Мәжіліс депутаты Қызылорда өңірінде бірнеше кездесулер өткізді
АСТАНА. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат. /Айдын Бәймен/
Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбенов Қызылорда облысындағы іс-сапарын жастармен кездесуден бастады.
Атап айтқанда, депутат Отан қорғаушылары күніне арналған «Отан деп соққан жүректер» атты әскери-патриоттық акцияға қатысып, жастарды еліміздің ұлтжанды азаматы болуға шақырды.
Депутат Арал қаласында үкіметтік емес ұйымдар, әйелдердің қоғамдық бірлестіктерімен кездесіп, азаматтық қоғамды қалыптастыруда қоғамдық ұйымдардың рөлі жөнінде ойларын ортаға салып, «Әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктері туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын талқылады.
Сонымен қатар Арал ауданында Қамыстыбас балық питомнигінде болып, балықшылар арасында елімізде балық шаруашылығын тиімді дамытудың жолдарын сөз етті. М. Әбенов қазіргі таңда Парламент Мәжілісінің қабырғасында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне балық шаруашылығы туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқандығын айта келіп, жергілікті балықшылар тарапынан айтылған ұсыныстар мен талаптар жаңа заң жобасына енгізуді ұсынатынын жеткізді. Балық шаруашылығына қатысты қабылданатын заңнан қарапайым балықшы мен мемлекеттің мүддесі қатар көрініс табуы керектігіне тоқталды.
Айта кету керек, Қамыстыбас балық питомнигі 1966 жылы құрылған. Қазір мұнда 15 млн. майда шабақтар өсірілуде, бұл көрсеткіш 2000 жылмен салыстырғанда 5 есеге артық. Соңғы жылдары бекіре тұқымдас балық өсіру қолға алынып, жылына су айдындарына 30-50 мың бекіренің майда шабағы жіберіледі.
Мәжіліс депутаты Қазалы ауданында жастар өкілдерімен кездесіп, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның орындалуы жөнінде парламенттік тыңдау нәтижесінде жастарға арналған жаңа заң қабылдау керектігі жөнінде үкіметке ұсыныс енгізілгендігін хабарлады. Және де облыс аумағында жастар саясатының орындалуы мен осы жолда өскелең ұрпақ алдында кездесіп отырған проблемаларды тілге тиек етті.
Сонымен бірге депутат Ақтан батыр ауылында «Сыр маржаны» ЖШС-нің дала жұмыстарымен танысып, күрішшілерді толғандырып жүрген мәселерді сөз етті. Осыдан бірнеше күн бұрын Мәжіліс депутаты М. Әбенов Үкімет басшысына күріш шаруашылығы саласындағы проблемаларды жедел шешу қажеттігі жөнінде депутаттық сауал жолдаған болатын.
Мұрат Әбенов Қызылорда қаласында мұғалімдермен және кәсіпкерлермен кездесті. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді түсіндіріп, кәсіпкерлік саласын реттейтін заңнамаларға енгізіліп жатқан толықтырулар жөнінде айтып өтті.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты елді мекендерде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау ұйымдастырды.
http://www.inform.kz/showarticle.php?lang=kaz&id=203757