Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
17.03.2010

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ КЕПІЛІ» АТТЫ МӘЖІЛІСТІҢ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ


«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ КЕПІЛІ»

АТТЫ МӘЖІЛІСТІҢ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

               

Астана, Мәжіліс үйі, 17 наурыз. «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі». Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыруымен  аталған ғылыми-практикалық конференция үстіміздегі жылдың 19 наурызы күні өтеді (Палатаның жалпы отырыс залы, 3- ші қабат, 10-00).

Ана тілдің қадірін арттыру мақсатында Парламент қабырғасында өткізілгелі отырған осы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал саясаткерлер, ғалымдар мен белгілі тіл мамандары, мемлекеттік тілді дамыту жолында еселі еңбек етіп  жүрген адамдар қатысады.

                «Бір тілде сөйлеу – бірлік бастауы» деп аталатын негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов жасайды деп күтілуде.

Сонымен қатар Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту – маңызды мемлекеттік іс», ал Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев «Қазақстан Республикасының ұлттық білім беру жүйесінде мемлекеттік тілді дамытудың жәйі», Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Валерий Вишниченко «Мемлекеттік тілді дамыту – Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының негізгі бағыттарының бірі» деген тақырыптарды баяндайды.

                ҚР Бас прокурордың орынбасары Мұхтар Жөргенбаев «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның орындалуын бақылаудың нәтижелері және бақылауды жетілдіру жолдары» жайында қосымша баяндама жасайды.

                Жиналыстың шеңберінде сенатор Ғарифолла Есім, Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбаевтар, Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев және басқалар аталған мәселе бойынша ой қозғайды.

Мәжіліс депутаттары Зағипа Балиева, Камал Бұрханов, Алдан Смайыл, Бекболат Тілеухан форум барысында көтерілген мәселелерді секциялар бойынша талқылауға модераторлық етеді.

Парламентте бірінші рет өткізіліп отырған бұл конференцияны Мәжілістің Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов қорытындылайды деп көзделіп отыр.

 

(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратып отыр.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі