«Алаш айнасы» газеті
2009 жылғы 25 ақпан
Тұсауы кесілген кеденнің жібіне шырмалып жатырмыз
Кеден одағының көпшілік үшін әлі де болса көлеңке тұстары кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында тағы бір мәрте қаузалып өтті. Аталмыш одаққа қатысты бірнеше заң жобасын қолтықтай келген қаржы министрі Болат Жәмішевті депутаттар жеп қоя жаздады.
Бір қызығы, Кеден одағының иірімдерін қарапайым халық түгіл, жоғары жаққа жақын жүретін, құлағы түрік қалаулылардың өздері де түсіне қоймайтын сияқты көрінді бізге. Жәмішевтің жанын шығарған сауалдардың басым бөлігі «Кеден одағының Қазақстанға берері не» деген тұрғыда болды. Мұндай сауалдар бірінен соң бірі қойылып жатса да, қаржы министрі Жәмішев мырза жартымды жауап бере алмады.
Министрдің тиіп-қашпа жауаптарынан жалыққан болуы керек, жуан дауысты депутат Ирақ Елекеев Кеден одағына кіреміз деп жүріп, «экономикалық үстемдігімізден айырылып қалмаймыз ба» деген қаупін ашық айтты. «Кедендік одақтың майлы басы бәсекеге қабілетті тауар өндіре алатын елдің қолында болады. Одаққа кірген соң, елімізге көрші елдердің тауары судай ағылады. Осы кезде біздің отандық тауар өндірушілеріміздің тауарлары бәсекеге қабілетсіз болып, жаңадан бой көтерген кәсіпорындардың аяғына тұсау салынады. Ал бұл жерде Қазақстаннан сырт елдерге экспорты басым Ресей мен Белоруссияның асығы алшысынан түседі. Сондықтан отандық кәсіпорындардың қабілетін қалыптастыру үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсету мәселесін қарап алған дұрыс», – дейді Ирақ Қасымұлы.
Ал Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы жөнінде қосымша баяндама жасаған Уәлихан Қалижанның пікірі мүлдем басқаша болды. «Кеден одағы аясында көптеген маңызды келісімшарттарға қол жеткізілді. Әлі тағы үш келісімшарт жасалады. «Көш жүре түзеледі» демекші, Кедендік одақ мәселелері ойдағыдай шешіледі. Бұл – алдын ала жоспарланған, жан-жақты талқыланған жоба. Кедендік одақтың бізге берері көп. Алдымен біздің рыногымыз кеңейеді. Отандық өнімдерді одаққа мүше екі ел нарығына, сосын барып Еуропаға өткіземіз. Сондықтан бұл жобаны қолдауларыңызды сұраймын», – деп отырғандарға қарады.
Уәлихан Қалижанның бұл ұсынысынан кейін Жәмішевтің жағдайы біршама жақсарғандай болып көрінген. Алайда жылылық ұзаққа созылмады. Депутат Мұрат Әбенов Кедендік одақ туралы түсіндірме жұмыстарының апақ-сапақтарын ашып салды. «Кеден одағына кіргеннен бері отандық кәсіпкерлерді ақпарат алу жағы қинап отыр. Ақпарат жеткіліксіз. Шетелде әр кәсіпкерді үйретіп жатыр: Қазақстанға қандай тауар жеткізілуі керек, қандай ереже, артықшылықтары бар? Ал біздің кәсіпкерлер ешқандай хабар ала алмай отыр», – деген депутат мысалға Кеден комитетінің веб-сайтын келтіріп жатты. Оның айтуынша, сайттан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылы сөйлеген бір сөзі мен кеденшілердің өзара тәртіп сақтауы туралы декларациядан басқа ештеңе таппапты. «Кедендік одақтың ережелері, құжаттары қайда? Ресей мен Беларусь сайттарында Кеден одағына кірген соң туындайтын мәселелер, ортақ тарифтер, төлемдер туралы ақпарат жеткілікті. Бізде ол жоқ», – деген депутат елімізде кедендегі сыбайлас жемқорлық пен заңбұзушылықтардың дұрыс ақпарат ала алмаушылықтан туындап отырғанын алға тартты.
Нақты ережені білмеген соң заң бұзу, ақпарат аламын деп біреуге пара беру секілді заңсыздықтар елімізде күнделікті үрдіске айналып кеткені жасырын емес. Қаржы министрі Жәмішев те мұны жоққа шығара алмады. «Бізде уақыт тығыз. Үлгермей жатырмыз. Ақпараттандыру жұмыстары жоқ деген сөзіңізбен келісе алмаймын. Өткенде Үкімет сағатынан кейін Кеден одағы жұмыстары аясында кең көлемде он-лайн конференция өткіздік», – деп ақталды. Министр Болат Жәмішев үлгермей жатырмыз деп қанша сендіргісі келгенімен, Мұрат Әбенов оған иланған кейіп таныта қоймады. «Неге үлгермейсіздер? Белоруссия қалай үлгеріп жатыр? Бұл сылтау бола алмайды. Шағын топтың алдында он-лайн конференция өткізу ештеңені шешпейді. Сіз көбіне орыс тілінде сөйлейсіз. Қазақтілді адамдар үшін ақпарат тіптен жоқ. Олар түгіл, қарсы алдымызда тұрсаңыз да, біздің өзіміз мардымды ақпарат ала алмай отырмыз», – деп қабағын түйді.
Үш сағатқа созылған жалпы отырыс Болат Жәмішевтің жеңісімен аяқталды. Жәмішев қолтықтай келген «Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарылғанын айқындау ережесі туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданып, Сенаттың сын-тезіне жіберілді.
Бүркіт НҰРАСЫЛ, Астана