Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
09.12.2010

«Өзбекстанда бес қазақты кім өлтірді?»


«Өзбекстанда бес қазақты кім өлтірді?»

 

АСТАНА. 9 желтоқсан. Мәжіліс үйі. ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен Палатаның жалпы отырысында  депутат Амангелді Момышев ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. Онда депутат: Менің депутаттық сауалым «Өзбекстанда бес қазақты кім өлтірді?» атты баспасөзде жазылған қанды оқиға байланысты болып отыр.

Ташкент облысы Кыбрай ауданында бір қазақ отбасын бала-шағасымен қоса бес адамды түгел бауыздап кеткен. Кісі қолынан қаза болғандар туралы суыт хабар қарашаның 22-ci күні белгілі болды. «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы өзбек редакциясына берген сұхбатында Ташкент облысы Қыбрай ауданының тұрғыны Ғафур есімді қария бұл қылмыстық оқиғаның Құрбан айт мейрамы күні болғанын айтты. Оның сөзінше, Ташкент облысы Кыбрай ауданының, Чинабад ауылының Октябрь махалласында тұратын қазақ отбасында бес адам болған екен. Бұл махалладағы бірінші үй қазақтардыкі болатын. Үй қожайынының есімін ешкім білмейді. Сол үйдегі бес адамды өлтіріп кетіп отыр. Отағасы, оның әйелі, екі баласы (олардың біреуінің жасы бір жарымда) және сол күні осы үйге қонаққа келген үй иесінің балдызы қаза болған. Кейін белгілі болғаны, кісі қолынан өлген бұл жігіт такси жүргізушісі болып жұмыс істеген. Оларды бауыздап кеткенін ешкім білмеген. Бұл қаза туралы тек қайғылы оқиғадан кейін екі-үш күн өткенде ғана бip-ақ белгілі болды. Соншама күн мәйіттер үйде жатқан.

Кыбрай аудандық ішкі істер бөлімі бұл қылмыстық оқиғаға байланысты сұрау салған «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы өзбек редакциясына ешқандай ақпарат бермеді. Бірақ өз аты-жөнін атағысы келмеген Кыбрай аудандық  әкімшілік қызметкері осы ауданда қазақ отбасының кісі қолынан қаза болғандарын растады. «Үй иесінің есімі Бауыржан деген әзірге оның фамилиясын білмеймін» деп қысқа жауап берген.  Бұл құрбан айт күні қойша бауыздалған отбасыны құрбандыққа шалғанмен бірдей. Нәпақасын тауып такси жүргізушісі болып жүрген жігітті қастығы болса көрінген жерде ұстап алып жазалауға болар еді. Оған жанұядағы балалардың қандай кінәсі, не қатынасы бар, 1,5 жасар сәбиді қалайша бауыздады екен?. Бұл сұмдық қой, не деген қатыгездік.

Бұл қанды оқиға жөнінде елімізде ешқандай ресми ақпарат таратылған  жоқ. Егер қанышерлер қолынан қаза болған қазақтар Өзбекстан азаматтары болған күннің өзінде де, Қазақстан жағы бұл қылмыстың бетін ашуға араласуға тиіс.

Ал бұдан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығы шет мемлекеттегі тұратын қазақтардың құқықтары мен мүдделерін тиісті дәрежеде қорғамай отырғанын көріп отырмыз.

Осындай жан түршігерлік жағдайға байланысы сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасау керек еді. Ассамблея комиссия құрып, ол комиссия біздің Оңтүстік Қазақстанда тұратын өзбек диаспорасының ақсақалдарымен, қазақ зиялыларын жіберіп, қазақ жанұясының неге осындайға душар болғанын анықтап, марқұмдардың жерлеу рәсімдерін қолға алып, құран бағыштау қажет емес пе еді?

Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев шетте тұратын отандастарымыздың құқықтарын, мүдделерін қорғамай не бітіріп отыр? Бір отбасын түгелдей Құрбан айт күні қойша бауыздап кетіп отырған қылмыс, Ассамблеяны және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын неге ойландырмайды?.

Мұндай мәселелер бойынша біздің Сыртқы істер министрлігін араластырмай, мемлекеттер татулығын сақтау үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілі ретінде тікелей атсалысу керек деп есептеймін.

Ассамблея хатшысы (Тоғжанов Е), Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығы (Мамашев Т.) шет елдегі отандастарымызбен жұмыс істемей, олардың қал-жағдайын, тіршіліктерін, құқықтарын, мүдделерін, қазақ елі, қазақ жұрты әр кезде олармен бірге екенін білдіре алмай отырсыздар. Елбасының шет елдегі қазақ қандастарымызға жасап жатқан қамқорлығын көрсете алмай жатырсыздар. Өкініштісі сол отандастарымызға бас ауырып, балтырымыз сыздамай тұрған сияқты. Осы себептен Өзбекстанға бір семья құрбан айт күні бауыздалып, құрбандыққа шалынды. Олардың Қазақстан сияқты елі барын, артында сұрауы мен іздеулері бар екенін білдірмедіңіздер. Міне, мәселе қайда?

Мен 2009 жылдың қыркүйек айында бір жарым миллиондай қазақ тұрғыны бар Өзбекстанда оларды шеттетеді, кемсітеді, құқықтары тапталатыны туралы депутаттық сауал жолдаған едім. Онда сыртқы істер министрлігі, Ассамблея хатшылығы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесе отырып, шетелдегі қазақтардың әлеуметтік жағдайын, жете зерделеп, тұрмыс деңгейі өте төмен отбасыларды Қазақстанға тез арада көшірілуіне ұйтқы болуын, шетелдегі, оның ішінде аталған Қыбрайдағы қандастарымыздың, құқығы мен мүдделерін тиісті дәрежеде қорғауды сұрағанмын. Сонда олар шет мемлекетте тұратын отандастарымызға қолдау көрсетіп, құқықтары мен мүдделерін тиісті дәрежеде қорғаймыз, Ассамблея тарапынан шекаралық қарым-қатынастарды дамыту мәселесі қолға алынған, шет елде тұратын қандастарымызға қолдау көрсету жұмысы жоспарлы түрде жүргізілуде деп жалпылама жауап берген. Бір отбасын бауыздап тастағанда түк істемей отырмыз. Біз шеттегі қазақтардың құқығын осылай қорғаймыз ба?

Осы отбасының неге бауыздалғанын анықтап, жазықсыздан қаза болғандардың жерленген жерін қоршап, басына қорған орнатып, аты-жөнін жазып қоюды сұраймын. Сонымен бірге қылмыскерді ұстауын, не үшін бұлай болғанын анықтап, оның жазалануын Өзбекстан мемлекетіне мәлімдеме жасау керек.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы, Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығы,  Көші-қон комитетімен бірлесе жұмыс жасап 1,5 миллиондай  қазақтар тұратын Өзбекстандағы қандастарымызды көшіру туралы іс-шара қабылдап, 2011 жылдан бастап елімізге алып келуді ойластыру керек.

 

 

(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Суретті түсірген Сайлау Майлыбаев. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратып отыр.)

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі