«Қазақпарат» агенттігі
2010 жылғы 20 қыркүйек
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов
«Азамат» пікірсайыс клубының мүшелерімен кездесті
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 20-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов республика жастарының белсенді бөлігі - «Азамат» пікір-сайыс клубының мүшелерімен кездесті. Онда қоғамдағы өзекті мәселелер қызу талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Азамат» пікір-сайыс клубы - 1998 жылдан бері Ұлттық пікір-сайыс орталығы негізінде жұмыс істейтін қазақ тілді студенттердің қоғамдық ұйымы. Бұл клуб пен еліміздің заң шығарушы органы арасында тығыз байланыс орнатылған. «Азамат - жастар парламенті» телебағдарламасы шеңберінде клубтың ең белсенді де қабілетті мүшелері Парламентте іс-тәжірибеден өтіп, оның талқылауында жатқан заң жобаларымен танысып, соларға қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп келеді. Парламентке іс-тәжірибеден өтуге жолдама алған жастардың әрбір легі жұмыс комитеттерінің талқылауларына, хат алмасу процесіне, заң жобаларын талқылауға етене араласа отырып мол өмірлік, әрі кәсіби тәжірибе жинақтайды, өз білімдерін асыра түседі.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбеновпен кездесу барысында республикадағы ауқымды жобалардың бірі «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің халық үшін артықшылықтары, мемлекетіміздің мұнай саясатының жүргізілуі, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақтілді бағдарламалардың үлесін арттыру, мемлекетіміздің сыртқы қарызы сияқты өзекті мәселелер қозғалып, оларға депутат тарапынан экономикалық сараптамаға негізделген тұщымды жауаптар берілді.
Кездесу барысында Мұрат Абдуламитұлы алдымен Қазақстандағы қарыштап дамуды мақсат тұтқан жобалардың барлығында да адам капиталының сапасы мен жастардың белсенділігі, білімділігі мен біліктілігі басты назарда екендігін атап көрсетті. «Елу жылда ел жаңа» демекші, қоғам қазіргі таңда жаһанданудың ықпалына түсіп, күн санап өзгеруде. Яғни, бұрынғы Кеңестік дәуірдің психологиялық ерекшеліктері мен тәуелсіз елімізде дүниеге келген өскелең ұрпақтың сана-сезімі екі басқа. Осыған орай, халық қалаулысы: «Жаңа заман жастары білімге құштар, ізденімпаз, тез бейімделгіш, бәсекеге қабілетті болып келеді. Сондықтан да, жастарға осындай заманның ерекшеліктерін ескере отырып, берілген мүмкіндіктерді толығымен қолданған жөн. Әсіресе, жаңа технологиялар мен инновациялық дамуға тиісті серпін беру үшін дарынды жастар қажет-ақ» - деп атап айтты.
Сонымен қатар жиында жастар көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, мамандық таңдауға байланысты кеңестер алды.
Жастармен кездесу басында «Азамат» клубының мүшесі, Мәжілісте депутат Мұрат Әбеновтің қарамағында іс-тәжірибеден өткен Ақнұр Жидебекқызына депутаттың қоғамдық көмекшісі куәлігі табыс етілді. Ақнұр Жидебекқызы Алматы қаласындағы студент-жастар арасында депутаттың өкілі ретінде жастар мәселелеріне арналған қоғамдық қабылдауды жүргізеді.
Жиын соңында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов «Азамат» пікірсайыс клубының мүшелеріне табыс тілеп, еліміздің болашағы осындай белсенді азаматтық көзқарасы қалыптасқан жастардың қолында екенін жеткізді. Жастар өз кезегінде осындай кездесулердің көптеп өткізілуі туралы тілектер білдіріп, депутатқа клуб атынан естелік сый тарту етті.
http://www.inform.kz/kaz/article/2305161