Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.01.2015

«ДИПЛОММЕН - АУЫЛҒА!» ЖОБАСЫН ОДАН ӘРІ СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ ПРОБЛЕМАЛЫҚ ТҰСТАРЫНА НАЗАР АУДАРУ ҚАЖЕТ.


 

 

«ДИПЛОММЕН - АУЫЛҒА!» ЖОБАСЫН ОДАН ӘРІ СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ ПРОБЛЕМАЛЫҚ ТҰСТАРЫНА НАЗАР АУДАРУ ҚАЖЕТ.

 

Астана. 21-қаңтар. Мәжіліс үйі. Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы, «Нұр Отан» Фракциясы партиясының мүшесі Майра Айсина Қазақстан Үкіметінің  Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

«Әлеуметтік сала қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету және ынталандыру шараларын қабылдау бойынша мемлекеттің мақсаттық бағытталған саясаты нәтижесінде соңғы бес жылда ауылдық елді мекендерді педагогика, медицина кадрларымен, мәдениет, спорт және ветеренария мамандарымен қамтамасыз ету анағұрлым жақсарды.

Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша республикалық кеңесте ауылға қайтып келетін әлеуметтік сала мамандарын әлеуметтік қолдау арқылы оларды ынталандыру қажеттігі туралы 2007 жылғы 5 наурызда берген тапсырмасын орындау үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендердің әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және ынталандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданып, ол 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Заңды іске асыру мақсатында республикалық бюджетте мыналарды:

1) бір маманға саналған бір айлық есептік көрсеткіштің 70 еселік мөлшерінде бір жолғы көтерме жәрдемақысын төлеуді;

2) бір айлық есептік көрсеткіштің 630-еселік көрсеткішінен аспайтын сомада, кредит сомасынан есептелетін жылына 0,01% көлеміндегі сыйақы мөлшерлемесімен он бес жылдық мерзімге тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беруді;

3) ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік сала мамандарының тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредитке қызмет көрсету бойынша міндеттемелерді шарттық тапсырмаға сәйкес жүзеге асыратын уәкілдің (агенттің) игерілген кредит сомасына есептелетін жылына Заңда бекітіліген 3% мөлшеріндегі қызметтер (операциялық шығындар) құнын өтеуді көздейтін тиісті бюджеттік бағдарламалар бекітілді .

2009 жылғы қаңтар айында басталған «Дипломмен – ауылға!» жобасының әлеуметтік сипаты бола тұра, ол нарыққа бағдарланып, ауылдық жерлерде мамандарды бекіту мәселесін нақты шешуге мүмкіндік береді, бұл ауыл тұрғындарына әлеуметтік қызмет көрсетуді жақсартады.

Бес жылда ауылдық жерлерге кадр ағымының динамикасы да «Дипломмен – ауылға!» жобасының тиімділігін объективті айқындап отыр. Осы уақыт ішінде ауылға келіп, жұмысқа орналасқан педагогтар саны 1,8 есе, дәрігерлердің саны 2,7 есе өсті. Жалпы бес жылдың ішінде 2014 жылғы 1 қаңтар күніне ауылдық жерлерге 30 617 маман, оның ішінде білім саласына 22 436 (73%), денсаулық сақтауға - 6 200 (20%), әлеуметтік қамсыздандыруға -274 (1%), мәдениет саласына - 911 (3%), спорт - 375 (1%) және ветеренария саласына 446 адам (2%) тартылды.

Жобаны жүзеге асыру барысында ветеринария мамандарымен қатысушылар тізімі кеңейтілген, баспана алуға несие көлемі 1500 АЕК дейін ұлғайған, мемлекеттік қызметтер ұсынудың Стандарты мен Регламенті әзірленген, көшу жәрдемақыларын төлеу үшін 4,4 млрд.теңге және 10813 мамандарға баспана алуға бюджеттік несиелер ұсыну үшін 20,1 млрд.теңге бөлінді.

2014-2016 жылдары 17 688 мамандарды ауылға тарту үшін Республикалық бюджеттен қайтадан 31,8 млрд.теңге қарастырылған.

Сонымен қатар Жобаны әрі қарай сәттілікпен жүзеге асыруда проблемалық мәселелер де бар.

Осыған байланысты, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Жоба қатысушыларынан өз міндеттерін немқұрайлы атқарған жағдайда көшу жәрдемақылары мен бюджеттік несиелерін қайтару рәсімдерін  реттеу, тұрғын үй құрылысына несиенің рәсімдеу мен беру тетіктерін әзірлеу, Жоба қатысушылардың бюджеттік несиелерді мерзімінен бұрын өтеу, тіркеу мәселелерін шешу, мамандардың орындарға келу фактісі бойынша тиісті шаралар қолдануыңызды сұраймын.

Сонымен бірге, ауылдық жерлерде тұрғын үй нарығының дамымағандығы, екінші нарықта 70-80 жылдарында тұрғызылған тұрғын үйлердің басымдылығынан оларды 15 жылдық несиемен алуға ынталандыру болмайтыны, ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымының дамымағаны жас мамандардың ауылға өз еріктерімен баруына кедергі болып отыр.

Сонымен қатар, соңғы кезде мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде ақпараттық-үгіттеу қызметінің босаңсуы байқалады. Жастарға, оның ішінде Жобаға қатысушылар үшін қолжетімді тұрғын үй құрылысы бойынша көрсеткіштерді облыс әкімдерінің рейтингіне енгізу өзекті деп санаймын.

Осы және басқа да проблемалық мәселердің тез арада шешілуі аталған мақсаттарға бөлінген бюджеттік қаражаттарды одан әрі тиімді пайдалануға және ауылды білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,-делінген сауалда.

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі