Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.01.2015

ОТАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРУШІЛЕРДІ НЕСИЕЛЕНДІРУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫН ҚАРАСТЫРУ КЕРЕК


ОТАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРУШІЛЕРДІ НЕСИЕЛЕНДІРУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫН ҚАРАСТЫРУ КЕРЕК

 

Астана. 21-қаңтар. Мәжіліс үйі. Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Кузьмин Қазақстан Үкіметінің  Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

«Өзіңізге белгілі, 2014 жылдың 11-14 қарашасында, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық топтардың іс-сапары барысында, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шығыс Қазақстан облысында болып, ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары басшыларымен кездесті.

Шаруа қожалықтарының басшылары екінші деңгейдегі банктердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді техника, тыңайтқыштар алуға және айналым қаражатын ұлғайтуға несие беруге құлықсыз екендігін хабарлап, көп арыз-шағымдарын жеткізді.

Бәрімізге белгілі, 2014 жыл ауыл шаруашылығы үшін қиын кезең болды, көптеген шаруашылықтар егіндерін жинай алмады және болжаған табыстарына қол жеткізбеді.

Өз кезегінде, екінші деңгейдегі банктер үш жылдан аспаған техниканы кепілге алады, ал егер бес жылдан асса, оны металлолом бағасынан сәл жоғары бағалайды. Осындай кепілдік жағдай жылжымайтын мүлікте де бар.

Соңғы бес жыл аралығында асқан жеңілдікпен банктер шарты бойынша кепілдіксіз берілетін тұтынушылық несиелер берумен әуестенген, соның салдары несие қаражатының үлкен бөлігінің қайтарылмауына әкеліп соқты.

Мемлекет басшысы осы жағдайға жеке көңіл аударды және екінші деңгейдегі банктердің проблемалық несиелерін сатып алу үшін Үкіметке 250 миллиард теңге бөлу туралы тапсырма берді.

Бүгін, ресейлік рубльдің құнсыздануына байланысты қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілер төмен бағамен өнімді Ресейден сатып алуда, ал біздің шаруа қожалықтары өз өнімдерінің бағасын төмендетуге мәжбүр.

2014 жылғы қолайсыз ауа райы, Ресей Федерациясындағы көршілерімізде ауыл шаруашылығы және ет өнімдері бағасының арзан болуы және екінші деңгейдегі банктердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді несиелендіруге құлықсыздығы сияқты факторлар 2015 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын көптеген шаруа қожалықтары тиісті деңгейде атқара алмауына негіз болуы мүмкін.

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты өз Жолдауында экономиканың нақты секторлары мен өндірушілерді, соның ішінде аграрлық секторды қолдау қажеттігін баса айтты.

Бірақ, екінші деңгейдегі банктер, өздерінің коммерциялық мүдделеріне байланысты, өз несиелендіру саясатын, бұл жерде көпшілігі шағын және орта бизнес өкілдері болса да, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді белсенді несиелендіру жолына қарай өзгертер емес.

Осы айтылғандарды және көктемгі егіс жұмыстарының басталуына аз уақыт қалғанын ескере отырып, Сізден Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің екінші деңгейдегі банктермен бірлесе отырып, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді несиелендірудің тиімді саясатын дайындауына көмек беруіңізді сұраймын»-делінген депутаттық сауалда.   


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі