Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
19.05.2021

Мәжіліс қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеу туралы заң жобасын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 19 мамыр, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда бірқатар заң жобалары мақұлдап, жаңа заң жобаларын жұмысқа алды.

Жалпы отырыста депутаттардың бастамасымен әзірленген Еңбек кодексіне қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобасын I оқылымда мақұлдады.  

Заң жобасы қашықтан жұмыс істеуге байланысты еңбек қатынастарын жетілдіру және реттеу мақсатында әзірленді.

Құжатты талқылау барысында Нұрлан Нығматулин:

-Әрбір заманның, әрбір уақыттың  өзінің талабы бар. Барлық сала осы заман талабына сай болу  керек. Сол үшін бүгінгі заң жобасында «қашықтан жұмыс» деген норманы енгізіп отырмыз. Себебі, пандемия кезінде қашықтан жұмыс жасаудың пайдалы екеніне, тиімді екеніне бәріміз көз жеткіздік. Сондықтан қашықтан жұмыс форматы да заң деңгейінде реттелу керек деп есептеймін, - деді.

Аталған құжатпен жұмыс барысында депутаттар ұғымдық аппаратты нақтылау («қашықтан аралас жұмыс істеу», «хабарлама» ұғымдары);

- төтенше немесе соғыс жағдайы, төтенше жағдай енгізілген кезеңде не өзге де шектеу іс-шаралары енгізілген кезде немесе жұмыскерлердің өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін өзге де жағдайларда жұмыс берушінің актісімен жоғарыда көрсетілген жағдайлар жойылғанға дейін жұмыс берушінің қашықтан жұмыс істеу немесе қашықтан аралас жұмыс істеу құқығын уақытша енгізу;

- жұмыс берушінің актісіне сәйкес жабдықты,

бағдарламалық-техникалық құралдарды, коммуникация құралдарын (байланыс құралдарын), байланыс қызметтерін, ақпаратты қорғау құралдарын және өзге де құралдарды қоса алғанда, еңбек функцияларын қашықтан орындайтын жұмыскерге жұмыс беруші беретін құралдар тізбесін нақтылау;

- қашықтан жұмыс істеу орындалатын орынды нақтылау және басқалары бөлігінде жекелеген нормаларды нақтылайтын және заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді.

Сонымен қатар бүгінгі отырыста депутаттар Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы заң жобасын I оқылымда ілеспе түзетулерімен мақұлдады.     

Заң жобасы фельдъегерлік байланыс саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленді.

Оның негізгі ережелері: фельдъегерлік байланыстың міндеттері мен қағидаттарын заңнамалық бекітуге, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет (бұдан әрі – МФҚ) қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттерін айқындауға, МФҚ қызметкерлерінің құқықтық жағдайын регламенттеуге, МФҚ қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін белгілеуге бағытталды.

Құжатты қабылдау қызметтің құқықтық, ұйымдық негіздерін және МФҚ қызметкерлерінің мемлекеттік органдармен жедел өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.

Жиын барысында депутаттар аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын II оқылымда мақұлдады.     

Заң жобасында аудандық маңызы бар қалаларға, ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге салықтар мен төлемдердің қосымша түрлерін беру, бюджеттік рәсімдерді оңайлату, бекітілген бюджеттің 20%-ынан аспайтын көлемде бюджеттік бағдарламалар арасында қаражатты қайта бөлу және жергілікті өкілді органдардың өкілеттіктерін кеңейту көзделеді. Сонымен қатар, Заң жобасында мәслихаттар депутаттарына қосымша құқықтар мен міндеттер беру және мәслихаттар хатшыларының құқықтық мәртебесін арттыру ұсынылады.

Сонымен қатар, жиында Палатаның комитеттері бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері, «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы және оған ілеспе түзетулері, сондай-ақ, жер қатынастарын дамыту мәселелеріне қатысты заң жобасы бар.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар Е. Смайлов, Ф. Қаратаев. Е.Саиров, С. Абдрахманов, А. Құспан.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).

 

 

 



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі