Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.12.2014

ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНЕН КӨРКЕМ АУДАРМА БӨЛІМІ АШЫЛСА


ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНЕН КӨРКЕМ АУДАРМА БӨЛІМІ АШЫЛСА

 

Астана, 10 желтоқсан, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Алдан Смайыл Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары  Бердібек Сапарбаевқа  депутаттық сауал жолдады.

                Дүлдүл ақын Қадыр Мырзалиев: «Біздің тарих бұл дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» деген еді күйінішпен. Сол секілді қазақ әдебиеті де бай әдебиет, тек әлемге еркін танылмай өз шеңберінде шыр айналуда. Шығармалары халықаралық беделді тілдерге аударылған қазақ қаламгерлері саусақпен санарлық. Оның өзінде сол туындылардың тәржімасы тамаша деп ешкім айта алмайды. Өйткені бізде ағылшын, испан, француз, неміс, қытай секілді өтімді тілдерде көркем аударма жасайтын кәсіби аудармашылар болған емес, қазір де жоқ. Оларды даярлауға ынталы болып отырған мемлекеттік құрылымдарды да таба алмайсыз. Бұған осы мәселені Еуразия ұлттық университетіндегі немесе Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіндегі филология факультетінен көркем аударма бөлімін ашу туралы Үкіметке жолдаған ұсынысымыздың әлі күнге орындалмай келе жатқаны дәлел.

                Ал осы қиын шаруа ма? Поэзия мен прозаға табиғи қабілетті, сөз өнеріне бейім жиырмашақты жастарды іріктеу, оларға шеттілдері мен көркем аударманың қыр-сырын үйрету қолдан келмейді дегенге кім сенеді? Бар гәп әдебиетке, ұлттың рухани құндылықтарына, халықтың абырой-беделіне жанашырлықпен қарай білуде.

                Мұнай мен темір кімде жоқ, талайларда бар. Ал Пушкин мен Абай, Бальзак пен Әуезов, Гейне мен Мырзалиев, Шекспир мен Махамбет бірен-саран ұлттың ғана еншісінде. Қазақ дарындары адамзатқа ортақ ой айта отырып, ұлттың даралығын сақтай алған. Олардың толғауы тоқсан еңбектерін әлемге таныту арқылы қазақ халқын, оның көркем ойын, кестелі сөзін, ізгілікпен нұрланған жан дүниесін танытамыз. Жаһан Еуразияның кіндігінде Азия мен Еуропаның жоғары талғамына сай көркем әдебиет жасаған аса талантты халық бар екенін білетін болады және құрметтейді.

                Кәсіби көркем аудармашылар бізге осы үшін қажет. Сондықтан бұл мәселені түрлі сылтаумен соза беруге болмайды.

                Сізден, құрметті Бердібек Машбекұлы, осы талабымызды, Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінен көркем аударма бөлімін ашу жөніндегі ұсынысымызды қолдауды сұрай отырып Қазақстан Республикасының шетелдердегі елшіліктерінің жанынан «Қазақ әдебиеті кітапханасын» ашуға ықпал етуіңізді өтінеміз. Осындай кітапханаларға бүгінге дейін шеттілдеріне аударылған көркем және ғылыми-көпшілік, тарихи әдебиеттер жинақталып, ұдайы толықтырылып отырылса, ақын-жазушылар мен өнертанушылардың кештері мен түрлі тақырыптардағы конференциялар өткізіліп тұрса, қазақ руханиятының сырт мемлекеттердегі рухани шаңырақтарына айналар еді. Қазақ әдебиетіне көптеген елдер қаламгерлерінің назарын аударар едік.

                Ұлт руханиятының халықаралық беделін көксеген ой-ұсыныстарымыз қолдау табады деп сенеміз.

 

                                                                                                     

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі