Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.05.2022

Қазақстан мен Малайзия арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.


Нұр-Сұлтан. 25-мамыр. Мәжіліс үйі. Мәжілісте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Малайзия Сыртқы істер министрінің орынбасары Камарудин Джаффар мырзамен кездесті.

Тарап­тар барлық салада екіжақты қатынасты, соның ішінде сауда-экономикалық, инвес­тициялық бағыттарда ынты­мақтастық аясын кеңей­ту­дің басым бағыттарын талқылады.

Айгүл Құспан елдеріміз арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына биыл 30 жыл толғанын алға тарта келіп, осы уақыттар ішінде өзара ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанын, бұл жолда екі ел Парламенттерінің рөлі  зор екенін айтты.

Комитет төрайымы атап өткендей, Қазақстан үшін Малайзия Шығыс Азиядағы сенімді серіктестердің бірі. Қос мемлекет арасында тұрақты түрде жоғары деңгейлі кездесулер өткізіліп, саяси өзара іс-қимыл жыл сайын нығайып келеді.

Одан әрі А. Құспан мейманға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде қолға алынып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар туралы баяндады.

Өз кезегінде Камарудин Джаффар екіжақты байланысты тереңдету  төңірегінде әңгімені одан әрі  өрбіте келіп, елдеріміздің транзиттік әлеуетіне баса назар аударды.

Кездесуге қатысқан Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Бауыржан Сартбаев Қазақстан мен Малайзия арасында агроөнеркәсіп саласындағы қатынасты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу иелері алдағы уақытта да заң шығару органдарының әрекеттестігін дамыта отырып, мемлекетаралық байланысты күшейтудің мүмкіндіктерін сөйлесті.  

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі