Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
29.06.2018

МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ Н.З. НЫҒМАТУЛИННІҢ АЛТЫНШЫ САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ ҮШІНШІ СЕССИЯСЫНЫҢ ЖАБЫЛУЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ, АСТАНА Қ., ПАРЛАМЕНТ ҮЙІ, 29 МАУСЫМ 2018 Ж.


Құрметті депутаттар! Құрметті Үкімет мүшелері! Құрметті шақырылған қонақтар!

Бүгін біз алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясын аяқтап отырмыз.

Бұл біздің жұмысымызға қорытынды жасап қана қоймай, ең біріншіден, алдағы мақсаттарды жоспарлайтын өте маңызды сәт.

Әрине, депутаттық корпустың бүкіл жұмысы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үшінші сессияның ашылуында көрсеткен стратегиялық тапсырмаларын, сонымен бірге Президентіміздің биылғы Жолдауында, "Қазақстан-2050" Стратегиясында көрсетілген барлық міндеттерді жүзеге асыруға арналды.

Баршаңыз жақсы білесіздер, алтыншы сайланған Парламенттің үшінші сессиясы өте маңызды және тарихи кезеңде өтті деуге болады.

Қазақстанымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне төраға болды.

Біздің елімізде бүкіл әлемнің назарын аударған "Экспо" халықаралық көрмесі ұйымдастырылды.

Сонымен бірге елордамызда Сирия жағдайы бойынша "Астана процесі" өтіп, Қазақстанымыз әлемдік деңгейдегі келіссөздер алаңына айналды.

Осы барлық шаралар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық биік беделінің, ішкі және сыртқы саясаттағы ерен еңбегінің нақты көрсеткіші.

Сонымен бірге үшінші сессия кезінде елімізде тағы бір тарихи оқиға болды. Президентіміз осы Парламентте өзінің Бес әлеуметтік бастамасын жариялады. Бұл халқымыздың жағдайын күшейтуге арналған теңдесі жоқ ерекше қадам. Депутаттарымыз осы бастамаларды заң жағынан қолдауға, әрине, белсене араласты.

Елбасымыздың басқа да тапсырмаларын жоғары деңгейде, сапалы заңдармен қамтамасыз ету - Парламенттің осы сессиядағы ең негізгі, ең жауапты міндеті болды.

Оны жүзеге асыру үшін қос Палатаның 4 бірлескен отырысы, Мәжілістің 38, Сенаттың 25 жалпы отырысы өтті.

Онда 400-ге жуық маңызды мәселе қаралды.

Үшінші сессия басталған кезде екі Палатаның қарауында 129 заң жобасы болса, бүгін олардың 84-і қабылданды.

Қазіргі уақытта 65 заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойып, олар өз күшіне енгізілді.

Соның ішінде еліміздің басты қаржы құжаты - республикалық бюджет туралы заңды қабылдау - Парламент өкілдерінің басты мақсаттарының бірі.

Осы заңға депутаттарымыз енгізген ұсыныстардың арқасында бюджеттің әлеуметтік бағытын одан әрі күшейтуге, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілеріне тиісті қаражат бөлінді.

Соның нәтижесінде Елбасымыздың тапсырмасы бойынша барлық әлеуметтік жоспарларды орындау және экономиканың нақты секторын қолдау өз шешімін тапты.

Ең бастысы - бюджеттік заң жобаларында мемлекеттің әрбір тиыны пайдалы және тиімді болуы - негізгі мақсатқа айналды.

"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодексті қарау барысында Парламент депутаттары Президентіміздің салықтық әкімшілікті жеңілдету туралы тапсырмасын орындауға зор көңіл бөлді. Осы ретте барлық мәселелер адал салық төлеушілердің пайдасына шешілетін болады. Жаңа Салық кодексінде салық төлеушілердің жағдайын жақсартуға және сыбайлас жемқорлықты төмендетуге қатысты көптеген жаңа нормалар да қосылып отыр.

Сонымен бірге "бір терезе" қызметін енгізу, электрондық декларацияны дамыту және кедендік рәсімдерді жетілдіру туралы Елбасы қойған міндеттерді орындай отырып, біздің депутаттарымыз "Кедендік реттеу туралы" Кодексті қабылдады.

Өздеріңізге белгілі, Президентіміз кәсіпкерлікті дамыту туралы жыл сайын нақты тапсырмалар беріп келеді.

Осыған байланысты Парламент "Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері жөнінде" Заңды қабылдап, Мемлекет басшысы оған жария түрде қол қойған болатын. Бұл құжатпен жұмыс кезінде депутаттық корпус, Елбасымыз жүктеген тапсырмаға сәйкес, мемлекеттік бақылау функцияларын 30 пайызға дейін қысқартуға қол жеткізді.

Сонымен қатар ел экономикасын дамыту үшін стандарттау туралы және венчурлік қаржыландыру мәселелері бойынша заңдар қабылданды.

Парламент жұмысында тағы бір негізгі бағыт - мемлекет құрылысын және азаматтық қоғамды дамытуды заң жағынан қамтамасыз ету. Осы жолда "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Заңға өзгерістер енгізілді. Бұл көпұлтты Қазақстанымыздың бірлігі мен берекесін сақтауды одан әрі күшейтуге арналып отыр.

Ал ақпарат және коммуникациялар бойынша енгізілген түзетулер, ең бастысы, еліміздің және әрбір азаматтың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

Сессия барысында екі Палата депутаттары конституциялық реформа бойынша "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Заң жобасын қарады.

Үшінші сессияда "Сайлау туралы" Конституциялық заңға да өзгерістер енгізілді. Бұл мәслихат депутаттарын сайлаудың пропорционалдық жүйесін қалыптастыруға, осы саланы цифрландыруға жол ашады. Бұл заң сайлаудың одан әрі ашық және демократиялы болуын қамтамасыз ететін болады.

Құрметті әріптестер!

Мемлекетіміздің әлеуметтік-гуманитарлық саласы да әрқашанда Парламенттің заң шығару қызметінің басты назарында.

Осыған байланысты кейбір заңдарға тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер қабылданды. Олар Қарулы Күштердің, әскери прокуратура, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының қызметшілерін тұрғын үймен қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталды.

Үшінші сессия барысында жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны мәселелеріне арналған заң жобасы бойынша да көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл заңда электрондық еңбек биржасы көзделген. Онда республика бойынша барлық жерлердегі бос жұмыс орындары және жұмыс іздеушілер туралы ақпараттар көрсетілетін болады.

Соның ішінде жеке жұмыспен қамту агенттіктері, интернет-ресурстар, бұқаралық ақпарат құралдары да бар.

Осы кезеңде Президентіміздің тағы бір тапсырмасына сәйкес әлеуметтік мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізілді.

Үшінші сессия барысында заң жұмысының басым бөлігі - ол, әрине, "Ұлт жоспары - 100 нақты қадам" бағдарламасын іске асыруға арналды. Аталған бағдарлама бойынша Парламент бірнеше заң жобаларын қабылдады. Соның ішінде "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодекс. Ол кодексте осы саладағы қатынастарды реттейтін барлық нормалар алғашқы рет бір ғана заңнамалық құжатқа жинақталды. Оның нәтижесінде экономиканың тиімді болуын арттыруға көңіл бөлініп, жерді пайдаланушылар үшін де, инвесторлар үшін де жақсы жағдайлар жасалынды.

"100 нақты қадам" Ұлт жоспары аясында тағы бір өте қажетті заң жобасы қабылданды. Ол жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер. Бұл өзгерістер кадрларды даярлау сапасын көтеру және жоғары оқу орындарының әлеуметтік жауапкершілігін арттырады.

Парламент қызметіндегі тағы бір маңызды бағыт заңдылық пен құқықтық тәртіп мәселелеріне байланысты.

Елбасымыз әрқашан да азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі ретінде әділ сот және құқықтық тәртіпті нығайту мәселелеріне назар аударып отырады. Осыған орай Президентіміз енгізген құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту жөніндегі заң жобасы бойынша көп жұмыстар атқарылды.

Бұл жолда Парламент қабылдаған заң қылмыстық сот ісін жүргізуді жаңа деңгейге көтеруге, халықаралық стандарттарға сай болуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге депутаттар "Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы және құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру" бойынша заң жобасына да өзгерістер енгізді.

Сессия кезінде қабылданған заңдардың ішінде, әрине, ратификациялық құжаттардың да орны ерекше екенін айту қажет.

Осы жолда еліміздің сыртқы саясатын және басқа елдермен барлық салада әріптестікті нығайтуға арналған көптеген халықаралық келісімдер мақұлданды. Себебі тәуелсіз Қазақстанымыздың халықаралық және сыртқы экономикалық саясатын заң бойынша реттеу, әлемдік деңгейде еліміздің позициясын нығайту үшін өте маңызды.

Заң шығару кезінде Парламенттің екі палатасы Үкіметпен барлық салада, барлық бағыт бойынша тығыз жұмыс жасады. Соның арқасында көптеген нәтижелерге қол жеткіздік. Бірақ бүгін орын алған кемшіліктер де әлі аз емес.

Бұл, біріншіден, Үкіметтен түсетін заң жобаларының сапасының төмен болуына байланысты. Оған нақты дәлел ретінде заң жобасын Парламентте қарау кезінде тиісті мемлекеттік органдардың көптеген өзгерістер енгізетінін айту керек.

Мысалы, сақтандыру және сақтандыру қызметіне қатысты заң жобасын депутаттар қарап бастаған кезде мемлекеттік органдардың өздерінен қосымша 224 түзету енгізілді. Ал кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасы Мәжіліске кіргеннен кейін мемлекеттік органдар тағы да 254 өзгеріс кіргізді.

Бұл ретте Салық кодексіне енгізілген өзгерістер тіпті рекордтық жағдайға жетті. Осы кодекс бойынша тек Мәжілістің өзін де ғана 5000-нан астам заң техникалық және корректорлық өзгеріс енгізілді. Бұл кемшіліктердің барлығы, әрине, заң жобасының сапасына зиян келтіретіні сөзсіз.

Болашақта осындай кемшіліктерге жол бермеу керек деп есептейміз.

Сондықтан заңдардың сапасы өте жоғары деңгейде болу үшін Үкімет заң жобасын жоспарлау және әзірлеу, және тиісті органдармен келісу кезінде талапқа сай жан-жақты жұмыс істеу керек деп санаймыз.

Құрметті депутаттар! Құрметті бірлескен отырысқа қатысушылар!

Сессия кезінде депутаттарымыз үкіметтік заң жобаларымен қатар өздерінің заң шығару бастамасын да ойдағыдай жүзеге асырды. Мысалы, мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Заңға депутаттарымыз өздері бастамашы болды.

Бұл ретте отандық экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған "Білім туралы" Заң да Парламент өкілдерінің бастамасымен орындалды. Осы заң арқылы кәсіптік білім беру бағдарламаларының сапасы артып, барлық жерде "дуальды" оқыту енгізілді.

Сонымен бірге "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы", "Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі", "Газ және газбен жабдықтау" мәселелері бойынша заң жобалары қолға алынды.

Жалпы айтқанда, үшінші сессияда Парламент депутаттары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміз дамуындағы әрбір бастамаларын заң жағынан қолдау үшін бірлесіп жан-жақты еңбек етті.

Осыған орай қабылданған барлық заңдар, әрбір іс-шаралар еліміздің тұрақты дамуына, қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға, ел бірлігін арттыруға зор ықпал ететіні сөзсіз.

Бұл Сенат пен Мәжілістің және Үкіметпен, барлық мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп атқарған елеулі еңбектерінің жемісі деп білеміз.

Құрметті әріптестер!

Парламент өзінің негізгі міндеті саналатын заңдар шығарумен қатар қоғамдық институттармен және халықпен өзара жұмыстарды да табысты жүзеге асырды.

Мысалы, өткен сессияда Парламентте 18 үкімет сағаты, 6 парламенттік тыңдау, 27 "дөңгелек үстел", комитеттердің 44 көшпелі отырысы және 3 халықаралық конференция ұйымдастырылды. Олар өте маңызды еліміздің экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналды.

Ең алдымен, әрине, мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін тарихи маңызы зор - жаңа әліпби мәселесі талқыланды. Осы мәселеге арналған парламенттік тыңдау мемлекетіміздің рухани жаңғыру жолындағы нақты және қажетті қадам болып табылады.

Сонымен бірге ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, орта білім беру жүйесін заң жағынан реттеу, Елбасының Жолдауына сәйкес "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналған парламенттік тыңдаулар және басқа да көптеген жұмыстарды ерекше атап өтуге болады.

Парламент палаталары "Еуразиялық экономикалық перспектива" халықаралық форумын, "Балаға мейірімді Қазақстан" конференциясын, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған халықаралық конференциясын және еліміз экономикасына инвестициялар тартуға арналған басқа да отырыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізді.

Осы жолда "Нұр Отан", "Ақ жол", "Халық коммунистері" парламенттік фракциялары және Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы да бірлесе жұмыс атқарды.

Екі Палата депутаттары тікелей халқымыз көтеріп отырған маңызды мәселелерге де көңіл бөліп, сессия барысында тиісті органдарға 374 депутаттық сауал жолдады. Оның ішінде Мәжіліс депутаттарынан 274 сауал, Сенат депутаттарынан 100 сауал болды.

Сессия барысында азаматтардан 9 мыңнан астам хат келіп, олар талапқа сай қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Бұл орайда Парламенттің аймақтарға сапары туралы да ерекше атап өту керек. Себебі өткен кездесулерде депутаттар облыс орталықтарында, аудан мен қалаларда болып, Президенттің Жолдауы мен Бес әлеуметтік бастаманы әрбір отбасына, әрбір азаматқа жеткізді.

Оның нәтижесінде Сенат пен Мәжілістің барлық депутаттары 4 мыңнан артық кездесу өткізді. Оған 200 мыңнан артық адам қатысты.

Сонымен бірге үшінші сессияда қос Палата депутаттары басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен байланыстарды нығайту үшін де үлкен жұмыстар атқарды.

Бүгінгі күні біздің Парламент 13 парламентаралық ұйым және 80-нен астам елдің парламентімен өзара әріптестік орнатып, 300-ден артық халықаралық іс-шараға қатысты.

Мысалы, Қазақстанның парламенттік делегациялары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясының, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының іс-шараларына және Санкт-Петербордағы Парламентаралық Одақтың 137-ші Ассамблеясының жұмысына, басқа да көптеген шараларға қатысты.

Осындай қадамдар парламентаралық байланысты дамыту арқылы мемлекетіміздің сыртқы саясатын нығайтуға ықпал етеді деп сенеміз.

Құрметті бүгінгі жиынға қатысушылар!

Елбасымыз тәуелсіздік алған күннен бастап алдымен Конституциямыздың негізін қалап, одан кейін кәсіби Парламентті құрды. Жоғары заң шығарушы орган деп ерекше мәртебе берді. Сол кезден бастап Парламент депутаттары Президентіміздің барлық бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету жолында қызмет етіп келеді.

Әрине, бізге жеткен нәтижелермен тоқтауға болмайды.

Алдымызда әлі де талқыланатын мәселелер, қабылданатын заңдар, бірлесіп атқаратын шаралар да өте көп.

Осыған орай келесі төртінші сессияда Парламент Елбасының Жолдауы мен Бес әлеуметтік бастаманы іске асыруға арналған жұмыстарды одан әрі жалғастыратын болады.

Депутаттық корпус Үкіметпен тығыз байланыс жасай отырып, отандық экономиканы күшейтуге, кәсіпкерлікті қолдауға, әлеуметтік кепілдіктерді сақтауға, елімізді одан әрі нығайтуға және демократияны дамытуға бағытталған заңдар қабылдайтын болады.

Қазіргі уақытта Парламент қарауында 45 заң жобасы бар. Олардың қатарында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы, мемлекеттік статистика, мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі және агроөнеркәсіптік кешенді реттеу, кинематография туралы заң жобалары өте маңызды болып табылады.

"Табиғи монополиялар туралы" Заңның жаңа редакциясы азаматтардың мүддесін қорғауды қамтамасыз ету үшін үлкен рөл атқаратын болады.

Сондай-ақ Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің де маңызы өте зор.

Сонымен бірге алдағы сессияда "Жұмыспен қамту саласының проблемалары мен даму перспективалары", "Құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту барысы" сияқты маңызды мәселелер бойынша парламенттік тыңдаулар өткізу жоспарланған.

Жаңа сессия басталғаннан кейін қазан айында біз Астана қаласында "Инвестиция - жастарға" деген халықаралық конференция ұйымдастыруға бастамашы боламыз.

Құрметті достар! Алтыншы шақырылған Парламент өзінің үшінші сессиясын ерекше кезеңде аяқтап отыр.

Енді бірнеше күннен кейін мемлекетіміздің жүрегі - елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойы аталып өтеді.

Қазақ халқымызда "Кемеге мінген теңізге шығады" деген қанатты сөз бар. Осы айтылғандай, 20 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың депутаттар алдында жариялаған тарихи идеясы бүгінде барша қазақстандықтардың мақтанышы болып табылады.

Бүгін Астана - Елбасының ерен ерлігі.

Бүгін Астана - Елбасының тарихи жеңісі.

Бүгін Астана - Елбасының орындалған арманы.

Сондықтан, құрметті депутаттар, құрметті бүгінгі жиынға қатысушылар! Баршаңызды Елордамыз - Астананың мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер.

Құрметті әріптестер! Құрметті бірлескен отырысқа қатысушылар!

Үшінші сессия жұмысын қорытындылай отырып, барлық депутаттарға, Үкімет мүшелеріне, барлық әріптестерімізге бірлескен жұмыстарымыз үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз.

Және депутаттар атынан біздің жұмысымызды кәсіби деңгейде ұйымдастырғаны үшін екі Палата аппараттарының қызметкерлеріне де алғысымыз ерекше.

Сонымен бірге біздің жұмыстарымызды жоғары деңгейде насихаттап жүрген ақпарат құралдары өкілдеріне де рақметімізді айтамыз.

Құрметті депутаттар! Құрметті әріптестер! Сөзімнің соңында тағы да баршаңызға елеулі еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз.

Алдағы уақытта да зор денсаулық және еліміздің жарқын болашағы үшін жауапты жұмыста мол табыс тілейміз.

Назарларыңызға рақмет!