Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында мектептер шаруа қожалықтарына айналып бара жатыр
АСТАНА. 30 наурыз. Мәжіліс үйі. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Нұртай Сабильянов ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мырзаға бірқатар ұсыныстарды айтты.
Мәжіліс депутаты өз сөзінде қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы төтенше жағдайға тоқталды.
«Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданының бірқатар елді мекендерін су басып, ауыл тұрғындары басқа жаққа көшірілді. Мектептер жұмыс істемейді, мұғалімдер жалақы алмайды, осы ауылдардағы балалардың сабағы жүргізілмейді. Қазіргі кезде олар Сәтбаев пен Ақсуат ауылдарына көшіріліп отыр. Біріншіден, осы оқушыларды мектеппен қамтамасыз ету, екіншіден, осы ауылдарда туып, оқып, жоғарғы оқу орнында ақылы бөлімде оқып жүрген студенттерді мемлекеттік грантқа ауыстыру мәселесін қарастыруды сұраймыз. Өйткені қазіргі кездегі ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігі тек қана малға байланысты. Енді ол мал да жоқ, барлығы өліп қалды. Үйлері жарамсыз болды. Табыс жоқ. Сондықтан да осы жағы қарастырылғаны жөн.
Ауылдардағы құлап қалған мектептерді қайта қалпына келтіру мәселесі де өзекті. Және де биыл көшірілген ауылдың балаларын Біріңғай ұлттық тест сынағынан босатып, жоғарғы оқу орындарына жеңілдікпен оқуға түсіру мәселесін қарастырсаңыздар. Өйткені ол ауылдарда сапалы білім беру мүмкін емес.
Биыл Шығыс Қазақстан облысында қыс қатты, аяз болды, екі-үш айдай балалар сабақ оқыған жоқ. Соған орай Шығыс Қазақстан облысы мектептеріндегі оқушыларды да Біріңғай ұлттық тесттен биыл босатып, оларға да жеңілдіктер қарастырылса. Екі-үш ай сабақ оқымаған балалар қалай ертең ұлттық тестті тапсырады?
Тағы да бір мәселе «Балапан» бағдарламасына байланысты болып тұр. Аталған бағдарлама жасалған кезде халықтың демографиялық өсуі ескерілгені дұрыс. Өйткені бір жерлерде жылына балалардың тууы 10 пайызға өседі, бір жерде 30 пайыз. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысын алатын болсақ, былтыр балалардың тууы 16 пайызға көбейген екен. Соның ішінде Семей қаласында 19 пайызға көбейген де, ал ең көп бала туатын аудан Аягөз ауданы екен, 25 пайызға көтерілген. Бірақ ол жерде бірде-бір балабақша салу қарастырылмаған. Міне, осы мәселелер шешімін тапқаны жөн.
Сондай-ақ қазір бізде облыста оптимизация деген шығып жатыр. Ол мектептерді қысқартып, бір-біріне біріктіріп, жауып, әйтеуір жоқ жерден бір шу шығару секілді. Ол туралы кезінде мәселе қозғалды. Бір ауылдағы екі қазақ мектебінің біреуін жапқаннан не пайда табамыз? Екеуінде де балалар оқып жатыр, білім алып жатыр, саны жетеді. Сондықтан да осы жағы бір тиянақты, жүйелі түрде шешілгені дұрыс.
Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында мектептер шаруа қожалықтарына айналып бара жатыр. Жазда мұғалімдер мен балаларды жұмысқа салуда. Ол қазіргі кездегі не деген жүйе? Оны біз тоқтатуымыз керек секілді. Өйткені ол әкімдерге ыңғайлы. Олар мектепті алған кезде олардан бір пайдасын көреді. Қытайдың кішігірім тракторларын алады да, мектептерге береді. Оның орнына, менің ойымша, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу керек және де мынадай трактор алып беріп, шаруа қожалықтарына айналдыруды тоқтату керек деп ойлаймын»,- деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.
Депутаттың ұсыныстары бойынша ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мырза жауап берді.
«Біз Шығыс Қазақстан облысын қадағалап отырмыз. Қазіргі таңда жеті ауданда су басып кеткен ауылдар бар. Ол жерлердегі балалардың барлығын интернаттарға орналастыру және мектептері сау басқа ауылдарда оқып жатыр. Сондай-ақ бүкіл жоғары оқу орындары бойынша біз бір күндік жалақыларымызды аудардық. Тағы да қосымша көмек дайындатамыз. Және Бурабайдағы "Балдәурен" лагерінде осы су тасқынында болған өңірлердегі балалар үшін арнайы орын дайындап, оларды сол жерде демалдыруға жағдай жасап жатырмыз.
Ал енді ақылы оқуда оқитындарды мемлекеттік гранттарға көшіру жөнінде айтсақ, бір жылдың өзінде 24 мыңдай баланы көшірдік. Қазіргі жағдайда сол жердің балаларын университеттеріне байланысты ректорларға арнайы тапсырма береміз. Мүмкіндігінше қолайлы жағдай қарастыруға тырысады.
Құлаған мектептердің тізімі қазір жинақталуда. Ол бойынша аудандық, облыстық әкімшіліктермен бірге жұмыс істеп отырмыз және оларды осы алдымыздағы жоспарға енгізетін боламыз. Кезінде Сарыағашта да жеті мектеп су астында қалған кезде арнайы шешім қабылданып, жаңа нысандар салынған болатын. Бұған байланысты Үкімет арнайы шешімдер қабылдайды.
Ал енді Бірыңғай ұлттық тестілеуден босатуға байланысты айтар болсам, бұл екі-үш айдағы білімнің нәтижесі емес, ол он бір жылғы білімнің нәтижесі болғандықтан, оған байланысты біз арнайы қарастырсақ деп ойлаймын.
«Балапан» бағдарламасында да демографиялық ахуал ескеріліп отыр. Әрбір облыста, әрбір ауданда қалай болады, соған байланысты біздің жоспарымызда ол ескеріледі.
Мектептерді біріктіру мәселесіне келсек, мұнда да жергілікті жерде халықтың тууы, өсуіне және қысқаруына байланысты шаралар қабылданады. Әрбір ауылға байланысты жеке қарастырамыз деп ойлаймыз.
Мектептерді шаруа қожалығына айналдыруға біз де қарсымыз. Бұл заңға да қайшы. Сондықтан да мұндай мәселемен айналысқан сол ауылдың әкімдері заң алдында құзыретті органдар арқылы жауапқа тартылуға тиісті деп есептеймін»,- деді Жансейіт Түймебаев.
(Айбатыр Сейтақ, Мәжілістің баспасөз қызметінен. Тел: 74-63-02. Seitak@parlam.kz Ақпаратты Парламент Мәжілісінің Баспасөз қызметі таратты)
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі