Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер

Өмірбаяны

Жеке парағы
МУСАБАЕВ Самат Базарбайұлы
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі
Мусабаев Самат Базарбайұлы 1969 жылы 1 қаңтарда Маңғыстау облысы Шайыр селосында көпбалалы ұстаздар отбасында дүниеге келді.

Шетпе селосындағы №5 КТУ-ні бітіргеннен кейін, 1987 жылы Қызылорда Агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтына түсіп, 1994 жылы «өндірістік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітіріп, «құрылыс инженері» біліктілігін алды.

1988-1989 жылы Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметін өтеді.

Еңбек қызметін 1994 жылы «Өзенмұнайгазқұрылыс» АҚ-да шебер болып бастап, прораб, учаске бастығы, осы қоғамның басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.

2001 жылы «СМК-4» ЖШС-гін құрып, құрылыс саласында жеке бизнесін бастады.

2012 жылдан бастап құрамында 13 компанияны біріктірген «Корпорация Каспий Строй-Сервис» ЖШС-нің бас директоры.

Соңғы 15 жылда оның басшылығындағы құрылыс компаниялары мемлекеттік тапсырыспен және NCPOC, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның тапсырыстарымен, сондай-ақ, өзінің жеке инвестициялық қаржысына 100-ден астам әлеуметтік маңызды нысандарды пайдалануға берді.

«Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасы бойынша 2012-2017 жылдар аралығында оның компаниялары жеке және несиелік қаржы есебінен 450 000 шаршы метрден астам үй тұрғызды.

Мусабаев Самат Базарбайұлы өңірдің алданып қалған үлескерлер мәселесін шешуге араласып, Ақтау қаласының 17 шағынаудандағы көпқабатты монолитті тұрғын үй құрылысын өз қаржысы есебінен жалғастырып тұрғызып тапсырды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында аз отбасылық, жатақхана типтес, қолжетімді 50 пәтерлі екі үй (барлығы 100 пәтер) қолданысқа берілді.

Жеке қаражат есебінен 31б шағын ауданынан 50 пәтерлі жатақхана тұрғызып, осы жатақхананың барлық коммуналдық төлемдерін (тоқ, газ, су, жылу, кәріз) өзі төлеп, адам басына бар болғаны 15 мың теңгеден жалға берілді. Бұл пәтерлерді жалға алушылар, жас отбасылар, жалғыз басты аналар, мұғалімдер, мәдениет және өнер саласының қызметкелері.

Оның стратегиясы «Өмір бар жерде құрылыс та жүреді» деген әкесінің даналық сөзіне құрылған, ал тактикасы «Мемлекеттің, жұмысшылардың, достардың, ар мен қадір-қасиеттің алдында материалдық та, моральдік те қарыз болмау».

Мусабаев Самат Базарбайұлы 2016 жылдан бастап Маңғыстау облысы маслихатынын депутаты болып сайланды. Сонымен қатар, ол көптеген қоғамдық жұмыстарды атқарып келеді. «Нұр Отан» партиясының қалалық бөлімі саяси кеңесінің мүшесі. 2007 жылдан осы уақытқа дейін «Маңғыстау Құрылыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР «Дзюдо» федерациясының вице-президенті, облыстық «Дзюдо» федерациясының төрағасы, «AJAR foundation» Руханиятты қолдау қорынын Президенті, қордың мақсаты айтыс, күй, жыр, терме секілді, рухани құндылықтарды насихаттау және ұлттық мәдени іс-шараларды қолдау. Қор жылда «Қос ішек» республикалық күй конкурсын және айтыс, жыр конкурстарын өткізіп келеді. Соңғы 2 жылда облыстың инфрақұрылымын дамытуға және әлеуметтік қажеттіліктерге 100 млн теңге қаржы бөлді. Жүздеген жерлестері - мүгедектер, аз қамтылған отбасылар, балалар үйі, қарттар үйі, ҰОС мен тыл, еңбек ардагерлері, спорт, мәдениет, өнер, әдебиет саласы жұмысшыларына жеке өзі 350 млн. теңгеден астам қайырымдылық көмек көрсетті.

Оның еңбегі еленіп, «Қазақстан Республикасының «Құрмет» Орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, ҚР құрылыс, және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, Маңғыстау облысы әкімінің, қалалар мен аудандар әкімдерінің Құрмет Грамоталарымен марапатталды. Қазақстан Республикасының "Құрметті құрылысшы", Маңғыстау облысының «Үздік құрылысшысы» атағын иеленген. «Алтын Ягуар» халықаралық марапатына (бизнестегі мінсіз беделі және қызметтің, тауардың жоғары сапасы үшін) ие болған.


Жеке парағы