Әбенов
Мұрат
Абдуламитұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Тақырыбы: Бүгін Мәжіліс депутаттары Бюджет және Салық кодекстерін бірінші оқылымда мақұлдады
Хабар агенттігінің

Хабар агенттігінің

«Бетпе-бет» бағдарламасы

8 қазан 2008 жыл

 

 

Тақырыбы: Бүгін Мәжіліс депутаттары Бюджет және Салық кодекстерін бірінші оқылымда мақұлдады

Қонақ: Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Жүргізуші: Берік Уәли

 

Жүргізуші: - Кеш жарық! Тікелей эфирде «Бетпе-бет». Астана студиясынан Берік Уәли. Бүгінгі «Бетпе-бетте» Салық кодексі туралы әңгіме қозғамақпыз. Өздеріңізне белгілі, жаңа жаңалықтарымызда айтқандай бүгін Мәжіліс депутаттары Бюджет және Салық кодекстерін бірінші оқылымда мақұлдады. Біз бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының бірі Мұрат Әбенов мырзаны студиямызға шақырып отырмыз. «Бетпе-бетке» хош келдіңіз!

Алдымен, осы Салық кодексінің ең маңызды тұстарына тоқталсаңыз. Атап айтсақ, Салық кодексінің негізгі мақсаты - ол шикізатқа қатысы жоқ салалардың салықтарын түбегейлі азайтып, тиісінше, экономиканың шикізатқа тәуелділіктен шығару екені белгілі ғой. Заң жобасында осы жағы қалай қамтылған?

Қонақ: - Басты мәселені өзіңіз айтып кеттіңіз. Шикізатқа тәуелділігімізді төмендетуіміз керек. Енді оны қазіргі экономикалық жағдайдан көріп отырған шығармыз, шикізат жалпы тұрақты емес, бағасы да. Болашақ өндіру мәселесі де. Шикізат бізге көп пайдасын тигізді экономикамыз нашар кезінде. Енді қазір өндіріс саласын көтеруіміз керек. Сол себептен осы Салық кодексіне енгізіп жатқан өзгерістердің ең бастысы – шикізатқа салықты көбейтеміз де, өндіріс саласына төмендетеміз. Ол не арқылы іске асырылады? Біріншісі – Ройлти деген бұрынғы Салық жойылады. Орнына пайдалы қазбаларды өндіру деген салық бар, сол енгізіледі. Бірінші кезекте дүниежүзіндегі қалыптасқан бағаға байланыстырады және қанша зат өндірілді. Бұрын, мысалы, бұл дүниежүзіндегі бағаға байланыстырмайтын. Сол себептен көптеген салықтан ұтылатынбыз.

Жүргізуші: - Өзіңіз бүгінгі жалпы отырыста «біз мұнай саласына тәуелділіктен қашуымыз керек, ол үшін инвестицияға мүмкіншілік жасамасақ болмайды» деп өзіңіз айтып өткен болатынсыз. Осы жөнінде кеңірек айтсаңыз. Әсіресе, шикізат секторына салықтың көбеюі жанар-жағармайдың бағасын қымбаттатып жібермейді ме, мысалы?

Қонақ: - Шикізатқа көтеріледі. Қазіргі шикізатпен айналысатын компаниялар шамамен 40 пайыз төлем жасайды өз пайдасынан. Енді осы өзгерістен кейін 60-70 пайызға дейін болады. Қалған 30 пайызы өздеріне қалады. Әрине, бұл жерде халық алаңдаушылық білдіреді. Баға көтеріліп кетпейді ме ішкі өнімдерге деп. Оған арнайы қазір жеңілдіктер беріледі. Егер сол, мысалы, мұнай біздің өзіміздегі зауыттарға баратын болса, онда бұл салық төмендейді. Яғни, мемлекет оны өзіне қайтадан мұнай өндіретін 3 зауытты қайтып алып жатыр. Оларға баратын шикізатқа төленетін салық төмендейді. Ал, инвестициялық мүмкіндіктерді көтеру үшін, біз ең бірінші, корпоративтік салық дегенді азайтайын деп жатырмыз. Қазір 15 пайызға дейін азаяды. Келесі жылы 17 болатын болса, 2 жылдан кейін 15-ке барады. Меніңше, болашақ инвестиция жасауға ең үлкен жақсы мүмкіншілік береді.

Жүргізуші: - Үкімет осы Парламент депутаттарының заңды тұлғалар төлейтін мүлік салығын 2-ден 1,5 пайызға дейін төмендетуге келісім берді ғой?

Қонақ: - Әзірше келісім бар. Қазір депутаттардың ұсыныстары бойынша Үкімет мақұлдап отыр. Бұрын 2 пайыз болатын болса, енді 1,5 пайызға дейін төмендетеміз деген келісім бар.

Жүргізуші: - Салық кодексінің алғашқы тұсаукесері халыққа ұсынылған кезде қоғамда талқылана бастады. Жалпы Салық кодексі шағын және орта бизнеске нақты қандай көмектер әкеледі?

Қонақ: - Көмегі көп. Жалпы бұл Салық кодексі кіші бизнеске көмектеседі. Корпоративтік салықты айттық. НДС төмендейді. 12 пайыз болады. Бұл, қазіргі дүниежүзіндегі ең төмен НДС-тердің бірі болады. Сосын егерде әртүрлі компаниялар өздеріне жаңадан оборудование, техникалар алып келетін болса, оның салығы сол мөлшерде азаяды. Сосын әртүрлі әлеуметтік салық мәселелерінің бәрі төмендетіледі. Қазір ең бастысы кіші, орта бизнеске осы өзгерістер арқылы 1 жылдың ішінде 300 млрд. теңгеге дейін өздеріне ары қарай инвестициялауға мүмкіншілік береді. Меніңше, ол өте үлкен көмек. Қазір, өздеріңіз білесіздер, банкілер дұрыс несие бермейді. Қаржы алатын жері жоқ. Қазір кіші бизнестің жағдайы өте төмен. Сол себептен, өздерінің тапқан пайдаларынан инвестиция жасауға мүмкіншілік болады. Меніңше өте жақсы.

Жүргізуші: - Электрондық поштамыз арқылы сұрақ келіп түсті. «Қосымша құн салығының төмендеуі бізге не береді?» – дейді Алматы қаласынан Қайрат Омаров деген азамат.

Қонақ: - Қосымша құн салығы көп айтылып жүр ғой. Жалпы ол өндірісшілерге сыртқа тауарларын алып шығуға басқаларға қарағанда бәсекелестікке мықтылық болады. Себебі, басқа елдерге қарағанда біздің сыртқа апарған заттарымыз арзандау болады. Екінші, қалай болғанда да ол инфляцияға әсер етеді. Кез-келген салық айналып келгенде тауардың бағасына әсер етеді. Егер, мысалы, өндіруші, не сауда жасайтын компаниялар сол салықты азырақ салатын болса, ертең бағасы сол көлемде төмендейді. Әрине, тікелей халық болып бірден сезіне қоймаса да, ертең мысалы, әртүрлі инвестициялар көбейіп, зат көп сатылса, көп өндірілсе, сатқан кезде арзандау сатылатын болса, ол тікелей халыққа пайдасы тиеді ғой деп ойлаймын. Елбасының осы жылғы Жолдауының ең басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Оның ішінде осы Салық кодексіне өзгеріс енгізу – басты талаптардың бірі болатын. Меніңше, осы мақсат тікелей орындалды.

Көрермен: - Бауыржан Адамбаев. Астана қаласының тұрғынымын. Мен бухгалтер болып қызмет атқаратынмын. Салыққа есеп бергенде қиындықтар туындауда. Алдын-ала есептету қажет. Қателескен жағдайда, мысалы, қайта қаралмайды. Осы ретте жаңа Салық кодексінде қандай жеңілдіктер қарастырылып жатыр?

Қонақ: - Өте жақсы сұрақ. Қазір бизнеспен айналысатын компаниялар осы сұрақты көп қояды. Бұл мәселе жаңа Салық кодексінен енгізілген өзгерістерде өте қатты қаралған. Басты принциптердің бірі Салық кодексі тікелей жұмыс істеу керек. Көптеген сыбайлас жемқорлыққа беретін жолдар да азаяды. Қазір салық бойынша беретін есептер, отчеттар саны азаяды. Екіншіден, бұрын аванс төлемдері деген болатын. Компания 1 жылға алдын-ала өзінің болашақ алатын пайдасын есептеп, соны төлеп тұру керек болатын. Қазір міндетті түрде дәл шықпайды, кейбір кезде қателеседі, ол үшін штраф төленеді, оның барлығы қазір алынып тасталатын болды. Енді қанша пайда тапса, сонда салық төлейді. Екіншісі, қазір электронды түрде салық органдарымен хабарласуға мүмкіншілік береді. Интернет арқылы. Сосын көптеген есеп түрлері азайғаннан кейін бұл жерде бухгалтерлердің де жұмыстары азаяды. Бұрын кез-келген жерге Салық комитеті өзі барып тексере беретін. Өзі таңдайтын. Бұл жерде сыбайлас жемқорлыққа мүмкіншілік көп болатын. Мысалы, бір компанияны қайта-қайта тексеруге болады. Ал, қазір енді компьютер таңдап, бір өзінің критерийі бойынша есептейді. Осы компания салықты төлемеуі мүмкін, жасыруы мүмкін деген критериймен компьютер таңдап алады кімді тексеру керек екендігін. Меніңше, бұл - өте қажет нәрсе.

Жүргізуші: - Өткен аптада, дәлірек айтсақ, Кәрім Мәсімов депутаттардың алдында еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жөнінде есеп берген кезде Үкімет жаңа Салық режимінің арқасында шағын кәсіпорындар мен үй шаруашылықтары келесі жылы көптеген пайда көреді деген еді. Осының нақты есебі бар ма? Айтылды ма?

Қонақ: - Жалпы нақты есебін өмір көрсетеді. Оны есептеу қиын. Шамамен 300 млрд. теңге қосымша кіші және орта бизнеске ары қарай мүмкіншілік береді деген қазір алдын-ала болжам бар. Бұл болжам, меніңше, орындалу керек. Ол ең төменгі болжам. Одан да көп пайда түсуі мүмкін.

Жүргізуші: - Бүгінгі жалпы отырыста қымбат үйлерге салынатын салық туралы да біраз әңгіме болды. Осыған қатысты әртүрлі тартыстар да, айтыстар да болды деп есептеуге болады. Осыған қатысты өзіңіздің пікіріңіз қандай?

Қонақ: - Менің ойымша, бұл - өте дұрыс нәрсе. Жалпы әлеуметтік жағынан өте қажет. Бай адамдар көбірек салық төлеуі қажет. Қай кезде де болса да. Мысалы, 500 мың доллар тұратын үйлерге де ең басында осындай ұсыныс болды, қазір 1 млн. доллар тұратын үйлерге салықты екі есе көбейту. 0,5 пайыздан 1 пайызға дейін. Меніңше, ол өте дұрыс нәрсе. Себебі, дәл сондай үйді алуға мүмкіншілігі бар адам салықты да көбірек төлеуі керек. Оның басқа жағы бар. Білесіздер, бізде жасырын көлеңкелі экономика бар. Ондай үйлерді алған адам, мысалы, көбінесе өздерінің басқа жерден салғанын жасыратын жағдайлар да бар. Сол себептен орталықтан көрініп тұрған мүлігінен салық алу, меніңше, дүниежүзінде бар нәрсе. Дегенмен де, солай көтергеннің өзінде де басқа мемлекетке қарағанда ең төменгілердің бірі болып саналатын салық. Басқа мемлекетте дәл осы салық 3-5 пайыз. Мысалы, шетелде үлкен үй салу, қымбат жерде тұратын қымбат үйді пайдалануға барлық кезде салық көбірек болады. Мысалы, ең басты қазіргі мақсат Салық кодексінің - әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтарға бай адамдардан алып, соларға бөліп, солардың әлеуметтік жағдайын дұрыстау. Бюджеттен басқа жерден келетін қаражат жоқ.

Жүргізуші: - Осы жерін толықтыра кетсеңіз, Салық кодексінде әлеуметтік салық бойынша нақты қандай өзгерістер бар?

Қонақ: - Әлеуметтік салық бойынша бұрын мысалы, оны әрине, компаниялар төлейді, 3 пайыздан 13 пайызға дейін. Әсіресе, көп айлық алатын адамдар көбірек салық төлейтін. Компаниясы төлейді. Сол себептен қазір компаниялар, фирмалар көбінесе жасырады. Айлығын тығып береді. Төмендетеді. Айлықты көтеруге, көбейтуге қызықпайды. Себебі, одан сайын көп әлеуметтік салық төлейді. Қазір төмендеткеннен кейін көп компанияларға дәл осы төмендеткен есебінен азаматтар көбірек айлық төлеуге мүмкіншілігі болады. Меніңше, көп жағдайлар осылай ашық түрде жұмыс істейтін болса – пайдалы. Мысалы, өздеріңізге белгілі, кейбір компаниялар зейнетақы қорына ақшаларын төлемейді. Айлығын жасырады. Төмендетеді. Әлеуметтік салық төлемес үшін сондай әрекеттердің арқасында ары қарай пенсионный фондтарда азырақ қаражат түседі. Мысалы, азамат конвертпен алған ақшадан пенсиясына көбейеді. Сондықтан, ашық жұмыс істеп, біздің азаматтардың көбірек айлық алуына мүмкіншілік береді.

Көрермен: - Жаңа кодекс бойынша жеке автөкөліктерге байланысты салық жүктемесі қандай болмақ? Жеңілдіктер күтуге болады ма?

Қонақ: - Бұл Салық кодексі бойынша жақсы жеңілдіктер қаралған. Мысалға, кейбір двигателі, объемы төмен автомашиналарға екі есеге дейін салық азаяды. Ал, үлкен машиналарға, Джип немесе одан да үлкен машиналарға салық сол күйінше қалады. Бұл жағдайда да әлеуметтік жағынан қаралған. Сосын, мысалы, бұрын автомашина ескі болған сайын көбірек төлейтінбіз. Себебі, экологияны құртады деп. Меніңше, әлеуметтік жағынан дұрыс болған жоқ. Кім нашар машинаны сатып алады? Жағдайы жоқ адам алады? Ол одан салықты көбірек төлейді. Ол дұрыс емес. Сол себептен бұл Салық кодексі жаңа Салық кодексінен алып тастайды. Машинаның шығарылған уақытына байланысты салық төлемейді. Тек қана автомобильдің моторының объемы бойынша төлейтін болады. Көбінесе, екі есеге дейін төмен түсті. Меніңше, оның пайдасы көп болады.

Жүргізуші: - Шикізат секторына салық жүктемесі нақты қалай көбеймекші?

Қонақ: - Шикізат секторына, жаңағы мен айтқандай, 40 пайыздан 60 пайызға дейін өседі. Сосын бұрынғыдай салықтың өзгермейтін талаптары қазір жойылады. Салық, мысалы, өзгеріп тұруы мүмкін. Тек қана бұрын 14 компания бойынша бұрынғы күйінде қалады. Қалған жаңадан келген компаниялар, басқа, әсіресе, мұнай саласында жұмыс істеп жүрген компаниялардың барлығына енді салық өзгеріп тұратын болады. Меніңше, ол дүниежүзілік тәжірибе. Әрине, олар бірінші кезде Қазақстанға келіп, экономикамыз төмен болып жұмыс істемей жатқан кезде келгендеріне рахмет. Бірақ, қазір олар өз пайдасын тапты. Енді, салық өсіп тұратын болады. Сол себептен, біз Ройлти деген салықты жойып, басқа түрін енгізгеніміз де сол. Дүниежүзілік бағаға сәйкес өздерінде салық төлеуі керек.

Көрермен: - Алматы облысы Сарқант ауданынан хабарласып тұрмын. Ол кісі айтып жатыр ғой, келесі жылы болсын, осы жылдарда шағын бизнеске Үкімет тарапынан ақша бөлдік, банктер арқылы болсын аз пайыздағы несиелер беріледі деп. Менің шаруашылығым, мысалы, мал шаруашылығы болғандықтан жаңағы банктерге барсақ, олардың талаптары өте жоғары. Залогқа мал жайылатын жерді алмайды, не малды алмайды. Сонда мал шаруашылығымен айналысатын шағыр кәсіпкерлер осы арзан пайыздық несиені қалай алады?

Жүргізуші: - Өте орынды сауал.

Қонақ: - Ауыл шаруашылығына байланысты көтеріп отырған проблемаңыз өте орынды. Жалпы менің де ойым солай. Басқа салаларға қарағанда ауыл шаруашылығында көбірек жеңілдіктер болу керек. Сол себептен, бұл мәселе бойынша әлі де депутаттар ұсыныс жасап жатыр. Бір айдың ішінде 1,5 мың ұсыныс берді. Алдағы уақытта да осы мәселені тағы қарастырамыз. Қазір осы ауылшаруашылығына байланысты техника, басқа жағдайлар болатын болса, оған салық алынбайды. Тек қана жерге салық салынады деп белгіленді. Соның ішінде бұл да жеңілдіктің түрі. Корпоративтік салыққа байланысты да айтып кеттік. Әрине, бүгінгі Салық кодексінде, мысалы, өзіңіздің сұрағыңыздағы несие мәселесі қаралып жатқан жоқ. Дегенмен де, болашақ инвестицияларды компаниялардың өзіне қалдырғаннан кейін инвестиция жасайды деген әңгімені айттым. Шамамен, 300 млрд. теңге компаниялардың өзінде қалады. Олар өздері инвестиция жасауына мүмкіншілік береді.

Жүргізуші: - Электрондық поштамыз арқылы тағы бір сұрақ келіп түсті. Бүгінгі Салық кодексіне қатысты болмаса да, ол кісінің білгісі келіп отыр екен. Сіздің сәуір айындағы Үкіметке жолдаған күрішке қатысты сауалыңыздың жауабын білгісі келеді. «Үкімет басшысының атына маусым айында басталатын егін науқаны қарсаңында өзіңіз күріш өндірушілердің шешімін таппай жүрген мәселелеріне қатысты сауал жолдап едіңіз. Еліміздің күріші, ішкі күріш нарығы қаншалықты қорғалғандығы туралы. Сол қалай шешімін тапты?» – дейді.

Қонақ: - Көп көмегін берді. «Бетпе-бет» хабарына да шықтық. Қазір Үкімет осыған байланысты жақсы қолдау көрсетті. Мысалы, басқасын айтпағанда, субсидияның деңгейі 7,5 мыңнан 20 мыңға дейін көтерілді. Күрішшілер Үкіметтің осы жасап жатқанына өте көп алғысын айтып жатыр. Күрішшілердің жағдайы қазір жақсарды. Биылғы жылы өнімнен байқаймыз, меніңше дұрыс болу керек. Көп жағдайларда, мысалы, жанармайдан да, басқа мәселелер бойынша да көп көмек жасалды.

Жүргізуші: - Бүгінгі жалпы отырыста темекіге салынатын акциздік салықтарды депутаттардың бәрі бірдей қолдамады ғой? Осыған қатысты пікіріңіз қандай? Кейбіреулер, мысалы, оның бағасын көтеріп жіберсе, темекі шегетіндердің саны азаюы мүмкін дегендей де қызық мәлімдемелер жасады.

Қонақ: - Ондай да бір көзқарас бар. Менің кейбір әріптестерім оған қосылады. Менің өзім оған онша қосыла қоймаймын. Дәл ондай статистика бір жерден көрген емеспін. Мен танитын азаматтар қымбат болса да шегеді. Бұның екінші жағы бар. Қазір біз халықты көбейтсек, компаниялар оны өз пайдасынан бермей, міндетті түрде бағаға қосылады. Баға қосқаннан кейін ол азаматтардың қалтасынан шығатын ақша. Мысалы, мен баға қымбаттап кетті деп, темекі шекпей қойған азаматтарды көріп жүрген жоқпын. Басқа жағын қарауымыз керек. Жастарды тәрбиелеу мәселесін. Жастарға темекіні сатқызбауға талапты күшейтуге байланысты. Біз ертең әлеуметтік жағдайды дұрыстаймыз деп отырып, қаншама бізде темекі шегетін азаматтар бар ғой, олардың қалтасынан сол ақша шығады.

Жүргізуші: - Бүгін Бюджет және Салық кодекстері қабылданды ғой. Депутаттар осы кодекске байланысты нақты қанша ұсыныс енгізді? Жалпы бұны қашан мақұлдап, Сенатқа жіберу ойларыңызда бар?

Қонақ: - Осы жақын арада Сенатқа жібереміз. Әрине, әлде де келісетін жағдайлар көп. 1,5 ұсыныстар болды. 7 отырыс болды. Жаңа мен студияға шығып бара жатқан кезде жұмыс тобы әлі де жұмысын жалғастырып жатты. Күнде-күнде, бір күн де үзбей, қазір осы Салық кодексі бойынша жұмыс жүріп жатыр. Көптеген ұсыныстар болды. Оның ішінде ең жақсы ұсыныстардың бірі – жұмыс берушілер өз жұмысшыларын оқытса, оған салықты азайту. Немесе экологиялық мәселелерге байланысты осындай көптеген жақсы ұсыныстар болды. Менің ойымша, осы Салық кодексі сапалы шығу керек. Жалпы экономикаға, сосын біздің азаматтарға көп пайдасы тиеді ғой деп ойлаймын.

Жүргізуші: - Жақсы. Бәріміз де солай ойлаймыз. Күтіп отырмыз. Осы Салық кодексінен шын мәнісінде шағын және орта бизнеске, халыққа, әлеуметке нақты бір септігін тигізеді деген үмітпен бүгінгі сұхбатымызды аяқтаймыз. Сұхбат беруге келісім бергеніңізге рахмет! Сау болыңыздар! Әрқашан бетіміз жарық, жүзіміз жарқын болсын!