Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
17.09.2014

ІРГЕЛІ ӨНЕР ОРДАСЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ КЕРЕК


ІРГЕЛІ ӨНЕР ОРДАСЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ КЕРЕК

 

Астана, 17 қыркүйек, Мәжіліс Үйі.

 

Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Валихан Бишимбаев  еліміздің Премьер-Министрі К. Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдады. Онда:

«Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет саласы қызметкерлерімен болған кездесу кезінде өнер мен мәдениет саласында қалыптасқан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Соның ішінде 80 жылдық тарихы бар Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрына «Академиялық» мәртебесін беру жөнінде мәселе алға тартылды. Соған байланысты Сізге депутаттық сауал жолдап отырмыз.

 Бүгінгі таңда Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының шоқтығы биік, ол – елімізге танымал іргелі өнер ордасының бірі. 1934 жылы осы қазақ драма театры ашылған кезден бері қарай мұнда небір өнер саңлақтары қызмет жасағаны белгілі. Солардың қатарында театр өнерінің жарық жұлдыздары, қазақ өнерінің мақтанышына айналған Ә.Өмірзақованы, Х.Бөкееваны, Ж.Серікбаеваны, Х.Шәженовты, Р.Байкеновті, Қ.Дүйсековті, Ғ.Хайруллинаны, А. Абдуллина мен А. Қалмырзаевтарды айтар едік. Қазіргі уақытта театрда елімізге белгілі Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері О.Рахимов, С.Өтемісұлы, Қ.Рахымбердиева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері М.Ілиясқаров және 9 ҚР Мәдениет қайраткері қызмет етеді.

Театрдың жұмыс көрсеткіші мен нәтижесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 26 қаңтардағы №33 қаулысымен бекітілген мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға «Академиялық» мәртебесін беру қағидасы мен шарттарының талаптарына толық сай келеді.

Сонымен қатар, биыл қараша айында Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы 80 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Мәдениет саласына қолдау көрсету, ұлттық өнерімізді дамыту – еліміздегі әлеуметтік маңызы бар мәселелердің бірі. Театрға «Академиялық» атақ берілген жағдайда, өнер ұжымының мәртебесі көтеріліп, әртістердің жұмыс істеуіне және шығармашылығына қолайлы әлеуметтік жағдайлар қалыптасатыны сөзсіз.

Бұл мәселенің шешімін табуы Мемлекет басшысының Шымкент қаласын еліміздегі үшінші ірі орта­лық­ қалаға айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес келеді. Осыған орай, театрдың ұзақ жылғы жемісті еңбегін ескере отырып, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрына «Академиялық» мәртебесін беруге ықпал етуіңізді сұраймыз»,-делінген.

Сауалға сондай-ақ, мәжілісмендер А. Смайыл, М.Ахмадиев, Б.Смағул, К.Бұрханов, М.Бегентаев, О.Асанғазы, Қ.Қаракен, И.Аронова, А.Нұркина қол қойған.

 

 (Зәмеш Кеңесқызы, Т.74-63-02.  ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі