Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
09.11.2022

Мәжіліс алқабилердің өкілеттіктері туралы түзетулерді мақұлдап, бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды


Астана, 11 қараша, Мәжіліс үйі. Алқабилердің өкілеттіктерін кеңейтетін түзетулер Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды. Сонымен қатар депутаттар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібін оңайлату, жайылымдарды пайдалану, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысы Қарағанды облысында қаза болған кеншілердің құрметіне бір минуттық үнсіздікпен басталды.

«3 қарашада Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы шахтада болған апаттың салдарынан  бес  адамның  қаза  тапқаны бәрімізге белгілі. Барлық депутаттық корпус атынан қайтыс болған кеншілердің отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», – деді Төраға Ерлан Қошанов.

Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері 7 жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібін оңайлату, жайылымдарды пайдалану, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобалары бар. Сондай-ақ Қазақстан мен Әзірбайжан үкіметтері арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы және ЕАЭО шеңберінде медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымының бірыңғай қағидаттары мен ережелері туралы ратификациялық жобалар бар.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент депутаттары бастамашы болды.

«Жоба кондоминиум объектілерін басқару мен күтіп-ұстау қызметтерін реттеуге, пәтер, тұрғын емес үй-жайлар иелерінің кондоминиум объектілерін басқару және күтіп-ұстау жөніндегі қызметке қатысуға, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тетігін жақсартуға бағытталған», – деді  заң жобасы жөнінде баяндама жасаған депутат Жамбыл Ахметбеков.

Сондай-ақ Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Құжат Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында дайындалды.

Алқабилер соты елімізде құрылған сәттен бастап, 2007-2015 жылдары сотталушының өтінішімен тек өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген істерді қарауға ғана қатысқан. Енді олардың қатысуымен қаралатын істер санаты кеңейтілмек.

«Бүгін қаралып жатқан заң жобасында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алқабилердің соттылығын кеңейту және 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы 13 ауыр қылмыс құрамын беру ұсынылады. Жалпы алғанда, алқабилер сотының соттылығына 44 құрам жататын болады», – деді Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов баяндамасында.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Берік Бекжановтың айтуынша, ұсыныстар сот қызметін жетілдіруге, соттарға деген сенімді арттыруға, сот төрелігін іске асыру рәсіміне азаматтық қоғамның қатысуын жандандыруға мүмкіндік береді. Жоба бойынша жан-жақты талқылау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Бұдан бөлек, жалпы отырыс барысында жақында мандатын тапсырған Айбек Паявтың орнына Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан жаңа депутат Дмитрий Максимович Легкий қабылданып,  Қазақстан халқына салтанатты түрде ант берді.  

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-66-20. Суреттерді түсірген Ж. Жұмабеков


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі