Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.09.2014

ОБЛЫСТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕТІН МАҢЫЗДЫ КӨПІР ҚҰРЛЫСЫН АЯҚТАУҒА ЫҚПАЛ ЕТУІҢІЗДІ СҰРАЙМЫЗ


ОБЛЫСТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕТІН МАҢЫЗДЫ КӨПІР ҚҰРЛЫСЫН АЯҚТАУҒА ЫҚПАЛ ЕТУІҢІЗДІ СҰРАЙМЫЗ

 

Астана, 10 қыркүйек, Мәжіліс Үйі.

Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Валихан Бишимбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

 

«Қызылорда облысында сайлаушылармен, атап айтқанда, жергілікті тұрғындармен, «Нұр Отан» партиясының мүшелерімен өткен кездесуде олар төмендегі мәселені шешуге ықпал ету туралы өтініш жасады.

Өзіңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 шілдедегі №1087 қаулысымен бекітілген Қызылорда облысы, Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес, Сырдария өзені арқылы көпір салынып, 2300 гектарды құрайтын Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары жоспарланған.

Бас жоспарға сәйкес, бұл аумақта әлеуметтік-әкімшілік, өндірістік, мәдени, орта және шағын бизнес, жеке сектор нысандарын салу қарастырылған.

Алдын ала жүргізілген зерттеу жұмыстарына сәйкес, сол жағалауды игеру 90,0 мыңнан астам тұрғынды тұрақты орналастырып, 15,0 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Көпір құрылысына жергілікті бюджет есебінен жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге 60,0 млн. теңге қаржы бөлінді. Жобаның жалпы сметалық құны – 5,9 млрд. теңге.

ҚР Өңірлік даму министрлігі 2014-2016 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру барысында аталған көпір құрылысын «Өңірлік даму» облыстық бюджеттерге инженерлік инфрақұрылымды дамытуға берілетін нысаналы даму трансферттер» бюджеттік бағдарламаға енгізіп, 2014 жылға 1,0 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлініп, үстіміздегі жылы құрылысы басталып кетті.

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін, аймақтың қарқынды дамуына бірден-бір жол ашатын маңызды көпір құрылысын аяқтауға қажетті 4,2 млрд. теңгені 2015 жылға республикалық бюджеттен қаржыландырылатын инвестициялық жобалар тізіміне енгізіп, қаржының бөлінуіне ықпал жасауыңызды сұраймыз».

 

Депутаттық сауалға сондай-ақ, Б.Смағұл, К. Бұрханов,                                                                           Г. Сейтмағанбетова,  С. Әйімбетов қол қойған.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы, Т.74-63-02.  ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі