Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
05.02.2008

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында бірқатар заң жобалары қаралды


Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында бірқатар заң жобалары қаралды

 

Астана. 5 ақпан. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы болып өтті. Осы комитеттің төрағасы Нұрбах Рүстемов күн тәртібінде бірнеше заң жобалары қаралатынын айта келіп, бірінші талқыға салынатын заң жобасын атады.

 «Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы 2000 жылғы қазанның 10-ындағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасының мақсаты жөнінде ҚР Әділет министрінің орынбасары Дулат Қосдәулетов баяндама жасады. 2007 жылғы қазанның 6-сында Душанбе қаласында өткен ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің отырысы шеңберінде ЕурАзЭҚ кеден одағының құқықтық базасын қалыптастыру жөніндегі бірқатар шешімдер мен халықаралық шарттарға халықаралық деңгейде қол қойылған еді. Солардың қатарында ЕурАзЭҚ құру туралы 2000 жылғы қазанның 10-ындағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама бар. Д.Қосдәулетовтің айтуынша, хаттамамен ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің мәртебесі нақтыланады. Кеңес кеден одағының жоғары органы болып анықталады. Осыған байланысты кеден одағының мәселелері бойынша шешімді кеден одағына қатысатын мемлекеттердің мемлекетаралық кеңесінің мүшелері қабылдауға тиіс.

Комитет мүшелері аталған заң жобасының маңыздылығына мән бере келіп, Палатаның жалпы отырысында талқылауға ұсыну қажеттігін айтты.

Келесі кезекте Комитет мүшелері Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің темір жолдарын техникалық бүркемелеудің бірыңғай жүйесін құру туралы келісімді және осы келісімге өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын қарады. Бұл жоба бойынша ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі Қатынас жолдары комитетінің төрағасы Марат Оразбеков жан-жақты жауап берді.

Айта кету керек, осы Келісімге сәйкес Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер темір жолдары желісінің негізгі темір жол бағыттарын техникалық бүркемелеудің бірыңғай жүйесін құру жоспарланып отыр. Ол сыртқы әскери агрессияға тойтарыс беру, лаңкестік қарулы құрамаларды жою жағдайларында негізгі темір жол бағыттарын техникалық бүркемелеу және қалпына келтіру жөніндегі міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.

Комитет отырысында кейбір заңнамалық актілерге байланыс мәселелеріне қатысты түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасы қаралды. Бұл жоба бойынша үлкен пікірталас туды. ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары Асқар Бишіғаев баяндамасынан кейін, бірқатар депутаттар сұрақ қоя отырып, өз пікірлерін білдірді. Депутаттар Ержан Исақұлов пен Қабиболла Жақыпов еліміздің шалғай мекендерін байланыспен қамту сын көтермейтінін айтты. Олардың әріптесі Сауырбай Есжанов ұялы байланыс ақысы көрші елдермен салыстырғанда 5-6 есе артық екенін, осы орайда нақты қадамдар жасалуы тиіс екенін алға тартты.

 

Баяндамашы осы ақпан айында «Қазақтелеком» АҚ басшыларын шақырып, кеңейтілген отырыс өткізілетінін, онда аталған мәселе бойынша есептері тыңдалатынын жеткізді.

Осы заң жобасы арқылы еліміздің «Байланыс туралы», «Лицензиялау туралы» заңдарына, сондай-ақ Салық және Бюджет кодекстеріне түзетулер енгізу қарастырылған. Салық Кодексіне қалааралық және халықаралық телефон байланысын, сонымен бірге ұялы байланыс ұсынғаны үшін ақы төлеушілердің аясын кеңейтетін өзгерістер енгізу ұсынылған.

Сонымен бірге комитет отырысында «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралды.

Комитет отырысында сондай-ақ өзге де заң жобалары қаралды.

 

(Айбатыр Сейтақ, Мәжілістің баспасөз қызметінен. Тел: 74-63-02. Seitak@parlam.kz Ақпаратты Парламент Мәжілісінің Баспасөз қызметі таратты)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі