Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
17.09.2014

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕЛЕРІМІЗ ШЫРШАНЫҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕ ҚАЛДЫ


ҰЛЫҚ МЕРЕКЕЛЕРІМІЗ ШЫРШАНЫҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕ ҚАЛДЫ

 

Астана, 17 қыркүйек, Мәжіліс Үйі.

 

Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Розақұл Халмұрадов  Қазақстан Премьер-министрі К. Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдады. Онда:

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады»,- деді.

Бүгінгі Қазақстандағы сүттей ұйыған ел, түбегейлі түлеген жер, сол жердің төсінде бой көтерген жаңа Астана, сәулетті ғимараттар, басқа да мың сан құрылыстар, салынған жолдар, тартылған құбырлар, қазылған каналдар, атқылаған мұнай мен газ, жылдан жылға өсіп келе жатқан жалақы, зейнетақы, бала санының көбеюі, өлімнің азаюы – осының бәрі Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дана басшылығы, салиқалы саясатының, ел Тәуелсіздігінің арқасындағы жетістіктеріміз!

Қазақ ұлтының сақталуы, ықылым заманнан өзі мекендеген ата жұртында дербес мемлекет, егемен ел ретінде шаңырақ көтеріп, өркендеуі еліміздің Тәуелсіздігінен бастау алады. Сондықтан да Қазақстан халқы үшін Тәуелсіздік күнінің алатын орны ерекше.

Тәуелсіздік тұғырлы болуы үшін оның қадіріне жету қажет. Бұл – кез келген азаматтың Отан алдындағы парызы. Осы парыздың жауапкершілігін бүгінгі ұрпақ қаншалықты ұғынып жүр?

Желтоқсан айы басталмай жатып еліміздің барлық қаласында Жаңа жыл мерекесіне дайындық басталып кетеді. Биік ғимараттарға құттықтау сөздері ілініп, миллиондаған ақша жұмсалып, безендірілген шыршалар орнатыла бастайды. Бірақ, жаңа жылға дейінгі еліміз үшін ұлы мерекелер болып саналатын «Тұңғыш Президент күні» мен «Тәуелсіздік күні» мейрамдары туралы ешқандай ақпараттар кездестірмейміз. Тек 3-4 күн қалғанда бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір бағдарламалар, жүгіртпе жолды ақпараттар беріле бастайды.

Бұл «Тұңғыш Президент күні» мен «Тәуелсіздік күні» мейрамдарын Жаңа жыл мерекесінің, яғни, шыршаның көлеңкесінде қалып қоятындығын көрсетеді.

Егер біз халық ретінде, ұлт ретінде тәуелсіздігімізді қадір тұтар болсақ, ең алдымен осы ұлық мейрамдарға көңіл бөлуіміз керек.

Біз Жаңа жылды тойлауға, қалаларды елді мекендерді безендіруге қарсы емеспіз. Еліміздің қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатуымыз керек», - дегендей, алдымен «Тұңғыш Президент күні» мен «Тәуелсіздік күні» мерекелерін атап өткеннен кейін Жаңа жылды қарсы алуға кіріссек те болар еді деп ойлаймыз.

Желтоқсан айын «Тұңғыш Президент күні», «Тәуелсіздік күні» ретінде өткізудің тәрбиелік, тағлымдық мәні қандай зор екені айтпасақ та түсінікті. Сол себепті Үкіметке, Желтоқсанның бірінші жартысында осы мерекелер рухына сәйкес көшелер мен алаңдарды Елбасының алуан түрлі қызметін әйгілейтіндей, тәуелсіздік пен демократия рухын танытатын плакаттар, стенділер, жарық беруші таблолар, билбордтар, стеллалар, транспортанттармен безендіріп, жүйелі түрде халқымызды, жастарды отансүйгіштікке, бірлікке, қоғамдық келісімге шақыратын іс-шараларды ұйымдастыруды тиісті министрліктерге және жергілікті атқарушы органдарға тапсыруды ұсынамыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болуы үшін осындай қадам жасағанымыз жөн.

Тәуелсіздік күні – жас мемлекетіміз үшін біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, өткенге деген тағзымның, салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі. Ендеше, бар игілігіміздің бастауы болған тәуелсіздігімізді бағалап, ардақтау үшін Тәуелсіздік күні мерекесіне дейін Жаңа жыл мерекесіне қарқынды дайындық жүргізуге өркениетті түрде шектеу жасап, «Тұңғыш Президент күні» мен «Тәуелсіздік күніне» ауқымды түрде дайындық жүргізуді және өткізуді Үкіметтік деңгейде қолға алынуы тиіс деп санаймыз.

Осы депутаттық сауалға «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-ші бабына сәйкес жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз» делінген.

   Сауалға сондай-ақ, депутаттар Е.Каппель, Р.Ким, А.Мурадов, Н.Нестерова, З.Саяпова қол қойған.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы, Т.74-63-02.  ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі