Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
03.03.2021

Мәжіліс ЕАЭО шарттарын ратификациялау туралы заң жобаларын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 3 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұлданды.

Атап айтқанда, отырыста «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Келісімге сәйкес 2024 жылдан бастап ЕАЭО елдері темекіге 1 мың дана үшін 35 евро индикативтік мөлшерлемені тиісінше 20% - ға ауытқу құқығымен қолдануы тиіс.

Бұл ретте темекі өнімдеріне акциздерді кезең-кезеңімен үйлестіру көзделеді.

Осы заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин егер ұлттық валютаның еуроға қатысты бағамы өзгерсе бұл темекіге акциздің мөлшерлемесіне, сондай-ақ бөлшек сауда бағаларына қалай әсер ететініне көңіл бөлу керектігін айтты. 

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев түсіндіргендей, бағам күрт өзгерген жағдайда ЕАЭО-ға мүше елдердің әрқайсысы акциздердің индикативтік мөлшерлемесін қайта қарауды сұрап, Еуразиялық экономикалық комиссияға жүгінуге құқықы бар және шешім толық консенсусқа қол жеткізілген кезде, яғни ЕАЭО-ның барлық мүшелері келісетін кезде қабылданады.

Осыған орай, Нұрлан Нығматулин бұл жерде көп жағдай Ұлттық экономика министрлігі қызметкерлерінің, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ комиссиядағы өкілдердің, олардың курстың барлық өзгерістеріне жедел іс-әрекет етулеріне байланысты болатынын атап өтіп, осы Келісім шеңберінде Қазақстанның мүддесін, еліміздің міндеттемелерін де сақтау мақсатында уақытылы шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Жалпы, заң жобасы темекі өніміне арналған акциздер мөлшерлемелерін үйлестіру жолымен ЕАЭО шеңберінде темекі өнімдері нарығының жұмыс істеуі үшін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл темекі өнімдерінің заңсыз айналымын тежеуге мүмкіндік береді.

Отырыс барысында депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Шарттың мақсаты - тауар және қызмет көрсету белгілеріне, тауарлар шығарылған жерлердің атауларына қатысты құқықтарды алудың өңірлік жүйесін құру.

Бұл жүйені құру ЕАЭО аумағында тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне және тауарлар шығарылған жерлердің атауларына қатысты қорғауды алу рәсімін оңайлатады, бір еуразиялық өтінімді беру арқылы өтініш берушілер үшін әкімшілік және қаржылық кедергілерді төмендетеді.

Шартта тауар белгілерін, қызмет көрсету белгілерін және тауарлар шығарылған жерлердің атауларын құқықтық қорғау ерекшеліктері, оның қолданылу қағидаттары, құқық иеленушілердің құқықтары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия мен ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттер берілген өтінімдерге қатысты жүзеге асыратын міндеттемелер мен өкілеттіктер көзделген.

Жалпы отырыста депутаттар екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының  кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында  микроқаржылық  және  коллекторлық қызметті реттеу  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасын мақұлдады. 

Заң жобасының мақсаты –қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту.

Аталған заң жобасына қатысты депутаттар бірқатар түзетулер енгізді. Олар: кредит беру тәуекелдерінің өсуіне және азаматтардың борыштық жүктемесінің шамадан тыс өсуіне жол бермеуге, дауларды реттеу, борышкерлердің құқықтарын күшейту тетігін жетілдіруге, сондай-ақ, кредиторлардың қарыз алушылардың өтініштерін қарау және проблемалы берешекті реттеу мерзімдерін қысқарту (180 күннен 90 күнге дейін) сонымен қатар, микрокредиттер бойынша тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшерін шектеу, сондай-ақ ипотекалық қарыздардың барлық түрлері бойынша мерзімі өткен 180 күннен кейін сыйақылар мен комиссияларды есепке жазуға тыйым салу.  

Коллекторлық ұйымдардың жосықсыз әрекеттеріне жол бермеу үшін коллекторларға бөтен телефон нөмірлерінен өзара іс-қимыл жасауға тыйым салуды, борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау процесін бейне-аудио тіркеу міндетін белгілеуді, коллектордың үшінші тұлғалармен өзара іс-қимылын жасауын шектеу ұсынылып отыр.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Нұркина, Е.Смайлов, М.Раманқұлов, Г.Әміреев, Қ.Иса, И.Смирнова, Д.Тұрғанов, Б.Бекжанов, А.Сқакова, А.Линник.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі