Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
24.11.2022

Мәжіліс депутаттары «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын талқылады


Астана, 24 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте қоғамдық бақылау туралы негізгі заң жобасы мен ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау бойынша өзгерістер мен толықтырулар  енгізу туралы ілеспе заң жобасы талқыланды. Жиынға жұмыс тобының мүшелері, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, Экология министрлігі, «Атамекен» ҰКП және басқа да жауапты орган өкілдері қатысты. Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде әзірленген.

«Тиісті министрліктің неге қарсы болып отырғаны маған түсініксіз. Біз бұл норманы қалай да өткізуіміз керек. Қазір ата-аналар балаларын әскерге жіберуге қорқып отыр, қашып жүр бәрі. Мұның соңы жемқорлыққа алып келеді. Әскери билетті сатып алады. Осындай мәселелерді тыю үшін, ата-ана баласының аман-есен оралатынына сенімді болуы үшін әскери бөлімдерге, арнайы оқу орындарына бақылауды қоюымыз қажет. Қатысы жоқ адамдар кірмей-ақ қояйық, ата-ана кіретіндей жағдай жасайық. Тіпті, уақытын да белгілейік», – деген ұсыныс айтты жұмыс тобының мүшесі Еділ Жаңбыршин.

Ұсынылған нормалар төңірегінде депутаттық корпус пен атқарушы орган ортақ шешімге келе алмады.

«Оқу орындарына қатысты әріптестеріміз бірнеше депутаттық сауал да жолдаған болатын. Көкшетауда орналасқан Төтенше жағдай министрлігі академиясының жатақханасы өте ескі. Мысалы, неге біз осы жатақханаға қоғамдық бақылау жасамауымыз керек? Біз жабық нысандарға кіруді талап етіп отырған жоқпыз. Мақсатымыз – кадеттер мен әскерлердің жай-күйі, тамағы, тұратын жеріне жарғылық қарым-қатынасты ашық қылу», – деді Елдос Абақанов.

«Біз өзіміз болып жатқан оқиғалардан кейін «Өмірді сақтайық» деген бағдарлама қабылдадық. Сол бағдарлама бойынша да, ішкі ережелеріміз бойынша да барлығы бекітілген. Жақында Сенат депутаттары да Қарағанды гарнизонына барамыз деп, бізге хабарласты. Ешқандай кедергі жоқ. Кез келген әскери бөлімге кіруге болады», – деген  Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Боранбаев аталған норманы енгізудің аса қажеттігі жоқ дегенге келтірді.

Дегенмен министрліктің қарсылығына қарамастан депутаттар аталған норманы қабылдады.

«Бүгін Қарулы күштер, оның ішінде Қорғаныс министрлігі, ІІМ, Ұлттық ұланда, кадет корпустарында курсанттардың білім алуына, олардың өмірі мен денсаулық қауіпсіздіктеріне байланысты қоғамдық бақылауды заң аясында реттеуді жан-жақты талқыладық. Жиын қызу пікірталасқа ұласты, себебі Қорғаныс министрлігі бұған келіспейтіндіктерін білдірді. Бірақ депутаттық топ халықтан түсіп жатқан арыз-шағымдар негізінде бұл норманы қабылдады», – деді жұмыс тобының жетекшісі Жұлдыз Сүлейменова.

Яғни, мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің, әскери оқу орындары тәрбиеленушілерінің, ұландарының, кадеттері мен курсанттарының, сондай-ақ құқық қорғау органдары білім беру ұйымдары курсанттарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қоғамдық бақылау осы заңмен реттеледі.

Заң жобасы келесі аптада комитеттің кеңейтілген отырысында талқыланады. 7 желтоқсанда бірінші оқылымға ұсыну жоспарланып отыр.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04, Суреттерді түсірген Ж.Жұмабеков


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі