Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
08.04.2021

Қаңғыбас жан-жануарды аяусыз қорлау мәселесі мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс


Қазір БАҚ пен әлеуметтік желілерде қаңғыбас хайуандарды қорлауға қатысты жазбалар жиі шығатын болды. Жұртшылық қаңғыбас иттер мен мысықтарды паналату орындарының жұмысына қатысты мәселелерді қозғап, осы тұрғыдағы заңдардың осалдығын алға тартады. Бұл түйткіл нақты шешімдерді талап етеді. Нормативтік базаға өзгерістер енгізілуі керек.

Мәжіліс депутаты, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева «Inucobo» Жан-жануарды қорғау қауымдастығының президенті Лилия Сәрсеновамен бірге астанадағы ит-мысық паналату орындарына барды.

Мамандандырылған ұйымдардың басшыларымен түрлі кездесулер «Ит пен мысық паналату орынының» жұмысымен танысудан басталды. Онда қазір 150 ит пен мысық бар. Мұнда былтыр 150 хайуан әкелініп, олардың 100-ден астамын адамдар асырап алды.

«Мен тірімін» паналату орынының құрылтайшысы Елизавета Липисей Қазақстанда мұндай мекемелердің жұмысы ешқандай заңмен реттелмегеніне кездесуге қатысушылардың назарын аударды. Оның айтуынша, нормативтік стандарттарды, осындай ұйымдардың жұмыс үлгісін, оларға қойылатын талаптарды әзірлеп, бекіту керек. Сондай-ақ, адамдардың жан-жануарды қолда ұстау жағы да реттелуі тиіс.

- Үй жануарларын ұстаудың бірыңғай ережелері әзірленуі қажет. Яғни оларды тіркеуге алған жөн. Көптеген елдерде хайуандарға чип салынады. Сол арқылы иесі кім екенін және басқа да мәліметтерді білуге болады. Жер телімін бөлу жағынан да мемлекеттің қолдауы керек, - дейді Елизавета Липисей.

Д.Назарбаева барған екінші паналату орыны «Halfway home» деп аталады. Онда 80 ит бар.

- Біз біреу тастап кеткен, жараланған хайуандарды құтқарамыз. Паналату орынын өз есебімізден ұстап, залалсыздандыру, екпе салу жұмыстарын жүргіземіз,  - дейді «Halfway home» жеке қорының басшысы Ғаникен Дербісәлиева. Оның айтуынша, паналату орынына ай сайын маусымына қарай 800 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін жұмсалады.

- Біздің паналату орыны туралы көп адам біле жүрсе жақсы болар еді. Сонда иттер көбірек асырап алынар еді. Біз үнемі жан-жануарды қолда ұстай алатын, жауапкершілігі бар адамдарды іздейміз. Итке қандай жағдай жасалатынын тексеріп барып, оны адамдарға беру-бермеу туралы шешім қабылдаймыз, - дейді паналату орынының басшысы.

Дариға Назарбаева паналату орындарының басшыларына атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты. Үй жануарларына адамгершілікпен қарау, қаңғыбас хайуандардың санын азайту, сондай-ақ, мамандандырылған паналату орындаруның жұмыс жүргізу мәселелерін мұқият қарастырған абзал екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір Парламентте тиісті заң жобасы қаралып жатыр. Соны қабылдар кезде қоғамдық пікір міндетті түрде ескерілуі тиіс. Экологтар мен зообелсенділерді де, қаңғыбас иттерге таланудан қорқатындарды да тыңдаған жөн. Дариға Назарбаева осыған байланысты қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен кеңес алу жалғаса беретінін айтты.

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі