаева

 

/«ҚазАқпарат». 08.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Статистика мәліметтері бойынша Қазақстанда бір жастан асқан балалар өлімі арасында оқыс оқиғалар, суицидтер, жарақат алу мен автоапаттардан кейінгі екінші орында гематологиялық және  онкологиялық аурулар тұр.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрінің атына сауал жолдаған депутат Дариға Назарбаева осы мәселені көтерді.

Сауал барысында Д. Назарбаева Елбасының Жолдауында ең бірінші кезекте онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді төмендету мәселесі қойылғанын айта келе, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ауыр онкологиялық сырқат түрлерінен жыл сайын 600-650 бала емделетінін жеткізді.

Депутаттың айтуынша, BFM герман протоколының араласуы арқасында Қазақстанда лейкемия болжамына біршама өзгерістер енген. «Алайда онкогематология ауруларын емдеу саласында қол жеткен нәтижелер, халықаралық стандарттарға жақындау көрсеткіштері бізді еш қанағаттандырмайды. Өйткені балалар арасында химиятерапиялық емдеуге бой бермейтін белгілі бір топтағы науқастар да баршылық. Сондықтан да кемік майын ауыстырып салу проблемасы осы топтағылар үшін өмір мен өлім арасында тұрған мәселе болып қала бермек» , - деді Д. Назарбаева.

Бұл ретте елімізде осы санаттағы ауруға шалдыққан балалардың қайтыс болып жатқанына тоқталған депутат, Қазақстанда кемік майының трансплатациясы ең өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті. Лейкемияға шалдыққандардың басым бөлігі аз қамтылған отбасылардан болғандықтан, мемлекет тарапынан көп көмек қажет етілетінін де жеткізді. «Онкогематологиялық қызметті дамыту стратегиясын жүзеге асыру және республикада балалар өлімін төмендету үшін   осы салаға жаңа заманауи технологияларды енгізу қажет. Емдеу және диагностикалық орталықтары заманауи жабдықтармен жарақтандырылуы керек», - деген депутат, Денсаулық сақтау министрлігіне бірқатар сауалдар бойынша жауап беруді сұрады.

 

 

Депутат М.Айсина: Дене тәрбиесіне пән ретінде қарауға енжарлық танытпау қажет

 

/«ҚазАқпарат». 08.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Дене тәрбиесіне пән ретінде қарауға енжарлық танытпау қажет.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Майра Айсина осылай мәлім етті.

Депутаттың айтуынша, денешынықтыру - жалпы мәдениеттің құрамдас бөлігі. Спортпен айналысатын бала үшін дене тәрбиесі денсаулық сақтаудың тиімді құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамда табысты адам болуына зор мүмкіндік беретін бағыт болуы тиіс.  «Алайда, бүгінгі таңда компьютермен әуестенген жеткіншектерге дене тәрбиесі, спортпен белсене айналысу, көп қимылдау туралы кеңес беру - ағысқа қарсы жүрумен тең», - деген М. Айсина, еліміздегі мектептерде дене тәрбиесі нормативін аптасына үш сағатқа ауыстыру бойынша тыңғылықты қадамдар жасалғанын айтты.

Бірақ, депутаттың пайымынша, құжатты қабылдау мен оны жүзеге асырудың нәтижесі екі түрлі болып отыр. «Өйткені, бүгінгі күні дене тәрбиесіне мектеп пәні ретінде қарауға мұғалімдер мен балалардың өздері де, сондай-ақ ата-аналар тарапынан да енжарлық танытылып отыр. Қазіргі таңда мектептерде дене тәрбиесінің сындарлы сабақтары қамтылмаған. Балалардың көпшілігі осы пәнге мүлдем селқос. Ал қимыл-қозғалыстың аздығы, оқу жүктемесінің шамадан тыс артуы, құрғақ тамақтану салдарынан әрбір екінші бала ауруға шалдығып отыр», - дейді М. Айсина.

Осыған орай депутат бұқаралық спортты, дене тәрбиесін насихаттауға ықпал ететін шаралар кешенін дайындау қажеттігін алға тартады.

 

 

Көлсайдағы Қайыңды көлінде су тоспасын салу өзекті мәселе - депутат Т. Асанов

 

/«ҚазАқпарат». 08.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Тұрарбек Асанов Көлсай көліне дейінгі республикалық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу мәселесін көтерді.

«Көлік және коммуникация министрлігі аталған жолдың қашықтығы барлығы 89 ғана шақырымды құрайтындығына қарамастан, жөндеу жұмыстарын негізсіз созып, аяқтау мерзімін жылдан-жылға ығыстырып келеді. Бұған 2009 жылы бастауын алған, жолдың 21-інші шақырымынан 43-інші шақырымға дейінгі учаскесінің жөндеуі, енді 2013 жылға дейін созылуы айқын дәлел. Оның үстіне, осы жолдың Жалаңаш елді мекенінен Көлсай көліне дейінгі (43-інші шақырымнан 89-ыншы шақырымға дейінгі бөлігі) учаскесінің көп бөлігі істен шыққан, ол  күрделі жөндеуден өткізуді және қалыпқа келтіруді қажет ететіндігі анық. Бірақ аталған министрлік бүгінгі уақытқа дейін бұның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға еш шара қолданған жоқ», - дейді депутат.

Оның айтуынша, жол азабы аймақта орналасқан 9 елді мекен тұрғындарының және табиғи байлығы мол «Қазақстанның інжу-маржаны» атанған Көлсай көлін  тамашалауға келген 20 мыңнан астам саяхатшының жанына қатты батып отыр.

«Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 21 сәуірінде «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағындағы Қайыңды көлінде су тоспасын салу туралы да мәселе көтергенбіз. Осы мәселе 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын әзірлеу кезінде ескерілуі тиіс еді. Алайда, Ауыл шаруашылығы және Төтенше жағдайлар министрліктері жауапкершілікті бір-біріне сілтеп, ешқандай жұмыс жүргізген жоқ», - дейді Т. Асанов.

Оның айтуына қарағанда, аталған жұмысты кейінге қалдыруға болмайды. Өйткені, көлдегі су табиғи ернеуді бұзып тасқын болса, Саты ауылын Қайыңды көлімен байланыстыратын автожолды істен шығарып, Қайыңды өзенінің бойындағы тоғайларға орасан зор зиян келтіреді. Сонымен қатар Шелек өзенінің төменгі арнасында орналасқан Алғабас-Жаңаталап ауылдары мен Бартоғай су қоймасына да зор қауіп төндіреді», - дейді депутат.

 

 

Депутат Н.Сабильянов ауылдық жерлерге берілетін жеңілдіктер шағын қала тұрғындарына да берілуі керек деп есептейді

 

/«ҚазАқпарат». 08.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Ауылдық жерлерге берілетін жеңілдіктер шағын қала тұрғындарына да берілуі керек.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Нұртай Сабильянов осылай мәлім етті.

«Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке бір салалы шағын қалаларды дамыту туралы бағдарлама жасауды тапсырған болатын. Расында да, қазіргі кезде шағын қалаларда шешімін таппаған мәселелер баршылық. Оны Шығыс Қазақстан облысының Аягөз, Зайсан және Шар қалаларында сайлаушылармен кездесулер өткізгенде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер көрсетіп отыр», - дейді депутат Н. Сабильянов.

Оның айтуынша, Шығыс Қазақстанда 7 шағын қала бар. Олар: Аягөз (39 000 адам), Зайсан (16 000 адам), Зырян (38 000 адам), Курчатов (11 000 адам), Серебрянск (10 500 адам), бұрынғы аудан орталығы - Шар (10 000 адам), Шемонайха (18 000 адам). Алайда 10-20 мың тұрғыны бар ауылдағы қызметкерлерге, жастарға берілетін жеңілдіктер 10-20 мың тұрғыны бар шағын қалалардың қызметкерлері мен жастарына қарастырылмай отыр. Сондықтан депутат қала деген аты болмаса кейбір шағын қалалардың ауылдан айырмашылығы жоқ екендігін айта келе, ауылдық жерлерге берілетін жеңілдіктерді шағын қалалардың тұрғындарына да қарастыру керектігін атап өтті.

«Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл жастарына оқу орындарына түсу кезінде берілетін квотаны шағын қала жастарына да беру қажет.  Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін әлеуметтік, білім беру, мәдениет, медицина, спорт қызметкерлерінің жалақысына қосылатын 25 пайыздық үстемені шағын қалалардағы осындай қызметкерлерге де беру керек. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында шағын қалаларда жұмыс істеуге ниет білдірген жастарды да қолдау қажет», - деді депутат.

Бұдан бөлек, Н. Сабильянов тұрғын үй алу үшін кезекте тұрған адамдардың санына байланысты шағын қалаларға қолжетімді тұрғын үйлерді салу және бос қалған көп қабатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлу мәселесін көтерді.

 

 

Депутат О.Асанғазы Астанадағы Аграрлық университеттің студенттеріне жатақхана салуға мемлекет бюджетінен қаражат бөлуді сұрады

 

/«ҚазАқпарат». 08.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық  университетіне оқу-тәжірибелік база қажет.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Оразкүл Асанғазы осылай мәлім етті.

Сауал барысында депутат Елбасының биылғы Жолдауында білім беру саласына жаңа серпін беретін ерекше міндеттер жүктелгенін атап өтті. О. Асанғазының айтуынша, Жолдауда білімді маманның жұмыспен қамтамасыз етілуі және оның баспанасына қатысты міндеттер орынды көтеріліп отыр.

Депутат: «Бұндай қағидатты мәселелер Елбасы үнемі көтеретін ауыл мәселесіне де тікелей қатысты. Сондықтан ауылға мамандар даярлайтын аграрлық бағыттағы жоғары оқу орындарына да аталған проблема барынша ортақ», - дей келе, осындай оқу орындарының бірі ретінде Астанадағы Қазақ агротехникалық университетін мысалға алды.

Оның айтуына қарағанда, қырыққа жуық мамандық бойынша жеті мыңдай студент білім алатын аталған ірі университеттің материалдық-экономикалық базасы жаңа сипаттағы мамандар дайындауға кедергі жасауда.

«Атап айтсақ, біріншіден, қазіргі кезде 70 пайызы ауылдан келіп оқитын студенттердің 40 пайызға жуығы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген. Ауылдан келіп ақылы бөлімдерде оқитын студенттерді жатақханамен мейлінше қамтамасыз ету - мемлекеттің үлкен әлеуметтік көмегі болмақ. Бұл болашақ мамандардың әлеуметтік тұрмысына айтарлықтай ықпал етіп, олардың сапалы білім алуына  әсер етеді», - деді О. Асанғазы.

Бұл ретте депутат Елбасының биылғы жылғы Жолдауындағы жүктеген міндеттерге сәйкес Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне арналған 592 орындық жатақхана салуға мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлуді сұрады.

«Екіншіден, Президент Жолдауында жоғары оқу орнын бітірген жастың бірден кәсіби маман болып кетпейтіндігі айтылды. Ал оның білікті маман деңгейіне сай білім алуы оқу үрдісін тәжірибелік сабақтарымен ұштастыруында жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, аталған университетте осындай тәжірибелік сабақтарды өткізетін өндірістік және тәжірибе базалары жоқ. Кезінде болған оқу-тәжірибелік базасының жері қалаға өтіп  жеке тұрғын үйлерге беріліп кеткен. Университетке оқу-тәжірибелік шаруашылықты ұйымдастыру үшін  Ақмола облысы, Шортанды ауданындағы А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығынан аумағы 1000 га жер учаскесін бөліп, ұзақ мерзімді жалға беру мәселесі оң шешілсе игі», - дейді О. Асанғазы. Оның пайымынша, елімізде  «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы қарқын алып жатқанда бұл мәселені дұрыс шешпеске болмайды.

«Республикалық деңгейдегі Қазақ агротехникалық университеті атына заты сай оқу орны болғаны абзал. Сонда ғана білім мен кәсіби білікке ие болған маман ауылға оралып, жұмыспен қамтылып, қолжетімді баспанаға ие болады», деді депутат.

 

 

Заңдардың мемлекеттік тілдегі мәтіндері сын көтермейді

 

/«Қазақстан ТРК». 08.02.2012./ -Үкімет әзірлейтін заңдардың мемлекеттік тілдегі мәтіні сын көтермейді. Соның салдарынан Мәжіліс елдің қоғамдық өмірі үшін маңызды құжаттарды дер кезінде қабылдап үлгермейді. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында мәселе көтерген депутат Ерген Дошаев Үкімет басшысына арнайы сауал жолдады.

 Халық қалаулысының айтуынша, өткен сессияда Мәжіліске Үкіметтен барлығы 568 заң жобасы келіп түскен. Алайда, заңдардың мәтіндеріндегі орыс тілі мен қазақ тілінің арасындағы айырмашылықтың кесірінен 140 заң жобасы Үкіметке кері қайтарылған. Яғни, әрбір төртінші заң жобасын депутаттар кері қайтаруға мәжбүр болған. Бұндай кемшілік өз кезегінде заңның сапасына салқынын тигізбей қоймайды. Әрі ол құжаттарды қайта пысықтау үшін қосымша еңбек күші мен қаржы шығындалатыны тағы белгілі. Осы олқылықты ескерген депутат бүгін Үкімет Кеңесінің жанынан  әзірленген заң жобаларын пысықтап, тексеретін арнайы құрылым жасақтауды ұсынды.

 Ерген Дошаев,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,  «Нұр Отан» ХДП фракциясының  мүшесі:

Жаңа ашылып отырған осы сессияға келіп түскен не бары екі заң жобасының біреуі тағы кері қайтарылды. Үкіметке қайтарылған заң жобаларын қайта пысықтап шығуға аз уақыт кетпейтіні белгілі. Соның салдарынан Үкіметтің заң жобаларын Мәжіліске енгізу жоспары уақытысында орындалмай, ол Мәжілістің жұмыс ырғағының бұзылуына, заң жобаларының жүру процесінде іркілістердің пайда болуына әкеліп соғады.

 

 

Қазақстан «қоқысстанға» айналмасын десек...

 

/«Алаш айнасы». 09.02.2012. Қанат Қазы./ - Бұған дейінгі шақырылымдарда депутаттық сауалдар Мәжілістің күн тәртібінен бұрын қаралатын еді. Сондықтан депутат қауым заң шығармашылығына кіріспес бұрын өңірлік һәм өмірлік маңызды мәселе көтеріп, шама келгенше жұртты да, журналистерді де аузына қарата дүр сілкіндіріп, сосын барып жайбарақат жұмысқа жегілетін. Бұл дәстүр бұзылды. Кеше спикер Нұрлан Нығматулин палата регламентіне сүйеніп, қалаулылардың сауал-жарысын жиынның соңына қарай ығыстырып тастады.

Расында, депутаттар өздері жасаған рег­ла­мент­те әу бастан-ақ сауал жолдап, мәселе көтеруді күн тәртібінен кейін деп белгілеген. Бұған сүйеніп, былтырғы Мұхамеджанов спикерлігіндегі Мәжіліс те сауалды кейінге ысыруға бір-екі мәрте тырысып-ақ баққаны есте. Алайда сол қалаулылардың өздері «түстен кейін» мәселе көтеруге құлықтары болмай, сауал жолдау күн тәртібінен бұрынға қал­ды­рылып келген. Әйтсе де жақында ғана бас­шылықты қолға алған спикер Нұрлан Зайроллаұлы де­путаттардың ғана емес, журналшылардың да назарын ең ал­ды­мен заң шығармашылығына аударғысы келетінін аң­ғартты. Айтпақшы, Мә­жі­лісте сауалдарды соңына қарай жолдау біршама қызметкердің жұмысын же­ң­ілдететін тәрізді. Өйт­кені мәселені бірінші боп кө­теріп, жұрт көзіне ал­дымен түскісі келетін депутаттың көмекшілері таң­сә­ріден түймені басу үшін кезекке тұратын көрінеді. «Сосын ашығын айтайын, «да­вай­те» таңғы 7-ден залға келіп кезекке тұратын (сауал жолдаушылардың тізімі үшін.-Авт.) көмекшілердің жұмысын біраз же­ңілдетейікші», – дейді бұл тура­сында спикер Нығ­матулин. Сөйтіп, жұмысқа жаңа кіріскен Мә­жіліс регламентті қатаң басшылыққа алатынын байқатты.

Ал кешегі сауалдар барысында депутат Алдан Смайыл Атилла-Еділ патшаны қазақша сөйлетуді көксеп, мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мың­байға үшбу хат жолдады. «Тарихқа шөлі қанған ел жоқ. Дәуірлерге олжа салмаған, адамзат өр­ке­ние­тіне ат қоспаған жұртты да таба алмайсыз.

Әлем мойындаған ежелгі Грек – Рим өркениетінің терең тамырлары үнді-түркі замандарында жатыр. Батыс пен шығыс әдебиетінің білгірі Ф.Капрулггаде: «Славян, фин, француз, герман әдебиетіне эпика­лық жанр, поэма жазу дәстүрі «Аттила» дас­таны арқылы келді», – деген екен. Өкі­нішке қарай, батыс та, шығыс та жетік бі­ліп, қадірлеген осы дастан өзімізге белгі­сіз», – деп бастады Алдан Зейноллаұлы мә­­де­ниет және ақпарат министріне қарата жолдаған са­уа­лын. Оның сөзімен сөйлесек, біздің дә­уі­рімізге дейінгі VІІ-VІ ғасырларда туған «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр», «Көк бөрі», «Оғыз қа­ған» дастандарымен бірге ұлы дала жа­ға­лай жырлаған «Аттила» дас­таны Еуропада та­лай ғасыр жатқа ай­ты­лыпты. Скан­динавия елдерінің ға­жайыбы «Алып қолды Вальтария» дастаны соған еліктеуден туған екен деседі. Сөйтіп, эпи­калық дүниеге осы­лай ауызданған батыс келе-келе Атти­ла­ның өзін жырға қосқан. Германия мен Скан­динавия тарихында Этцель, славян дүниесінде Атыл есімімен белгілі, сонау ІV ғасырда халықтардың ұлы қоныс ауда­руына ықпал еткен, атақты Шығыс Рим им­периясын бас идіріп, Еуропада фео­дал­дық қоғамның құрылуына жол ашқан, кәрі құр­лықта қуатты Ур-Аргун империясын құр­ған, жарты әлемде әскери демократия ор­натқан даңқты қолбасшы жайлы да­уыл­дата жырланған. Сонымен қатар немістің «Ни­белунга», «Равен шайқасы», «Зейн­фрид батыр туралы жыр», «Берндік Дит­рих», «Хильдебранд туралы жыр», Ис­лан­дияның «Эдда» және «Волсунга туралы са­га», Норвегияның «Тидрек туралы сага» ха­лық жырларында Аттила тұлғасы да­раланады.

«Алайда біз осы күнге дейін түркі әлемі Еділ деген атпен дәріптейтін, Еуропа елі «Құ­дайдың қамшысы» деп көкке көтерген да­рабоз бабамыз бейнеленген сол эпос­тарды төл тілімізде сөйлете алмай келеміз», – деп қынжылды Алдан Смайыл. Сосын депутат әлемдік деңгейде мәдениетімен біте қай­насып жатқан туындылардың, сахналанып жатқан шығармалардың қазақтың рухани игілігіне айналмағанына да қайранын жа­сыра алмады. «Біз сахна төрін ба­тыстың қойыла-қойыла жаттанды бол­ған дүниелерімен толтырып жүргенде, неміс драматургі Вернер Цахариастың «Аттила» атты романтикалық трагедиясы бар екенін, бізге шетелдік шығармалардың ішінде соның ет жақын екенін неге ой­ла­ма­ғанбыз? Бұл драма кезінде Еуропа сахнасының сәнін де, мәнін де келтірген. Әлем тілдеріне аударылған. Көркемдік, тарихи құндылы­ғына орай, А.Шишков 1831 жылы орыс тілінде сөйлеткен. Ал, жал­пы, түркі, жалқы алғанда, қазақ мә­де­ние­тінің тарихында сүбелі орын алатын осы ғажайыптардың жоталысы – Ита­лия­ның атақты композито­ры Джузеппе Вер­ди­дің «Аттила» операсы. Верди ғұн импе­ра­то­рын Италияны Рим қыспағынан азат ет­кен даңқты қолбасшы бей­не­сінде дәріптейді. Дарынды компози­тор­дың бас­қа да тамаша туындыларымен бірге ұзақ уа­қыт қойылған осы операны күні бүгінге де­йін қазақ сахнасында жаң­ғыртқан жоқпыз», – деп қосты тағы Алдан Зей­нол­лаұлы. Түйіндей келгенде, де­пу­тат­тың айт­па­ғы мынау: талғамы биік Еуропа жұрт­шы­лығы ілгері заманнан бері ұлы ғұн да­­ра­бозын естен шығармай дәріптеп жүр, ал төл ұрпағы – қазақтың санасында бұл дү­­ниені дәріптеу кемшін түсіп отырғаны – үл­кен өкініш. «Адамзат өнерінің алтын-күмісіне айналған, көне тарихымыз дә­ріп­телген, толағай тұлғалы заңғарымыз ар­дақ­талған туындыларды ана тілімізде сөй­летуіміз керек. Аттила – Еділ жайлы шетелдік барлық шығармалар Қазақстанда басылып, сахналарда қойылуы қажет», – деп қорытты сауалын Алдан Смайыл. Қорытқанға қорытынды жасау – Мәдениет және ақпарат министрлігінің еншісінде.

Депутат Жексенбай Дүйсебаевтың де­регіне сүйенсек, қазіргі таңда қазақ да­ла­сында 22 млрд тоннаға жуық тұрмыстық қал­дықтар мен күл-қоқыс жиналыпты. Ма­мандар мәліметіне сүйенген Жексенбай Қар­табайұлы, оның 16 млрд тоннасы тех­но­гендік, минералдық қалдықтар болса, 6 млрд тоннасы адам денсаулығына аса қа­уіпті химиялық қалдықтар екенін айтып отыр. Бұл ғана емес, ауаны ластайтын улы зат­тардың 150-ден астам түрі белгілі бол­ған. Сөйтіп, бір кездегі ұлы дала қазіргі кез­де «улы далаға» айналған сыңайы бар. «Мұның басты себебі – өнеркәсібі өрлеген өңірлер мен қалалардың қалдық шығара­тын полигондармен және оны залалсыз­дан­дырып өңдеумен толықтай қамтыл­ма­ған­дығында. Осының салдарынан қала ма­ңында жыл сайын тұрмыстық және өнер­кәсіп қалдықтары таудай болып үйі­лу­де», – дейді депутат. Оның сөзіне қара­ған­да, республикамыздағы 6325 елді ме­ке­­ннің 5 пайызында немесе 1558 елді ме­­кенде ғана қатты тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқысты арнаулы полигондарға таситын кәсіпорындар жұмыс істейді. Ал қалған 75 пайызында немесе 4767 елді мекенде қалдықтар үйіндісі шоғарланып жатыр.

Рас, кейінгі кездері бұл мәселе БАҚ-та да үздіксіз көтеріліп, соның нәтижесінде ел­ордадан бастап бірқатар өңірлерде қоқыс өңдейтін зауыттар салу қарас­ты­­рылғаны белгілі. Алайда әлгіндей маңызды жобаның іс жүзінде жүзеге ас­қа­ны жоқтың қасы. Ендеше, қоқыс мәселесіне жаңаша көзқарас қажеттігі анық.

 

 

Сөзбұйдаға сала бермейік

 

/«Егемен Қазақстан». 11.02.2012. Ерген Дошаев, Мәжіліс депутаты./ - Үкімет өзі ұсынған заң жобаларына өзі жауапты болып, олармен жұмысты өзі жүргізуі керек.

Еліміз Конституциясының 61-бабына сәйкес Үкімет заң шығару бастамасы құқығының үш субъектісінің бірі болып табылады. Сондықтан оған аса зор жауапкершілік жүктелген. Алайда, атқару­шы билік бұл жауапкершілікті толық сезініп отыр деп айту қиын. Заң жобалары мен ратификацияланатын халықаралық құжаттарға қатысты проблеманың ондаған жылдар бойы шешімін таппауы осы сөзімізге негіз бола алады. Әріге бармай-ақ өткен, ІV сессияны алайық.
Өткен сессия ішінде Үкіметтен Парламент Мәжілісіне барлығы 568 заң жобасы келіп түскен еді. Олардың қазақ және орыс тіліндегі мәтіндерінің тең түпнұсқалы болмауынан ғана 140 заң жобасы Үкіметке кері қайтарылды. Сонда мемлекеттік тілде дұрыс дайындалмауының салдарынан әрбір төртін­ші заң жобасы қайтарылған болып шығады. Ал жаңа ашылып отырған осы сессияға келіп түскен небары 2 заң жобасының 1-еуі тағы да кері қайтарылды.

Үкіметке қайтарылған заң жобаларын қайта пысықтап шығуға аз уақыт кетпейтіні белгілі. Со­ның салдарынан Үкіметтің заң жобаларын Мә­жіліске енгізу жоспары уақытында орындалмай, ол Мәжілістің жұмыс ырғағының бұзылуына, заң жобаларының жүру үдерісінде іркілістердің пайда болуына әкеліп соғады. Бұл, өз кезегінде, заңның сапасына салқынын тигізбей қоймайды. Бұған қоса қайтарылған заң жобаларының кемшіліктерін түзеп, жөндеуге күш пен қаржы да аз жұмсалмасы белгілі.

Мәжілістің өткен, ІV сайланымында депутат­тардың осы мәселеге бірнеше рет айналып соғып отыруына тура келді. Сондағы бір көзіміз жеткені, бұл күрделі мәселені түпкілікті шешудің жолы – Премьер-Министр Кеңсесінен осы жұмыспен шұғылданатын құрылым ашып, оны білікті мамандармен жасақтау. Премьер өзі қол қоятын заң жобасының сапасын, ең дұрысы, өз Кеңсесіне тексертіп алғаны. Әңгіме еліміздің барлық азаматтары сөзсіз бағынып, мүлтіксіз орындауға тиісті заң­ның сапасы туралы болып отырғанда, Үкімет күш пен қаржыны аямауға тиіс. Сондықтан жеткілікті адам санымен (15-20 адам) бір құрылымдық бө­лімше жасақтап, Үкіметтің бас ауруына айналған осы мәселеге нүкте қоятын кез келді.

Ал атқарушы билік тарапынан сөз болып, бірақ аяқсыз қалған Ведомствоаралық комиссия да, қазір жұмыс істеуге кіріскен Лингвистикалық орталық та бұл міндетті атқара алмасы анық.
Міне, сондықтан Үкімет заң шығару бастамасы құқығымен ұсынатын өз заң жобалары мен ратификацияланатын халықаралық шарттарға өзі жауапты болып, олармен жұмысты тек өзі жүргізуі керек. Мәселенің тап осындай жолмен шешілуге тиіс екенін айтып жатудың өзі артық. Ендеше, бұл мәселені ендігі жерде сөзбұйдаға сала бермей, нақты шешім қабылдау қажет. Оған Үкіметтің құзыреті де, шамасы да жетеді.

 


ДЕПУТАТТЫҚ ҚЫЗМЕТ


 

Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру үшін

аймақтарға аттанады

 

/«ҚазАқпарат». 06.02.2012./ - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын түсіндіру мақсатымен үш парламенттік фракция  мен Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған бір топ Мәжіліс депутаттары ақпанның 6-сы мен 15-і аралығында еліміздің барлық аймақтарына шығады, деп хабарлады ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, бүгін «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшелері Камал Бұрханов пен  Сәкен Жылқайдаров және «Ақ жол» ДП фракциясының мүшесі  Аманжан Рысқали Орал қаласында қоғам белсенділерімен Елбасы Жолдауын талқылауға арналып өткізілетін кеңеске қатысады. Бұдан кейін бұл парламентшіер Атырау және Маңғыстау обыстарында болады.

 

 

Сенат төрағасының орынбасары Солтүстік Қазақстан облысында Елбасы Жолдауын түсіндіру жұмыстары бойынша бірқатар кездесулер өткізді

 

 /«ҚазАқпарат». 06.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Александр Судьин Солтүстік Қазақстан облысына барған сапары барысында Мемлекет басшысының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» халыққа Жолдауын түсіндіру жұмыстары бойынша жергілікті активпен және жұртшылықпен бірқатар кездесулер өткізді.

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

Кездесуге қатысқан Айыртау және Аққайың аудандарының активі, ҰҚК мен қаржы полициясының жеке құрамы, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің, гуманитарлық-экономикалық колледждің студенттері мен ұстаздары алдында сөз алған төраға орынбасары А. Судьин биылғы стратегиялық құжатта белгіленген әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың ауқымды міндеттеріне тоқталды.

Кездесуге сондай-ақ Парламент Сенатының депутаттары Анатолий Башмаков, Самат Ескендіров қатысып, сөз сөйледі. Сенаторлар қатысқан облыс активінің жиналысында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда айқындалған даму міндеттерін іске асыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, аймақтық даму мәселелері, индустриялық-инновациялық бағдарламаны, агроөнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауды жүзеге асырудағы жергілікті биліктің рөліне назар аударылды.

 

 

Мәжіліс депутаттары облыс активімен кездесті – БҚО

 

  /«ҚазАқпарат». 06.02.2012. Елжан Ералы./ - Батыс Қазақстан облысына Елбасы Жолдауын насихаттау үшін келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Камал Бұрханов пен Рысқали Аманжан облыс активімен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен төрағалық етті.

«Біздің мақсат - Жолдаудағы көтерілген өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіту, - деді облысқа сапарларының басты мақсатымен таныстырған Камал Бұрханов. Ол биылғы Жолдау мемлекеттің экономикалық өсіп-өркендеуі, даму деңгейі әрбір қазақстандық жанұяның тұрмысына әсер етуін көздейтінін атап өтті. «Жастардың 63 пайызы жоғары білімді. Ал жұмысшы мамандар жетіспей жатыр. Мұның бәрі айналып келгенде тәрбиеге байланысты. Ал тәрбие турасында мемлекеттік деңгейде үлкен жұмыстар атқарылғалы тұр», - деді  жастар арасындағы жұмыссыздық, баспана мәселесіне тоқталған халық қалаулысы.

Жиын соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауының мәні мен маңызын түсіндіру, көпшілік арасында кеңінен насихаттау мақсатында аудандарға шығатын ақпараттық-насихат тобының құрамы таныстырылды.

 

 

Сенат депутаттары аймақтарда

 

/«Хабар» агенттігі. 07.02.2012./ - Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау мақсатында Атырау облысына келген сенаторлар жергілікті тұрғындарымен кездесіп, Жолдаудан туындайтын міндеттерді түсіндіруде.

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы ұйымдастырған кездесуге облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен құқық қорғау органдарының басшылары және қала тұрғындары қатысты. Өткен жылы үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Атырауда 13 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Биылғы Жолдауда Елбасы мұнайлы аймақта екі ірі жоба жүзеге асырыла-тынын айтты. Ендігі міндет осы тапсырмаларды жүзеге асыру,- дейді сенаторлар. Бас қосуда сөз алғандар одан өзге ауыл шаруашашылығына қолдау көрсету және азық түлікпен қамту, құқық қорғау мен ішкі тыныштықты сақтау туралы мәселелерді ортаға салды. Сенат депутаттары сондай-ақ Мақат, Индер, Исатай аудандарын аралап, ауыл тұрғындарымен де кездеспек.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламент Сенатының депутаты:

-Атырау мұнай өңдеу зауытын қайтадан жарақтандыру арқылы өзіміздің жанар-жағар майға деген қанағаттандыруға қол жеткізетін болсақ, мұнай-газ химиясы кешенін салу арқылы біз еліміздің экономикасына өте үлкен үлес қосамыз деп есептеймін. Себебі, мұның артында жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі тұр.

 

 

Басты мақсат – жолдау мәнін түсіндіру

 

/«Егемен Қазақстан». 07.02.2012. Темір Құсайын./ - Кеше Орал қаласында Парламент Мәжілісі­нің депутаттары Камал Бұрханов, Рысқали Аманжан және Сәкен Жылқайдаров Елбасы Жолдауының түп­кі мәнін ел арасында түсіндіру мақсатында Ақ­жайықта құрылған ақпараттық топ мүшелерімен кездесті. Бірінші болып мінбеге көтерілген Камал Бұрханов өз ой-тұжырымын былайша жеткізді.

Жолдауда көрсетілген он бағыттың әрқайсысына тоқталу міндетті бола қоймас. Өйткені, сіздер Жолдау жолдарымен толық танысып шықтыңыздар деп есептеймін. Сондықтан да биылғы Елбасы Жол­дауы­ның басты ерекшелігі мен арқаулық құнды­лы­ғына және оның арғы философиялық астарларына тоқтала кетуге рұқсат етіңіздер, деді ол. Біз ендігі жерде тек мұнай мен газдан алынатын табыс пен пайдаға тәуелді болып қалмауымыз керек. Мемлекет экономикасын бұдан өзге жолдар арқылы көтеру бағыттары Жолдауда айқын көрсетілген. Мұндағы басты мақсат өндірісі дамыған елден жоғары деңгейде дамыған ел сатысына аяқ басу болып отыр.

Басты ерекшелік мынада. Алдағы уақытта мем­ле­кет­тік экономиканың даму көрсеткіші әрбір қазақ­стандық пен әрбір отбасы мүшелерінің тыныс-тір­шілі­гі­нен көрініс таба алатындай, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың жақсаруына ықпалын тигізетіндей, лебі байқалатындай деңгейде болуы қажет. Әрине, бұл оңайлықпен жүзеге аса қоймай­ды. Мұндай көрініс осы кезге дейін болған емес. Биылғы Елбасы Жолдауында қойылған талаптар мен тапсырмалар толық орын­дал­ған жағдайда, біз осындай леппен беттесіп, өміріміздегі жақсы­лық­тың нышанын сезіне аларымыз анық.

Бұл үшін ең алдымен Елбасы Жолдауында көр­се­тілген алғашқы екі бағыт аяғына дейін жетуі қажет. Мұның біріншісі, әрине  ел ішіндегі жұмыс­сыздықты ауыздықтау. Сөз жоқ, мұндай проблема елдің кез келген түпкірінде кездеседі. Бұл өткір әлеуметтік мәселені жауып, жасырып қалуға еш болмайды. Тіпті бүгінде белгілі бір тұрақты жұ­мы­сы, меншікті баспанасы және мамандығы жоқ үлкен әлеуметтік топ пайда бола бастағаны да жасырын емес. Мұндай көріністер өз кезегінде қоғам­ның ілгері дамуына өзінің теріс әсерін тигізбей қалмайды. Бұл бағыттағы іс-қимылды жандандыру қажеттілігі Жолдауда басымдық ретінде қарасты­ры­лып отырғаны да сондықтан. Жолдаудағы екінші бағыт та өз тамырын осы аталған бірінші бағыттан тарта алады. Өйткені, баспанасы жоқ жанның әлеуметтік көңіл-күйі де, мемлекет болашағына деген сенімі де жоғары бола қоймайды.

Сонымен бірге, кездесу кезінде Парламент Мә­жі­лісінің депутаттары республика Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Жолдауда тәрбие беру, отан­шыл­дық рухты биіктету мәселелеріне де айрықша назар аударғанын атап көрсетті. Бұл орайда тәрбие жұмыстарының басты өзегі – жастардың белгілі бір кәсіппен айналысуына жол ашуға, жақсы кәсіби маман атану арқылы өзінің материалдық жағдайын жақсартуға болатынына көзін жеткізетіндей дәре­же­де болуы тиіс. Жаңа қазақстандық қоғамға кәсіби деңгейі жоғары мамандар әзірлеу  Жолдау қойған басты талаптардың бірі. Капитализм дегенді өзінің тура, жалаң мағынасында түсіну тарлық етеді. Бұл, түптей келгенде, кәсібилік деген ұғымды білдіреді, деп түйін жасады  депутат Камал Бұрханов.
Кездесуді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен қорытындылап, об­лыс­­та құрылған 12 үгіт-насихат тобы мүшелері­нің қыз­метіне сәт-сапар тіледі. Тағы бір атап өтерлік мәсе­ле, топ мүшелері облыс орталығына оралған­нан кейін ел ішінде жинақталған ойлы ұсыныс-пі­кір­лер жөнінде тиісті органдар алдында есеп бермек.

 

 

Депутаттар Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында Солтүстік Қазақстан

облысында болады

 

  /«ҚазАқпарат». 07.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Ертең 8 ақпан күні Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласына Мәжіліс депутаттары Ольга Киколенко («Нұр Отан» ХДП фракциясы), Анатолий Пепенин («Нұр Отан» ХДП фракциясы) және Егор Каппель (Қазақстан Халқы Ассамблеясы) жұмыс сапарымен барады.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Жұмыс кестесіне орай,  депутаттар Явленка ауылында аудан белсенділерімен (сағат 10.00-де аудандық әкімшілік ғимаратында, Ленин көшесі, 10 үй) кездеседі. Бұдан бөлек, халық қалаулылары Покровка ауылында «Моншақ» балалар бақшасының, одан кейін «Агро-техникалық институт» ұжымымен жүздесуді жоспарлап отыр. Басқосудың тақырыбы -  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын халыққа жеткізу.

 

 

Мәжіліс депутаттары Елбасы Жолдауын насихаттауда

 

/«Хабар» агенттігі. 07.02.2012./ - Мемлекет басшысының Жолдауын кеңінен түсіндіру үшін бір топ Мәжіліс депутаттары Қостанай өңірі жұртшылығымен кездесулер өткізді.

Халық қалаулылары Серікбай Нұрғисаев, Анатолий Маковский және Владимир Косарев облыс орталығындағы көп салалы ауруханада болды.

300 орындық бұл аурухана «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша былтыр тапсырылған болатын. Көп салалы медициналық кешен құрылысына 6 миллиард тенге жұмсалды. Мұның сыртында бір жарым миллиард тенгеге соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар алынған. Мәселен, компютерлі томограф аурудың бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Елбасының өзі былтыр Қостанайда болған сапарында озық технологиялы медициналық мекеменің қызмет көрсету сапасына жоғары баға берген еді. Депутаттар аурухана қызметкерлерімен болған кездесуде, мемлекет басшысы халық денсаулығын қашанда ерекше назарда ұстайтындығын атап өтті.

Серікбай Нұрғисаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Жолдауда берілген бағыттар бойынша ауруларды терең зерттейтін, үлкен онкологиялық, кардиялогиялық орталықтарды салып, соған инвестициялық көп қаржыны салып, халықтың денсаулығын жақсарту және өмір сүру денгейін Европадағы әлемдік өркенитетті елдердің ортақ көрсетікішіне жеткізу болып табылады.

 

 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарағанды облысында Елбасы Жолдауын түсіндіруде

 

/«ҚазАқпарат». 07.02.2012. Ольга Петренко./ - Қарағанды облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын түсіндіру мақсатымен келді.

Мәжіліс депутаттары - генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев пен Ирина Аронова «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалы активімен кездесті. Әңгіме Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген он бағытты жүзеге асыру жолдары туралы болды.

Б.Ертаев сондай-ақ бүгін ҚР ТЖМ 52859-әскери бөлімшесінде болды. «Біз кездесуімізде Жолдауды талқылаумен қатар оны қалай жүзеге асыру жолдарын да шешетін боламыз», - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Жолдауда Қазақстанды гүлдендіруге баса назар аударылған, деп атап көрсетті ол. «Біздің Қазақстанның келешегі - жастар, жұмыспен қамту, адамдар денсаулығы, экономиканы көтеру, құрылыс. Президент Жолдауының бәріміз үшін маңызы зор. Дағдарыстық жағдайларға қарамастан Мемлекет басшысы өз халқына сенім артып отыр», - деді Б.Ертаев әскери қызметшілер алдында сөйлеген сөзінде.

 

 

Көп салалы аурухана – көпке сеп

 

/«Қазақстан ТРК». 07.02.2012./ - Елбасының Халыққа Жолдауын кеңінен түсіндіру үшін бір топ мәжіліс депутаты Қостанай өңірі жұртшылығымен кездесулер өткізді. Халық қалаулылары Серікбай Нұрғисаев, Анатолий Маковский және Владимир Косарев облыс орталығындағы көп салалы ауруханада болды.

300 орындық бұл медициналық мекеме «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынып, өткен жылы пайдалануға берілген. Оның құрылысына 6 миллиард теңге жұмсалды. Тағы бір жарым миллиард теңгеге соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар алынған.

 Елбасының өзі былтыр Қостанайда болған сапарында озық технологиялы медициналық мекеменің қызмет көрсету сапасына жоғары баға берген болатын. Депутаттар аурухана қызметкерлерімен кездесуде мемлекет басшысы халық денсаулығын қашанда ерекше назарда ұстайтындығын атап өтті. «Биылғы Жолдауда қойылған міндеттер соның айқын дәлелі», – дейді халық қалаулылары.

 Серікбай Нұрғисаев,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Халықтың денсаулығы және орташа өмір сүру деңгейі. Қазіргі кезде Қазақстанда орта өмір сүру деңгейі 68 жаста болып тұр. Бірақ Жолдауда берілген ұсыныстар бойынша, Жолдауда берілген бағыттар бойынша соны 70-73-ке дейін жеткізуіміз керек.

 

 

 

 

 

Астаналық насихатшылар – Ақжайықта

 

/«Айқын». 08.02.2012./ - Жайық жұртына Қазақстан Президентінің Жолдауын насихаттау үшін келген Мәжіліс депутаттары Қамал Бұрханов пен Рысқали Аманжан Орал өңіріндегі сапарларын дүйсенбі күні облыстың атқамінер азаматтарымен кездесуден бастады. Бұл басқосуды Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен жүргізіп отырды.

- Сіздердің Елбасының биылғы Жолдауымен танысып үлгергендеріңізге кәміл сенімдіміз. Ендігі біздің мақсат - Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындауға ел-жұртты жұмылдырып, ортақ мұрат-мақсатқа қатысты пікір бөлісіп, ел ішіндегі өзекті мәселелермен мейлінше жете танысу, - деді өз сөзінде Мәжіліс депутаты Қамал Бұрханов. Ол биылғы Жолдау да еліміздің экономикасын ілгерілету арқылы әрбір отандасымыздың тұрмыс деңгейін көтеру, білім сапасын арттыру, жұмыс және тұрғын үймен қамтуды жақсарту секілді көкейкесті мәселелер қамтылғандығын алға тартты. Мәселен, Мәжіліс депутаты К.Бұрханов:

- Қазақстан жастарының 63 пайызы жоғары білімді. Олардың көбі жоғары оқу орындарын тамамдағаннан кейін мамандығы бойынша жылдар бойы жұмыс таба алмай қиналады. Қазіргі заманда жұмыс таба алмау, өмірден өз орнын таба алмау дегенге саяды. Есесіне еңбек нарығында жұмысшы мамандар жетіспейді. Ендеше, жастармен мамандықты дұрыс таңдау жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіп, олардың елдің еңбек нарығындағы жағдаймен жиі-жиі таныстырып тұрған жөн деп есептеймін, - деді. Ал Мәжіліс депутаты Рысқали Аманжан ел-жұрт арасында баспанамен қамтудың жай-жапсарын кеңірек түсіндіру мен жастар арасында патриоттық тәрбиені өрістетудің мән-маңызына тоқталды. Сол күні түс ауа «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалында өткен жиында қос депутат Парламенттегі көп партиялылықтың елдің қоғамдық-саяси өмірін жандандыруға тигізер игі әсері және ел ішінде идеологиялық жұмыстарды жетілдіру жөніндегі өз ой-пікірлерімен бөлісті. Осындай сипаттағы жүздесулер жергілікті оқу орындары мен облыстық өлкетану мұражайында да өтті.

 

 

Кәсіпкерлікке жанашырлық танытпайынша, істің алға басуы екіталай - Мәжіліс депутаты Алмас Тортаев

 

/«ҚазАқпарат». 08.02.2012. Айдар Оспанадиев./ - «Мемлекет кәсіпкерлік саласын дамытуға барынша күш салып отыр.

Бұл бағытта мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер аз емес. Дегенмен кәсіпкерлік саласын қолдауда шешімін күткен мәселелер де жеткілікті»,-дейді Мәжіліс депутаты Алмас Тортаев. Бұл туралы ол бүгін Астанада өткен «Бизнесті қорғау - мемлекеттің даму жолы» атты дөңгелек үстел отырысында айтты.

Оның пікірінше, кәсіпкерлікті қолдау саласында, әсіресе, қадағалаушы, бақылаушы, сондай-ақ салық органдарының түсіністігі аса қажет.

Бұлар бизнеспен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істейтін органдар. «Сондықтан аталмыш органдарға өз ісінде кемшілік жіберген кәсіпкерді немесе бизнес өкілін бас салып жауапқа тартып, айыппұл сала бергенше, істің мән-жайын түсіндіріп, кәсіпкердің қандай кемшілік жібергендігін және оның соңы неге апарып соқтыратынын түсіндіріп отырса, бұл кәсіпкер азаматтар үшін үлкен қолдау болар еді. Кәсіпкерлер осы арқылы өз кемшілігін түзеуге, болашақта зардабын тартатын әрекеттерге жол бермеуге тырысатын еді»,- дейді халық қалаулысы.

Оның сөзінше, кәсіпкерлікке осындай жолдармен жанашырлық танытпаса, осындай тәсілдерді қолдана отырып, кәсіпкерліктің дамуына үлес қоспаса, істің әрі қарай жылжуы қиын. «Ал бизнесті дамыту ісін бізге Мемлекет басшысының өзі жүктеп отыр. Сондықтан бізге кәсіпкерлік саласына деген көзқарасты өзгерту керек»,- деді А.Тортаев.

 

 

Жаңғырту жолдауы

 

/«Егемен Қазақстан». 09.02.2012. Жолдасбек Шөпеғұл./ - Үкіметке инновациялық кластерлердің инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті қаржы қарастыруды тапсырамын.Н.Ә.Назарбаев  (Қазақстан халқына Жолдауынан).

Президент Жолдауын насихаттау мақсатымен Атырауға келген Сенат Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов пен Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов өңір жұртшылығымен кездесулер өткізді. Алдымен олар «Нұр Отан» ХДП Атырау филиалының мүшелерімен, сонан соң Исатай, Индер аудандарының тұрғындарымен жүздесулерінде Жолдаудың ел экономикасын биік белеске көтеруге ықпал ететін маңызына кеңірек тоқталды.

– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл Жолдауын тәуелсіз елімізді дамытудың алдағы 10 жылға жасалған стратегиялық құжаты ретінде қабылдаған өте орынды болмақ, – деді Қ.Ищанов. – Елімізде осы Жолдауда баса айтылған жұмыссыздық мәселесін оң шешуге, халықты тұрақты жұмысқа орналастыруға септігі тиетін шаралар қолға алынуда. Үкіметтің, жергілікті атқарушы биліктің белсенді жұмысының нәтижесінде 2011 жылы еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайызды құрады. Мұны ТМД елдеріндегі ахуалмен салыстырғанда ең төменгі көрсеткіштің бірі деуге болады. Демек, ел саясатындағы басым бағыттың бірі жұмыссыздықпен күреске бағытталғанын байқаймыз.

Сенат Төрағасы орынбасарының пікірінше, Елбасы жыл сайынғы жолдауларында халықтың көкейіндегі түйінді мәселелерді шешудің тиімді тетіктерін бағдарлап, белгілеп береді. Биылғы Жолдауда да сондай он бағыт айқындалып отыр. Саясаттан гөрі алдымен эконо­микалық өсімнің болғанына баса назар аударып келе жатқан Нұрсұл­тан Назарбаев бұл жолы да елдің өркендеуімен бірге халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға маңыз беріп отыр. Қ.Ищанов осы орайда әр қазақстандықтың отаншылдық сезіммен еңбек етуі қажеттігі көтерілуін орынды санайтынын білдірді.

– Себебі, – деді ол, – Жолдауда Қазақстан азаматтарының мемлекеттік қолдау көрсетудің нақты жолдары көрініс тауып отыр. Мәселен, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша енді елімізде баспанаға мұқтаж әр азаматтың тұрғын үймен қамтылуына барлық жағдай жасалады. Бұл бағдарламада тұрғын үймен қамтудың тиімді тетігі қарастырылады. Қымбат пәтерлерді сатып алуға қауқары төмен отбасылар пәтерлерді ұзақ мерзімге жалға алуына болады. Мұның, әсіресе, еңбек жолын енді бастаған жас отбасылар үшін зор қолдауы бар. Яғни, еліміздің әр азаматы қолжетімді баспанамен қамтылуда мемлекеттің қолдауына сүйене алады.

Қайрат Ищанов, сонымен қатар, Қазақстандағы шикізаттық ресурс­тар мен инфрақұрылымдардың жоғарғы бөліністері саласында ғаламат жобалардың іске асырылуының маңызына екпін түсірді. Осындай жобалардың қатарында Атырау өңірінде іске асырыла бастаған екі жобаны атауға болады. Оның бірі – Атырау мұнай өңдеу зауытында қолға алынғалы отырған мұнайды терең өңдеу кешені. Бұл жобаға салынатын инвестициялық қаржыны қомақты деуге әбден негіз бар. Нақтылай айтқанда, жаңа жоба құны – 1,7 миллиард доллар. Осы жоба негізінде отандық мұнай өңдеу саласының қарлығашы саналатын зауытта бензинді өңдіру үш есеге, яғни 1,7 миллион тоннаға, ал дизельді 1,4 миллион тоннаға жеткізуге жол ашылмақ. Ал екінші жоба да ел экономикасына серпін беретін маңызға ие. Бұл – газ-химия кешені. Бұған салынатын қаржылай инвестицияның көлемі тіптен ауқымды. Дерекке жүгініп айтар болсақ, 6,3 миллиард доллар салу көзделген жоба іске асқанда, еліміздің химия өнеркәсібі биік белеске көтерілетін болады. Себебі, осы кешенде жылына 500 мың тонна пропилен, 800 мың тонна полиэтилен секілді бұрын Қазақстанда болмаған жаңа өнімдер шығарылмақ.

Ал С.Еңсегеновтің пікірінше, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ұлттық экономиканы жаңғыртып қана қоймай, әр саланы биік белес­терге көтеріп келе жатыр. Халықтың тұрмысы да жақсара түсуде. «Әлеуметтік саланы жақсарта түсетін жобалардың тиімділігі көріне бастады. Елбасының биылғы Жолдауында да осы жетістіктердің жалғасы болатындай маңызды бағыттар қамтылып отыр. Жолдаудағы он бағыт тек экономиканы ғана биік мақсаттарды көздеген белеске жеткізіп қоймайды. Бұл бағыттар жан-жақтылығымен, мәселен, зейнетақы жүйесінің жетілдірілуімен, құқық қорғау органдарындағы кадрлық жаңарулардың болатындығымен, шағын қалалар мәселесінің көтерілуімен, сондай-ақ мұнай-газ өнеркәсібінде іске асырылатын ғаламат жобалардың маңыздылығымен ерекшеленеді. Ең бастысы, елдегі жұмыссыздықпен күрестің жанданатындығы баршаның көкейін­дегісін дөп басты. Сол себептен, Елбасы Жолдауында айқын­далған бағыттарды тәуелсіз Қазақстанды жаңаша дамуға бас­тайтын темірқазық ретінде қабылдадым», деді сенатор.

 

 

Халықтың денсаулығы – мемлекет игілігі

 

/«Егемен Қазақстан». 09.02.2012. Нәзира Жәрімбетова./ - Парламент Мәжілісінің депутаттары Владислав Косарев, Серікбай Нұрғисаев және Анатолий Маковский Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын насихаттау, түсіндіру мақсатымен Қостанай облыстық көп профильді ауруханасында болды. Мәртебелі қонақтар алдымен аурухананың өткен жылы пайдалануға берілген емхана бөлігін аралап көрді. Аурухананың бас дәрігері Владимир Стельмах соңғы жылдары пайдаланылып жүрген заманауи құралдар мен аурухананың бүгінгі мүмкіндіктері туралы айтып берді. Мұнан кейін Мәжіліс депутаттары аурухана ұжымымен кездесті.

Кездесуде алдымен сөз алған Мәжіліс депутаты Серікбай Нұр­ғисаев Тәуелсіздігіміздің баянды 20 жылында елімізде қол жеткен та­быс­тарға тоқталып өтті. Еліміз осы жылдар ішінде әлемге танылды. Қазір жас мемлекетіміз жер жүзіндегі 154 елмен түрлі саяси, эко­номикалық және мәдени байланыстар жасайды. Қазақстан дүние жүзіндегі ірі халықаралық ұйымдарға мүше болып, өзінің ішкі-сыртқы бейбітшіл саясатын дәлелдеп үлгерді. Депутат көп векторлы экономиканы дамытқанда тәуелсіздік тұғыры беки түсетіндігін айтты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама жүзеге асырылуда. Бүгінде елімізде өндіріспен қатар, машина жасау саласы да дамып отыр. Ұшақ жасау да қолға алына бастады. Сондай-ақ еліміздің әскери тәуелсіздігі қалыптасты. Осы жылдар ішінде жас мемлекет ешқандай елмен әс­кери дау-дамайға, жанжалға барған жоқ. Әскери қорғаныс жүйесін құрған Қазақстан көршілермен тату қарым-қатынасты, бейбітшілікті қалайтындығын дәлелдеген. Қазақстанның мәдени тәуелсіздігі де осындай бағытты ұстанады. Көптеген ұлттар өкілдері Қазақстанда бір атаның баласындай ынтымақпен өмір сүреді. Қазақстан халқы ұлттардың дініне, дәстүрлерге құрметпен қарайды, – деді депутат.

Серікбай Нұрғисаев Президент Жолдауындағы елімізді дамыту үшін жүзеге асырылатын міндеттер кешенінің он бағытына жеке-жеке тоқталды. Ол сөзін мысалдармен әдіптей отырып, Қазақстанда атқарылып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асатын мәселелерді терең талдап берді. Ал ха­лық­шыл коммунист Владислав Косарев Президенттің Жолдауына Қазақ­стан­ның әрбір азаматының қатысы бар екендігін айтты. Ол қоғамның әр мү­шесінің, әр отбасының игілігіне бағытталған. Парламентке өткен партия­лар­дың сайлау алдындағы тұғырнамасында айтылған мәселелердің көпші­лі­гі Пре­зиденттің Қазақстан халқына Жолдауында көрініс тапты, деді В.Косарев.

Жолдауда Елбасы Н.Назарбаев адами капиталдың сапалы өсуі үшін ден­саулық сақтау мен білім беруді жаңғырту керектігін өзекті мін­деттің бірі­нен санаған болатын. Депутаттар мен кездесуге қатысқан дәрігерлер осы мәселеге айрықша тоқталды. Депутат Анатолий Маковский дәрі­гер­лерді мазалайтын мәселелерді білгісі келді. Қазір ауылдық жерлерде медицина мамандарының жетім­сіз­дігі білініп отыр. Бұл мәселе Қостанай облысында да өзекті. «Инфрақұрылым жақсар­ған кезде қай дәрігер болса да ауылға қаймықпай барады», деді залдан сөз алғандар. Баспана мәселесі дәрі­герлер үшін ауылда да, қалада да өзектілігі жөнінен бірінші мә­селеге ай­налған. Сонымен қатар, денсаулық сақтауды жаңғырту білім беру ісін қай­та жүйелеуден басталса, яғни медициналық жо­ғары білім берудің мер­зімі қысқарса дұрыс болар еді дегенді де депутаттармен кездескен дәрігерлер айтты.

Осы кездесуден кейін Мәжіліс депутаттары Қостанай қаласындағы орыс және қазақ драма театрларында болды.

 

 

Мәжілісмен Әбенов жабылып қалған сайттармен байланысты жағдайды түсіндірді

 

/«BNews.kz». 09.02.2012./ - Бүгін Әділет министрлігіндегі баспасөз мәслихатында Мәжілісмен Мұрат Әбенов Қазақстанда жабылып қалған сайттармен байланысты жағдайды түсіндірді.   

 «Бұл заң әуел бастан қандай да бір сайттарды жабуға бағытталмады. Мемлекетке заң ондай құқық бермейді. Бірде бір торрент трекер, бірде бір сайт осы заңының ықпалымен жабылған жоқ – не соттың шешімі, не мемлекеттік органдардың шешімі болмады. Бүгінде жабылып қалғандардың бәрі өздігінен жабылған», - деді М.Әбенов. 

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Зияткерлік меншік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.

Жаңа заң Интернет желісінде туындыларды заңсыз пайдалану фактілерін болдырмау мақсатында Қылмыс кодексінде және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте авторлық құқықты бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту туралы қағидаттарды қарастырады.

Сонымен бірге бірқатар қазақстандық интернет-сайттар өзінің жабылғанын хабарлап үлгерді.

 

 

Бір топ депутат солтүстікке аттанды

 

/«Қазақстан ТРК». 09.02.2012. Сағындық Мауғазин./ - Жолдауды халыққа түсіндіру мақсатында бір топ мәжіліс депутаты Солтүстікке ат басын бұрды. Депутаттар облыстағы ірі агроқұрылымдар мен білім орындарында  кездесулер өткізді.

 Есіл ауданында болған халық қалаулылары биылғы жолдауда көрсетілген 10 бағыттың әрқайсына жеке-жеке тоқталып, оның маңызы мен жүзеге асыру жолдарын атап көрсетті. Әсіресе, қолжетімді баспана тұрғызу және жұмыспен қамту бойынша атқарылатын жұмыстар тұрғындарды қуантып отыр. Мұнан соң депутаттар Жәлел Қизатов атындағы агро-техникалық институттың ұжымымен кездесті. Стратегиялық құжаттағы, әсіресе, аграрлық саланы дамытуға бағытталған жұмыстар оқытушылар қауымының мерейін үстем етті.

 Егор Каппель, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Елбасы бүгінде астық холдингтерін құру жөнінде айтты. Диқан өзінің өнімін өткізуге, сатуға мүмкіндігі болу керек. Қалай егу керектігін олар жақсы біледі, бірақ оны сату бүгінде үлкен мәселе. Сондықтан, мақсатты экспорт болу керек, шаруашылықтарға да пайда келу керек. Солтүстік Қазақстандағы ірі шаруашылықтарды араладық, сүт өңдеу кәсіпорындарында болдық. Бұл тауарлар терең өңдеуден өткен, ең бастысы. Қазақстанда жасалған.

 

 

Жолдауда айтылған модернизация идеясы алдымен жастарға арналған –

Ғарифолла Есім

 

/«ҚазАқпарат». 09.02.2012. Назира Елеухан./ - Бүгін Алматыда Абай атындағы ҚазҰПУ-де Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есім ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты»  атты ел халқына Жолдауын қолдау және насихаттау мақсатында аталмыш оқу орынның оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттер қауымымен кездесу өткізді.

Жиын барысында Сенат депутаты Ғарифолла Есім «Әлеуметтік жаңғыру - Қазақ елі келешегінің кепілі» атты баяндама жасап, Жолдаудың мәні мен маңызына, қойылған міндеттерге, Елбасы атап айтқан он басты бағытқа тоқталды. Депутат сондай-ақ, жиналған қауыммен әлеуметтік жаңғырту және Елбасы атап өткен патриотизм мәселесі туралы ойларымен бөлісті.

«Елбасы 1997 жылдан бастап Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнап келеді. Жолдау әр адамға, әр отбасына, әр ұжымға, ел болашағын ойлайтын әр азаматқа арналған. Жолдау өте ауқымды құжат. Онда 2012 жылы және алдағы он жылдықта шешімін табуы қажет аса күрделі он проблема қамтылып, әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың он бағыты анықталды. Қамтылмаған еш нәрсе қалған жоқ. Жолдауда айтылған модернизация идеясы алдымен жастарға арналған», - деп атап өтті Ғарифолла Есім.

Оның айтуынша, ендігі келесі онжылдыққа өзгеше өлшемдер керек. «Өзгеріс, өзгеріс тағы өзгеріс керек. Жаңа онжылдықта бұрынғыдай өмір сүруге болмайды. Он бағыттың, яғни проблеманың бәріне модернизация қажет. Модернизация дегеніміз - ол жаңалық, бір сападан келесі сапаға өту, секіріс деген сөз. Ескіше өмір сүріп, жұмыс істеуге болмайды, одан да жақсы өмір сүруіміз керек деген сөз. Ол Парламент, Үкімет, қоғам алдындағы аса маңызды, бірақ биылғы жылдан 2020 жылға дейін шешімі табылатын проблемалар. Елбасы қойған міндеттердің орындалуы ең алдымен, Парламент пен Үкіметке және қоғамға сын», -деді Сенат депутаты.

Жиын соңында кездесуге қатысушылар халық қалаулысына толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

Алдағы күндері депутат әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де және Сүлеймен Демирел атындағы университетте кездесулер өткізетін болады.

 

 

 

 

 

Ғарифолла Есім: Ауыл шаруашылығында ысырапшылық шаш-етектен

 

 

/«ҚазАқпарат». 09.02.2012. Назира Елеухан./ - Қазақтың кең даласы нарықтық қатынастарға түсуі қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда Абай атындағы ҚазҰПУ-да Елбасының халыққа арнаған Жолдауын насихаттау мақсатында аталмыш оқу орнының оқытушы-профессорларымен және студенттер қауымымен кездесу барасында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғарифолла Есім айтты.

«Әлемде азық-түлік қымбаттаған сайын біз үшін екі нәрсе тиімді болады. Біріншіден: кең даладағы еңбек өнімділігі лин-өндірістен лин-мәдениетке айналуы керек.  Бізде, әсіресе ауыл шаруашылығында ысырапшылық шаш-етектен. Сондықтан лин -мәдениетке тәрбиелеу керек. Екіншіден: экологиялық таза тағам мәселесіне көңіл аудару қажет. Таза тағам мәселесі тікелей кең далаға байланысты.  Малды дұрыс қарап, экологиялық таза өнім  шығарылса, дағдарыс жағдайында оның бәрі табыстың көзі болады»,-деді  Сенат депутаты.

Анықтама үшін: лин - аз шығынмен және қомақты кіріспен өндіруші технологияларды жоғарғы деңгейге көтеру.

 

 

Депутаттар «дөңгелек үстелде» техникалық реттеу және метрология

мәселелерін талқыламақ

 

/«ҚазАқпарат». 09.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - 10 ақпан күні Астанада өтетін  дөңгелек үстел отырысы барысында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу және метрология мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасы талқыға салынады.

«Дөңгелек үстелді» ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі және Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Заң жобасын әзірлеу техникалық реттеу саласындағы ұлттық заңнаманы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың (Кеден одағының жоғары органы) Мемлекетаралық кеңесінің 2009 жылғы 11 желтоқсандағы №27-нші шешімімен қабылданған халықаралық шарттарға сәйкес келтіру қажеттілігіне негізделген.

Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына аталған комитеттің мүшесі Елена Тарасенко жетекшілік етеді.

Дөңгелек үстелде Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов кіріспе сөз сөйлейді деп күтілуде. Сонымен қатар ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Қаныш Төлеушиннің, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Рыскелді Сәтбаевтың баяндама жасауы жоспарлануда.

Аталған саланың қызметіне қатысты заң жобасын жетілдіру мәселелері жөнінде бірқатар кәсіпорындардың жетекшілері де сөз сөйлеуі қарастырылуда.

 

 

Индустрия министрлігі техникалық регламенттің бірегей қорын құруды ұсынуда

 

/«ҚазАқпарат». 10.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Бүгін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел отырысы барысында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу және метрология мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасы талқыға салынды.

Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасын әзірлеу техникалық реттеу саласындағы ұлттық заңнаманы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің 2009 жылғы 11 желтоқсанындағы № 27-нші шешімімен қабылданған халықаралық шарттарға сәйкес келтіру қажеттілігіне негізделген.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Қаныш Төлеушиннің айтуынша, заң жобасы аясында техникалық регламенттердің, стандарттар мен нормативті-техникалық құжаттардың бірегей қорын құру көзделеді.

«Бұндағы мақсат кәсіпкерлік субъектілеріне толық ақпараттар ұсыну болып табылады. Бүгінгі күні қолданыста көптеген құжаттар, салалық мемлекеттік органдар әзірлеген басқа да техникалық құжаттар  баршылық. Соның салдарынан біздің кәсіпкерлер нақты ақпарат алуда көптеген қиындықтарға ұшырап отыр», - дейді Қ. Төлеушин.

Вице-министрдің айтуынша, осындай кедергілерді болдырмау мақсатында заңнама жүзінде бірқатар жаңалықтар қарастырылуда. Атап айтқанда, сауданы оңтайландыру, кәсіпорындарға қаржылық ауыртпашылықты төмендету шаралары көзделіп, өнімдерге қатысты ілеспе құжаттар санын азайту жоспарлануда. Бұдан бөлек, стандарттарды әзірлеу жұмыстарын ғылыми-зерттеу қызметіне жатқызу жөнінде мәселе көтеріліп отыр. Өйткені, ғылыми-зерттеу саласында бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мамандардың пайымынша, аталған шара кәсіпкерлердің өз бетінше стандарттар әзірлеуіне және жалпы бизнестің жұмысын белсендіруге ынталандыратын болады.

 

 

Ғаламтор – ғажайып қазына ал оған рұқсатсыз қол сұққандар заңмен жазаланады

 

/«Айқын». 10.02.2012. Нұржан Жеңіс./ - Интернетте музыка, кино және тағы басқа шығармаларды заңсыз таратуға жол ашатын сайт жасаушылар өз әрекеттерін тоқтатпаса, 2-5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы бейсенбі күні Әділет министрлігінің хабарламасынан мәлім болды.

Қаңтардың соңғы күні зияткерлік меншік туралы кейбір заң актілеріне енгізілген өзгерістер күшіне еніп, бұл қоғамда қызу пікірталас тудырған. «Біріншіден, заң онлайн тәртібінде музыкалық шығармалар, фильмдер және басқа да қорғалатын шығармаларды көретін интернет пайдаланушыларға жауапкершілік қарастырмайды», - деп екшеледі Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы бойынша комитет төрағасының орынбасары Шолпан Әбдіреева. Әкімшілік кодекс заңсыз, яғни автордың рұқсатынсыз және қаламақы төлемей, шығармаларды өз бетінше иемденіп, интернет желісіне салатындарға жауапкершілік жүктейді. Әділет министрлігінің мәліметтерінше, оларға ең алдымен ескерту жасалынады, сонан кейін де бұл әрекеттер қайталанса, жеке тұлғаларға 10-15 айлық көрсеткіш (1 айлық көрсеткіш - 1618 теңге) көлемінде, заңды тұлғаларға 100-150 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Ал ғаламторда шығармаларды заңсыз алып, пайдаланып, тарату мақсатында интернет ресурс жасағандарға да ең алдымен айыппұл беріледі. Қылмыстық Кодексте мұндай сайт жасаушыларға айыппұлдан өзге оларды қоғамдық жұмысқа тарту немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер бір топ адам осындай заңсыз әрекеттерін бірнеше рет қайталаса, онда қатаң жаза қолданылып, олар 2-5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Бұл заңның интернет пайдаланушылар құқын шектеп, сайттарды жаппай, қайта авторлық құқығы бар адамдар мен ұйымдарға өз құқықтарын интернетте қорғауға мүмкіндік жасайтындығын алға тартады Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов. Оның айтуынша, «мемлекет өз тарапынан бірде бір сайтқа немесе порталға шектеу қоя алмайды және оларды жабуға мүмкіншіліктері жоқ». Егер автор сотпен өзінің туындысының заңсыз таратылғанын дәлелдеп шықса, бірінші кезекте бұл сайтқа ескерту жасалынады, оған құлақ аспаса, айыппұл салынады, сонан кейін де шығармалар алынып тасталмаса, сайтқа оқырмандардың белгілі бір мерзімге кіруге мүмкіндігі болмайды.

Заң күшіне енгеннен кейін музыка, кино көшіріп алуға болатын бірнеше қазақстандық белгілі сайттар жұмысын тоқтатқаны хабарланған. Бірақ олардың шын мәнісінде өз еріктерімен жабылғанын жеткізді депутат. «Бұл заңға сәйкес үкімет, мемлекеттік орган бірде-бір сайтты жапқан жоқ. Себебі авторлардан ондай шағым түскен емес, сот арқылы шешім шығарылмады», - деді депутат. Оның сөзіне қарағанда, бұл сайттар екі себеппен өздері жабылды: біріншіден, олар өздерінің заңсыз жұмыс істеп жатқанын біліп, сайттағы заңсыз ақпаратты алып тастауға ұмтылуда; екіншіден, кейбір сайттар заңға қатысты қоғамда теріс пікір қалыптастыру үшін әрекет жасап отыр. Бұл заң қабылданғаннан кімге қандай пайда бар? «Жергілікті авторларға, жергілікті контент шығаратындарға мүмкіншілік молаяды» деп есептейді депутат. Ал қазір, оның айтуынша, ең көп оқылатын жиырма сайттың тең жартысы - осындай «қарақшы» сайттар.

Қазақстанның авторлық құқық қорғау қауымдастығының президенті Виктор Лосев осы заң күшіне енгеннен кейін интернет желісіндегі заңды сауда саттық жанданады деп сенеді. «Заң интернетте «қарақшы» контенттер арқылы байығысы келетіндерге емес, адал адамдарға жол ашады», - деп есептейді Лосев. Оның сөзіне қарағанда, «жаңа заң интернетте біреудің туындыларын заңсыз тарататындардың материалдық мүддесіне қайшы келгендіктен, олар қазір жан ұшыра оған қарсы шығуда».

Шолпан Әбдіреева әлемдегі өзге елдерде де интернетте авторлық құқық заңмен қорғалатындығына тоқталды. Мысал ретінде ол Қытайда шығарманы интернетке шығару үшін тиісті органдардан рұқсат алып қана қоймайды, тіпті шетелдік контенттің қытайша аудармасы да талап етілсе, Ұлыбританияда авторлық құқықты бұзушыларға 50 мың фунтқа дейін айыппұл салынатындығын баяндады.

Халық әртісі Мақпал Жүнісова интернетте әншілердің, сазгерлердің әндері, клиптері үшін қаламақы төленуін құптайтындығын жеткізді. «Егер де интернетте менің әндерім кетіп жатса, оның авторлары, оның ішінде марқұм болып кеткен ағаларымыздың отбасылары талап етуі керек деп ойлаймын. Маған ақша әкеліп берсе, мен - «ақша керегі жоқ» деп айтпайтын қазақтың бірімін», - деді Жүнісова. Ол әншілердің қазір «тойлармен күн көріп жүргенін» айта келіп, халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ретінде өзі «Қазақконцерттен» бар-жоғы 65 мың теңге айлық алатынын айтты. Әзірге оның интернетте әндері көп таралғанымен, олардан ешқандай пайда тауып отырмағанын хабарлады.

Қазақстан заңын бұзған қазақстандық сайттар ғана емес, шетелдік ресурстарға да тыйым салынбақ. «Біздің қадағалаушы органдар kz домендік аймағында тексеру жасауға құқы бар, соған сәйкес, kz аймағынан тысқары жерде барлығы құқық қорғаушы органдар арасындағы халықаралық келісімдер мен уағдаластықтар аясында жүргізіледі», - деді Әбдіреева. «Қазақстан заңнамасын бұзған бар ресурстар, оның ішінде org және сom аймағындағылар сот шешімімен тұмшаланады. Осылай лаңкестік сайттар да, порнографиялық сайттар да жабылады», - деп түсіндірді «Қазақстан интернет қауымдастығы» бірлестігінің президенті Шавкат Сабыров.

 

 

Мәжіліс спикері Н.Нығматулин Елбасы Жолдауын түсіндірді

 

/«Хабар» агенттігі. 10.02.2012./ - Елбасының «Саяси-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағдары» атты биылғы Жолдауында ең алдымен өңірлерді дамыту туралы баса айтылды.

Мемлекет басшысы «Қуатты Қазақстан – бұл ең алдымен қуатты өңірлер» деп атап көрсеткен. Ақтөбе облысында осы бағдарламалық құжатта Елбасы айқындап берген барлық өзекті мәселелер шешімін табады. Атап айтқанда, жұмыспен қамту, индустрияландыру, шағын және орта бизнесті дамыту. Парламент Мәжілісінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің Ақтөбе облысының еңбек ұжымдары және тұрғындарымен кездесулері Жолдауды жан-жақты талқылауға арналды. Ақтөбе – өндірісі дамыған, инвестициялық әлеуеті мықты, іргелі өңір. Облыс мемлекеттік бағдарламаларды орындауда көш басында келеді. Аймақта хром, мұнай мен газ, мыс т.б. кеннің мол қоры бар. Өңірдің ірі кәсіпорындарының өнімдері сыртқы нарыққа Еуропа, Америка, Жапония, ТМД елдеріне экспортталады. Облыс халқының саны 800 мыңға таяды. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсы дамыған. Тұрғындардың тұрмыстық деңгейі де жақсарып отыр. Мемлекет басшысының жаңа даму бағдарын айқындап берген жолдауындағы басым бағыттар өңірдің одан әрі дамуына үлкен мүмкіндіктер берері сөзсіз дейді тұрғындар.

Оразбай Әділбаев, Шалқар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Келешекте үлкен жетістіктерге бастайтын, соған меңшейтін Жолдау. Оның ішінде әсіресе, мына жұмыссыздықты азайту шаралары, сосын мына тиімді баспана. Әсіресе, мына жастарға деген қамқорлық сезіліп тұр.

Ақтөбеде «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасы жүйелі орындалуда. Күн сайын жұмыс іздеп келушілерге шын мәнінде нақты көмек бар. Өткен жылдың өзінде 600-ден астам адам жаңа мамандықтарды игеріп, өз біліктіліктерін арттырған. Сонымен бірге 50 адам кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, өз алдарына жаңадан іс бастап, 9 млн. тенгеге шағын несие алған. Жалдпы өткен жылы еңбекпен қамту орталығының жолдамасымен 3 мыға тарта ақтөбелік тұрақты жұмысқа орналасты. Енді, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жаңа бағдарлама бойынша кешенді іске асыралатын болды.

Нұрлан Молдағалиев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Шағын несие алып, өзіміздің жұмысымызды кеңейтіп жатырмыз. Осындай бағдарламның шыққанына өте қуаныштымын. Және бұл деген жұмыссыздықты жоюға өте септігі тиіп тұр.

Өңірде индустрияландыру бағдарламасы да нәтижелі. «Қазақстантрубопром» серіктестігінің ұжымы осы индустрияландыру арқылы өнім өндіру ауқымын кеңейтіп, өнеркәсіптік нысандар мен тұрғын үйлер салып, жол құрылысын сапалы жүрігізіп келеді. Бұл жерде өткен кездесуде еңбек адамдары Биылғы Жолдаудағы бағыттарды орындауға мейлінше ат салысатындарын жеткізді. Жалпы, Ақтөбе облысында соңғы 2 жылда индустрияландыру картасына енген 50 жоба іске қосылып, 9 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған негізгі бағыт ол – еліміздің индустриялы-инновациялық дамуын одан әрі тиімді жалғастыру. Бұл Ақтөбе облысында, басқа аймақтарда ірі өндіріс орындарының өсіп-өркендеуіне, кәсіпкерлікті қолдауға ерекше серпін беретін болады. Сол арқылы, Қазақстанымыздың экономикасын одан әрі дамытып, әлеуметтік жағдайды көтеретін боламыз.

Осы кәсіпорында өткен кездесуде Нұрлан Нығматулин Ақтөбедегі нашар еститін мүгедектер қоғамына тігін жабдықтарын табыс етті. Бұл арқылы саңыраулар қоғамы тұрақты тапсырыстар алып, жаңа қосымша жұмыспен қамтылады. Ақтөбеліктер жаңа жолдау – әр қазақстандықтың тұрмысын одан әрі жақсартуға арналып отыр. Бұл маңызды құжаттағы басты айқындалған бағыттарға мейлінше үлес қосамыз деген ортақ пікірде.

 

 

600 адам жаңа мамандық иесі атанды

 

/«Қазақстан ТРК». 10.02.2012. Әлия Таласова./ - Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Ақтөбеге барды. Өңір белсенділерімен, еңбек ұжымдарымен кездесіп, Жолдаудың маңызды бағыттарын түсіндірді.

 Ақтөбеліктермен пікір алысқан ақпараттық топ қалалық жұмыспен қамту орталығында болды. Орталық көмегімен өткен жылы 3 мыңға жуық адам жұмысқа орналасып, 600-і жаңа мамандық иесі атанды. Сондай-ақ өңірдің жол және тұрғын үй құрылысымен айналысатын кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті. Саңыраулар қоғамына тігін жабдықтары табыстады. Бұл мүгедектерді тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

 Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған негізгі бағыт ол - еліміздің индустриялық-инновациялық дамуын одан әрі тиімді жалғастыру. Бұл Ақтөбе облысында, басқа да аймақтарда ірі өндіріс орындарының өсіп-өркендеуіне, кәсіпкерлікті қолдауға ерекше серпін беретін болады. Сол арқылы Қазақстанымыздың экономикасын одан әрі дамытып, әлеуметтік жағдайды көтеретін боламыз. 

 

 

Алматылықтармен кездесті

 

/«Егемен Қазақстан». 11.02.2012./ - Алматыға жұмыс бабымен барған Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов қалалық №5 аурухананың, әуежайдың, «Қазақтелеком» АҚ-тың ұжымдарымен, Алматы энергетика және байланыс университетінің студенттері және мұғалімдерімен, Әуезов ауданының активімен кездесті.

Мемлекет басшысының би­ылғы Жолдауында алға қойған міндеттерге қатысты А.Бижанов әлеуметтік жаңғырту, қолжетімді тұрғын үй, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, ин­дус­триялық-инновациялық жобалар­ды іске асыру, аймақтық даму мәселелеріне назар аударды.
Сенатор атап өткендей, ай­мақ­тар «өсу нүктесіне» айналуы керек,  оны индустрияландыру ба­рысында еңбекке тарту мәселе­ле­рі шешілуімен қатар, дағдарыс белгілерінің теріс әсерлері мейлінше азайып, экономика нығая­ды, халықтың әл-ауқаты арта түседі.

Кездесулерде сондай-ақ Ал­ма­ты­ның әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуына қатысты мәселелер де талқыланды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

 

 

Даналыққа тағзым

 

/«Егемен Қазақстан». 11.02.2012. Базарбек Түкібай./ - Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Д.А.Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев және оның дәуірі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оған Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазу­шы­лар, ғалымдар мен университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, студент жастар қатысты.
Конференцияны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің ректоры, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов ашты. Ол өз сөзінде Қонаевтың өмірі мен қыз­меті жайлы қысқаша айта келіп: «Өз заманының көрнекті саясаткері дәрежесіне көтерілген Д.Қонаев дәуірі қаншалықты күр­делі, қайшылықты болғаны жасы­рын емес. Соған қарамастан, ол республиканың әлеуметтік-эко­но­­микалық жағдайын, ғылымын, ұлттық мәдениетін жаңа деңгейге көтере алды. Партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Кремль саясаты тасасында қалмай, байыр­ғы қазақ ұлтының және көп ұлтты Қазақ халқының мүддесін естен шығарған жоқ», деп орынды атап өтті.

Жиында сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов жиналғандар алдында сөз сөйлеп, Қонаевпен қызметтес болған кезеңдерді еске алып, аяулы тұлғаның адами қасиет­те­ріне тоқталып өтті.

Бұдан кейін Мемлекет тарихы институтының директоры Бүр­кіт­бай Аяған «Д.А.Қонаев өмірі мен қызметінің негізгі кезең­дері», ҚР ҰҒА академигі Жабайхан Әбділдин «Қазақстанның ғы­лыми-интеллектуалдық дамуына Д.А.Қонаевтың қосқан үлесі», Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов «Д.А.Қонаев және қазақ интел­ли­генциясы», саясат ғылым­дары­ның докторы Нәубат Қалиев «Д.А.Қонаевтың саяси уақыты және саяси мектебі» деген тақы­рыптарда баяндама жасады.

Баяндамадан соң көрнекті мем­лекет қайраткерінің, дара тұл­ғаның көзін көрген, кезінде бірге қызметтес болған, шапа­ға­тын сезінген шәкірттері сөз кезегін алып, біртуар азаматтың дара қасиеттері жайлы естеліктер айтты.

Бұдан кейін республикалық ғылыми-тәжірибелік конферен­ция­ға қатысушылар екі топқа бө­лініп, «Д.А.Қонаев және Қазақ­стан: Тәуелсіздіктің алғышарты» және «Тарих бедеріндегі тұлға: жасампаздық сабақтары» тақы­рыптары бойынша секциялық жұмыстарды жалғастырды.
Конференция барысында Д.А.Қо­­наевтың өмірі мен еңбек жол­да­рынан сыр шертетін ар­на­йы көрме ұйымдастырылып, деректі фильм көрсетілді. Бұл филь­мде Д.Қо­наевтың Қазақ­стан­ның эконо­ми­касы мен мә­дениетін, кәсіп­орындар мен аг­рарлық секторды, ғылым мен білімді дамытудағы сіңірген еңбегі желі болып тартылғанын да сөз орайында айта кеткеніміз жөн болар.

Сондай-ақ осы шара бары­сында «Дінмұхамед Ахметұлы Қо­наев – аса көрнекті мемлекет және саясат қайраткері» (автор­лары Б.Төлепбаев, К.Төлепбаева) кі­табының тұсаукесері болып өтті.

 

 

Негізсіз талап – жемқорлыққа бастар жол

 

/«Егемен Қазақстан». 11.02.2012. Асқар Тұрапбайұлы./ - «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес үстіміздегі жылғы алғашқы отырысын өткізді. Сөйтіп, Кеңес өзінің осы жиырма үшінші отырысында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде жемқорлыққа қарсы әрекет ету жұмысының жағдайы жөніндегі мәселені қарады.
Кеңес төрағасы, сенатор Орал­бай Әбдікәрімов күн тәр­тібіндегі мәселені талқылауға көшпес бұрын жаңадан сай­лан­ғандарды көпшілікке таныс­тыр­ды. Атап айтқанда, мүше­лік­ке қабылданған Мәжіліс де­путаты Қайырбек Сүлейменов пен «Хабар» агенттігі» АҚ бас­қарма төрағасы Айдос Үкі­баев­қа куәліктер табысталды.

Бұдан соң күн тәртібіне шы­ғарылған мәселе қызу талқыға са­лынды. Кешегі отырысқа жа­қын­да ғана тағайындалған Қор­ша­ған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың өзі де қатысып отырғандығын айта кеткен жөн.

Аталған министрліктегі жем­­қорлыққа қарсы әрекеттер жұ­мы­­сының ұйымдастырылуы ту­ра­лы баяндаманы осы ведом­ство­ның жауапты хатшысы Анатолий Дер­новой жасады. Оның сөзіне қарағанда, жақында Парламентте қабылданған Экология мәсе­ле­ле­рі бойынша кейбір заң­на­малық актілерге өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу заңдық құ­жа­ты экологиялық талаптарды ай­тар­лық­тай қатаң­датқан. Сол сияқ­ты рұқсат беру жүйесіне қа­тысты заңдық құжатқа да өз­герістер енгізу арқылы мемлекеттік эколо­гия­лық сараптама жасау мен рұқ­сат беру мерзімі 2-4 есе қыс­қар­ған. Енді барлық экология талап­тарының бұзылуына бай­ла­нысты тоқтата тұру сияқты шешімдерді министрлік қызметкері емес, сот шығарады.

Жауапты хатшының сөзінен тағы бір белгілі болғаны, өткен жылы 12 мың тексеріс орын алса, оның барысында 9 мыңдай эко­логия заңдылығын бұзушылық анықталыпты. Мемлекет пай­да­­сы­на 1515 талап-арыздың арқа­сын­да 16,2 миллиард теңге өнді­ріл­ген. Жалпы, заң бұзушы­лық­тар жылдан жылға азайып келеді, деп санайды Анатолий Григорьевич. Мысалы, 2008 жылы әрбір 100 тексеріске 80 заң бұзушылық анықталса, 2011 жылы ол 76-ға төмендепті.

Жемқорлықпен күрес жө­нін­­де­гі республикалық қоғам­дық кеңес жанынан құрылған сарап­шылар комиссиясының Алма­ты, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстары мен Ал­маты қаласына жасаған са­парлары ба­рысы атал­ған министрлікке қа­рас­ты мекемелерде жемқор­лық­тың әлі де тыйылмай отырған­дығын көр­сет­кен. «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм инсти­туты жа­нын­дағы Жем­қорлыққа қарсы күрес ғылы­ми-зерттеу ор­талы­ғы­ның жетекшісі Батыр­жан Ашитовтың айтуынша, елімізде 20 осындай жемқорлық фактілері орын алса, министрлік соның бірде-біреуіне қатысты қыл­мыстық іс қозғау туралы ұсы­­ныс енгізбеген. Зерттеулер нә­тижесі көр­сет­кендей, экологиялық   заң­ды­лықтарда тұрақтылық жоқ. Мы­салы, 2009 жылы қабыл­дан­ған Экология кодексіне 19 рет өзгерістер енгізілсе, тек был­тыр­дың өзінде 8 рет өзгерту орын алыпты. Бұл өз кезегінде шаруашылық субъектілері мен құқық қорғау ұйымдарының жұмысын қиындатып жіберген.

Жемқорлықтық заң бұзушы­лы­ғы бойынша өткен жылы 10 адам сотталса, олар негізінен пара алғаны үшін қылмысты болыпты. Мәселен, Павлодар облысында мемлекеттік эколо­гия­лық инспектор белгілі бір акционерлік қоғам төрағасынан май құю стансасына оң қоры­тынды бергені үшін 100 мың теңге пара алған. Сарапшының сөзіне қарағанда, талаптардың негізсіз болуы жемқорлыққа жағдай жасайды. Экология департаменті сотқа 10 талап-арыз түсірсе, соның 5-еуі ғана қана­ғат­тандырылған. Тексере келгенде, министрлік құра­мын­дағы Эко­ло­гиялық реттеу және бақылау комитетінің жұмысы ашық жүргізілмеген және де көптеген кемшіліктер анық­талған.
Жалпы талдау жасау нә­ти­жесі көрсеткендей, жемқорлық құқық бұзушылық фактілері «Жемқорлыққа қарсы күрес» туралы Заңның 12-бабын бұ­зу­ға байланысты және жемқор­лыққа жағдай жасаушы тәртіп бұзушылықтар болып табы­ла­ды. Нақтырақ айтқанда, шешім шығаруда жеке тұлғаларға заң­сыз артықшылықтар жасау, кә­сіп­керлік қызметіне негізсіз араласу және тағысын тағылар. Құқықтық статистика мәлімет­те­рі көрсеткендей, 2010 және 2011 жылдары жемқорлық сипатта ҚОҚМ аумақтық орган­дары­ның 22 лауазымды тұл­ға­сы тәртіптік жауапқа тарты­лып­ты. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін аталған министрлік көрсетіп келген мемлекеттік қыз­­меттер Мемлекеттік қыз­мет­тер реестріне енбегені және де олардың стандарттары жоқ­ты­ғы да назардан тыс қалмады. Республикалық бюджеттің пай­даланылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мәліметтері көрсеткендей, ҚОҚМ қызме­тін­де 2009-2010 жылдары жал­пы сомасы 7,5 миллиард тең­ге­нің тәртіп бұзушылықтары, соның ішінде мемлекеттік са­тып алу заңнамасына қатысты 27,4 миллион теңгенің заң бұ­зу­шылығы орын алғаны анық­талып отыр.

Отырыс барысында, соны­мен қатар, Алматы қаласында жанар-жағармай станса­лары­ның тұрғын үйлерге жақын ор­на­ласуы және Атырау облы­сында экологиялық заңнаманы бұзу фактілері бойынша тексерулер материалдары бойынша әзірленген бейнефильмдер көр­сетілді. Талқылау нәтижесінде Кеңес бірқатар ұсыныстар тізімін жасап, тиісті қаулы қабыл­дады.

 

 

Өңірлердің өркендеуі – елдің дамуы

 

/«Егемен Қазақстан». 11.02.2012. Сатыбалды Сәуірбай./ - Қуатты Қазақстан дегеніміз – ең әуелі өңірлердің қуаттылығы. Ел Президенті Жолдауы осындай мақсатты алға қойып отыр. Халықтың қолдауына ие болған Елбасы Жолдауы қазір әр өңірімізде қызу талқылануда. Қазақстандықтардың жарқын бола-­ шаққа деген сенімдері нығая түскеніне Парламент Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапарында тағы да бір көз жеткіздік. Сайлаушылармен өткізген кездесулерде Президент атаған міндеттемелер негізінде жүзеге асырылатын мемлекетіміздің таяу келешектегі дамуы тақырыбы қамтылды.

Жер көлемі жағынан әлемдегі 9-шы орынға ие Қазақстанның әрбір аймағы өзіндік ерекше­лік­терімен айшықталады. Өркен­деген өңір – әлеуеті мықты мем­лекеттің тірегі. «Қуатты Қазақ­стан дегеніміз – ең әуелі өңір­лер­дің қуаттылығы. Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланыс­ты», деп атап өтті Мемлекет бас­шысы», – деді парламентші ақ­төбеліктерге арнаған сөзінде. Сондықтан да Елбасы, ең алдымен, шағын қалалар мен ауылдарда жаңа зауыттар, жолдар салу, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде тапсырма берді.

Кездесуде Мәжіліс Төрағасы Елбасының өңірлерді дамыту туралы айтқан әрбір бағыты Ақ­төбе облысы үшін де үлкен ма­ңыз­ға ие екенін атап өтті. Елі­міз­дің батысында орналасқан Ақ­төбе өңірінің құрамына 12 аудан және жеті қала кіреді. Бұл аумағы үлкен облыс терістігінде – Ресей Федерациясының Орынбор облысымен, оңтүстігінде – Өзбек­стан Республикасы құрамындағы Қарақалпақстанмен, батысында – Маңғыстау облысы, Атырау және Батыс Қазақстан, шығысында – Қарағанды, солтүстігінде Қос­та­най, оңтүстік-шығысында – Қы­зыл­орда облыстарымен шектесіп жатыр.

Биыл өзінің 80 жылдық белесін атап өткелі тұрған осы аймақ Орталық Азия мен Еуропаны жалғастырып жатқан көлік дәлізі болып табылады. Бұл – экономикалық әлеуеті мол, жер қойнауы өте бай өңір. Осы мүм­кіндікті замана үдерісіне сай пайдалану облыстың қарқынды дамуына жол ашып отыр. Мәжіліс Төрағасы ынтымағы зор, еңбек­қор тұрғындардың арқасында облыста қомақты табыстарға қол жеткізіліп отырғанын атап өтті.

Ақтөбе – киесі мен қасиеті мол аймақ. Шынымен де бұл өңір қазақтың әйгілі ханы Әбілқайыр хан, қазақтың үш биінің бірі – Әйтеке би, қазақтың биі Мөңке би, Шернияз ақын, қазақтың ұлы музыканты, күйші Қазанғап, қазақ батыры – Есет батыр, Шы­ғыстың жарық жұлдыздарының бірі, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова, тары өсіру­ден рекордшы Шығанақ Берсиев, қазақ күйшісі, қазақтың халық ақыны Нұрпейіс Байғанин, қазақ тіл білімінің білгірі, ғалым Құ­дайберген Жұбанов, музыка зерт­теушісі, халық әртісі Ахмет Жұ­банов және басқа да ондаған ұлы ақын-жыраулардың, танымал тұлғалардың туып-өскен мекені.

Кездесуде Мәжіліс Төрағасы «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, қазіргі Ақ­төбе облысының мәдениеті, эко­но­микасы, өндірісі бүкіл еліміз үшін үлкен қуаныш», – деді. Се­бебі, облыста бүкіл республикаға белгілі кәсіпорындар мен зауыттар жұмыс істеп, халқының бір­лігі мен берекесі жарасып, жыл сайын заманға сай өсіп-өркендеп келеді. Сонымен бірге, Ақтөбе облысы – еліміздің ірі ауыл шаруашылығы дамыған аймағы. Сондықтан, деді Нұрлан Нығ­матулин, бұл жерде Президенті­міздің биылғы Жолдауында ай­тылған стратегиялық мақсат­тар­ды орындаудың мүмкіндігі өте зор деп білеміз. Елбасы Жолдауы халқымызды еңбекпен, баспанамен қамтуға, аймақтардың дамуына, халыққа сапалы қызмет көрсетуге, басқа да көптеген салаларды көтеруге ерекше серпін береді.

Өңірдің дамуына баса мән беріп отырған ақтөбеліктер Мә­жі­лістегі парламенттік көпші­лік­ке ие болған фракция жетекші­сі­мен Елбасы Жолдауының бағыт­тары мен оған қол жеткізудің жолдары туралы пікір алмасты.

Ел Президентінің биылғы Жол­дауы туралы өз сөзінде Нұр­лан Нығматулин таяу келешекте әлеуметтік ғаламат жобалардың жүзеге асырылатынын жеткізді. Мәжіліс Төрағасы Президент тапсырмасына сәйкес, жұмыспен қамту бойынша әзірленген жаңа бағдарлама 2020 жылға қарай 1,5 миллион азаматты сапалы жұмыс орнымен қамтамасыз ететінін мәлім етті. Онда еңбекке жарамды азаматтарды оқыту, қосымша мамандық беру арқылы еңбекке орналастыру, әсіресе, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлінген.

Ал тұрғын үй туралы айтатын болсақ, тікелей мемлекет қаржы­сы­мен «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы қолға алы­натын болады. Соған сәйкес елімізде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға берілетіні көзделіп отыр. Соның нәтижесінде жарты миллионнан астам жас отбасы жеке бас­панамен қамтамасыз етіледі. Бұл үшін Мемлекет басшысы жал­ға берілетін тұрғын үй ала­ңын 1 мил­лион шаршы метрге жеткізуді тапсырды. Осы орайда Елбасы бағдарлама бойынша са­лынған тұрғын үйлерді жеке­ мен­шікке сатып алудың оңтайлы жол­дарын қарастыруды тапсырды. Таяу уа­қытта кең ауқымды осы жұмыс қолға алынатын болады.
Нұрлан Нығматулин Жолдау­дың келесі бағыттары туралы тоқ­талғанда, бүгінгі таңда «Саламатты Қазақстан-2015» мемле­кет­тік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Халық ден­саулығының көрсеткіштері жақ­­­сарды. Бала туу өсіп, өмір сүру ұзақтығы ұлғайды. Алдағы уақыт­та да бұл көрсеткіш жақ­сара түс­пек­ші. Мемлекет басшысы ендігі жерде онкологиядан болатын ауру мен өлімді төмендету мәсе­лесін бірінші кезекте шешу қажеттігін алға қойды. Үкіметке екі ай мерзім ішінде Қазақстанда Он­кологиялық жәрдемді дамыту бағ­дарламасын әзірлеуді тапсырды.
Осы міндеттерді шешу жолында жаңа білім беру мен ден­саулық сақтау нысандарының құ­рылыстары салынатын болады. «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасында таяу бес жылдың ішінде 400 мектеп, 300 дәрігерлік амбулатория, 43 емхана, 7 фельдшерлік-акушерлік пункт салынатыны жоспарланған. «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары бұл жоспардың бәрі міндетті түрде орындалатынына сендірді. Мемлекет басшысы Үкі­метке үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін азаматтардың өз денсаулығы үшін ынтымақтас­тығы тетігін енгізуді ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар енгізуді міндеттеді.
Президент Жолдауында ин­дус­триялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға айрықша мән берілді. Көптеген ірі жоба­лардың іске қосылуы энергетика, автокөлік, химия өнеркәсібі, мұ­най-газ салалары бойынша бірне­ше мәселенің шешілуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, жаңа жұ­мыс орындары ашылады, әлеу­мет­тік инфрақұрылым жақсара­тыны сөзсіз. Бұл жобалардың бәрі біздің экономикамыздың, біз­дің еліміздің бейнесін бүтін­дей өзгертетін болады. Әсіресе, өңірлерді түлетуге ықпал етеді. Әлемдегі болуы ықтимал деген дағдарыстарға қарсы жасалған іс-шаралардың бірі болмақ.

Мәжіліс Төрағасы Елбасы Жолдауында ауыл шаруа­шы­лы­ғы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы, туризмді дамыту және басқа көптеген мәселелерге назар аударылғанын атап өтті. Президент айқындап берген осы және басқа міндет­тер­ді жүзеге асыруда Ақтөбе өңірі жоғары интеллектуалдық, мәде­ни, қаржы-экономикалық және табиғи ресурстық мүмкіндікке ие. Бұл өңір мұнай мен газдың, мыс пен хром кенінің (әлем бойынша екінші орында) мол қоры­мен ерекшеленеді. Осындай үл­кен мүмкіндіктер мемлекеттік жә­не халықаралық деңгейдегі ірі жобалар арқылы нәтижелі жүзеге асуда. Облыстағы өндіріс орын­дарының өнімдері Еуропаға, Аме­рика мен Жапонияға және ТМД елдеріне экспортқа шығарылуда.

Қарапайым азаматтармен бол­ған жүздесулерде олар Елба­сы­ның өз өмірінен мысал келті­ріп айтқан сөздерін ықылас қоя тың­дағандарын жеткізді. Мәсе­лен, «Қазақстантрубпром» ЖАҚ-тың ұжымы елдің келешектегі индустрияландыру бағдарын айқын­дап берген Жолдауға қолдау біл­діретіндерін анық байқатты. Осы кәсіпорында өткен кездесуде Нұр­­лан Нығматулин ақтөбелік саңы­рау­лар қоғамына тігін жаб­дық­тарын табыс етті. Бұл мүге­дек­тер­ді тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ал осы бағыт, яғни қазақстандықтарды жұмыс орындарымен қамту мәселесі Пре­зидент Жолдауының басты міндет­терінің бірі болып табылады.

Бұл бағыт бұрыннан іске асырылып келеді. Мысалы, соңғы екі жыл ішінде тек қана Индуст­рия­лық карта бойынша Ақтөбеде 50 жоба іске қосылып, 9 мыңнан ас­там жұмыс орны ашылды. Жалпы, облыс бойынша жыл сайын жаңа мектептер мен бала­бақ­шалар, аурухана мен емханалар пайдалануға беріледі. Өткен жылы ғана 600-дей адам өздерінің біліктілігін арттырып, жаңа ма­мандық алды. Он­даған адамдар кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі курстардан өтті. 9 млн. теңге көлемінде шағын несиелер бе­рілді. Жұмыспен қамту орта­лық­тарының жолдамасымен өткен жы­лы үш мыңдай адам жаңа жұ­мысқа орналасты.

Ақтөбеліктермен болған кездесуде Нұрлан Нығматулин до­нор­лық аймақ болып отырған бұл облыс еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық жаңғыртуына үлкен үлес қосатынын, ел «экономи­ка­сының локомотиві» атағын тағы да дәлелдей түсетінін атап өтті. Осы орайда Мәжіліс Төрағасы былай деді:

– Шикізат мүмкіндігі инновация, жоғары технология жетістігі арқылы өркен жайғанда мемле­кет­тің экономикасына қомақты үлес қосатынын әлемдік тәжі­ри­бе көрсетіп берді. Міне, ел Пре­зи­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында осындай мін­детті алға қойып отыр. Бұл, ең алдымен, жаңа индустрия­лан­дыру­да­ғы біздің қазақстандық басым­дық­ты сауатты қолдана біл үшін қажет.

Осы тұста Нұрлан Нығма­тулин Ақтөбе облысы сияқты өнеркәсібі дамыған өңірлерге ерек­ше назар аударылып отыр­ға­нын айтты. Ал ғаламат инно­ва­циялық жобалардың жүзеге асуы дегеніміз, бұл – жаңа жұмыс орындарының ашылуы, тұрақты еңбекақының болуы және әлеу­меттік саланың дамуына жаңа мүмкіндіктердің жасалуы.

Президент белгілеп берген ба­ғыт­тар мемлекеттік күші бар ба­сымдыққа ие болатынын айта ке­ліп, Мәжіліс Төрағасы ол ха­лық қалаулыларынан заңнама­лық қам­тамасыз етуді талап ете­тінін және бесінші шақыры­лым­дағы Мәжі­ліс­тің басты міндеті болып табылатынын атады. Әрине, тұр­ғын­дармен пікір алмасу барысында айтылған ұсыныстар заң шығару­шы­лық қызметте назарға алынатын болады. Бұл істе ақтөбе­лік­тердің де үлесі болмақ. Өйткені, алда тұрған ауқымды жұмыстар Қазақстанның әрбір азаматы үшін де, тұтас еліміз үшін де өте маңызды.

«Ол үшін бәріміз бірге жұмыс істеуіміз керек… біз бәріміз бір елдің азаматтарымыз», – деді 20 қаңтар күні Мемлекет басшысы бесінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында. Жұмыс сапарын қорытын­ды­лай келе, Нұрлан Нығматулин: «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған негізгі бағыт – ол еліміздің индустриялық-иннова­ция­лық дамуын одан әрі тиімді жалғастыру. Бұл Ақтөбе облысында, басқа да аймақтарда ірі өндіріс орындарының өсіп-өркен­деуіне, кәсіпкерлікті қолдауға ерекше серпін беретін болады. Сол арқылы, Қазақстанымыздың экономикасын одан әрі дамытып, әлеуметтік жағдайды көтеретін боламыз», – деді.

 

 

Жолдау аймақтың дамуына серпін берді

 

/«Айқын». 11.02.2012. Алтынай Сағындықова./ - Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында Парламент Мәжілісінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Ақтөбе өңірінің автивімен кездесті.

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған басты мақсат-міндеттер жергілікті жерлерде іске асатын болады. Жолдауда «Қазақстанның қуаттылығы - бұл ең алдымен қуатты аймақтар» деп айқын көрсетілген еді. Сонымен қатар ақтөбелік тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесу барысында ақпараттық топ жұмыспен қамту, үдемелі индустрияландыру, шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламаларының өңірлерде қалайша жүзеге асырылатынын сөз етті.

Батыс өңірі Қазақстан халқына арналған Жолдауды айрықша ықыласпен қабылдады. Өйткені осы маңызды құжаттың басты қағидалары бүкіл елдің, туған өңірдің одан әрі қарқынды дамуына мүмкіндік береді. Бүгінде Ақтөбе облысы ел экономикасында алдыңғы орындарды иеленуде. Өңірдің қуатты өнеркәсіптік, кадрлық, табиғи әлеуеті мемлекеттік және халықаралық ауқымдағы ірі жобалар аясында қолданылып келеді. Кездесуге қатысушылар Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен өткен жиында Елбасының мемлекетті әлеуметтік-экономикалық жаңғырту бағытына толық қолдау білдірді. Кейін ақпараттық топ мүшелері Ақтөбе қаласының Жұмыспен қамту орталығына барды. Бұл орталық жұмыссыздарға іс жүзінде көмек беретін мекеме ретінде белгілі. Тек өткен жылдың өзінде жұмыспен қамту органдарының жолдамасымен

3 мыңға жуық ақтөбелік жұмысқа орналасып, 600-ге жуық адам жаңа мамандық иесі атанды. Өз біліктілігін арттыруға мүмкіндік алғандар да бар. Әлеуметтік жұмыс орындарына 300-ден астам қалалық жіберілді. Сонымен қатар 50-ден астам адам кәсіпкерлікті дамыту курстарынан өтіп, оларға 9 миллион теңгені құрайтын шағын несие берілді. Осы тұста жаңа Жұмыспен қамту бағдарламасы сөз болды. Аталмыш құжатта тиімді оқу жүйесін құру, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету, еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру, Қазақстанның экономикалық белсенділік орталықтарында жұмыспен қамтуға басымдық беру сияқты міндеттер қойылған. Бағдарлама 60 мыңға жуық адамның қатысуымен сынақтан өтті. Қазіргі кезде дайындық, соның ішінде заңнамалық негізін әзірлеу жөніндегі жұмыстары аяқталды. Енді іске асыру кезеңі басталады, бұл 2020 жылға қарай 1,5 миллионға жуық адамды сапалы жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ақтөбе облысының, жалпы Батыс Қазақстанның жол және тұрғын үй құрылысы саласының көшбасшысы болып табылатын «Қазақстантрубопром» жұмысшыларымен болған кездесу де мазмұнды өтті. Кәсіпорын тұрғын үй, өнеркәсіптік нысан және жол құрылысымен айналысады. Кездесуге қатысушылар елдің Үдемелі индустрияландыру бағдарламасын іске асыруды талқылауға белсенді атсалысқан болатын. Сондай-ақ кәсіпорын ұжымымен кездесу барысында Нұрлан Нығматулин ақтөбелік Саңыраулар қоғамына тігін жабдықтарын табыс етті. Бұл мүгедектерді тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ал осы бағыт Президент Жолдауының басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Ақтөбе өңірінде болған кездесуді қорытындылай келе Парламент Мәжілісінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған негізгі бағыт ол - еліміздің индустриялық-инновациялық дамуын одан әрі тиімді жалғастыру. Бұл Ақтөбе облысында, басқа да аймақтарда ірі өндіріс орындарының өсіп-өркендеуіне, кәсіпкерлікті қолдауға ерекше серпін беретін болады. Сол арқылы, Қазақстанымыздың экономикасын одан әрі дамытып, әлеуметтік жағдайды көтеретін боламыз» деп атап өтті.

 

 

Жаңғырту жолдауы

 

/«Егемен Қазақстан». 11.02.2012./ - Ұзақ мерзімді жалға беруде сатып алынатын және сатуға жатпайтын екі түрлі жолды қарастыру қажет.

Н.Ә.Назарбаев  (Қазақстан халқына Жолдауынан).

Мемлекет басшысының «Әлеуметтік-эконо­микалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» халыққа Жолдауын түсіндіру жұмыстары бойынша аймақтарға аттанған Парламент Се­натының депутаттары жергілікті активпен, құқық қорғау және әділет жүйесінің, білім беру және денсаулық сақтау салаларының қызметкерлерімен, нақты сектор өкілдерімен кездесулер өткізді.
Сенатор Болат Жылқышиев Шымкент қаласы мен Сарыағаш аудандарында болып, мәслихат депутаттарымен, ардагерлермен және мұғалімдермен кездесті.

Қостанай облысында болған депутат Хұсайын Валиев облыстық мәслихаттың сессиясына, облыс­тық кәсіподақ пен қала ардагерлерінің жиналыстарына қатысып, сөз сөйледі. Рудный қаласы мен Әулиекөл, Сарыкөл, Таран, Алтынсарин аудандарында өткен жұртшылықпен кездесулерде әлеу­меттік жаңғырту мәселелеріне назар аударылды.

Сенатор Юрий Кубайчуктің облыс активімен, Шахтинск, Теміртау қалалары мен Саран, Абай аудандарының білім беру саласы қызметкерлерімен кездесулерінде еңбекке тарту, қолжетімді тұрғын үй, индустриялық-инновациялық даму бағдар­ла­масы туралы айтылды.
Ақтөбе облысында болған депутат Иран Әміров Ойыл, Қобда, Мәртөк аудандарының прокуратура, сот, АІІБ ұжымдарымен кездесті. Сенатордың Ақтөбедегі құқық қорғау жүйесі органдарымен кездесуінде де сот және құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту мәселелері талқыланды.

Сенатор Рашит Ахметовтің Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті атқарушы және өкілді органдар өкілдерімен, аймақ жұртшылығымен кез­десуінде шикізат ресурстарын жоғары деңгейде бөлу және инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру мәселелеріне назар аударылды.

Депутат Мұрат Мұхамедов Қызылорда облы­сындағы Қармақшы, Қазалы, Жалағаш, Жаңақор­ған, Шиелі, Сырдария аудандарында болды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

 

 

Депутат уәде берді

 

/«Айқын». 11.02.2012. Қайыржан Төрежан./ - Кеше Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлмира Есімбаева Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауына байланысты Алматы қалалық қазынашылық департаментінің қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Мәжіліс депутаты Гүлмира Есімбаева жиналғандардың алдында сөйлеген сөзінде, Елбасы жолдауындағы білім беру жүйесін жаңғыртудағы атқарылатын басты міндеттемелерге тоқталды. Жиынға қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап берді. Қазынашылық департаментіндегі қызметкерлердің дені әйел болғандықтан шығар, депутатқа қойылған бірінші сұрақ жалғызбасты аналарға қатысты қойылды.

«Мемлекеттік органдарда қызмет ететін жалғызбасты аналарға балабақша үшін төлемақыға жеңілдіктер берілу немесе мемлекет тарапынан қосымша ақша бөлу туралы мәселе қарала ма?» деген сұраққа Гүлмира Есімбаева: «Бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Бұл бюджет нақтыланғаннан кейін ғана белгілі болады. Әзірге нақты ешнәрсе айта алмаймын. Бірақ Үкіметке бұл тілек-өтініштеріңізді жеткіземін» деп жауап берді.

Қазір білім беру саласында орын алған оқулық проблемасы жөнінде де сұрақтар туындады. Мысалы, әр мектеп оқушылардан әр баспаның кітаптарын талап етеді, осыны бір ізге түсіретін кез болған сияқты. Сондай-ақ мектептерді бескүндік жұмыс режиміне көшіру туралы мәселені қарауды сұрады.

Бұл сұрақтарға Мәжіліс депутаты: «Бұл мәселе де өзекті, жыл сайын көтерілетін мәселе. Бұрын ата-аналардың «Оқу бағдарламасының бірнеше нұсқасы болса, өзімізге таңдау мүмкіншілігі берілсе» деген ұсынысымен жасалған шешім еді. Осыған орай әр мектеп басшысы мен ұжымы өзіне қолайлы бағдарламаны таңдайды. Сіздердің бұл пікірлеріңізді де тиісті орындарға жеткіземін. Ал бескүндік оқу аптасы туралы мәселені әр мектеп басшысы оқу бағдарламаларын ескеріп, өзінше шешеді. Қаланың біраз мектептерінде қолданылады. Ал лицей, гимназия білім ордаларында қолданылмайды. Ол үшін жазғы демалыс уақытын қысқартуға тура келеді. Бізге жазғы демалыс мерзімін қысқарту туралы ұсыныстар да айтылып жатыр. Сіздер оған қалай қарайсыздар? Бәрі қарсы. Мен де қарсымын, себебі бұл білім мен денсаулық саласының мамандарының пікірі ескеріліп шешілген мәселе болатын. Жауабы «Айқын» газетінде бар. Сонда да, көпшілігіңіз бескүндік оқуды, бастауыш сынып үшін дұрыс деп санасаңыздар, бұл мәселені де қарауға болады. Себебі бала бір күн - жексенбі күнгі ғана демалыста демалып үлгермейтіні рас».

Бірыңғай ұлттық тестілеудің 2012 жылғы тәртібі туралы «Бұл жағынан менің әлі хабарым жоқ. Бір білетінім, Мемлекет басшысы тестінің шекті мәні 60-қа дейін жоғарылатуды тапсырды» деп жауап берді.

Мәжіліс депутаты Гүлмира Есімбаева уақытының аз болғандығына байланысты көптеген сұрақтарға электрондық сайт арқылы жазбаша жауап беретін болып, өзімен бірге алып кетті.

 

 

Инновация игілігі

 

/«Егемен Қазақстан». 11.02.2012. Көсемәлі Сәттібайұлы./ - Парламент Сенатының депутаттары Ертарғын Астаев пен Андрей Савченко өздеріне сенім артқан жамбылдық сайлаушылардың ортасына келді. Сапар мақсаты – елдегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы шеңберінде тұсау кескен кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып, Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмалардың маңыздылығын жұртшы­лыққа жеткізу.

Облыстағы «Казфосфат», «БиномСтройДеталь», «Амангелді газ өңдеу зауыты» және «Супер фарм» сияқты іргелі кәсіпорындарда болған сенаторлар өңір­дегі өркенді істерге өте разы болды. Оларды, әсіресе «Суперфарм» ЖШС шығаратын медициналық бұйымдар қатты қызықтырды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы арасында баламасы жоқ жобаның Жамбыл өңірінде ашылғанын қуана құптаған депутаттар, серіктестік өнімдерінің ішкі және сыртқы саудаға көптеп шығарылуына тілектестік білдірді.

 

 

Сенаторлар Елбасы Жолдауын түсіндіру жұмыстарымен өңірлерде бірқатар

кездесулер өткізді

 

/«ҚазАқпарат». 11.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың ағымдағы жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа Жолдауын түсіндіру жұмыстары бойынша аймақтарға аттанған Парламент Сенатының депутаттары бірқатар өңірлерде болып, онда жергілікті активпен, құқық қорғау және әділет жүйесінің, білім беру және денсаулық сақтау салаларының қызметкерлерімен, нақты сектор өкілдерімен кездесулер өткізді. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, сенатор Болат Жылқышиев Шымкент қаласы мен Сарыағаш аудандарында болып, мәслихат депутаттарымен, ардагерлермен және мұғалімдермен кездесті.

Қостанай облысында болған депутат Хұсайын Валиев облыстық мәслихаттың сессиясына, облыстық кәсіподақ пен қала ардагерлерінің жиналыстарына қатысып, сөз сөйледі. Рудный қаласы мен Әулиекөл, Сарыкөл, Таран, Алтынсарин аудандарында өткен жұртшылықпен кездесулерде әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне назар аударылды.

Сонымен қатар, сенатор Юрий Кубайчуктың облыс активімен, Шахтинск, Теміртау қалалары мен Сарань, Абай аудандарының білім беру саласы қызметкерлерімен кездесулерде еңбекке тарту, қол жетімді тұрғын үй, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы туралы айтылды.

Ақтөбе облысында болған депутат Иран Әміров Ойыл, Қобда, Мәртөк аудандарының прокуратура, сот, АІІБ ұжымдарымен кездесті. Сенатордың Ақтөбедегі құқық қорғау жүйесі органдарымен кездесуінде де сот және құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту мәселелері талқыланды.

Сенатор Рашит Ахметовтің Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті атқарушы және өкілді органдар өкілдерімен, аймақ жұртшылығымен кездесуінде шикізат ресурстарын жоғары деңгейде бөлу және инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру мәселелеріне назар аударылды.

Депутат Мұрат Мұхамедов Қызылорда облысындағы Қармақшы, Қазалы, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарында болды.

 

 

Сенатор А. Бижанов Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында Алматыда бірқатар кездесулер өткізді

 

/«ҚазАқпарат». 11.02.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың ағымдағы жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа Жолдауын түсіндіру жұмыстары бойынша Алматыға барған сапары барысында

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов қалалық №5 аурухананың, әуежайдың, «Қазақтелеком» АҚ-ның ұжымдарымен, Алматы энергетика және байланыс университетінің студенттері және мұғалімдерімен, Әуезов ауданының активімен кездесті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында алға қойған міндеттерге қатысты сенатор Ақан Бижанов әлеуметтік жаңғырту, қолжетімді тұрғын үй, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру, аймақтық даму мәселелеріне назар аударды.

Сенатор атап өткендей, аймақтар «өсу нүктесіне» айналуы керек,  сонда индустрияландыру барысында еңбекке тарту мәселелері шешілуімен қатар, дағдарыс белгілерінің теріс әсерлері мейлінше азайып, экономика нығаяды, халықтың әл-ауқаты арта түседі.

Кездесулер барысында сондай-ақ Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер де талқыланды.

 


ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР МЕН СҰХБАТТАР


 

Мемлекет дамуының бағытын белгілеген құжат

 

/«Егемен Қазақстан». 07.02.2012. Тұрарбек Асанов, Парламент Мә­жілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі./ - Парламент палаталарының бір­лескен отырысында Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың жария еткен кезекті Жолдауын республика тұрғындары отандық телеарналар арқылы тікелей эфирден көріп, кейін баспасөзден оқып, әр адам ел дамуына қажетті басым­дық­тармен танысты, осы бағыт­та­ғы оң үдерістер туралы естіді.

Қазақстан тәуелсіздіктің үшін­ші онжылдығына батыл қадам бас­қан тұста, жаңа құрам­дағы Парламент пен жаңарған Үкі­метке үлкен сенім жүктеліп отыр. Елбасы өз сөзінде халықты арзан тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Бұл – біздің қоғам үшін аса қажетті әлеу­мет­тік маңызды мәселе­лер­дің бірі. Осы мақ­сатта елімізде жаңа «Қол­же­тім­ді баспана-2020» бағ­­дар­ла­ма­сы қабыл­да­натын болды. Президент Үкі­мет­ке 2012 жыл­дың 1 шілдесінен кешік­тір­мей аталған бағдарла­ма­ны жасап, қабыл­дау­ды міндеттеді.

Елбасы бастамасы бойынша тұрғын үй­мен қамтудың әр түрлі оңтайлы жолдары қарасты­рыл­мақ. Оның ішінде ұзақ мерзімге жалға беру, одан кейін сатып алу тәрізді екі түрлі жолы белгілену­де. «Қаражаты мен мүмкіншілігі барлар жалдау ақысын төлеп, ке­йіннен үйді өздеріне сатып алатын болады. Ал мүмкіндігі жоқ­тар жағдайы келгенше ұзақ мер­зімді жалға ұстай беретін болады. Оған қоса жалға алғаны үшін жасалатын төлем әл-ауқаты орташа отбасы мүмкіндігіне сай болуы тиіс. Мұнымен бірге, отан­­дық құ­рылыс саласы үшін жаңа мүм­кіндіктер туады», – деді Нұр­сұл­тан Әбішұлы. Мемлекет бұл бағдарламаны тиісті қаражат­пен қамтамасыз етеді. Осы мақсатта облыстарға да тиісті қаражат бөлінеді.

Сондай-ақ, Елбасы зейнетақы жүйесін жетілдіру мәселесіне арнайы тоқталды. Үкімет пен Ұлт­тық Банк бірлесіп, зейнетақы жү­йесін жетілдіру жөнінде ұсы­ныс­тар әзірлеуі қажет екенін алға тартты. Мемлекетіміз үшін маңы­зы зор жобаларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан несие бөлу мәселесі өте ұтымды ұсыныс болды деп ойлаймын. Бұл да отан­дық экономиканы ілгері бас­ты­руға оң ықпал ететін болады.

Қай мемлекет үшін де отын-энергетика – аса маңызды сала. Оңтүстік өңірдің энергия тап­шы­лығын біржола шешуде Балқаш ЖЭС-нің рөлі айрықша. Президент Үкіметке қуаты 1320 мегаватт, жалпы құны 2,3 млрд. АҚШ долларын құрайтын осы ауқым­ды жобаны жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді.

Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке жоғарыда атал­ған жобаларды жүзеге асыруға қажетті қаржы бөлу үшін бюд­жет­ті қайта қарау жөнінде ұсы­ныс енгізетінін мәлімдеді. Бұл мемлекет қара­жа­тын тек қана тиімді жобаларға бағыттауға мүм­кін­дік береді.

Әлемді қаржы дағдарысы тағы да алаңдатып отыр. Соған қарамастан, Елбасы Жолдауы мемлекет дамуы­ның даңғыл жолын көрсетіп бер­ді. Ал­дағы он жылда е­л­дің ин­дустриялық-инновациялық өсіп-өркендеуінің нақты көрсет­кіш­тері мен бағыт­та­рын жеке-жеке саралап көрсет­ті. Қазақстан – өз даму жолында барыстың қасиет­те­рін таңдап алған ел. Тау бары­сы­ның биікке қарғып секіре­ті­нін­дей, елімізді жаңа бір серпіліс күтіп тұрғанын анық сезінеміз.

Біздің елімізде туризм – сер­пінді дамып кете алмай тұр­ған тың сала, әлемнің бірқатар елдері өз экономикасына туризм арқылы қыруар пайда түсіріп отыр. Елбасы өз сөзінде дамыған елдерде туристік кластердің үлесіне ІЖӨ-нің 10 пайызына дейіні тиесілі екенін, ал бізде 1 пайызға да жетпейтінін айтты.

Шынымен де, Алматы қаласы маңындағы әлемдік стандарт­тар­ға жауап беретін тау шаңғысы курорттарын дамыту өте маңызды. Ол тек сол Алатау баурайындағы әдемі қаламыздың ғана емес, бүкіл еліміздің экономикасын іл­гері бастыруға үлес қосатын болуы тиіс. Енді Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет Алматы баурайындағы ғажайып ай­мақ­ты, сондай-ақ Ақмола облы­сын­дағы Бурабай курортты ай­ма­ғын дамытудың жүйелі жоспарын жасауы керек.
Бүгінгі таңда туризмді да­мы­туға жаңаша қарап, еліміздің әр өңіріндегі тарихи орындарды ше­т­ел­діктер қызыға қарайтындай жағ­дайға жеткізу керек. Туризмді дамыту елдің инфрақұрылымын жа­ңартуға жол ашады деген се­нім­демін. Әр өңірде туризмді жол­ға қойсақ, елге қыруар пайда түсі­ре­тіні сөзсіз, ол біздің мұ­найы­мыз­дан да, газымыздан да кем пайда әкелмейтіні анық. Мем­лекеттің әлеуеті артқаны ха­лықтың әлеу­мет­тік жағдайы одан сайын жақ­сара түсуіне ықпал ететіні анық. Сондықтан туризм­ді дамытуға тек мемлекет қана емес, жеке кәсіпкерлер де үлес қосуы тиіс.
Елбасы Мәжіліс сайлауына қатысқан барлық партиялардың сындарлы ұсыныстарын ескеруге ұмтылғанын жеткізді. Осы тұста айта кету керек, Мәжіліс сайлауына сайлаушылар белсенді қатыс­ты. Өзім Алматы қаласындағы ірі өндіріс орындарында, қоғамдық ұйымдарда, білім беру меке­ме­лерінде кездесулер өткіздім. Сайлаушылар өз сөздерінде Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сая­сатты қолдайтындарын және «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасына үлкен сенім артатындарын жеткізді. Осы орайда біздерге үлкен сенім көрсеткен сайлаушыларға зор ризашылы­ғым­ды білдіремін.

Елбасы айтқан межелерге нақ­­ты қол жеткізетінімізге еш­қан­дай күмән жоқ. Президент елдің ішкі жалпы өнімі жан басына шақ­қан­да 11 мың доллардан асқанын айтты. Ал жақын арадағы бес жылда ішкі жалпы өнімді жан басына шаққандағы 15 мың АҚШ долларына дейін жет­кізу міндеті алға қойылып отыр. Жолдауда халық­тың әлеу­мет­тік жағдайын, әл-ау­қатын арт­тыруға, жұмыс­сыз­дық­ты жоюға, жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше назар аударыл­ғанын айта кеткен жөн.
Елбасы Парламенттің алдына қоғамға аса қажетті заңдар қа­был­дау туралы келелі міндеттер қойды. Оның ішінде әлем ел­дері­нің экономикасында болып жат­қан өзгерістерді ескере отырып, қандай бағыттарға баса көңіл бөлу қажет екенін жіктеп айтты. Ел экономикасын дамытудағы басым бағыттарды айқындап берді. Енді ел халқы белгіленген межелер биігінен көріну үшін бір жа­ға­дан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жұмыс істеуі қажет. Ауыз­біршілікпен атқа­рылған адал еңбек қана бізді діттеген жерімізге жеткізе алмақ.

 

 

Өз үйіне өзі кіре алмай жүр

 

/«Қазақстан ТРК». 07.02.2012. Мөлдір Нұрман./ - Өзіне тиесілі пәтерге қолы жетпей, әркімнің босағасында жүрген қызылордалық жетім қыздың мәселесі сағызша созылып барады. Турасын айтқанда, ол өз жақынынан қиянат көріп отыр. Нағашы әпкесі қыздың ата-анасынан мұраға қалған пәтеріне заңсыз кіріп алған. Жергілікті соттың Гүлмира Алмағамбетованың пайдасына шешкен шешімін орындауға сот орындаушыларында құлық байқалмайды.

Ата-анасынан ерте айрылған Гүлмираны нағашы әпкесі бауырына басқан. Бойжеткенше бағып-қаққан. Енді оның қамқорлығы - қорлық, қаршадай қыздың үйін тартып алғаны - нағыз зорлық болып отыр. Мектеп бітірген соң жиенін алыстағы Алматыға оқуға жіберіп, кеткеннен кейін Қызылордадағы пәтерін иемденіп алады. Сөйтіп жетімек айдың күннің аманында жылап далада қалады.   

 Гүлмира Алмағамбетова, қала тұрғыны:

Өз үйіме кіре алмай, бұйырған жерге түнеуден шаршадым. Алматыда оқып жүргенімде, нағашы әпкем үйдің барлық құжатын қайта-қайта сұратқан еді. Ішім бірдеңе сезіп, магистратураға түсіп тұрған жерімнен қайтып келдім. Сөйтсем, үйімде бәз біреулер тұрып жатыр екен. Мені тыңдайтын түрлері де жоқ.

 Бұл - жәбірленушінің Ұлттық арна тілшілеріне қазан айында берген шағым-сұхбаты. Содан кейін әйтеуір әупірімдеп жүріп Қызылорда облыстық соты былтырғы баспана дауын биылғы қаңтардың 9 күні Гүлмираның пайдасына шешті. Сот өз шешімінде арызданушы Алмағамбетова өз пәтеріне еркін кірсін деді. Одан не қайыр бірақ. Істің әлі де созылар түрі бар. 

 Нұрымжан Сайын, сот актілерін орындау департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы:

Борышкерді үйінен шығару кезінде борышкерге ресми түрде хабардар етуіміз керек. Қазіргі уақытта бұл хабарламаны борышкерге тиісінше табыстай алмай отырмыз. Себебі, борышкерді біз қазір өзіміз де тапқан жоқпыз. Қазіргі уақытта енді сотқа ұсыныс енгізіп, борышкерді іздестіру шарасы жүргізілуде, онымен әрі қарай көші-қон-полициясы айналысады.  

 Сот істі оң шешсе де, жетім қыз әлі күнге туған табалдырығынан аттамақ тұрмақ, өз есігінен сығалай алмай да жүр. Өйткені үй кілттеулі тұр. Сот орындаушыларына қолды келгендей бұл. Борышкерді таппай, табуға тырыспай мәселені кейінге ысырып отыр. Тұщымсыз жауабы жаңағыдай. Айтып айтпай не керек, сот шешімін орындауға міндетті сот орындаушыларының індеті - осы. Олардың осал тұсын білсе керек, жетімнің ата-анасынан мұраға қалған баспанасына заңсыз кіріп алған Бибінұр Балықбаева бой тасалап жүр қазір. Бір қызығы, әлдінің әлсізге көрсеткен әлімжеттігі қылмысқа саналмапты. Құйтырқы әрекеті алаяқтыққа баланбапты.  

 Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Гүлмираны пәтерге кіргізу болса, есікті бұзып кіргізуге мүмкіншілік болар еді. Ал енді шығару болғандықтан, алдымен жаңағы кісіні тауып, қолына повестка беріп, мерзімін белгілеп, сөйтіп шығару керек еді. Қазір ол кісі жоқ, таба алмай жатыр. Тапқасын шығарылады. Немесе ондай болмаса, амал жоқ, сот шешімін өзгертіп, Гүлмираны пәтерге кіргізу мәселесі айтылады. Сол кезде бұл мәселе шешімін табады.

 Гүлмира Алмағамбетова бұл сауалды депутатқа да өзі тікелей жолдаған. Мұрат Әбенов мәселені назарына алған. Қынжылтатыны сол, сот шешімі шыққаннан кейін сот орындаушыларының салғырттық танытып, істің созылып бара жатқаны. Сіз бен біз болып ақиқатын ақтарсақ, әділетке де жетерміз деген үміт бар.

 

 

Көкейдегі сауал

 

/«Айқын». 07.02.2012. Сауалнаманы жүргізген - Жомарт Молдахметұлы./ - Оқушылардың үш айлық жазғы демалысын қысқарту қажет деп ойлайсыз ба?

Оқушылардың үш айлық жазғы демалысын қысқарту қажет деп ойлайсыз ба? Гүлмира Исімбаева, Мәжіліс депутаты:

- Білім беру саласының маманы ретінде айтар болсам, жалпы мектепте білім беруді жүзеге асыру барысында біздің елімізде әрбір сыныптың ай сайынғы жүктемесі, бұған қоса, оларды шәкірттің санасына жеткізу уақыты мен мерзімі, жоспары барлығы-барлығы әлдеқашан зерделеніп, бір жүйеге келтіріліп қойылған. Бұған қоса, айрықша маңызды нәрсе - мектептерде білім беру кезінде баланың шаршамауы, демек оның денсаулығына ауыртпалық түспеу жағдайы да жан-жақты ескерілген. Сондай-ақ балалардың жылдың қай мезгілінде білім алуға барынша бейімді болатыны да назарда ұсталған. Біздің мектептеріміз қолданып жүрген оқу-жоспарында әу баста, осындай маңызды жайттар барынша ескерілген. Демек, оқушылардың жаздыгүнгі үш айлық каникулының мерзімін қысқартып, оларды білім алуға мәжбүрлеудің еш қажеті жоқ.

Мейрам Маемер, Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университеттің оқытушысы:

Шындығын айтсам, оқушылардың жазғы демалысының мерзімін қысқарту біздің менталитетімізге келмейді. Бұл бір! Екіншіден, балалар шіліңгір шілдедегі аптап ыстықта не оқып жарытады? Жаздыгүнгі оқу балаларымыз бен немерелеріміздің жүйкесін қажытады. Ми қайнатар аптап ыстықта балаларды ғана емес, көпті көрген өзімізді де жалқаулық билейтіні бар.

Аягүл Миразова, Алматыдағы №159 гимназияның директоры, Қазақстанның Еңбек Ері:

- 40 жылдан астам қызмет атқарып жүргенде байқағаным, оқушылар жаз айларына қарағанда қыста, көктемде сергек болады. Айтылған әрбір тақырыпты ілезде қағып алады. Ал жаз айлары келе олардың білім алуға деген ынтасы да нашарлай бастайды. Екіншіден, жалпы біздің елімізде жаз айларында жоғары сынып оқушылары білім алады немесе мемлекеттік емтихан тапсырады. Демек, жазғы каникул көп жағдайда бастауыш және 5-8 сынып оқушыларына қатысты. Үшіншіден, біздің қазіргі оқу жоспарымыз да, оқу кестесі де барлығы ең алдымен, балалардың денсаулығын ойлай отырып жасалған.

 

 

Қазаққа керегі – қазақтың ішкі бірлігі. Ол үшін заңның керегі жоқ

 

/«Алаш айнасы». 07.02.2012. Алдан Смайыл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты./ – Алдан аға, осы шақырылымдағы Парламенттің құрамына қандай баға бересіз? Осыған дейінгі шақырылым­мен салыстырғанда бұл Парламенттің әлеуеті қаншалықты? Салыстырмалы түрде айтып бере аласыз ба? Себебі бұл Парламент 65 пайызға жаңарып отыр ғой.

– Көрмеген, естімеген депутаттар туралы пікір айта алмаймын. Өйткені жұмысқа енді кірісіп жатырмыз. Ал өткен Парламент Мәжілісінің депутаттары туралы тек жақсы пікірдемін. Төртінші шақырылымдағы құ­рам заң шығару саласында өте сапалы, білік­тілікпен жұмыс істеді. Себебі ол құрам­да сан саланың мамандары болды. Атап айтсақ, өнеркәсіп басқарған, кәсіп­орын­дарды өз қолымен құрған, сол салада көп­теген тәжірибесі бар еді олардың. Мәде­ниет, руханият саласынан да елді өзінің өнерімен тамсандырып жүрген, әдебиет дегеннің не екенін іштен білетін, ән мен күй дегеннің табиғатын сезінетін және оны бүгінгі заманның құндылығына айналдыра алатындар қатарымызда жүрді. Осы секілді білікті заңгерлер де болды. Жалпы, Парламент қабырғасында төрт жыл жұмыс істеген кезімде қабылданған заңдардың сапасы жақсы болды деп айта аламын. Әсіресе мәдениет туралы заңды атап өтуге тұрарлық. Бұл заңға көптеген өзгерістер енгізілді. Бұрын арман болып жүрген талаптарды кіргіздік. Мәселен, кинофильм­дер туралы тарауына елімізде көрсетілетін кинолардың міндетті түрде қазақ тіліндегі аудармасын беруді енгіздік. Бұқаралық ақпарат құралдарына да меншік түріне қарамастан, қазақ тілінің үлесін арттыру туралы нормалар енгіздік. Бізде республика бойынша бұқаралық ақпарат құралда­ры­ның 83 пайызына жуығы жекеменшік­тің қолында екен. Соған қарамастан, қазақ тілін­дегі хабарларды көбейту, бағдарлама­ларды көшірмей, қазақ тілінде өздерінің төл бағдарламаларын жасау туралы көп­теген баптар енгізілді. Сол заңның арқа­сында, өздеріңіз көріп отырғандай, «Қа­зақ­стан» телеарнасы түгелдей қазақ тілі­не көшірілді. «Мәдениет», «Балапан» бала­лар арнасы ашылды. Осының барлығы осы заң­дардың жемісі деп ойлаймын.

Бұдан басқа, көші-қон туралы заңға, оның ішінде оралмандар мәселесіне көп­теген өзгертулер енгіздік. Мәселен, бұрын шетелдегі этникалық қазақтардың балалары Қазақстанға оқуға келетін болса, келген сәттен бастап азаматтық алуға өтініш бере алатын нормалар енгіздік. Бұл нормалар болмай тұрғанда оқу бітіргеннен кейін не жұмысқа орналасқан соң ғана азаматтық алу мүмкін болатын.

Сондай-ақ «Неке туралы» кодексті қабыл­дағанда фамилиямыздан «-ов», «-ева» деген жұрнақтарды алып тастау туралы тар­мақтарды өзім енгіздім. Ол заң да заң­дас­тырылып, қол қойылып кетті. Осы секіл­ді жақсы заңдар өте көп. Мүмкін, өзі­мізді көбірек насихаттамаған шығармыз, әйт­песе мұндай халық игілігіне жұмыс істейтін заңдар көп қабылданды.

Ал қазіргі құрамның қандай екенін жұмыс істей бастағаннан кейін көреміз. Бірақ сырттай тізімді қарап отырсам, бұл құрамға да әр саладан өзінің мамандары келген секілді.

– «Ақ жол» партиясының құрамын­да біраз зиялыларымыз бар еді. Сол үшін де жұрттың көпшілігі осы партияға дауыс бергеніне күмән жоқ. Алайда Парламентке өткен тізімде ол зиялы­лардың біреуін де көрмедік. Негізінен, өңкей қалталы кәсіп­керлер. Сол үшін де «Ақ жол» партиясының құрамында жүрген зиялы ағаларымыз өкпелеп, баспасөз беттеріне уәждерін айтып, парламенттік мандат саудаға түсті деп те жайып салды. Бірақ Парламент қа­быр­ғасына өткен тізімнің тек кәсіп­кер­лерден тұратынын «Ақ жол» пар­тия­сының төрағасы Азат Перуашев алда келе жатқан жаһандық дағдарыс­пен байланыстырып, соған қарсы экономистерден жасақтағанын айтып ақтал­ды. Жалпы, бұған сіздің пікіріңіз қан­дай?

– Біріншіден, «Ақ жол» партиясының сегіз депутаты Парламент Мәжілісінде соншалықты атмосфера жасай қояды деп ойламаймын. Өйткені кез келген шешім жалпы дауыспен шешіледі. Өзіңіз білесіз, «Нұр Отаннан» 83 депутат отыр. Ал ҚХКП мен «Ақ жолдан» жеті-сегізден ғана. Бұл – бір. Екіншіден, әрине, егер олар эконо­ми­калық мәселелерге қатысты, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша өзде­рінің тың ойларын ұсынып жатса, ол да жақсы. Өйткені шағын және орта кәсіпкер­лік дегеніміз – елдің өндірістік әл-ауқатына ерекше ықпал ететін сала. Сол шағын және орта бизнесті дамыту арқылы біз ұлттық экономикалық буржуазияны жасай аламыз. Ұлттық экономикалық буржуазия деп отырғанымыз – сала-сала бойынша экономиканы осы заманғы деңгейде дамыта алған, елімізге озық технологияны әкеп енгізген, Қазақстанның өзінде өндірілетін өнімдерді көбейте алатын топ. Әрине, оның ішінде қазақ кәсіпкерлері көп болса тіпті жақсы. Өйткені қанша дегенмен ол экономикамызға отандық сипат береді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, «ақжолдық» сегіз адам бизнесмен боп кетті деп үркетін ештеңе жоқ.

Ал «Ақ жолдың» әуелде партиялық тізімде болған қаламгерлердің неге өтпей қалғаны туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Өйткені ол «Ақ жол» партиясының өзінің ішкі саясатына қатысты нәрсе. Мүм­кін, «Нұр Отан» партиясының құрамындағы әлеуметтік-рухани салаға қатысты адам­дардың біразы енгендігі ескерілген болар. Бұл жерде ештеңе айта алмаймын. Ал кәсіпкерлер жайында жаңа айтып өттім.

– Бұл шақырылымдағы Парламент­тің көппартиялы болатыны о бастан белгілі еді. Бірақ сіз дәл осы партияларды Парламент қабырғасынан көре­мін деп ойлады­ңыз ба? Мәселен, Қа­зақстан халықтық ком­мунистік пар­тия­сы өтеді деп болжап па едіңіз?

– Мен «Ақ жол» партиясының өтетініне күмәнданғаным жоқ, бірақ коммунистердің Мәжіліске келетіндігі туралы ойлаған ем­еспін. Себебі мен Коммунистер партиясынан халық дүр ете қалатындай идеяны оқып та, көргенім де жоқ. Олар өз бағдар­ла­маларында әлеуметтік сипат береміз дейді. Ал әлеуметтік мәселені «Нұр Отан» да, Үкімет те ойдағыдай шешіп келе жатыр. Кез келген ойдың, идеяның қарапайым анықтамасы болуы керек. Ал әлеуметтік деген не? Әлеуметтік мәселе өз алдына бөлек тұрған сала емес. Экономика дамыса ғана сенің әлеуметтік мәселелерің шеші­леді. Айталық, 1996 жылдары Қазақстанда әр жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 700-ақ доллардан келетін. Республика Пре­зиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жан басына шаққандағы осы көрсеткішті 2011-12 жылдары 13 мың долларға жеткіземіз деп талап қойған болатын. «Нұр Отан» партиясы осы жолда жұмыс істеді. Міне, соның нәтижесінде 2011 жылдың ая­ғында ішкі жалпы өнім әр жан басына шаққанда 11 мың долларға жетті. Сіздің әлеу­меттік көрсеткішіңіз осыдан барып шығады. Өйткені көпбалалы аналарға, сту­денттерге, мүгедектерге берілетін жәр­дем­ақы, тұрғын үйге, денсаулық сақтауға, білімге бөлінетін қаржы осы көрсеткіштен бастап көбейеді. Мен бір-екі-ақ мысал келтірейін, осыдан 4-5 жыл бұрын «ден­саулық сақтау саласына Қазақстан 1 триллион теңге бөледі» десе сенбес едім. Қазір сол шындыққа айналып, медицина саласына бүгінде 1 триллионнан астам қаржы бөлініп отыр. Осыдан біраз жыл бұрын мәдениет саласына жылына 60 миллиард теңге бөлінетін. Қазір 260 миллиард теңге­ден асып кетті. Әлеуметтік жәрдемақылар екі жарым есеге көбейді. Енді «Нұр Отан» партиясы нақтылы экономикалық дәйекте­мелерге сүйене отырып, көпбалалы ана­ларға берілетін жәрдемақыны екі жарым есеге өсіру, алдағы бес жылда әр жыл са­йын кемінде 9 миллион шаршы метр тұр­ғын үй салу, ауылда 300-ден астам меди­цина­лық-фельдшерлік пункттер құрып, соған барған жас мамандарға үй беру секілді нақтылы әлеуметтік жобаларды жүзеге асы­рып жатыр. Бұл сайлауалды платформасында бар. Сондықтан бұл да жүзеге асыры­латын дүние. Ал коммунистер мұ­ның сыртында тағы не істей алатынын мен түсінбеймін. Мұның сыртында бірдеңе жасау дәл қазір мүмкін де емес. Өйткені эконо­микамыз да, қаржымыз да осыған лайық­талған.

– Қазаққа басқасы емес, осы ком­му­нистердің тізесі қатты батқанына тарих куә. Өткеннің тарихында қазақ үшін зұл­мат болған партияның атын алған коммунистеріміз қалайша көп­шіліктің қолдауын тауып, Парламент қабырға­сы­на өтіп кетіп отыр? Осыған не дер едіңіз?

– 7 пайызды көпшілік деп айта алмай­сың ғой. Дегенмен, біріншіден, бізде бұ­рын коммунист болған, қазір жасы біразға жеткен адамдар әлі де баршылық. Олар сол коммунистік партиямен өздерінің бүкіл тағдырын байланыстырған және олардың сенім-нанымында сол коммунистік идея­дан артық идея жоқ болуы мүмкін. Ондай қариялар әр ұлтта бар. Екіншіден, бұлар сайлау науқаны кезінде үгіт-насихат жұ­мыс­тарын өте жақсы жүргізді. Сарапшылар да солай деп отыр. Бұлар қалың бұ­қа­раның ішіне еніп, насихаттың әртүрлі фор­маларын тиімді пайдалана алды. Үш­ін­шіден, коммунистердің өтіп кетуіне Парламент Мәжілісіне өтпей қалған пар­тия­лардың платформаларының әлсіздігі себеп болып отыр. Олардың сайлау кезіндегі үгіт-насихатының дұрыс болмауы комму­нистердің Парламентке өтіп кетуіне ықпал етті деп ойлаймын. Парламентке өтпей қалған партиялар жақсы саяси-экономи­калық платформамен шықса, ол бағдар­ла­малары халықтың көкейіне қонса, елді аралап, тек қана Қазақстанның 20 жыл ішінде жеткен жетістігін жамандай бермей дұрыс насихат жүргізсе, олар коммунистерді әлдеқайда артқа тастап кетуі мүмкін еді. Өйткені жетістіктерімізге көз жұма қа­рап, билікті жамандай бергеннен абырой таппайсың. Себебі халық жетістікті көріп отыр, жетістігіміз ұлан-ғайыр. Оны жоққа шы­ғару арқылы ұпай жинаймын деу бұл заманда ақымақтық. Сондықтан да сол әдістен арылып, басқаша жолмен шық­қанда, олар да Парламенттен орын алар ма еді... Коммунистердің жеңіске жетіп, Пар­ламент Мәжілісіне келуінің негізгі себебі сол партиялардың осалдығынан деп білемін.

– Көппартиялы Парламент болған­дықтан, ендігі шығарылатын заңдар да сапалы болады деуге бола ма?

– Өз басым заңдардың сапалы болуы Парламентке екі немесе үш партияның келуіне байланысты деп ойламаймын. Заң­ның сапалы болуы депутат болып отырған адамдардың өз саласына жетіктігімен есептеледі. Заң біліктілікті, біліктілікті және тағы да біліктілікті қажет етеді.

– Қазақ қоғамы үшін кезек күт­тір­мейтін, кейінге ысырмай бүгін істелуі тиіс мәселе қайсы деп айтар едіңіз?

– Қазақтың өзіне керегі – қазақтың ішкі бірлігі. Ол үшін заңның керегі жоқ. Қазаққа керегі – қазақтың қазақша сөйлеуі. Оған да заң керек емес. Ол әркімнің ұлтына деген сүйіспеншілігіне байланысты. Әттең, не керек, қазіргі күнге дейін осылай болмай отыр ғой. Ал енді заң тұрғысынан келсек, қазақ қоғамы үшін ең керек дүние – ономастика мәселесі. Ономастика туралы заң­ның керек екенін Парламентте төрт жыл бойы айттық. Біз ономастика туралы заңда қандай баптар, тұжырымдар болуы керек­тігін көрсетіп, жазып, талқылап бердік. Біз ономастика саласында талас тудырып жүр­ген мәселелерді шешуіміз керек. Мәселен, Петропавл, Павлодар секілді қалалардың атауын қалай өзгертуге болады? Оны заң­дас­тырмай, құр мәслихат немесе көпші­ліктің айқай-шуы болмаса бір саясаткердің ерік-жігері арқылы өзгерту қиын. Ол үшін заң және оның ішінде «Қазақтың жер атау­ларын патшалық отарлау жылдарында қазақ халқымен есептеспей, оның дәс­тү­ріне, табиғатына, діни көзқарастарына қай­шы атаулармен өзгерткен болса, ол қа­зіргі тәуелсіз Қазақстан кезінде заң бойынша міндетті түрде өзгертілуі тиіс» деген секілді баптар болуы керек деп есептеймін. Міне, сол кезде жаңағыдай қиын түйін­дерді шешу оңай болатын еді. Біз сондай заңдарды қабылдайтын кезеңге жеттік. Оны қазір шешпесе, бұл мәселе өмір бақи қыр соңымыздан қалмайды. Өткен сессия­да Қызылжар көтерілді, осы сессияда Павлодар көтеріле ме, кім білсін?

Одан кейін қазіргі қалаларға қарасаң, неше түрлі аттар пайда болды. Әр кәсіпкер өзінің салған нысанына «триумф», «сриумф» секілді анау-мынау аттар беретін бо­лып алды. «Ол атаулар біздің Қазақ­станға, қазаққа жат» деп тыятын заң жоқ. Сон­дық­тан осының бәріне тосқауыл қоятын заң ке­рек. Мен Мәжілістен осы заңды күте­мін.

Тағы бір ескеретін жайт, біз өткен жылы «Мәдениет туралы» заң қабылдаған болатынбыз. Сонда көп дүниелерді жеке заңға айналдыру керек екеніне көзім жетті. Мәселен, киноны жеке заңға айналдыру керек. Кинофильм деген – үлкен рухани байлық. Қазір біз көріп жүргеннің көбісі қазақ киносы емес. Кез келген арнаны  ашып қалсаң, ілуде бір қазақ киносын көресің. Бізде қазақ киносы жоқтың қасы. Қазақ­станда кино индустриясын дамытпайынша, біз шетелдің рухани экспансиясынан арыла алмаймыз. Ол үшін киноны жеке заң ретінде алып шығу керек. Ал мәдениет өзі жеке заң болуы қажет.

Тағы бір үлкен мәселе – балаларды зиян­ды ақпараттан қорғау. Өткен Парламент Мәжілісінде мен осы мәселеге байланысты қазақ тілінде арнайы заң жобасын жазып шықтым. Заң «Балалардың ден­саулығы мен мінезіне зардабын тигізетін зиянды ақпараттан қорғау туралы» деп аталады. Мұндай заң шетелдерде бар. Ресейде де қарастырылып жатыр. Мұның маңызы неде десеңіз, қазір кез келген сауда орталықтары ойын ойнайтын компьютерлерге толып тұр. Мұндай орталықтарға кірген бала таң атқаннан кеш батқанша отырады. Ойнайтын, көретіндері – кісі өл­тіру, етін жеу, қып-қызыл қан секілді көрі­ністер. Суицид, қатыгездік деген осындайдан шығады. Телеэкранның іші де сондай фильмдерге толып кетті. Мұның бәрін БАҚ туралы немесе телевизия жөніндегі заңмен реттей алмайсың. Сондықтан бізге жоғары­да атаған заңды Мәжілісте қабылдау керек. Егер дәл қазір нені қабылдау керек деп сұрасаң, мен осыны айтар едім. Осындай мәселелерді заңдастырып, соны логи­калық биігіне жеткізіп қабылдайтын бол­сақ, қазіргі қазақ қоғамының рухани дамуына біршама ықпал жасар едік.

– Мәселен, Түркия 2006 жылдан бастап өз телеарналарынан орыстың «Винни Пух» мультфильмін көрсетуге тыйым сал­ған екен. Ондағы Пятачок кейіпкерінің шош­қа болғандығы үшін. Ал шошқа мұ­сыл­ман әлемінде харам саналғандықтан, бұл мультфильм ба­ла­лардың санасына кері әсерін тигізеді деп көрсетпей тастаған. Бізге де осындай сүзгі қажет дейсіз ғой...

– Әрине, ондай сүзгі қажет. Мұның бәрін заңдастырмай болмайды деп жатқаным, бізде жыл сайын елімізде баспадан шығарылатын кітаптарды тексеріп қарайтын Мәдениет министрлігі жанынан құрылған комиссия бар. Мен сол комис­сияның мүшесімін. Біз баспаға кететін кітаптарды бөліп алып, күмәнді деген әде­биеттерді бастан-аяқ оқып шығамыз. Оларға пікір де жазып береміз. Сондай оқулықтардың арасынан бір күні қолыма ертегі кітап түсті. «Кейінгі кезде ертегі жазылмай кетіп еді, мынау жақсы болды ғой» деп әлгі кітапты қуана оқи бастасам, кітапта «Ібіліс – адамға жақсылық ойлайтын пе­ріште» деп Ібілісті үлкен кейіпкерге айналдырып, ертегі жазыпты. Ал Ібілістің кім екенін бүкіл мұсылман біледі. Ол – Алла­ның бұйрығына бойсұнбай, адамға сәжде қылмай, жұмақтан қуылған, лағнеттелген шайтан. Соны әлгі кітап жағымды кейіпкер қылып жазыпты. Біз әлгі кітапты қолма- қол орта жолдан кері қайтардық. Міне, осындай дүниелерді жібермеу үшін бізге заң қажет. Заңсыз бұл заманда ештеңе істей алмайсың.

– Жақында ақпарат саласы тағы да Мәде­ниет министрлігіне қосылып, Мәде­ниет және ақпарат министрлігі болды. Бұған дейін Байланыс министр­лігінің жанында болды. Осыған қарап, ақпарат өз ортасын таба алмай жүр ме деген де ой туады. Қалай ойлайсыз, ақпаратты министрліктің жанына қо­сақ­татып қойғанымыз дұрыс па?

– Менің осы салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген журналист ретінде айтатыным, мәдениеттің бөлек болғаны дұрыс. Мәдениеттің істейтін жұмысы өте көп. Ол зиялы қауыммен жұмыс істеуі керек. Зиялы қауымды рухани дамуымызға, қазіргі Қазақстанның жүргізіп отырған саясатын қостау үшін, тың идеялармен байыту үшін, өте сапалы жаңа әдеби дүниелер мен кино сценарийлерін дүниеге әкелу үшін дұрыс пайдалануымыз керек. Кейінгі кезде кино­мыздың дамымай қалуы әдебиеттің кенжелеуіне байланысты болып отыр. Әдебиет – күллі рухани әлемнің негізі. Сценарийсіз – кино, драмасыз – театр, өлеңсіз ән жоқ. Ал осының бәрін жасап жатқан – әдебиет. Бұдан басқа, қолөнері, археология, архитектура, тарихи ескерткіштер бар, осылар­дың бәріне бір ғана министрлік көрегендік­пен, зерделікпен ие болып, дамытып отыруы қажет. Ал ақпарат саласы өте күрделі дүние. Ақпарат деген – тұнып тұрған саясат. Ақпаратсыз саясат жоқ. Саясатты насихаттайтын да, сынайтын да, оған көзқа­расты қалыптастыратын да – бұқаралық ақпарат құралдары. Ол өмір бақи дамуды қажет етеді. Қазір Ресей мен Қытайда ақпараттың «құдіреті» туралы зерттеулер өте көп. Осымен айналысатын арнайы институттар мен орталықтар бар. Оларда ақпарат құралдарының пәрменді­лігін барлау саласы да зерттейді. Ресейде А.Панарин деген академик бар. Соның бұқаралық ақпарат құралдарының технологиясына қатысты үлкен еңбегі бар. Сол еңбекте автор Қытайдың, АҚШ-тың ақпараттық саясатына үлкен талдау жасайды. Қытай да, АҚШ та – әлемге ақпаратын кең таратып отырған елдер. Бұл елдер өзінің ақпаратына «мәдени үрейлендіру» деген мазмұн береді екен. Ол дегеніміз – Қытайдың мәде­ниетін әлемге дамылсыз насихаттай беру арқылы үрейлендіру. Сондағы мақсаты өзге елдерге «бұл мәдениеттен біз артық ештеңе жасай алмаймыз, басты босқа қатырып қайтеміз, сол мәдениетке бейімделейік» деген пиғыл туғызу екен. Сол секілді «ақпараттық үрейлендіру» деген де бар екен. «Қытайдың экономикасы деген үйтіп жатыр, бүйтіп жатыр. Ол жер-көкке сыймай жатыр. Аспанасты елі бәрін билеп-төстейді» деген секілді ақпаратты күндіз-түні бере береді екен. Бұдан біраз уақыттан кейін психология да өзгеріп шыға келеді. АҚШ та солай. Сондықтан біз жаңағыдай ақпараттан қалай қорғану керектігін ойлануымыз керек. Қарсы ақпарат қоя білуіміз қажет. Бұл сала бізде әлі игерілмеген. Мен бір ғана пұшпағын айтып отырмын.

Сондай-ақ қазақ тілін электронды ақ­па­рат құралдарының тіліне айналдырмайынша, ол ХХІ-ХХІІ ғасырдың тілі болмайды. Қазақ тілі бүкіл технологияның, білімнің тілінде, қарапайым қолданыста болмаса, кенжелеп қала бермек. Осы мәсе­лені өткен төртінші шақырылымда үш мәрте көтердім. Үшеуінде де жақсы жауаптар алдым. Сол кездегі Байланыс және ақпарат агенттігі осы мәселе бойынша арнайы бағдарлама қабылдап, жүзеге асы­руға кірісіп те кетті. Біршама жетістіктер де бар. Мұның бәрін айтып отырған себебім, осының бәрін дербес бір министрлік алып жүрсе, ол да жақсы болар еді.

Мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетіне барып дәріс оқып отырамын. Сонда байқағаным, қазіргі журналистерді дайындау жүйесімен біз бұқаралық ақпа­рат құралдарын дамыта алмаймыз. Әлгі факультеттердің материалдық базасы өте жұтаң, шетелдердегі ақпарат құралдары­ның технологиясы жоқ, оны үйрететін маман да жоқ. Соған байланысты мен тағы бір мәселе көтердім. Қазақстанда шетелдердегі осы заманғы ең ірі ақпараттық, журналистік институттардың негізінде медиаакадемия ашу керек. Оны керек-жа­рақ­тың бәрімен жабдықтау керек. Мұн­дай­ды жақында ғана ашылған «Қазмедиа» орталығынан неге ашпасқа деп ойлаймын. Бастапқы кезде шетелден мамандарды шақыртайық, бірте-бірте өзіміздікілерді де оқытайық. Біз осы арқылы отандық журналистиканы дамыта аламыз. Мұның бәрі ойлап тұрсаң, қыруар шаруа. Онымен жеке дара бір министрлік немесе агенттік айналысуы керек. Ақпарат дегенге жеңіл-желпі қарауға болмайды.

ОҚШАУ ОЙ

Бізге дін туралы заңның басқа діндерге, ағымдарға қатысты баптарын қатайта түсіп, керегі жоқ діннен арылу керек. Ол абырой бермейді. Бір мысал айтайын, Жапония ерте заманда өзінің қақпасын сырт елдер үшін үш ғасыр бойы ашпаған. Әлемнен келгендердің ешқайсысын қабылдамаған. Қандай да бір шаруамен келген елдер кемемен портқа келіп тоқтап, тек сол кеменің ішінде түнеп қайтқан. Егер императормен сөйлескің келсе, императордың өкілі өзі келіп, сәлем-сауқатыңды императорға жеткізіп тұратын болған. Ал ішке кіруге рұқсат жоқ. Бұл неге осылай болды екен деп зерттедім. Сөйтсе, баяғыда Жапонияға испандықтар барыпты. Әлгілер императордың қабылдауында болып, жапондықтарға «біз Американы, Латын Америкасын, ананы-мынаны жаулап алдық» деп мақтанған. Император қалай жаулағандарын сұрайды. Сонда испандық: «Біз бір құрлықты ашқаннан кейін оған лап етіп жетіп бармаймыз, ең бірінші, миссионерлерімізді жібереміз. Олар дінімізді жаяды, испан халқын, мәдениетін жатып алып мақтайды. Біраз жыл осылайша жұмыс істейді. Уақыт өте жергілікті халықтың испандық­тарға деген махаббаты оянады. Тіпті «бұл испандықтарды көрсе ғой» деп күтеді. Сосын біз барамыз да, соғыссыз-ақ оларды жаулап аламыз», – деген екен. Содан император мемлекетіне «есікті жабыңдар» деп бұйрық берген. Ол есік жапондықтар әбден мықты ұлт деңгейіне көтерілгенше, үш ғасырға жабылады. Жапонның бірде-бір ұрпағы басқа ұлттың ықпалына кетпейді дегенге көз жеткізгеннен кейін барып қана қақпаны ашқан. Сондықтан да бізге керексіз діндерді жабатын заң керек. Еуропаның өзі керек кезінде осындай қадамдарға барады.

 

 

Қазақстанның қуаттылығы – өңірлердің қуаттылығы

 

/«Егемен Қазақстан». 08.02.2012. Жексенбай Дүйсебаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты./ - Мемлекетімізде Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың бастамасымен 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан әлеу­мет­тік-экономикалық үлкен жо­балар­дың бірі – индустриялық-ин­но­вация­лық даму бағдарламасы. Бағ­дарлама әртараптандыру және бәсекеге қабі­леттілігін арттыру ар­қылы экономи­ка­ның орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Елді жан-жақты дамыту арқы­лы шағын және орта бизнес, кейін­гі қайта бөлу және қайта өңдеу үшін жаңа бизнес-мүмкіндіктерді мультипликациялау мен экономика­ның дәс­түрлі экспортқа бағдарланған секторларында ірі инвес­ти­ция­лық жобаларды іске асыру үде­мелі индустрияландыру сая­саты­ның негізгі басымдығы болып отыр.

Осы күрделі де кешенді бағ­­дарлама аясында өткен жыл­­дың өзінде 288 жоба іске қо­сылды. Соның барлығы хал­қы­мыздың әлеуетін жақсар­ту­ға, экономикамызды дамытуға жұмыс жасап жатыр. Әрмен қарай да жаңа кәсіпорындар ашылады. Бұл – елдің болашағын өр­кендетуге, халқымыз­дың әлеу­мет­тік жағдайын жақсарту­ға, аза­мат­тарымыздың жаңа жұмыс орын­дарын табуына, өңірлердің тү­леуі­не ерекше зор ықпал ететін бағ­дарлама. Аталған бағдарламаға Елбасы өз Жолдауында арнайы тоқта­лып өтті.

Жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында Мемлекет басшысы ең бі­рін­ші экономика мен халықтың тұр­мыс жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Соның ішінде ай­рықша мәні зор бастама осы бағ­дар­лама. Биылғы Жолдаудың басты ерек­ше­ліктері қандай десек, қо­ғам­ды да­мы­ту­дағы елдің өр­кениет жо­лындағы алға басуы қалай жүзеге асырылатыны жан-жақты көрініс тапты. Өйт­кені, экономиканың дамуы – елі­міз­дің әлеуметтік жағ­дайы­ның жақ­саруы. Экономиканы тұрақты даму жолына түсірмей тұрып, халықтың жағдайын жақ­сар­ту, оларды жұмыс­пен қамту, білімін жоғарылату, ден­сау­лығын жақсарту, тұрғын үймен қамту мүм­кін емес. Елбасы айтқан нәти­же­лерге қол жеткізу үшін қо­ғам­­­ның барлық саяси, мәдени күш­тері біріге отырып, жұмыс істесе ға­на қол жеткізетініміз анық. Елімізде береке мен бірлік болса, халқы­мыз­дың ауызбіршілігі сақталса, экономикамыз алға қарай дамиды, ха­лықтың жағдайы жақсарады.
Президент елді өркендету үшін қажетті негізгі 10 ауқымды ба­ғыт­ты айқындап берді. Қазір бір­қа­тар ха­лықаралық сарапшылар, белгілі саясаткерлер әлемде алдымызда та­ғы да бір қаржы дағдарысы болуы ықти­мал екенін айтып жүр.

Елбасы жұмыспен қамту мәсе­ле­­сін бірінші кезекке тегіннен-те­гін қойып отырған жоқ. Бұл – ха­лық­тың да, елдің де жағдайын жақ­сарту үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың өз­дерін табыс табу мүмкіндігіне жеткізу деген сөз. Ол үшін индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жаңа өндіріс орындарын ашуымыз керек, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуымыз қажет. Және осы Жолдауда жұмыспен қамту еліміздің барлық өңірінде жү­зеге асуы тиіс екені атап өтілді

Елбасы екінші кезекте «Қол­же­тім­ді тұрғын үй-2020» бағдар­ла­ма­сына тоқталды. Елімізде жылына 6 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып келсе, енді оны 1 млн. шаршы метрге жет­кі­зу көз­деліп отыр. Соның бір бө­лігін жас отбасыларына жал­ға беру қа­расты­рыл­мақ­шы. Со­ның жол­дары жан-жақты ай­­­қын­далатын болады. Елдің бо­ла­шағы – жас­тар. Ал отбасылы бол­ған жастар үшін ең бірінші ке­зектегі мәселе қай заманда да тұрғын үй болатыны сөз­сіз. Міне, Елбасы Қазақстан жастарын қол­дау мақсатында осын­дай ізгі қадам жасап отыр. Бұл әр­бір ша­ңы­рақ­тың ынтымағы нығая тү­суі­не, ба­ла­лар­дың дүниеге келуіне жол ашады. Осы бастама халқы­мыздың әлеу­меттік жағдайын ана­ғұрлым жо­ғары кө­те­реті­ні­не мен кәміл сенемін.

Бүгінгі таң­да көптеген жас отбасылар қа­лаларда қым­батқа пә­тер жал­­дап, қи­налып жүр. Үй алуға кө­мек сұрап, өті­ніш жа­сай­тын­­дары да аз емес. Өз­дері­нің тапқан аз ға­на еңбекақыларын пәтерақыға тө­леу­­дің қандай қиын екендігін бәрі­міз сезі­неміз. Сондықтан Елбасы­ның сөзі жастарды да, олардың ата-аналарын да, кішкентай балаларын да қуан­та­ды. Басқа елдердің бірде-біреуінде мұндай тәжірибе қолға алынған жоқ.

Егер елімізде тұрғын үй салу үдерісі жанданса, экономикамыз да жандана түсетіні сөзсіз. Өйткені, құ­рылыс материалдарын шығара­тын өндіріс орындары ашылады. Олар­дың өнімдері жоғары сұра­нысқа ие болмақ. Ол жерлерде де жаңа жұмыс орындары ашылады. Тұрғын үй салу құрылысына қан­ша­ма азаматтарымыз қамтылатын болады?!

Үшінші мәселе – өңірлерді дамыту. Аймақтардың жағдайы жақ­сар­май, еліміз өркендемейді. Әр өңір­дің өзіндік ерекшеліктері, эко­но­микалық мүмкіндіктері бар. Та­би­ғи жағ­дайы­на бейімделген ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі және сол өңірде шығарылатын ши­кі­затты өңдеу үшін өндіріс орындары орналасқан. Елбасы Үкіметке әр аймақтың ерекше­лі­гін ескере отырып, дамытуды тапсырды. Өңір­лер­дің инфрақұрылы­мын жоға­ры дең­гейге көтеру қажет. Яғни, өңір­лерді таза ауыз сумен, жет­кілікті электр энергиясымен қамту, комму­нал­дық шаруашылық жұмы­сын жол­ға қою – бірінші кезектегі міндет.

Үкімет және жергілікті атқару­шы билік өңірлерді дамыту­дың бағ­дарламасын жасап, Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруы тиіс.

Әрине, қандай жұмысқа да маман қажет. Білікті маман ұжымның қызметін ілгері бастырады. Сол ар­қылы елдің дамуына үлес қосады. Елбасы мемлекетіміздегі басқару жү­йесін жаңғырту мәселесіне де ар­найы тоқтады. Шынымен де, жаңа ғасырда жоғары талаптарға жауап беретін білікті мамандар даяр­ласақ, алда болуы ықтимал эко­номикалық қиындықтарға да қарсы тұрамыз. Қа­шанда көзделген мақсаттарға ма­мандардың іскерлігі арқасында қол жеткізілген ғой.
Мемлекет басшысы адами капиталды дамыту мәселесіне жеке тоқ­тал­ды. Әр азаматтың жас кезі­нен білімі мен денсаулығы мықты болуына маңыз берілмек. Қазақ­стан әлемдегі елдердің арасында бәсекеге түсе алатын, экономикасы тұрақты, білікті мамандары бар ел болуы тиіс. Сондықтан Жолдауда адами капиталды дамытуға баса көңіл бөлінген.

Елбасы тоқталған тағы бір сала – ауылшаруашылығы саласы. Бүгінде ел тұрғындарының 47 пайызы ауыл­дық жерлерде тұрады. Сондықтан ауыл­дың экономика­лық-әлеуметтік жағдайын көтеру­дің маңызы зор. Бүгінгі таңда ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруді жаңаша қалып­тастыруға айрық­ша мән берілуде. Әсіресе, біздің өнімдеріміз көршілес елдермен бәсекеге түскенде сапасы жағынан кем болмауы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Өте сапалы бидайымызды, әртүрлі дәнді-дақыл­дары­мыз­ды экспортқа экономикалық тиімді жолмен шығару үшін астық холдингін ашуымыз керек. Ауыл­дық жерлерде шағын несие беру мәселе­сін орынды шешу көзделіп отыр. Өңір­лерде шағын кәсіпкер­лік­ті, қо­салқы шаруашылықты дамыту жаңа жұмыс орындарын ашу­ға алып ке­летіні сөзсіз. Елбасы осы мәсе­лел­ер­ге баса көңіл бөлуді тапсырды. Ме­нің ойымша, бұл – ауыл­дың дамуына үлкен серпіліс жасайтын бастама.
Қазіргі уақытта халықты азық-түлікпен қамту – бұл біздің елдегі ғана емес, әлемдік тұрғыдағы мә­се­ле. Өйткені, Жер шарында адам баласының саны жыл санап өсіп келеді. Қазірдің өзінде 7 миллиардтан асты. Сарапшылардың болжамы бойынша, таяу жылдары адамзат баласы 9 миллиардқа жетпек. Бұл – азық-түлік өнімдеріне сұра­ныс артады деген сөз. Әлемде ха­лық саны артуы мүмкін, бірақ жер үлкеймейді. Сондықтан жаңа технологияларды пай­даланып, ауылшаруашылығы тауар­ларының өнім­ділігін арттыруымыз керек. Жаңа дәнді-дақылдарды өсіруді қолға алған жөн. Төрт түлік малымызды асылдандыруды жүйелі түрде дұрыс жолға қоятын кез келді.

Өткен жылғы Жолдауда 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жететіні, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең екені айтылды. Бұл бастама­ның эко­номикамызға қыруар табыс әкелетіні анық. Еліміздің әр өңі­рі­нен 60-қа жуық мал бордақылау орындарын ашу жоспарланып отыр. Онда 300 мыңға жуық ірі қара ба­ғылатын болады. Соның бәрі азаматтарымызды жұмыспен қамтуға себін тигізеді. Осы міндеттерді орындаудың бар­лық тетіктері ес­кері­ліп, бағдар­ла­ма­лар жасалған. Оны жүзеге асыру үшін қаражат керек. Қазіргі уақытта елімізде тиім­ді жобаларға жұмсауға жет­кі­лікті қаражат бар. Елбасы Ұлт­тық қорымыз бен Алтын-валюта қо­ры­­мыз­дағы қаражатты осындай ай­шықты бағдарламаларға салуымыз керек деген пікір айтты. Ол үшін қабылданған үш жылдық респуб­ли­калық бюджет жоспарына да өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізіле­ті­ні қарастырылуда.

Еңселі еліміз бен қайратты халқымыз жиырма жылдың ішінде өзінің қолынан іс келетінін әлем алдында дәлелдеп берді. Екі 10 жылдықта қаншама елдердің алдына шығып, зор табыстарға жеткені­мізді дүние жүзі мойындап отыр. Үшінші он жылдықта одан әрі даму – негізгі мақсат. Тек қана қол жеткізген жетістігімізбен тоқталып қалмауымыз керек. Бұдан әрі да­мы­масақ, әлемдегі өркениетті ел­дер­дің қатарына ілікпейміз. Дүние жүзіндегі беделді мемлекеттердің бел ортасында болуға, өркениет жо­лында биік белестерді бағын­дыруға толық мүмкіндігіміз бар. Елбасы мемлекетіміздің негізгі даму бағытын бағдарлап берді. Оны бүкіл халық болып жүзеге асыру елдік мақсат-мұратымыз болуы тиіс.

 

 

Депутаттардың міндеті - Елбасы Жолдауынан туындайтын бағыттар бойынша отандық заңдарды сапалы түрде жетілдіру

 

/«ҚазАқпарат». 08.02.2012. Айдын Бәймен./ - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Рамазан Сәрпеков өз ойларын ортаға салды.

- Рамазан Құмарбекұлы, Қазақстан Президенті жария еткен биылғы Жолдаудың ерекшелігі, басты бағыттары туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз?

- Тәуелсіздік алғанымыздың 20 жылдан асқан тұсында асқаралы асулардан өткенімізді анық көріп отырмыз. Мемлекетімізді қалыптастыру жолында қандай да бір қиындықтар алдымыздан шыққанына қарамастан, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықтың арқасында бүкіл халықтың игілігін көздейтін тұрақты экономиканы дамыта отырып, көптеген дүниенің шешімін тауып, жетістіктерге қол жеткіздік. Оның игілігін ел-жұрт көріп отыр. Ал осындай қарқынмен жұмыс атқаруға, етек-жеңіміздің жинақы болып жүруіне, бұдан да жақсы кезеңде өмір сүруге басқалардан бұрын қол жеткізуге жол көрсетіп, жігерге жігер қосатын өте тиімді құралдың бірден-бірі - Елбасының жыл сайынғы халыққа арнайтын Жолдауы. Сондықтан да болар, елдегі жағдай мен мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындап келген Президенттің жыл сайынғы Жолдауы халықтың сенімінен шығуының арқасында жақсы дәстүрге айналды. Келешекті айқындап беретін айтулы күн ретінде үлкен үмітпен асыға күтетін дәрежеге ие болды.

Өткен жылдың желтоқсан мен қаңтар айында сайлау мәселесімен  елді мекендерді аралап, халықпен кездесу барысында бұған тағы да көзіміз жетті. «Елбасы биылғы Жолдауында қандай келелі мәселелер көтереді деп ойлайсыздар? Жолдау қай уақытта болар екен? Бізді тағы қандай қуанышты сәттер күтіп тұр?» дегенге ұқсас сұрақтар да қойылған еді.

Енді, міне, бүгінгі таңда ел-жұрттың күткен үміті ақталып, келешекке деген сенімінің молайғанын естіп жатырмыз. Елбасының көкейкесті тақырыптарды жүзеге асыруға арналған он бағыттағы міндеттердің қайсысы болса да қомақты мәселелер. Бұл Жолдаудың бұрынғыларға қарағанда ерекшелігі осында деп есептеймін. Ел-жұрттың сұранысына дәл жауап беріп, тіпті оның іске асу жолдарына дейін Жолдауда айқындалып берілді.

- Елбасы Жолдауынан туындайтын негізгі бағыттарға тоқталсаңыз?

- Жолдаудың тек бір-екі бағытына ғана тоқталып өтейін. Әрине, ең алғашқы міндет экономикалық дағдарыстың кезеңіне даяр боп отыру. Бұл біздің ел үшін таңсық дүние емес. Тіпті алдын-ала жария болмай-ақ, тосыннан келген қаржы дағдарысына лайықты қарсы тұрып қана қоймай, әлеуметтік проблемаларды барлық елді мекендерде біркелкі жүйемен басқалардан бұрын шешкен мемлекетпіз. Оны да төрткүл дүние біледі. Ал қазіргі жағдайда жинақталған қаржылық қормен қатар, кәсіби шыңдалған маман, тиімді мемлекеттік жүйе мен қуатты ұлттық заңнамамыз да бар. Қажет бола қалған жағдайда заңнаманы жетілдіруге қабілеті жететін Парламент пен  Үкімет те Мемлекет басшысы мен ел сенімін арқалап іске кірісіп кетті. Депутаттардың міндеті - Елбасы Жолдауынан туындайтын бағыттар бойынша отандық заңдарды сапалы түрде жетілдіру.

Елбасы Жолдауында Үкіметке жүктелген ерекше тапсырма - жас отбасыларын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Азаматтарымыз бүгінгі күннің талабына сай өмір сүріп, еңбек етіп, бала тәрбиелеп, ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндік алуы тиіс. Осы тапсырманың негізінде Үкіметтің «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасын барлық өңірлерде бірдей, дер кезінде, сапалы да тиімді етіп атқарып шығуына үлкен үміт артамыз.  Бұл бағдарламада осы мәселеге қатысты барлық тетіктері айқындалуы тиіс.

Жолдаудағы ел-жұрттың назарына ерекше жағынан ілініп үлгерген тағы бір мәселе ол - өңірлерді дамыту бағыты.  Әлі де келешегі бар өңірлерді айқындап, жаңа кәсіпорындар мен зауыт-фабрикалар салынып, жаңа жұмыс орындарының ашылуымен қатар, әлеуметтік инфрақұрылымдар қарқынды дамуын көздеген нұсқау көпшіліктің ризашылығын туғызды. Бұл бастама тек қана іске асу кезеңіне сәттілік тілеп  күтіп отыр.

Әрине, ішкі тұрақтылығы мен бірлігі бар елімізде бұл мәселелердің шешілуіне ешқандай күмән жоқ. Алайда, осындай үлкен дүниеге ие болатындай қабілетті, кәсіби деңгейі жеткілікті және патриоттық сезімі жоғары жастарды тәрбиелеу мәселесіне Елбасы ерекше тоқталды. Еліміздегі адами капиталдың сапалы өсуі осы бағытты қамтиды. Мектеп жасына дейінгі баладан бастап, жоғарғы оқу орнында оқып жүрген жастарға ең озық оқу әдістемесін қолданысқа енгізе отырып дәріс беру мәселесі мен олардың маман ретінде кәсіби деңгейін жетілдіру мәселесі тапсырылды.

- Білім сапасын арттыруда қандай істер атқарылғаны жөн деп есептейсіз?

- Ұстаздардың кәсіби деңгейін көтеру - уақыт күттірмейтін мәселе. Бұл бағытта осы шараны іске асыруда өкілетті мемлекеттік органдармен қатар, ата-ана да мүдделі болуы керек деп ойлаймын. Дәл бүгінгідей ерекше үрдісті өмір, қарқынды жаңа технологиялық кезеңде баласы басқадан кем болып қалмауы үшін әрбір ата-ананың баланың біліміне ерекше көңіл бөлетін уақыты жетті. Жиған-тергенді ешқандай пайдасы жоқ дүниелерге шашқанша, баланың келешегіне көмек болатын кітап, оқу құралдары, компьютер, интернет жүйесі тағы да басқа пайдалы заттармен қамтамасыз еткендері орынды болар еді. Сонымен қатар балалардың талаптарын ұштауға, тілдерді үйренуге барынша ден қою керек деп есептеймін.

- Ой-пікірлеріңізді ортаға салғаныңызға рақмет. 

 

 

Оразгүл Асанғазы: ұлты бөлек депутаттар қазақша амандасып жүр

 

/«Халық сөзі». 10.02.2012. Әңгімелескен – Ж.Қаржан./ - Оразгүл Асанғазы, Мәжіліс депутаты:

Парламенттің жаңа құрамында «айқайшы Айталылардан гөрі, қалталылар көп» деп мың жерден жер тепкілегенімізбен, барымыз да, нарымыз да осы. Байқаймыз, ә дегеннен-ақ Мәжілісіміз томаға-тұйықтанып алды. Халық, ой кешіріңіздер, партия қалаулыларының белсенділігі де барған сайын төмендеп бара ма, қалай, өзі?

Тағы бір айта кетерлігі, Нұрлан Нығматулин спикер болғалы алдымен заң жобасы қаралып, депутаттық сауал жиын соңына қалып жүр. Сонымен қатар, екінші жиында қаралған онға тарта заң жобасының қорытындысы еш қарсылықсыз мақұлданды. Қызықтысы, дауыс беруге қатысқандардың ешбірі қалыс қалған жоқ я пікір айтып, қарсылық танытпады. Осыған орай біз әңгімеге тартқан депутат Оразгүл Асанғазының бұл туралы ойы бөлек.

– Депутаттар заңға қатысты өз пікірлерін білдіреді деп күткенімізбен, ешкім жақ ашқан жоқ. Бұл депутаттардың ортақ келісімге келгенін көрсете ме?

– Талқы болмай жатыр дегенімен, ондай талас-тартыс алдын ала өткізілген комитет отырыстарында жиі болады. Заң жобасын дайындауда Үкімет мүшелеріне айтылған сөз де сол жерде тыңдалады. Енді келіп отырыста 107 депутаттың заң жобасын талқыға салуы шарт емес. Әр партиядан бөлек, депутаттардың өзіндік пікірі болуы керек. Осы жағынан келгенде қарсы дауыс беріп, қалыс қалатындары болады. Мысалы, комитет отырыстарында кереғар пікір, қарсы ойлар айтылып, бірін бірі жоққа шығаратын ұсыныстар айтылды. Кез келген әуелі заң комитетте бірнеше дүркін талданатындықтан, отырыста тек дауысқа салынады.

– Сіз тіл жанашыры едіңіз ғой, айтыңызшы, Парламент неге қазақша «сөйлемей» жүр?

– Парламент халықтың бір көрінісі. Мұндағы тілдің ахуалы ең бірінші ұлттық құрамға байланысты. Қазақтардың өзі толығымен қазақша сөйлемей тұрған кезде, өзгелерден оны қалай талап етеміз?! Ол жағы әркімнің санасына байланысты. Ұлты қазақ бола тұра, орысша сөйлеп жүргендер бар. Ал В.Рогалев сияқты депутаттар қазақша сөйлеуге тырысып-ақ жүр. Сондықтан ол үшін белгілі бір уақыт керек деп есептеймін. Біз 2017 жылға дейін 80 пайыз халық қазақша сөйлейді деп жүрміз ғой. Әуелі мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдау керек. Комитет отырыстарына келіп түскен оннан аса заңның көбінде мемлекеттік тіл мәселесі жүрдім-бардым қаралған. Осыған өткенде Қуаныш Сұлтанов ескерту жасап, Ерген Дошаев депутаттық сауал жолдады. Былтыр қай ұлттың, қай ұлыстың баласы болмасын, мектеп бітіргенде мемлекеттік тілді білуі керек деп айтылса да, Білім және ғылым министрлігі тарапынан әлі күнге осыған қатысты әрекет жоқ. Балалар басқа тілдерді үйреніп жатқанымен, қазақ тілін ынтамен үйренуге асықпайды. Ал жұрт Парламент қашан қазақша сөйлейді деп асығып отыр. Әуелі біз мұны мектептен бастауымыз керек. Биыл шақырылған депутаттардың көпшілігі қазақ тілінде еркін сөйлейтін депутаттар. Мен соған қуанамын. Бұл бұрынғы Парламентке қарағанда депутаттардың саны да, сапасы да жақсы екендігін көрсетеді. Тіпті ұлты бөлек депутаттар қазақша амандасып жүр...

– Депутат ретінде қай саланы көтеру керек деп есептейсіз?

– Осыған дейін Тілдерді дамыту басқармасын басқарғаннан кейін мемлекеттік тілдің дамуына, қолданысқа енуіне ненің кедергі келтіріп отырғанын көріп келдім. Соған қолбайлау болып отырған Үкімет, министрліктерге осы жағын қозғап, сауал жолдау ең негізі жұмысым. Қазақтың тілін, мәдениетін жолға қойғанша, біздің мойнымызда жұмыс көп. Мұнда келгелі басқа депутаттардың ойы қандай екенін көріп отырмыз, енді көпшілікпен бірге қолға аламыз.

– Сіз бұрынырақта Оңтүстік Қазақстан облысында аудан әкімі, кейін Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының басшысы болдыңыз. Әйел адамның әкім болуы біздің қоғамда сирек кездесетін жайт қой...

– Жалпы, мен басшы адамды әйел, еркек я болмаса жас, жасамыс деп бөлуге түбейгейлі қарсымын. Ол басшы, әлде қосшы бола ма, қызмет істейтін адам білімі мен білігіне байланысты бағаланып, өз орнын табуы керек. Қазіргі гендерлік саясатта мынау әйел еді деп қолынан іс келмейтін адамды басшылыққа қойсақ қалай болады? Қазақта: «бөденені де өз қасапшысы сойсын», – деген жақсы мақал бар. Кез келген қызметті қолынан келетін адам атқарғаны жөн. Себебі, барлығын шешетін кадр. Білікті жас болса, онымен де санасқан жөн.

 

 

«Төлқұжатымыз әлемдік талапқа сай болуы керек»

 

/«Заң газеті». 10.02.2012./ - Рамазан Сәрпеков, Парламент Мәжілісінің депутаты:

 – Рамазан аға, бі­рін­ші­ден, өзіңізді осымен үшінші рет Мәжі­ліс депутаты болып қайта сай­ла­нуыңызбен құттықтаймыз. Бұл құттықтауды құқықтық тақырыпта, оның ішінде қазақ тілінде жазатын журналист бауырларыңыздың жалпы тілегі деп қабылдасаңыз да болады. Өзіңіз қай комитетке мүше болып келдіңіз? Жаңа құрамдағы Мәжілістің қоржыны толық па?

– Өзімнің мамандығым мен қыз­меттік тәжірибемді ескере оты­рып заңнама және сот-құ­қық­тық реформа жөніндегі тұ­рақты ко­митетке мүше болып кір­дім. Бү­гінгі күнде Мәжілістің қор­жыны соншалықты толық деуге кел­мейді. Қазір, мәселен, небары қы­рыққа жуық заң жобалары бар. Олар­дың біршамасы жаңа Мәжіліс жұмысқа ресми түрде кіріскенге дейін Үкіметтен Сенатқа түскен заң жобалары. Заңның талабына сәйкес, Сенат оларды Мәжілістің қарауына қайтарып отыр. Он шақты заң жобалары – тікелей Мәжіліске түскендері. Бұрынғы заң жобалары ішінен ерекше маңыздылары және қажеттілігі жағынан басым­дық «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әр­түрлі заңнамалық актілердің құ­қық нормалары арасындағы қай­шы­лықтарды, олқылықтарды, коллизия­ларды және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауға ық­пал ететін нормаларды жою мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне мем­ле­кет­тік органдардың құзыретін заң­на­малық және (немесе) заңға тә­уелді деңгейде бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гі­зу туралы» заң жо­ба­лары болып та­бы­лады.

– Жаңадан түскен заң жобаларының ішін­дегі маңызды де­ген­деріне тоқталып өт­се­ңіз.

– Бүгінгі күнде он шақ­ты халықаралық келі­сім­шарттарды ратификациялау туралы заң жобалары пысықталып жатыр. Барлығы бойынша жұмысшы топтары бел­сенді өткізілуде. Олар­дың ішінде Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы сауда өкілдіктерін және бөлімшелерін ашу мәселелерін қарастырған ке­лісімдердің мәні жоғары дер едім. Бұл құжаттарда экономикалық қа­тынастардың әлемдік практикасын ескере оты­рып, сыртқы эко­номикалық рет­теудің тиімді ұлт­тық жүйелерін құру қажеттілігін қамтамасыз ететін нормалар қа­ралған.
Еліміздің әрбір азаматы­на қа­тысы бар «Жеке басты куәлан­дыратын құжаттар туралы» заңның жобасы да түсті. Бұл заң жобасы бойынша Мәжілістің жалпы отырысына қорытынды әзірлеу жұ­мысы Заңнама және сот-құ­қықтық реформа комитетіне тап­сырылды. Жұмысшы тобына мен жетекшілік етемін. Заң жоба­сының негізгі мақсаты жеке бас­ты куәландыратын құжаттардың топтамасын айқындау, оларға қо­йылатын талаптар, құжаттардың құқықтық негіздері және олардың рәсімделуіне, берілуіне, ауыстырылуына, өткізілуіне, алып қойылуына және жойылуына қойылатын талаптар мен тәртіптері қалай болуын айқындау болып табылады. Елімізде бұндай заң қабылдау қажеттілігі күмән туғызбайды.

– Кешіріңіз, сонда қалай, тағы да төлқұжат ауыстырамыз ба?

– Жоқ. Жалпыға бірдей қол­да­рындағы төлқұжаттарын ауыс­тыру мәселесі қойылып отырған жоқ. Әркімнің қолындағы паспорты немесе жеке куәлігі оларда көрсетілген мерзімге дейін пайдалану заңды болып танылады. Біздің мемлекетте осыған дейін жеке бас­ты куәландыратын құжаттардың ортақ тәртібін белгілеген арнайы заң болмады. Оларға қатысты мәселелер мемлекеттің уәкілетті органдарының құзырымен, солар қабылдаған қаулы немесе ережелердің негізінде реттеліп келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан төрткүл дүниемен қарым-қатынас орнатып үлгерген мемлекет. Әр­түрлі деңгейдегі мәселелермен мемлекеттік қызметкерлер де, кәсіпкерлер де, жеке азаматтар да шетелдерге жиі шығып тұратын ортада өмір сүріп жатырмыз. Сон­дықтан, қолымыздағы төлқұ­жат­тарымыз да халықаралық стан­дарттарға сәйкес болуы шарт. Бұл арқылы біз өзіміздің шетелдерге шыққан уақытта қиналмайтын жағдайды қамтамасыз етіп қана қоймай, біздің елге келген шетел­діктердің, азаматтығы жоқ адамның және босқындардың да мәселесін өз деңгейінде тексеріп, бақылап отыруға қол жеткіземіз.

– Бұл заңның аясында азаматтар ата-тегін қазақ тілінде жазғызып алуларына қол жеткізе ала ма?

– Көтеріп отырған мәселеңіз бұл заңға дейін-ақ шешімін тапқан дүние. Қазақстан Республикасы азаматтарының тегі мен әкесінің атын қазақша жазу тәжірибесін қазақ халқының қалыптасқан тарихи дәстүрлеріне сәйкес келтіру жөніндегі көптеген өтініш-тілектері ескеріліп, 1996 жылғы ақпанда «Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әке­сiнiң атын жазуға байланыс­ты мәселелердi шешу тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы қабыл­данған болатын. Қазіргі уақытта қалаған адам өзінің тегі мен әкесі­нің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффикстерді алып тас­тай отырып, өзгертуге хақылы. Алайда, тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады. Бұл мүмкіндікті пайдаланып көптеген азаматтар аты-жөндерін өзгертіп алды.

– Қазір уақытша бір зат ала қояйын десең, төлқұжатыңды кепіл­дікке сұрайды. Мысалы, демалыс паркінде бала-шағамен қыдырып жүргенде төлқұжат барлық уақытта қалтада бола бермейді ғой. Велоси­пед алсаң да, ролик алсаң да төл­құжат сұрайды. Осыны қалай тәр­тіпке келтіруге болады?

– Әңгіме етіп отырған заңымызға қосымша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне толықтыру енгізу туралы ілеспе заң жобасы да бар. Дәл осы жобада адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттарын алып қою немесе оларды кепілдікке қа­был­дауға қарсы әкімшілік айыппұл салу шарасы қарастырылып отыр.

– Әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңіз нәтижелі болсын.

 

 

Қасиетті дала қоқысқа айналып барады

 

/«Заң газеті». 10.02.2012. Жексенбай Дүйсебаев,  Парламент Мәжілісінің депутаты./ - Қасиетті даламыздың экологиясы өзгеріп, елді мекендердің маңайы тұрмыстық қалдықтардың алаңына айналып бара жатқаны әр азаматты тол­ғандырады. Сайлаушылармен кездескенде осы мәселелер жөнінде сұрақтар жиі көтеріледі. Мамандардың мәліметтеріне сүйенсек, қазір даламызда 22 миллиард тонна тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс жиналыпты. Оның 16 миллиард тоннасы техногендік-минерал­дық қалдықтар болса, 6 миллиард тон­­насы адам денсаулығына аса қауіпті химиялық қалдықтар екен. Сонымен қатар, ауаны ластайтын улы заттардың 150-ден астамы белгілі болып отыр.

Мұның басты себептері, өнеркәсібі дамыған өңірлер мен қалалар өнеркәсіп қалдықтарын шығаратын полигондармен және оны залалсыздандырумен, өңдеумен толықтай қамтылмаған. Осының салдарынан жыл сайын қалалардың маңайында тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтары көбею үстінде. Сондай-ақ, республикамыздағы 6325 елді мекеннің 25 пайызында немесе 1558 елді мекенде ғана қатты тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқысты арнаулы полигондарға таситын кәсіпорындар бар. Ал, қалған 75 пайызында немесе 4767 елді мекенде қалдықтар үйіндісі ауыл маңында шоғырланып қалуда. Елді мекендердегі полигондардың тек 307-сі ғана заңдастырылған.
 Соңғы жылдары елімізде өнеркәсіп және тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттар салу жөнінде бірнеше жобалар белгіленді, бірақ, әлі күнге дейін іс жүзіне асырылғаны жоқтың қасы. Бұл мәселе жайында бұқаралық ақпараттарда жазылып, отандық ғалымдар өз жобаларын ұсынып келеді. Осы орайда, бұл өзекті мәселені шешу үшін экологиялық проблемаларға жаңаша көзқарас, бұрынғылардан түбегейлі басқа табиғатты пайдалануда және қорғауда жаңа шараларды іске асыру қажет деп ойлаймыз. Ол үшін республикалық және жергілікті атқару орындары бірлесе отырып, мемлекеттік бағдарлама жасап, тиісті қаражат бөлінсе, қордаланған экологиялық ахуал өз шеші­мін табары сөзсіз.

 

 

Ғаламтор қарақшыларына жауапкершілік күшейтілді

 

/«Заң газеті». 10.02.2012. Тыныс Ахметжанова./ - Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің ұйымдастыруымен лицензиялық өнімді контрафактілік өнімнен айыру мәселесі жөнінде оқу семинар өтті. Семинарға аумақтық әділет органдарының, құқық қорғау және кеден органдарының  қызметкерлері мен елдегі корпорациялық ұйымдардың өкілдері қатысты.

 Бүгінде қолданысқа шығып жатқан өнімдерді мұқият қарап алмасаңыз, кейбірі контрафактілік өнім болып шығуы әбден мүмкін. Әсіресе, дәріханаларда еркін айналымда жүрген дәрі-дәрмектерден, базарлардағы алтын әшекей бұйымдар мен нәрестелердің сүт, азық-түлік өнімдерінен улану фактілері күн өткен сайын жиілеп келеді. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі фармацевтикалық өнімдердің шамамен 6 пайызы контрафактілік тауарлар. Мәселен, Нигерияда жасалған пара­цетамолдың жасанды сиробы 109 баланың өмірін қиған. Жасанды авиациялық және автомобильдік қосалқы бөл­шектерді пайдалану нәти­жесінде болған апаттардан қаншама адамдар қырылды? 1989 жылы Норвегия авиалайнері апатынан 55 адам қаза тапты. Осы апаттың себебі жасанды болт, бұрандалар­дың қолданылуынан болған. Алысқа ұзамай-ақ, елорданың базарларында сатылып жат­қан әшекей бұйымдардың сапасы жайлы айтсақ та жеткілікті. Мәселен, қымбат ба­ғаға сатылған алтындардың көбі ыстықта балқып, бір жыл­дан соң қарайып кетеді екен. Ғаламтордың өзі қарақ­­шылардың алаңына ай­нал­ғандай. Мәселен, интернет қарақшыларының әрекетінен атақты хиттер, аудио және бейнебаяндар қолдан жасалып, таратылып кеткен. Министрлік өткен жылы зияткерлік меншік объектілерін пайдаланатын субъектілердің 1 мың 202-сіне тексеру жүргізген. Нәти­жесінде, 509 құқықбұзушы­лық анық­талып, 462 әкімшілік іс қоз­ғалған. Оның 444-і авторлық және сабақтас құ­қық­­тарды бұзу, 18-і тауар таң­баларын заңсыз пайдалану бойынша әкімшілік іс. Заң­сыз айналымнан жалпы сомасы 46 859 172 теңгені құрайтын 132 мың 542 дана контрафактілік өнім алынған. Сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке 424 тұлға тартылып, айыппұл сомасы 18 089 739 теңгені құраған. Тауар таңбасына – 6 мың 077, өнеркәсіптік үлгіге – 270, өнертабысқа – 1 мың 887, жануар тұқымдары бойынша селекциялық жетістіктерге – 19, өсімдік түрлерінің селекциялық жетістіктеріне 31 қорғау құжаты берілген. Жалпы, өнеркәсіптік меншік объектілеріне 8 мың 407 қорғау құжаты бекітілген.

 Қазіргі уақытта зияткерлік меншікті дамыту мен қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Интернет желісінде туындыларды заңсыз пайдалану фактілерін болдырмау мақсатында Қылмыстық және Әкімшілік құқықбұзушы­лық кодекстерінде автор­лық құқықтарды бұз­ғаны үшін жауап­­кершілік туралы ережелер күшейтілді. Мәселен, жеке тұлға үшін айыппұлдың төменгі мөлшері 5 айлық есептік көрсеткіштен 10-ға дейін ұлғайтылды. Енгізілген өзгерістер авторлардың, орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың құқық­тарын интернет желісін қоса алғанда авторлық және сабақтас құқық объектілерін заңсыз пайдаланудан қорғауды қамтамасыз етеді. Алқалы басқосуда сөз алған Зияткерлік меншік құқығы комитеті төрағасының орынбасары Шолпан Әбдіреева: «Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау деңгейі ең алдымен тиісті нормативтік құқықтық базаның болуына және он­ың тиімділігіне байланысты. Ал, контрафактілік өнімдердің келуі мен таралуының жолын кесу мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысына, сондай-ақ, құқық иеленушілер­дің белсенділігіне байланыс-
ты», – деп атап өтті. Семинарға қатысушылар мұндай жиынның зияткерлік меншік саласында құқықтық тәртіпті нығайту­ға, құқық иелерінің мүліктік жағдайын жақсартуға септігін тигізетінін айтты. Жиын соңында республиканың әділет органдарына жергілікті жерлерде зияткерлік меншікті сақтау, заңды түсіндіру, құқық иелерінің заңды мүдделерін қорғау саласында атқарылуы тиіс жұмыстардың жоспары белгіленіп берілді.

Жиынның екінші күні өткен баспасөз конференциясы белгілі өнер адамдарының тікелей эфирге бейнебайланыс арқылы шығуымен жүргізілді. Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті төрағасының орынбасары Шолпан Әбдіреева журналистерге заңда қабылданған түзетулерге қарсы ел азаматтары арасында теріс көзқарас қалыптастыратын ақпараттар таратылып жатқанын мәлім­деді. Мәселен, ақпанның 6-нан 7-сіне ауған түні Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің сай­ты қарақшылық шабуылдан бұзылған. Комитет сай­­­тының бұзылуы зият­керлік меншік мәселелері бойын­ша заңға енгізілген өзгер­ту­лерге қарсылығын білдірген азаматтардың іс-әрекетінен туған. Баннерде заңға қар­сылық білдіретін ақпарат орналастырылған. Заңсыз ор­налас­тырылған баннер сайттан алынды.  Қазіргі уақытта заңсыз әрекеттер жасалған ком­пьютердің IP мекенжайы мен орналасқан жері анықталып, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданған. Сондай-ақ, ғаламторда «Savekaznet» сайты құрылып, заңнамадағы өзгерістерге келісемін немесе қар­сымын деп дауыс жинау әрекет­тері ұымдастырылған. Осыған байланысты Шолпан Тоқтарқызы заң интернет желісінде авторлардың құқықтары қорғалатынын, ел азаматтарының мүдделері­нің аяқасты болмайтынын алға тартады. Заң онлайн режімде музыкалық туындыларды, фильмдерді және басқа қорғалатын туындыларды көретін интернет тұтыну­шы­ларының құқығын шектемейді. Тек автордың рұқсатынсыз және сыйақы төлеусіз туындыларды интернет желісінде заңсыз орналастырғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс негізінде жауапкершілікке тартуды көздейді. Бірінші рет интернет желісінде туындыларды заңсыз орналастыратын тұтынушыларға ескерту беріледі. Ал, осы әрекет қайталанған жағдайда жеке тұлғалар 10-нан 15 айлық есептік көрсеткішке дейін, заңды тұлғалар 100-ден 150 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Интернет желісінде туындыларды айырбастауға, сақтауға, тасымалдауға одан әрі қол жеткізу үшін интернет-ресурстарды ұйымдастыруға тыйым салынады. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте тұлғаға айыппұл салу белгіленсе, Қылмыстық кодексте осындай сайт жа­саушыларға айыппұл, қоғам­дық жұмыстарға тарту не­месе бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу көзделген. Егер бұл әрекеттер ұйымдасқан түрде бірнеше рет қайталанатын болса немесе қызмет бабын асыра пайдаланумен жасалған жағдайда  екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру қарастырылған. 1996 жылы  Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының конференциясында авторлық құқық және орындаулар мен фонограммалар жөнінде шарттар қабылданды. Қа­былданған шарттардың  интернет жүйесінің, электрон­дық сауда және мәдениет, ақпараттық салалардың дамуына   қосар үлесі зор, олар цифрлық желінің сапасы мен растығын қамтамасыз етеді. Еліміз аталған шарттарға 2004 жылы қосылды. Сөйтіп, біз авторлардың, орындау­шылардың және фонограмма жасау­шы­лардың, авторлық және сабақтас құқықтарды қорғаудың шарттарын міндеттеп алдық. Біз халықаралық құқықтық нормаларды ішкі және сыртқы саяси ахуалдың мүддесі үшін қабылдаймыз. Ал, халықаралық шарттарға қатысушы мемлекет онда көзделген құқықтық нормаларды жүзеге асыруға міндетті мемлекет болып табылады.

Мұрат Әбенов, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Жаңа инновациялық техно­логиялардың келуі қоғамдағы қарым-қатынастарды өз­гертті. Интернет желісінің адам өміріндегі маңызы артқан сайын оны қолданудың тиімді тәсілдерін реттеп, заңды тұрғыдан қамтамасыз етудің маңыздылығы туды. Осы мақ­сатта заң қабылданды, қазір заң ел арасында қызу тал­қыға түсуде. Заң интернет қолдану­шылардың құқығын шектейді деген жаңсақ пікірден аулақ болуымыз керек. Заң интернет желісінде құрыл­ған сайттарды жабуға бағытталмайды, керісінше сол сайтты құрған ұйымдардың құқығын қорғайды. Заң құқық иеленушілерді интернет қарақ­шыларынан қорғануға құқық береді. Қазіргі кезде отандық сазгерлердің әндері, бейнеклиптері, әуендері еркін таратылып, қолданыста жүр. Ал, авторға ол жайында хабарлап рұқсат сұрап, қаламақысын төлеп жатқан ешкім жоқ. Ол азаматтар сол әнді, минустарды қаншама ақшаға жазады. Егер авторлар өзінің туындысын таратуға қарсылық білдірмесе, қолдануға болады. Ал, автор ерекше бір туындысын қолдануға тыйым салып, бірақ, оны алаяқтық жолмен ұрлап тарататын болса, заң осы кезде қолданысқа шығатын болады. Оның өзінде сол сайттың авторына бірінші ескерту жасалынады. Жалпы, кез келген азамат интернеттен керек ақпаратын еркін алуға құқылы.

Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық артисі:

– Сүйіп тыңдайтын тыңдар­мандарым өлеңдерімді интернеттен алып тыңдап жүрсе, оның несі айып? Бірақ, өнер адамдарына ақша аспаннан жауып жатқан жоқ. Көбіне өнердегі әріптестерім тойға шығып табыс табады. Ал, интернет сайт­ты құрған ұйымдар біздің әндерімізді алатын болса, оған қаламақы неге төлемейді? Егер төлеп жатса, қуаныштымыз, бермесе, ізіне түспейсің ғой. Сосын тағы бір қосарым, бір тойда мәз-мәйрам болып ән айтып, билеп жүрген бір көрінісімді жасырын бейнекамераға түсіріп, интернетке салып жіберіпті. Енді ол ұят емес пе? Оны әр- кім әрқалай түсінеді. Ондайды ғаламтордан алып тастау керек. Ондай әрекеттер өнер адамдарының беделіне нұқсан келтіреді.

 

 

 

 

 

 

 

Тайсойған туралы шарт


       
Оны қайта қарайтын уақыт келді

 

/«Егемен Қазақстан». 11.02.2012. Сәрсенбай Еңсегенов, Сенат депутаты./ - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ке­лісімге сәйкес, Атырау облысы­ның Қызылқоға ауданының 749,0 мың гектар жері полигонға жалға берілген. Сонымен бірге, Атырау қаласының Ақжар ауылы мен Атырау облысының Махамбет ау­данының жерлерінде Ресей Феде­рациясының 929 мемлекеттік ұшу сынақ орталығының 85 ИП әскери бөлімі орналасқан.

Қазақстан Республикасы Қор­ға­ныс министрлігінің және Ресей Федерациясының Атырау облысында орналасқан әскери бөлімі басшылығының ақпараты бойынша, 2000 жылдан бастап полигонда сынақ өткізілмеген. Осыған қарамастан, полигонға жалға бе­рілген жерлерді шаруашы­лыққа пайдалануға мүмкіндік болмай отыр. Атырау облысының Қы­зыл­қоға, Индер аудандары мен Атырау қаласының Ақжар ауылы тұрғындары, шаруа қожалық­тары, кәсіпкерлер мен мұнай-газ саласындағы заңды ұйымдар қиыншылық көруде.

Қызылқоға ауданының Тай­сойған ауылдық округі мен округ орталығы – Тайсойған ауылы полигонға берілген жер аума­ғында қалған. Сол себептен, Тай­сойған округі тұрғындарының бір тобы үйлері тұрған жер учас­келерін заңдастыра алмауда. Ал жер учаскелеріне мемлекеттік акт алған 113 үйдің иелеріне үйге меншік құқын растайтын құжат­тары берілмеуде. Себебі, келісім­ге сәйкес, полигон жерін жеке немесе заңды тұлғаларға беруге бол­майды. Сондықтан, Тайсой­ған ауылындағы 113 үй орналас­қан жерлерге берілген мемле­кеттік актілер де заңсыз болып есептелуде.

Аталған себеппен, Қызылқоға ауданының қыстақтарында отыр­ған 36 отбасы не үйлерінің құжа­тын ала алмай, не шаруа қожа­лығын құра алмай сергелдеңге түсуде. Шаруа қожалығы бар сегіз адам жерге меншік құқын тану құжатын ала алмай келеді. Кейбір шаруа қожалықтары тарап кеткен. Сарымайшағыл елді мекенінде тұрып жатқан Индер ауданының тұрғындары да үйлері мен жер учаскелері заңдасты­рылмағандықтан, оларға иелік етуге мүмкіндіктері жоқ.

Полигонға берілген жер кө­мір­сутегіне бай. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мұнай және газ министрлігінің мәліметі бойынша, Тайсойған блогында жүргі­зілген геологиялық барлау жұ­мыс­тарының нәтижесінде «Уаз» және «Қондыбай» кен орындары мен бірқатар болашағы бар құ­рылымдар анықталған. Бірақ, олардың полигон жерінде қалуы «ҚазМұнайГаз» АҚ-қа мұнай өндіруді толық іске асыруға кедергі болуда.

«Мәтен» біріккен кәсіпоры­ны» ЖШС-іне мұнай өндіру үшін берілген 2518,3 гектар жердің 1172 гектар жері полигон аума­ғында қалған. Он жылдың үстін­де аталған кәсіпорын өндірістік қуатын толық іске асыра алмай келеді.

Бірнеше жылдан бері Атырау қаласының Ақжар ауылындағы Ресей Федерациясының ИП 85 әскери бөлімі орналасқан жерге байланысты туындаған мәселе де шешімін таппай отыр. Бұл жер полигон құрамына кіргенімен, кезінде оның жекелеген бөлігі Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды ұйымдарына беріліп, олар мемлекеттік акті­лерін алған. Алайда, олардың да жерге иелік етіп, шаруашылыққа пайдалануларына мүмкіндіктері жоқ.

Сонымен бірге, Ақжар ауы­лындағы кейбір үйлер әскери бө­лімге берілген полигон террито­риясының аумағында тұр.

Менің ұсынысыммен былтыр­ғы жылдың 13 маусымында Қа­зақстан Республикасының Қор­ғаныс, Денсаулық сақтау минис­трліктері, Жер ресурстарын бас­қару агенттігі қызметкерлерінің және Ресей Федерациясы ИП 85 әскери бөлімі басшылығының, мұнай өндіру компаниялары өкіл­­дерінің, аудан тұрғында­рының қатысуымен Қызылқоға ауда­нының орталығы – Миялы ауылында осы мәселелерге қа­тысты кездесу өтті.

Ресей Федерациясы әскери бө­лімінің командирі А.Зимин кездесуде Ресей Федерациясы негі­зінен полигонға берілген жер көлемін қайта қарауға қарсы емес екенін мәлімдеді. Соның ішінде, Қызылқоға ауданы территория­сының үштен бірін алып жатқан Тайсойған жеріндегі полигонға берілген 749,0 мың гектар жердің орнына бар болғаны 1250 гектар шамасындағы жер полигон қыз­метіне жеткілікті екенін айтты.

Оған қоса, ол Ресей Федера­циясының ИП 85 әскери бөлімі орналасқан Атырау қаласының Ақжар ауылындағы полигонға бе­рілген жердің де көлемін азай­туға Ресей жағы осыдан екі жыл бұрын келісім бергенін жеткізді. Әскери бөлім орналасқан 256 гектар жерді 27,8 гектарға дейін қысқартуға келісімге келіп, тиісті ұсыныс Қазақстан Республика­сының Қорғаныс министрлігіне жолданған.

Бүгінгі күнге қалыптасқан жағдай келісімге тиісті өзгерістер енгізудің қажеттілігін көрсетіп отыр. Бұл ең алдымен Қазақстан халқының тұрмысын түзеуге, ауыл шаруашылығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашып, мемлекетке түсетін салық мөл­шерін айтарлықтай өсіруге мүм­кін­дік береді.

Тайсойған жері жерасты суына бай, шөбі шүйгін. Полигон орналасқан жердің 90 пайызы жайылымдық жер болса, 60 пайыздан астамы шабындық жерлер. Ол жерден жылына 25 мың тонна мал азығын дайындап, 50 жуық шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарын құру арқылы 30 мың бас қой, 10 мың бас мүйізді ірі қара және 10 мың бас жылқы өсіруге болады. Жыл сайын 2 мың тонна ет, 1 мың тонна сүт өнімдерін өндіріп, халықты сапалы әрі қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтама­сыз етуге мүмкіндік бар. Полигон территориясында қалған кен орындарын айналымға енгізу инвестиция тартуға, қосымша мыңдаған адамдарды жұмыспен қамтуға жол ашады.

Полигонды пайдаланғаны үшін Ресей Федерациясы төлейтін       4 млн. АҚШ доллары жер көлемі қысқарғанда азаятыны түсінікті. Бірақ, аталған сома анау айтқан қомақты қаржы емес, екінші жа­ғынан оның еселеп қайтатыны күмән туғызбайды. Жартылай ғана жұмыс жасап тұрған «Мә­тен» компаниясы жылына бюджетке 4-6 млрд. теңге салық төлейді. Басқа­сын есептемегенде, тек осы компания полигон территориясында қалған жерін толық пайдаланған жағдайда, мемлекетке түсетін салық та бірнеше есе көбейеді.

Осы жайды және Атырау облысы тұрғындарының тілегін Үкіметке жеткізе отырып, тиісті министрліктер мен мемлекеттік органдарға «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы ара­сындағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің (объек­тілері мен ұрыс алаңдары Қазақ­стан Республикасының аумағын­да орналасқан) 929 мемлекеттік ұшу-сынақ орталығын пайдалану тәртібі туралы» 1995 жылғы 20 қаң­тардағы келісімге және «Қа­зақ­стан Республикасының Үкіме­ті мен Ресей Федерациясы Үкі­метінің арасындағы Ресей Фе­дерациясының 929 мемлекеттік ұшу-сынақ орталығының объек­ті­лері мен жауынгерлік алаңда­рын жалдау туралы» 1996 жылғы 18 қазандағы шартқа өзгерістер енгізу жөнінде тапсырма беруді ұсынамын. Өйткені, жоғарыда айтылған жәйттерді ескере келгенде, Тайсойған туралы шартты қайта қарайтын уақыттың жетке­ні күмәнсіз.

 

 

Міндетімізді жақсы түсінеміз

 

/«Егемен Қазақстан». 11.02.2012. Уәлихан Бишімбаев, Мәжіліс депутаты,  «Нұр Отан» ХДП мүшесі./ - Біздер, нұротандықтар сайлауалды бағдарламамызда көрсеткен барлық міндеттерімізді орындау жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Ол үшін, Елбасының Жолдауында белгіленген халқымыздың өмір сапасын жақсартатын заңдарды қа­был­дауға міндеттіміз. Мен өзім білім беру саласының қызмет­керімін. Сон­дықтан осы салаға қа­тысты заңна­маны жетілдіруге қыз­мет етемін деп айта аламын. Инно­вациялық ғылым саласын жетілдіру ісінде заңнаманы жетілдіруді қажет ететін мәселелер көп. Мен ондай­лардың бәрін өзімнің Парламент­тегі қызметімде қолдан келгенше іске асыруға тырысамын.

Сондай-ақ әлеуметтік блокты же­тілдіру үшін өндірістік сала­лар­дың дамығаны, олардың жаңғырты­луына жағдай туғызылуы керек. Атап айтқанда, аграрлық саланы жетіл­діру әлеуметтік мәселелердің шеші­луіне өзінен өзі мүмкіндік берер еді. Меніңше, барлық жұмыс­тың нәти­желілігін айқындайтын кри­те­рий – әлеуметтік саланың толық қамта­масыз етілуі. Бұл, сайып келгенде, Президенттің Жол­да­уын­дағы басым­дықтардың бірі – халық тұр­мы­сы­ның жақсаруына мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні елімізде жұмыспен қамтуды арттыратын, барлық елді мекендерге таза ауыз су жет­кізе­тін, тұрғын үй-коммуналдық ша­руашы­лығын жаңғыртуға мүм­кіндік бере­тін үдемелі иннова­циялық-индус­трия­ландыру бағ­дар­ла­масы жүзеге асуда. Оның да негізгі мақсаты – халықтың әл-қуатын арттыру. Біздің міндетіміз – осы бағдарламаның тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін заңнамалық арқау жасау. Меніңше, депутаттық корпус өзінің осы міндетін жақсы түсінеді.

 

 

 

 

 

Жолдау жүктеген міндеттер: Халықтың тұрмысын көтеру үшін жұмыспен қамту және қолжетімді баспанаға ие болу - ең басты мәселе

 

/«ҚазАқпарат». 11.02.2012. Айбатыр Сейтақ./ - Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жария еткен Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы туралы еліміздің қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, зиялы қауым өкілдері өз ойларын ортаға салуда.

Сонымен қатар отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында халықаралық сарапшылар да, саяси лауазымды тұлғалар да Қазақстан Президентінің бастамалары жөнінде пікір білдіруде.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Гүлнәр Сейітмағанбетова Елбасы Жолдауында көтерілген мәселелер туралы жан-жақты айтып берді.

- Гүлнәр Сүлейменқызы, биылғы Елбасы Жолдауының өзіндік ерекшеліктері қандай? Халықтың көңілінен шығатын бастамалар деп қандай мәселелерді атап өтер едіңіз?

- Әр жылғы Елбасы Жолдауы өзінше жаңалықтарымен ерекшеленіп тұрады. Биылғы Жолдаудың да бастамалары ел тұрғындары тарапынан өте жылы қабылданды. Басты ерекшелігі - биылғы Жолдау еліміздің 20 жылдығын қорытындылап, жаңа кезеңге аяқ басқалы тұрған тұста болып отыр. Яғни, бұл Жолдауда алдағы үшінші он жылдықта қандай істер атқарылуы керек, қандай межеге жетуіміз керек, соның бәрі сала-сала бойынша жан-жақты қамтылды. Соңғы жылдардағы әлемді шарпыған дағдарыстарға қарамастан экономикалық көрсеткішіміз жыл сайын тұрақты өсіп келеді. Мәселен, өткен жылы ел эко­номикасы 7,5 пайызға өсті.

Мемлекет басшысы Жолдауда он бағыт бойынша жұмыстар атқаруды міндеттеді.

Жолдаудағы менің көңіліме қонған ең басты мәселе - халықты жұмыспен қамту. Жұмыссыздық деңгейі алдыңғы жылдары 7,3 пайыз болса, өткен жылы 5,3 пайызға дейін төмендетілді. Ол үшін Парламент көптеген заңдар қабылдады, Үкімет бірнеше нақты іс-шаралар атқарды. Бірақ әлі де жұмыссыздық мәселесінің халықты алаңдататыны жасырын емес. Өңірлерге барып, кездесулер өткізгенде жұмыссыздықтың өзекті болып тұрғанын анық байқап жүрміз. «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына келетіндердің біразы жұмыс мәселесін алға тартады. Сондай-ақ сайлаушылар тұрғын үйге қолдары жетпей жүретінін жиі айтады. Елбасы көтерген екінші мәселе - қолжетімді баспанамен халықты қамтамасыз ету. Халықтың тұрмысын көтеру үшін жұмыспен қамту және қолжетімді баспанаға ие болу ең басты мәселе деп ойлаймын. Жұмысы бар адам қаражат табады, басында баспанасы болса, тұрмыстың қалған қажеттіліктерін өзі реттеп алатыны анық. Себебі мемлекет оған жағдай жасап отыр.

- Аталған бағдарламаны жүзеге асырудың жолдары жөнінде таратып айтып берсеңіз?

- Өткен жылы Елбасы бастамасымен «Жұмыспен қамту - 2020» пилоттық бағдарламасы барлық облыстарда жүргізілді. Ол үш бағытта жүзеге асуда. «Нұр Отан» партиясы осы бағдарламаға мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты дұрыс игерілуіне бақылау жасау жөніндегі комиссия құрды. Мен аталған комиссияның ішіндегі сараптама кеңесінің мүшесімін. Өңірге барғанда халықты жұмыспен қамту орталықтарының ашылу рәсіміне қатыстым. Сол жерде жұмыс жасап жатқан адамдармен пікір алмастық. Жұмыспен қамту орталықтары жұмыс іздеп келген адамдарды тіркеп, оларды үш бағыт бойынша бөліп, біріншіден, оларға қайтадан мамандық алуына жәрдем жасайды. Екіншіден, ауылдан келген адамдарға шағын несие аламын десе, шағын несие алу үшін кәсіпкерлік жасау ісіне үйретеді, семинарлар өткізеді. Өнім өндіретін және халыққа қызмет көрсететін саламен айналысатындарға ғана шағын несие бөлу қарастырылып отыр. Ал сауда-саттықпен айналысатындарға несие берілмейді.

Енді 2012 жылдан бастап жұмыспен қамту бағдарламасы пилоттық жүйеде емес, Қазақстан  бойынша жалпы жүргізіле бастайды. Оған мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінеді. Сол қаржының тиімді пайдалануына баса көңіл бөлуіміз керек. Бұл іске ұрандататын науқандық жұмыс ретінде қарамауымыз керек. Нақты жұмыс орындарын ашып, адамдардың психологиясын, жан-дүниесін, менталитетін өзгертіп, қосымша мамандыққа ие болуға, шағын несие алып, өздерінің өндірісін ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтуына қол жеткізуіміз керек. Бұл өте ауқымды жұмыс. Осы істе сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуіміз қажет. Халқымызға түсіндіру жұмыстары көбірек жүргізілгені жөн. Тұрғындарды мемлекеттің жасап отырған мүмкіндігін пайдаланып қалуға үгіттеу керек. Әсіресе, жұмыссыз жүрген жастарымыз осы бағытта жаңа мамандық алуға бейімделуі керек деп ойлаймын.

- Елбасы көтерген келесі мәселе - халықты тұрғын үймен қамтудың жаңа жолы.

- Иә, Елбасымыз қолжетімді баспана мәселесін көтерді. Өткен жылдары 6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені мәлім болды. Бірақ бүгінгі таңдағы алдымыздағы міндет жарты млн-нан астам жас отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етуіміз керек деді. Ол үшін жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 млн шаршы метрге жеткізу қажет.

Бұған дейін жас отбасыларын, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамту жөніндегі бағдарламалар жүзеге асырылды. Енді бүгінгі таңда жалға берілетін үйлер тұрғын үй жинақ банкісі арқылы берілетіні көзделуде. Ұзақ мерзімді жалға алу, кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Айта кетейік, Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларда көптеген жастар пәтер жалдап жүр. Ал Елбасы бастамасымен жүзеге асқалы тұрған «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы тек қана үймен қамтып қоймайды, халықтың көптеген әлеуметтік-экономикалық, рухани, мәдени, демографиялық мәселелерін шешеді. Себебі қымбат пәтерлерді жалдап жүрген жастарымыз дүниеге бала әкелуге шешім қабылдай алмайды. Ұрпақ өсіруді кейінге қалдырып жүргендері қаншама?! Кейбір отбасылар пәтер жалдап, соның ауырпашылығынан ажырасып кетіп жатыр. Ал өзінің тұрғын үйі бар отбасының қаражаты үнемделіп, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік алады. Кезек-кезегімен балалары өмірге келеді. Бұл бағдарламаны қаржыландыру, үйлердің кімдерге берілуі тиіс екендігі жан-жақты ескерілетін болады.

- Сіздің қандай ұсыныстарыңыз бар?

- Мәселен, Беларусь елінде көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуде өзіндік ерекшеліктер бар. Айталық, ипотекамен үй алса, төртінші баласы дүниеге келсе, қарызының 25 пайызын өтеуді Үкімет өз мойнына алады. Ал бесінші баласы дүниеге келсе, 50 пайызын, алтыншы, жетінші бала туылғанда қарызының 100 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. Біздің елде Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет әзірлейтін бағдарламада осы жағы ескерілсе екен деймін. Сонымен қатар жас отбасыларына да қандай да бір жеңілдіктер қарастырылғаны жөн деп ойлаймын.

Жалға берілетін үйлер көп салынса, оның пайдасы да өте зор. Себебі оны алған адам ақшасын сол бойда түгел төлемейді. Жалдау ақысын төлеп тұра береді. Әбден мүмкіндігі болған уақытта ғана сатып алады. Жеке адамның пәтерін жалдағаннан анағұрлым артық. Бұл бағдарлама құрылыс саласының қарқынды дамуына әсер етеді. Тағы да жаңа жұмыс орындары ашылады. Құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары жұмыс істейді. Ол да халықты жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Бюджетке салық түрінде қосымша табыс түседі. Зейнетақы қорларына да қаражат жіберіледі. Мұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Айналып келгенде, түпкі нәтижесі мемлекеттің экономикасын арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға алып келетіні сөзсіз. Қалаларды да, өңірлерді де дамытуға ықпалы зор. Тұрғындарды үймен қамтудың арқасында халқымыздың жағдайы жақсарады.

- Елбасы Жолдауында өңірлерді дамыту жайына кеңірек тоқталды. Енді осы бағыттағы пікірлеріңізді ортаға салсаңыз?

- Президент «Қуатты Қазақстан дегеніміз - бұл ең әуелі өңірлердің қуаттылығы болып саналады»,- деді. Елбасы өңірлерді дамыта отырып, келешегі зор қалаларға басымдық берілетіні туралы айтты. Ондай қалалардың қатарына өндіріс орындары шоғырланған қалалар жатады. Біз қаласақ та, қаламасақ та сондай ірі қалаларға адамдар жұмыс іздеп барып жатыр. Себебі ірі өндіріс орындарында тұрақты жұмыс бар, уақтылы еңбекақы төленеді. Басымдық берілген қалалар - Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент. Өзім Маңғыстау өңірінен шыққан адам ретінде Ақтаудың аталған қалалардың қатарына енгеніне өте қуаныштымын. Себебі соңғы жылдары Ақтау қаласы өте қарқынды даму үстінде. Республикадағы теңізге шығатын порты бар бірден-бір қала. Теңіз қақпасы арқылы шетелге жүк тасымалын жасап отырмыз. Қазақстанның астығы, мұнайы, құрылыс материалдары, т.б. тауарлары теңіз арқылы экспортқа шығарылуда. Ақтау қаласының стратегиялық маңызы зор. Аталған қаланы ерекше назарда ұстап, мемлекеттік деңгейде дамыту қажет деген пікірге қосыламын.

Жаңа жұмыс орындары ашылғанда жіті назар аударылатын бір мәселе бар. Біздің өндіріс орындарымызға шетелден мигранттар емес, біздің Қазақстан азаматтарының жұмысқа орналасуы бақылауда болып, белгілі бір жүйеге келтірілуі керек деп есептеймін.

Жолдауда негізгі бір өндіріс саласы бойынша өмір сүріп жатқан шағын қалаларды әр сала бойынша тиімді жолдармен дамыту мәселесі қойылды. Себебі Жаңаөзен қаласының бүгінгі әлеуметтік жағдайының осындай күйге түсуі кейбір жайттардың ескерілмегендігінен орын алғандығы байқалды. Бұл қала бастапқыда қырық мың тұрғынға арналып салынған. «Өзенмұнайгаз» кәсіпорны үшін әуелі вахталық кент болған. Кейін қалаға айналды. Бүгінгі таңда 120 мың тұрғыны бар. Қала халқы күннен-күнге өсуде. Біріншіден, оралмандар есебінен өсіп жатса, екінші жағынан тұрғындардың өзіндік өсімі де жоғары. Сондықтан бүгінгі таңда халықты жұмыспен қамтуда үлкен проблема туындап отыр. Өткен жылы облыс әкімінің шешімі бойынша Жаңаөзен қаласына оралмандарды қабылдау мәселесі тоқтатылды. Сондықтан шағын қалаларда әр саланы жүйелі түрде дамытсақ, нәтижесі бірден байқалатын болады. Айталық, Жаңаөзенге таяу орналасқан Кендірліде туризмді дамыту ісі қолға алынбақшы. Елбасы Жолдауында туризмнен көп пайда таба алмай отырғанымызды айтып өтті. Жалпы, тарихи-мәдени ескерткіштеріміздің үштен бірі - Маңғыстау өңірінде. Жалпы, Маңғыстау облысында барлық елді-мекендер газбен, электр жарығымен толықтай қамтамасыз етілген. Егер осы өңірде туризмді дұрыс жолға қоятын болсақ, көл-көсір пайда табуға болады. Шағын қалаларды әртараптандыру туралы бағдарламаны әзірлеу міндеті Үкіметке жүктелді. Осы істі қолға алғанда біздің ұсыныстарымыз да ескеріледі деген үміттемін.

Елбасы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын әлі де жетілдіру қажеттігін айтқан болатын. Барлық рұқсат беру құжаттары осы ХҚКО арқылы берілуі керек. Бұл қолға алынатын ауқымды іс.

- Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына қазір тұрғындар риза. Әлі де жетілдіру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Есіңізде ме, осыдан біраз жылдар бұрын құжат алу мәселесі халықты әуре сарсаңға салатын еді. 1990 жылдардың ортасында жаңа төлқұжат алған кезде ұзақ-сонар кезекке тұрушы едік. Кейде құжаттар жоғалып кетуші еді. Арыз-шағымдар көп болатын-ды. Ал соңғы жылдары халыққа қызмет көрсету орталықтары  құрылған соң, көп мәселелер шешімін тапты. Бастапқыда Әділет министрлігінің қарамағында болса, кейін Байланыс және ақпарат министрлігінің құзырына өтті. Жасалған жұмысты атап өтуіміз керек, аталған министрлікке Асқар Жұмағалиев жетекшілік етіп тұрғанда, ол халыққа қызмет көрсету орталықтарына өзі барып, қарап, тиісті шаралар қабылдап, осы саланың жұмысын алға жылжытты. Қызметкерлердің еңбекақысы төмен еді, оны өсірді. Халықпен жұмыс істеу мәдениетіне баса мән берілді. Ендігі мақсат - осы деңгейімізді түсіріп алмай, әлі де жетілдіре түсу, ХҚКО-ны үлкен құрылымға айналдыру. Сонда біз бұл саланы өркениетті елдердегідей деңгейге жеткіземіз.

Тоғызыншы бағыт - индустриялық-инновациялық даму. Ғасыр құрылысы деп аталған Бал­қаш ЖЭС-інің бірінші мо­дулінің құрылысының өзі қаншама жұмыс орнын ашады? Ең бастысы, біздің тәуелсіздігімізді нығайта түсуге негіз болмақ. Яғни, біз басқа мемлекетке энергия қуатынан тәуелді болмауымыз керек. Энергетикалық қауіпсіздігімізді қорғау үшін өзімізді-өзіміз энергия қуатымен, көгілдір отынмен қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл саясаттың маңыздылығы зор.

- Жолдаудан туындаған пікірлеріңізді қандай оймен түйіндер едіңіз?

- Бұл Жолдау халықтың көкейінде жүрген мәселелердің жан-жақты зерделеніп, терең талданып, соның негізінде дайындалған деп есептеймін. Халықтың көңілінен шыққан Президент бастамалары біздің де ойымыздан шығады. Ең басты мәселе - Мемлекет Басшысының тапсырмаларын мемлекеттік құрылымдар, сала-сала бойынша жауап беретін құзырлы органдар, саяси-қоғамдық ұйымдар атсалысып, біріге отырып, сапалы түрде орындау үшін жұмыс істеуі қажет.

Осы Жолдау 20 жылдықты қорытындылаған кезімізде, келесі бір он жылдыққа кезең-кезеңімен белгіленіп қойылған ауқымды міндеттер деп түсінемін. Соның бәрін жүзеге асырсақ, халқымыз бай-қуатты болып, мемлекетіміз нығая береді.

-          Рақмет әңгімеңізге. Заң шығарушылық қызметіңізге табыс тілейміз.

 

 

Армандарын айырбастап ажалға

 

/«Жас Алаш». 11.02.2012. Б.Смағұл./ - 30 жыл. Бұл аз ба, көп пе? Мiне, араға 30 жыл салып, тағы да Ауғанстанға жолым түстi. Ауған жерiне 1979 жылы басынан бақайшағына дейiн мұздай қаруланған Кеңес әскерiнiң құрамында басып кiрген едiк. «Басып кiрген едiк» деп қазiр айтып отырмын ғой. Ол кезде бiздi «бұл – сендердiң Отан алдындағы интернационалдық парыздарың!» деп имандай сендiрдi емес пе?! Өңкей түбiтиек өспiрiмдер, алдымыз – 20-да, артымыз 18-дегi кiлең боздақтар осылайша от пен оқтың арасында белуардан қан кештiк. Қаншама қыршындар көз жұмды! Соғыс – диiрмен болса, адам – сол диiрменнiң науасына түсетiн бидайдың дәнi iспеттi екен, диiрменнiң дөңге­легi айналып кеп бергенде... тұтас ротаның түп-түгел, тып-типыл жойылып кеткенiн де көзiмiз көрдi...

Көңiлде сызы, жүректе iзi қалған осы азапты жылдарды есiңе алудың өзi ауыр. Бiрақ қалай есiңе алмайсың? Бұл – сенiң өмiрiңнiң бiр бөлшегi, тағдырың, тарихың ғой...

Дәл қазiр менiң Ауғанстандағы азапты жылдарым туралы деректi фильм түсiрiлiп жатыр. Бұл фильмдi, әрине, Қапшағайда түсiруге болатын едi. Бiрақ дерек көзiнсiз деректi фильмдi қалай түсiрмексiң? Жобалап, нобайлап, долбарлап түсiрген фильм фильм болып жарытушы ма едi? Фильм Ауғанстан туралы екен, сол Ауғанстанда соғысқан боздақ туралы екен, ол фильмнiң Ауғанстанда, тек қана Ауғанстанда түсiрiлгенi жөн. Осылай деп шешiп, «Қазақфильмнiң» режиссерi Тiлеген Ахметов, операторы Нұрлан Баянов, үшеу болып Ауғанстанға барып қайтуға бел будық. Басалқы айтады дейтiн ағаларымыздың өзi «Ойбай, естерiң дұрыс па? Ауғанстанда қазiр жағдай аса ушығып тұр. Күнде атыс-шабыс. Ауғанстанға барам деп шешсеңдер, онда елмен, жермен бiржолата қоштасып кетiңдер! Бұларың ендi ессiздiк. Осындай кезде денi дұрыс адам Ауғанстанға барушы ма едi?!» деп жауды мүлде жақындатып қойды.

«Басқа басқа, Бәке, Ауғанстанды өзге бiлмесе де сен бiлесiң ғой. Көре тұра, бiле тұра қалай ғана жүрегiң дауалап...” дейдi Ауған соғысының ардагер­лерi. Әрине, күдiктерi орынды. Бiрақ, мен үшiн бұл сапардың орны бөлек едi. Ауған топырағында ажал құшқан майдандас бауырларымның басына барып тағзым ету көптен ойымда жүрушi едi...

«Тәуекел түбi – желқайық, өтесiң де кетесiң» деп бабаларымыз бекер айтпаған шығар. Тәуекелге бел будық.

 БҰЛ ЖЕРДЕ ЕЛШIЛIКТЕ IСТЕУДIҢ ӨЗI – ҮЛКЕН ЕРЛIК

Алматы әуежайы. Таңғы сағат 08.45. Төрт сағат ұшып, Дели қаласына қондық. Дели әуежа­йында – кiлең ауру-сырқаулар: бiрiнiң қолы жоқ, ендi бiреуiнiң аяғы жоқ... «Бұлардың бәрi Үндiстанға емделу үшiн келгендер, – деп түсiндiрдi Алматыдан бiзбен бiрге ұшып келген Азиз есiмдi түрiкмен жiгiтi. Азиз қазiргi күнi Алматыдағы «Ялан» базарында жұмыс iстейдi. Кезiн­де, нақтырақ айтсақ, 1995 жылы Кабулдан Түркияға қашқан, бiраз жыл Мәскеуде тұрыпты, 3-4 жыл болыпты Алматыда тұрғанына. «Қазақстан – өте сенiмдi ел. Сондықтан да Қазақстанда бiржолата тұрақтап қалуды ойластырып жүрмiн» дейдi Азиз. Әке-шешесi Кабулде тұрады екен. Құрбан айтқа әке-шешесiне бара жатқан бетi екен. «14 қараша күнi Алматыға керi қайтамын. Алматыда бiздiң қазақтар қалай жиi той жасап жатса, ауғандықтар да Кабулде дәл солай жиi жарылыс жасап жатады» дедi Азиз. Әзiлдеп айтса да, ар жағында шындық жатқанын iшiмiз сездi.

Ауғанстанның тәлiптер қарауындағы қауiптi аймақтарын айналып өтiп, Кабул әуежайына қондық. Таныс таулар көзiме оттай басылып, есiме өткен күндер қайта оралды...

Ұшақтан түсiп, қараңғы түскенше әуежайда тұрдық. Абыр-сабыр иiрiлiп тұрған адамдарды аяйсың. Тiзiлген халық бiр-бiрден компьютерге саусақтарын басып, оң қол мен сол қолдың бас бармақтарының таңбасын түсiрiп жатыр. «Ассалаумағалейкум, аға!» деген дауысқа жалт қарасам, Қазақстанның Ауғанстандағы елшiлiгiнiң бiрiншi хатшысы Сатымов Сенбi Құрманайұлы екен. Жылы қарсы алып, үшеумiздi мәшинесiне отырғызып: «Аға, бiзде тәртiп солай. Талап та қатаң. Мынаны киiп алыңыз!» деп, әрқайсымызға броньды жилет ұсынды. Бұл зiл қаратас бәленi кезiнде талай кидiк қой. Тағы да киюге тура келдi.

Жақында тәлiптер АҚШ елшiлiгiне таяу орналасқан 12 қабатты үйдiң ең жоғарғы қабатына бекiнiп алып, күнi бойы атқылапты. Оның алдында Кабулдың қақ ортасында екi бiрдей «Хаммер» броньды мәшинесiн iшiндегi адамдарымен қоса (10 адам) жарып жiберiптi.

– Сақ жүрейiк. Мұндағы адамдар соғысты ақша табудың, бизнестiң көзiне айналдырып алған. Қонақүйiңiз дайын. Бiрақ бiз сақтық үшiн сiздердi Қазақстанның Ауғанстандағы сауда палатасына апарып қондырғанды жөн көрiп отырмыз, – дейдi Сенбi Сатымов iнiмiз.

Дастарқаннан дәм татып, жолдан кейiнгi шаршағанымызды басайық деп дем алдық. Көпке дейiн ұйқым келмей, ойыма неше түрлi өткен-кеткендер оралып, маза бермей, таңғы азан шақыр­ғаннан кейiн бiр кезде көзiм iлiнiп кеттi.

Таңертең суық суға жуынып, Тiлеген ағаны ояттым. Балконға шықтық. Әуеде қаланы күндiз-түнi торып тұрған аэростаттарды көрдiк. Бiз тұрған үйдi құм толтырылған қаптармен қоршап қо­йыпты.

Бiз Кабулға келерден бiр күн бұрын Раббанидың қырқын берiптi. Ауғанстан билiгi бiтiм­герлiк келiсiм үшiн Раббанидың араласуын сұраған ғой. Раббани келiскен. Бiрақ келiсiм үстiнде сәлдесiне бомба тығып алған тәлiп өзiн де, Раббаниды да жарып жiберген.

Жалпы, Ауғанстанның қазiргi жағдайы өте күйзелiстi әрi күрделi. Баяғыда, бiз Ауғанстанда соғысып жүргенде, Кеңес үкiметi ұстап тұрған Ауғанстанның ресми билiгiне қарсылар сес көрсеткенде «Менiң тұтас бригадам бар», «Бiр полкым бар», «Мың жауынгерiм бар» деушi едi, қазiргiлер «Менiң 15 жанкештiм бар», не болмаса «20 жанкештiм бар» деп мақтанады екен. «Жанкештi» (смертник) деген не пәле, бұл кiм? Өлiмге бас тiккен адам. Қожасы өлiмге жұмсаса да бас тартпайды. Өзi де өледi, өзгенi де өлтiредi. Бiр сөзбен айтқанда, сана-сезiмi құлданған, «қожам не айтады, мен соны мүлтiксiз орындауға тиiспiн!» деп сана-сезiмi құрсау­ланған адам. «Камикадзе».

Раббанидың сүйегi Кабулдың биiк жерiне орналасқан алаңға қойылыпты. Құран оқытып, арнайы кiтапқа «Марқұмның жатқан жерi жайлы, иманы саламат болсын» деп, елiмiздiң атынан көңiл айтып, тiлегiмдi бiлдiрдiм. Кезiнде Раббани Ауғанстан прези­дентi болып тұрғанда бiраз аймақты және Пәкстандағы атышулы Бадабер лагерiн өз бақылауында ұстаған едi. Ендi, мiне, сол Раббани да дүниеден өттi. Марқұмның басында әскери күзет тұр.

Өзбек генералы Достумның үйiн де әскер қоршап тұрады екен. Оны өз көзiмiзбен көрдiк. Кабулде не көп, осындай жеке көсемдер көп. Ешкiмдi ешкiм мойындамайды...

Нәдiр шах пен Захир шахтың да басына бардық. Мұнда да әскери күзет тұр. Зиратын кезiнде тәлiптер қиратқан екен, бiрақ қазiр қайта қалпына келтiрiптi. Бұдан соң Бабыр бағында жерленген Бабыр бабамыздың мазарына зиярат еттiк. Бау-бақшалы, 10-15 гектар жердi алып жатқан Бабыр бабамыздың басына Құран оқыттық. Кiре берiсiнде күзеттiң тексерi­сiнен өтiп, неше түрлi қолөнер сататын дүкендердi көрдiк.

Осы жерде Қазақстанның Ауғанстандағы елшiсi, генерал-майор Өмiртай Мақашұлы Бiтiмов ағамыздың, сондай-ақ осы елшiлiкте iстейтiн Сенбi Сатымов, Байжан Хамзин, Рүстем Тұманов секiлдi бауырларымыздың қылыштың жүзiнде, желдiң өтiнде, оттың iшiнде жүргенiн ерекше атап айта кеткiм келедi. Себебi, мұнда өте қауiптi. Жауапкершiлiк те айрықша.

Өмiртай Мұқашұлы өзiнiң бiр сөзiнде бiздiң әскерлердi Ауғанстанға кiргiзу-кiргiзбеу мәселесiн өте жiтi зерттеп, түбейттеп тексере келе, әзiрше бұл мәселенi тоқтата тұру керектiгiн, өйткенi АҚШ әскерлерi жауапкершiлiктi бiздiң әскерге аудара салу мүмкiн екендiгiн ескерiп, өзiнiң осы ойын Елбасына жеткiзiптi. Осы бiр мысалдың өзiнен-ақ Ауғанстандағы елшiлiктiң жұмысы қаншалықты ауыр екенi байқалып тұр емес пе?!

Өмiртай Мақашұлы ағамызды өз ұжымының алдында Бауыржан Момышұлы атындағы «Құрмет» белгiсiмен марапаттадым.

– Шындап келсек, ауған халқы АҚШ-қа да, Ресейге де сенбейдi, – дедi тағы бiр сөзiнде елшi ағамыз, – Бұлардың Кеңес әскерiне деген өшi әлi бәсеңдеген жоқ. Сондықтан да Ауғанстанға деген достығымызды көрсетiп, оны iс жүзiнде дәлелдеп отырғанымыз абзал. Кейбiреулер ойлайды, «Апыр-ай, өз балаларымыз тұрғанда, ауған балаларын неге оқытуымыз керек?» деп. Жоқ, керiсiнше, бұл Қазақ мемлекетi үшiн аса маңызды. Мектеп салып, азық-түлiкпен жәрдемдессек, Ауғанстан да жiбидi. Айналып келгенде, осының бәрi Қазақстанның өзiнiң қауiпсiздiгi үшiн керек.

Ауғанстанда қаза болған жауынгерлерге арнап Қазақстандағы Ауған соғысы ардагерлерiнiң атынан «Сауап» қоғамдық қорының қаржысына ескерткiш-тақта жасаттым. Бұл ескерткiштақта Қазақстанның Ауғанстандағы елшiлiгiнде тұратын боп келiсiлдi.

Мәрмәр тастың бетiне төрт тармақтан тұратын мынадай өлең жазылды:

 

«Сендер – көкке сiңiп кеткен нұрсыңдар,

Зау биiкте жұлдыз болып тұрсыңдар.

Армандарын айырбастап ажалға,

Туған жерге қайтпай қалған қыршындар.

 

Қазақстандағы Ауған соғысы ардагерлерiнiң атынан. 11.11.11».

 

«11.11.11» дегенiм – 11 қараша 2011 жыл дегенiм ғой. Өңкей «бiрдiң» тiзiле қалғанын қарасаңызшы. Мұны кездейсоқтық деп кiм айтады...

Елшiлiк қызметкерлерiнiң нұсқауымен Ауғанстанды аралауға кiрiстiк.

«Кеңес одағына қарғыс айтам!»

Аты – Геннадий. Ұлты – украин. Бұл да бiз секiлдi кезiн­де Кеңес әскерiнiң құрамында Ау­ғанстанға кiрген ғой. Содан ауғандықтарға тұтқынға түскен. Мұны ешкiм iздемеген, сұрамаған. Тұтқында жүрiп мұсылман дiнiн қабылдаған. Мұсылманша аты – Никмамед. Никмамедпен менi Ауғанстандағы Қазақстан елшiлiгiнiң қызметкерлерi кездестiрдi. Никмамед-Геннадийдiң жағдайы да, тағдыры да тым ауыр екен. Құндыз қаласында тұрады. Бiраз ақша берiп едiм, «Үйде отын жоқ едi, отын алатын болдым...» деп қуанып қалды.

– Елiңе, Отаныңа оралмайсың ба? – дедiм. Әрине, «Елiңе, Отаныңа» дегенде мен Украинаны айтып тұрмын ғой. Байқаймын, қайтқысы жоқ. Ауғаннан әйел алған. Бiр ұл, бiр қызы бар. Ұлы ер жетiп, қызы бой жетiп қалыпты. Оның үстiне бiр-екi рет Ауғанстандағы Украина елшiлiгiне барған екен, ондағылар мұны салқын қабылдапты (Мұсылмандықты қабылдаған украинды қай украин жақсы көрсiн?!) «Егер осыдан елiңе келетiн болсаң, артыңнан адам жiберiп, қай жерде жүрсең де өлтiрiп кетемiз!» деп тәлiптер те қорқытқан көрiнедi.

– Менiң тағдырымның осындай күйге ұшырауына кiм кiнәлi? Кеңес одағы кiнәлi! Кеңес одағына қарғыс айтам! Қараң өш­кiрдiң қарасы өштi ғой, қарасы өшсе де қарғыс айтам! Лағынет! Лағынет! – деп көзiне жас алды Никмамед-Геннадий қоштасарда. Менiң де жүрегiм сыздап қоя бердi...

Айтпақшы, Кабулдың базарында алаша, кiлем сатып отырған қазақтың шалын кездестiр­дiм. Жасы 72-де. Шағын, жеке дүкенi бар. Шалдың екi ұлы да жанында екен. Екеуi де жап-жас. Соған қарағанда, әйелi жас адам сияқты.

– Руым – Қоңырат, оның iшiнде Божбанмын. Әйелiмнiң руы – Қырықмылтық. Үйге жүрiңдер! Қонақ боп кетiңдер! – деп даңғырлаған қарияның қолқа салмасы бар ма?! Қазақ қай жерде жүрсе де қазақ екен ғой, әлгi қартқа алғысымызды айтып, жедел Паншерге жүрiп кеттiк.

 ПАНШЕРЛIКТЕР АУҒАНСТАННЫҢ БИЛIГIН ҚОЛДАМАЙДЫ

Кабулден шығып, Паншерге бет алдық. Кабул мен Паншердiң арасы – 80 шақырым. Жолбасшымыз – полковник Уахидолла Паншеридiң өзi. Неге мен бұл жерде «Паншеридiң өзi» деп отырмын? Ендi соның сырын айтайын.

Ауған халқы Ахмедшах Масудты өздерiнiң көсемi деп таниды. Тiрiсiнде де көсем деп таныды, өлгеннен кейiн де Ахмедшах Масудты көсем деп қадiрлеп, оның есiмiн ерекше құрметтейдi. Масуд – Ахмед-шахқа халықтың берген аты. Бұл – «бақытты» деген сөз. Кеңiрек айтсақ, «өзi де бақытқа жетедi, бiздi де бақытқа жеткiзедi» деген сөз. Ауған халқының тәуелсiздiгi, еркiндiгi үшiн күрескен және осы жолда өмiрiн қиған Ахмедшах Масуд көзiнiң тiрi­сiнде Паншер өлкесiне ешкiмдi кiргiзбедi: Кеңес әскерiн де, НАТО-ның әскерiн де, АҚШ-тың әскерiн де, тәлiптердi де. Әлi де солай екен. Ахмедшах Масудтың саяси iзбасарлары, шәкiрттерi, халқы қазiр де Паншерге ешкiмдi кiгiзбейдi екен. Өйткенi сенбейдi.

Уахидолла Паншери – Ахмед-шах Масудтың ең сенiмдi адамының бiрi, яғни оның шаруашылық жөнiндегi орынбасары бол­ған. Жауынгерлердi азық-түлiкпен, қару-жарақпен, киiм-кешекпен қамтамасыз ету осы Уахидолла Паншериге жүктелген. Кезiнде Уахидолла тұтқынға түскен кезде Ахмедшах Масуд мұны тәлiптердiң 6 бiрдей командирiне айырбастап алған. Командир болғанда да, жай командир емес, iрi-iрi командирлер. Уахиддин Паншеридiң кiм болғанын, Ахмедшах Масудқа қадiрi қалай жүргенiн осы бiр деректiң өзiнен де байқауға болатын секiлдi.

У.Паншеридiң бойы 2 метрге жуық. Тап бiр баяғының батыры дерсiң. Ержүректiгiнiң, батырлығының үстiне У.Паншери – өте бiлiктi. Саясатты жетiк бiледi. Әсiресе, Ауғанстанның iшкi жағдайы мен iшкi саясатын өте жақсы бiледi. Мына шетi Бадахшан, Тәжiкстаннан бастап, Анжуман шатқалы, Кабул, Джалабад, Лағман, Таулкан, Мазари Шариф, Құндыз, Асадабадты У.Паншери бес саусағындай бiледi. Орысшаға да судай.

У.Паншери жол-жөнекей әңгiме айтып отырды. Естiгенi өз алдына, осының бәрiн өз қолымен ұстап, өз көзiмен көрген саясаткердiң сөзiне сенбеу де мүмкiн емес.

– Карзайдың ұлты – пуштун. Тек АҚШ-тың дегенiмен жүрiп-тұрады. АҚШ-тың айдауына бiржолата көнген һәм мойынсұн­ған адам. Карзайдың қасындағы Хакани – нағыз терроршы. Хакани кезiнде жанкештiлердi сатып байыды. Әр жанкештi 70 мың мен 100 мың доллардың аралығында сатты. Сөйтiп, мұны бизнеске айналдырды. Гулбуддин Хекметияр – бұл да террор ұйымдастырудың маманы. Молда Омар да – терроршы, террор ұйым­дас­тырудың шеберi. Мiне, осылар тiрi тұрғанда Ауғанстанда ешуақытта тiрлiк те, бiрлiк те, тыныштық та болмайды. АҚШ бұларға үлкен ақша төлеп отыр. Сондықтан да бiздiң паншер­лiктер бұларды қолдамайды және оларға қосылмайды, – дейдi Уахидолла Паншери.

– Кабулға барсаң, АҚШ-тың әскерi, НАТО-ның әскерi сенi қару кезенiп қарсы алады ғой. Ал бiздiң Паншерде олай емес. Бейбiт адамға ешкiм қару кезенбейдi, – дейдi тағы да Уахидолла Паншери.

ДЖАБАЛ-УССАРАДЖ ҚАЛАСЫНДА

Паншер өлкесiмен шектес жатқан Бадахшан, Тахир, Бағлан, Парван, Каписа кезiнде Ахмед-шах Масудтың қолында болды. Бұл жердiң әрбiр тау-тасы, ой-қыры – кескiлескен қанды шайқастардың куәсi. Қиян-кескi шайқастың тағы бiр куәгерi Джабал- Уссарадж қаласына келдiк. Шағын қала. Кезiнде осы қалада Кеңес әскерiнiң арнайы гарнизоны болды. Бұл гарнизонда, ұмытпасам, 2 мыңға жуық кеңес жауынгерлерi болды. Артынша Ахмедшах Масудтың жауынгерлерi Кеңес әскерiн бұл жерден түрiп қуып шықты. Сол заманның куәсiндей етiп, паншерлiктер Кеңес әскерiнiң қираған техникасын бiр жерге тау ғып үйiп қойыпты. Құдай-ау, мұнда не жоқ дейсiз: БМП, БТР, «Катюшаның» бiрнеше түрi, БМ-21-Град, «Урал» автомобильдерi, ЗПУ, қилы минометтер, әскери КамАЗ-дардың қаңқасы, тiкұшақ, зеңбiректер...

Бұл жерде темiр емес, қаншама өмiр жатыр десеңiзшi?! Осы жерде мыңдаған Кеңес әскерi ажал құшты. Оның iшiнде қазақтар да аз емес...

Уахидолла Паншери әлi сөйлеп келедi:

– Мынау Гузар тауы ғой. Аманолла бастаған тәлiптердi Бабажан генерал (Наджибулланың тұсындағы генерал) мен Маулана Сейдхел (М.Сейдхелдi тәлiптер осыдан 3 ай бұрын жарып өлтiрдi) осы таудан әрi қарай өткiзбедi. Осы шайқаста 100 мыңға жуық тәлiп өлдi. Бұлардың денелерiн ешкiм жинап алмады. Ит-құсқа жем болды...

– Ал мынау – Қарабақ, – дейдi У.Паншери, – Мұнда тәжiктер мен хазарилер көбiрек тұрады. Пуштундар да аз емес.

Каписа провинциясының орталығы Каписа кентiне келген кезде бiраз аялдадық. Кезiнде Ахмед-шах Масудтың соғыс штабы осында болған. Штабқа қарама-қарсы А.Масудтың өзiнiң үйi болыпты. Кiрiп шықтық. Қарапайым ғана үй. Артық мүлiк жоқ. Жалпы, Ахмедшах Масуд – дүние жинамаған адам. Халық үшiн қызмет еткен.

Мiне, Рухаға да келдiк. Руха өзенi. Бұл өзендi өзiмiздiң «Қара майор», қазақтың Қара майоры Борис Керiмбаев әрлi-берлi талай кешiп өткен ғой...

Руханың жағасында да Кеңес әскерiнiң қираған техникалары.

Базарактан өткеннен соң Саричаға келдiк. Саричада Ахмед-шах Масудтың кесенесi тұр. Масудтың кесенесi бiздiң Қорқыт-Атаның кесенесiне келiңкiрейдi екен. Бiраз ұқсастық бар.

Ахмед-шахтың басына Құран оқыттық. Содан кейiн осы жерде қой сойып, Ауған жерiнде шейiт болған қазақстандық боздақтарға ас бердiк.

Ахмед-шах Масудтың кесенесiне кезiнде өзi мiнген броньды «Тойотасы», «Мерседесi», «Уазигi» де қойылыпты. Тағы бiраз әскери-техникалық авто­көлiктер тұр.

 «ҚАРА МАЙОРДЫҢ» БАСЫ ҮШIН 1 МИЛЛИОН ДОЛЛАР ЕМЕС, 1 МИЛЛИОН АФГАНИ ТIГIЛIПТI

Қайтар кезде Уахидолла Паншери Руха өзенiнiң жағасындағы шайханаға шағын дастарқан ұйымдастырды. Руха өзенi патша-балыққа (форель) бай. Форель қуыртып, шай бердi.

– Кезiнде бiр-бiрiмiзге қару кезенiп, бiрiмiздi-бiрiмiз автоматтың қарауылында ұстаған сенiмен бүгiн дәмдес боламыз деп кiм ойлаған?! – дедi У.Паншери маған қарап, – Алланың құдiретiнде шек жоқ екен... Қазiр КСРО келмеске кеттi. Қазақстан – өз ұстанымы, өз мақсат-мүддесi бар тәуелсiз ел. Дiнiмiз бiр. Демек, бiр-бiрiмiзге бөтен емеспiз. Мен сенi дос есебiнде қабылдап отырмын.

Е-е, бұл Уахидолла Паншери­дiң көрмегенi жоқ. Кеңес әскерi мұның екi бiрдей ағасын жазықсыз атып тастаған. Екi ағасы да мектепте мұғалiм екен. Кеңес солдаттары мұның ағаларының iшiне автоматты тiреп қойып, магазиндегi оқ таусылғанша атқан ғой...

– Анам байғұс екi ағамның iшiнен екi уыс оқ терiп алды... Екi ағамның ақтарылып, жан-жаққа шашырап кеткен iшек-қарнын терiп, жиып, жуып қайта орнына салды..., – дейдi У.Паншери екi көзi бiрдей мұңға тұнып.

У.Паншери бақуат тұрады екен. «Жеке қаржыма паншерлiктерге электростанция салып бердiм» дедi. Осы кезде қалжыңдап:

– Баяғы «Қара майордың» басы үшiн тiгiлген 1 миллион долларды қайда жұмсадыңдар? – дедiм.

Уахидолла Паншери ақырын жымиып күлдi. Күле отырып:

– Шын мәнiнде, «Қара майордың» басы үшiн 1 миллион доллар емес, 1 миллион афгани тiгiлген болатын, – дедi.

Афгани – ауған ақшасы. Әрине, құны доллардан арзандау.

У.Паншери «Қара майордың» атын да, затын да жақсы бiледi. У.Паншери тұрмақ, Ахмед-Шах Масудтың өзi кезiнде «Мына қара бәледен, Қара майордан қалай құтыламыз?» деген ғой. Әрiптесiмiз, майдандас ағамыз Борис Керiмбаевтың күллi Ауғанстанға, қала бердi бүкiл Кеңес одағына «Қара майор» атанып кетуi де аузы дуалы Ахмед Шах Масудтың осы сөзiнен кейiн секiлдi.

Ауған халқы – жауынгер халық және шын жауынгер екенiңдi таныта, мойындата бiлсең, жау болсаң да сенi сыйлайды, қадiрлейдi. Жалпы, «Қара майорды» ауғанның әскери ортасы белгiлi бiр дәрежеде биiк бағалайды. Әрине, оның себебi бiреу-ақ. Бұлар «Қара майорды» қазақ болғаны үшiн, не болмаса «мұсылман баласы ғой...» деп iш тартпайды. Олар «Қара майорды» өз iсiнiң бiлгiрi, өз iсiнiң шеберi деп таниды және мойындайды. Соғыс өнерiн жетiк меңгерген, әскери амал-тәсiлдердi орайымен әрi ұтымды түрде қолдана бiлетiн батальон коман­дирiнiң, яғни «Қара майордың» атын ұмытпайтыны да содан.

Кезiнде атақты Жуков жау бола тұрса да немiс әскерiнiң қолбасшысы Гудерианның тұтқиылдан, ойламаған жерден шабуыл жасайтынын мойындаған ғой. «Гудериан тәуекелге бара бiледi және сол тәуекелi ұдайы нәти­желi болады» деп. Уахидолла Паншеридың да «Қара майорға» деген көзқарасы осы iспеттес. Әйтпесе, оның «Қара майорға» елжiреп бара жатқан ештеңесi жоқ.

– Кейде салыстыру жасаймын, – дедi У.Паншери шай үстiнде Руха өзенiне ойлана қарап отырып, – Кеңес әскерiнiң жауыздығы тәлiптердiң жауыздығының жанында жiп есе алмай қалды. Тәлiптер паншерлiк әйелдерге «Өзiң айт, оң көзiңдi    ояйын ба, жоқ сол көзiңдi ойып алайын ба?» деген ғой. Байғұс әйелдер қарсылық бiлдiрсе, екi көзiн бiрдей ойып алған. Тәлiп­тердiң осы жауыздығын бiлетiн әйелдер олар әлгi сұрақты қойған кезде, амал жоқ, «оң көзiмдi ойып ал», не болмаса «сол көзiмдi ойып ал» деген. Әйтпесе, екi көзден бiрдей айырылады... Қайсыбiрiн айтайын, мына Руха өзенi талай рет қан боп ақты ғой...

 АҚШ-ТЫҢ АУҒАНСТАНҒА ЖАНЫ АШИ МА?

Уахидолла Паншеридың жолай былай дегенi есiмнен кетпей-ақ қойды:

– Ауған халқы – негiзiнен, егiншi халық. Диқан халық. Дәндi дақылдың (арпа, бидай, жүгерi, сұлы, ноқат, жасымық, тары және т.б.) неше атасын еккен. Және егiндi күтiп-баптаудың да қыр-сырын жетiк бiлген. Мiне, сол халықтың ұрпағы қазiр егiншiлiкпен, диқаншылықпен айналыспайды. Егiншiлiкпен айналысуыңыз не, сол егiндi қалай егудi де бiлмейдi. Өйткенi күндiз-түнi – соғыс. Ертелi-кеш көретiнi де, бағатыны да – атыс-шабыс... 1900-1910 жылдары Ауғанстан патшалық Ресейге, Пәкстанға, Үндiстанға, өзге де көршiлес елдерге астық сатқан. Мiне, сол Ауғанстан қазiр азық-түлiк сұрап, Пәкстанға қол жайып отыр...

Өзiнiң елi үшiн, халқы үшiн, отаны үшiн, нақтырақ айтсақ, Ауғанстан үшiн жаны ауыратын У.Паншери секiлдi көзi ашық, көкiрегi ояу, қазiргi саясаттың қыр-сыры мен қитұрқысын жақсы бiлетiн талай ауғандық азаматтармен әңгiмелестiм. Сырластым. Мәселен, Наджибулланың тұсында Iшкi iстер министрi бол­ған, Наджибулла дарға тартылған соң сырт елдерге (Тәжiк­станға, Иранға, Үндiстанға, Еу­ропа елдерiне) қашқан, қазiргi күнi Ауғанстанға қайтып оралып, қоғамдық өмiрге араласа бастаған генералдармен де, полковниктермен де көзбе-көз әңгiмелестiм. Ендi осы азаматтар айтқан және өзiм де шет жағасын көрген мәселелердi ортаға салсам деймiн.

Парванда (Парван провинциясында) АҚШ-тың әскери базасы тұр. Осындағы АҚШ-тың әскерлерi тәлiптер жиi шоғырланған Джалабадқа, Қандағарға баратын болса, өздерiнiң қауiпсiздiгi үшiн тәлiптерге алдын ала миллиондап ақша төлейдi екен. Ал бұл ақшаны тәлiптер халыққа қарсы жұмсайды: жарылыстар жасайды, билiкке ыңғайсыз тұлғаларды өлтiредi және т.б. АҚШ-тың әскери базасының үстiнен ешкiм ұшып өтпейдi. Ұзақ болса да, бәрi де мұны айналып ұшып өтедi екен. Тiке ұшып өтсең, оқ шығармастанақ, лазермен жалп еткiзедi екен. Қарап отырсаң, бұл да – шығын. Ауған халқын қажытатын шығын.

Ауғанстанның әскерiнде қызмет ететiн АҚШ әскерилерi (көбiнесе, нұсқаушылар) бар екен. Бұлар 10 мың доллар жалақы алады екен. Ал ауғандық офицерлердiң алатын жалақысы – 200 доллар. «Осыдан кейiн мұндай әскерде қандай болашақ болмақ?» дейдi генералдар. Генералдардың айтуынша, АҚШ Ауғанстанға 40 миллиард доллар көлемiнде гуманитарлық көмек көрсетiптi. Осының 36 миллиарды Ауғанстанға жетпеген. Қайда? Ешкiм бiлмейдi...

Ауған халқына көмек ретiнде американдықтар жолға тас төсептi. Ұсақ малта тас. Осыны американдықтар «Бiз сендерге 6 миллион долларға тегiн көмек көрсеттiк» деп көзге шұқып, қайта-қайта айтатын көрiнедi. «Апыр-ай, – дейдi ауғандық ардагер-генералдар, – Кеңес үкiметi тегiннен-тегiн мектеп те, аурухана да, зауыт та, тұрғын үй де салып бердi. Бiрақ ешуақытта мiндетсiмеген едi...».

«Американдықтар Ауған хал­қын көзбояушылыққа, сыбайлас жемқорлыққа үйретiп жатыр. Кеңес үкiметi тұсында 250 000 ауғандық КСРО-да әскери жоғары бiлiм алып, офицер атанды. Ал соңғы 10 жылда американдықтар «Бiз 3500 ауғандыққа жоғары әскери бiлiм бердiк» дейдi. Шын мәнiнде, бұлар 3500 емес, одан әлдеқайда, үш-төрт есе аз» дейдi ауғандық генералдар.

Сонымен қатар, мынандай да келеңсiз оқиғалар болыпты. Кезiнде Кеңес үкiметi салған ау­руханалар мен мектептердi сәл-пәл жөндеп, «Бiз сан миллион ақшаға құрылыс тұрғыздық» деп, осы ақшаны АҚШ-тан Ауғанстан­ға аудартқан да, бұл ақшаны Ауғанстанда қызмет iстейтiн АҚШ азаматтары өздерi бөлiске салған. Ал ендi американдықтардың бұлай еркiнсуiне қарсы бол­ған ауған шенеунiктерiнiң аузын қалай жаптырған десеңiзшi? Қазiргi кезде Ауған шенеунiк­терiнiң басым көпшiлiгiнiң балашағасы АҚШ-та оқитыны да белгiлi. «Оқуларын бiтiрген соң бұларды Ауғанстанға жiбермеймiз, АҚШ-та алып қаламыз» деп, ауған шенеунiктерiн жiпсiз байлап тастаған.

 «СЕНДЕРГЕ КЕЛДIМ ДҰҒА ҚЫП...»

Адам өлеңдi жазам деп жазбайды екен ғой. Ауғанстанды аралап жүрген кезiмде өткен күндерiм, қыршынынан қиылған қимас достарым есiме түсiп, iшiмнен жиi күбiрлей бердiм.

1980 жыл. Екiншi сәуiр күнi Самат, төртiншi сәуiр күнi Асыл қаза тапты. Мен болсам жараланып, Кабулдың госпиталiне түстiм. Алты дәрiгер ақ тер, көк тер болып, жанталаса жүгiрiп, операция жасап жатыр. Госпитальдың еденi – шылқыған қан. Маған кезек келгенде, шамасы қансырап кетсем керек, есiмдi жоғалта бастадым... Осындай қорқынышты суреттер көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды...

Азапты да ауыр жылдарымның елесi әсер еттi ме, қыршынынан қиылған боздақтарды сағынғаным ба, тiл ұшыма төмен­де­гiдей өлең жолдары орала бердi:

Мойындай қоймас басқаны,

Армысың Ауған аспаны.

Көзiме оттай басылар,

Түксиген тау мен тастары.

 

Бұл жақта бөлек ұғымдар,

Iшiнде кетер мұңың бар.

Өртенiп кеткен өмiрлер,

Қиылып жатқан ғұмырлар.

 

Жанымның бiтпей жарасы,

Жабырқап тұрмын қарашы.

Есейттi менi мың жылға,

От пенен оқтың арасы.

 

Нағылам айтып, нағылам,

Жаралы бiздей қабылан.

Отан деп солай қан кештi,

Он сегiздегi оғылан.

 

Он сегiздегi көк бөрi ем,

Көгерiп жаңа көктеген.

Қынадай қырған тiрiнi,

Сұм соғыс сенi жек көрем.

 

Түнерiп әлi қыр, шыңдар,

Еске сап бәрiн тұрсыңдар.

Сендерге келдiм дұға қып,

Көмусiз қалған қыршындар.

 

Айқара құшақ ашылмай,

Шаттықтың нұры шашылмай.

Соғыстың мынау лаңы

Басылмай қойды-ау, басылмай...


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі