Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.09.2014

ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ОРЫНДАЛМАЙДЫ


ЗАҢ  ТАЛАПТАРЫ ОРЫНДАЛМАЙДЫ

 

Астана, 10 қыркүйек, Мәжіліс Үйі.

 

Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Розақұл Халмурадов  Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Ж. Қасымбекке депутаттық сауал жолдады.

«Өзіңіз жақсы білесіз, 2013 жылы 4 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» Заңы депутаттардың ұсынысы бойынша 24-2 бабымен толықтырылған болатын.

Бұл бапта жолаушыларды тасымалдайтын көліктерге «Билеттерді сатуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар оларды рәсімдеу кезінде мәліметтердің қазақ және орыс тілдерінде толтырылуын, ал халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде қосымша ағылшын тілінде толтырылуын қамтамасыз етуге міндетті», - делінген.

Билеттерді сатуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар толыққанды дайындық көрсін деген мақсатта аталған норманы бір жылдан кейін, яғни 2014 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізу қарастырылған.

Заңда белгіленген мерзімнің аяқталғанына екі жарым ай болды. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін еліміздің ішіндегі рейстерге «Скат» компаниясының ұшақтарына сатылатын билеттердегі мәліметтер ағылшын тілінде ғана толтырылады. Ал, «Эйр Астананың» ұшақтарына билет сататындардың кейбіреулері барлық мәліметтерді ағылшын тілінде, ал кейбіреулері тек қана тасымалдау ережесінен үзіндіні үш тілде рәсімдейді. Айтқандарымның айғағы ретінде тамыз және қыркүйек айларында сатып алынған электрондық билеттердің көшірмесін қоса жолдаймын.

Осыған байланысты менің сауалым: «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» Заңының 24-2 бабының талабы неге орындалмай келеді, оның орындалуын кім қадағалайды? Жолаушыларды тасымалдайтын көліктердің барлық түрлеріне билеттерді сатуда заңда белгіленген нормаларды толыққанды орындауды қамтамасыз ету үшін қандай іс-шараларды іске асыру жоспарланған.

Заңда белгілеген міндетті орындамаған жеке және заңды тұлғаларға қандай шаралар қолданылды?

Осы депутаттық сауалға «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-ші бабына сәйкес жазбаша жауап беруіңізді сұраймын»,- делінген депутаттық сауалда.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы, Т.74-63-02.  ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі