Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.02.2015

ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҚТАРЫ ПРОБЛЕМАЛАРҒА ТАП БОЛУДА


ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҚТАРЫ  ПРОБЛЕМАЛАРҒА ТАП БОЛУДА

Астана, 25 ақпан, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Майра Айсина Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

                «Сізге    «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес өмірлік жағдайы қиын адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету механизмін одан әрі жетілдіру мәселесі бойынша сауал жолдап отырмыз.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бүгінгі таңда елімізде психологиялық және физикалық жәбірлеу қатерін төндіретін қолайсыз отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар себебінен ауыр өмірлік жағдайға тап болған азаматтардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешенін жүзеге асыру мақсатында он Дағдарыс орталығы жұмыс істеуде.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан өмірлік қиын жағдайға ұшыраған әйелдер мен олардың кәмелетке толмаған балаларына мемлекет тарапынан кешенді әлеуметтік-оңалту көмегін көрсету Дағдарыс орталықтары қызметінің негізгі мақсаты болып табылады.

 Сонымен қатар, қазіргі таңда Дағдарыс орталықтарының жұмыс істеуі бойынша стандарттар, регламент, ережелер және өзге де ұйымдастыру шаралары жоқтың қасы.

Осы орайда олар өз қызмет ерекшеліктерінде көмек сұраған жандарға субъектілік өзгешеліктер мен қажеттіліктерді көздемейтін медициналық-әлеуметтік мекемелердің арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну тәртібін басшылыққа алуға мәжбүр.

Мысалы: жүкті әйелдерге және емізетін баласы бар әйелдерге арналған тамақтану, жаңа туған балаларды гигиеналық жабдықтармен қамтамасыз ету нормалары және тағы да басқалар.

Міндетті норматив кешендерінің жоқтығы салдарынан Дағдарыс орталықтары көптеген проблемаларға тап болады. Мысалы, көмек сұраған азаматтардың куәландыратын құжаттарының болмауы, тұрғылықты жері бойынша тіркелмеуі, сондай-ақ құжаттарды қайта қалпына келтіру, жұмысқа орналастыру, мектепке дейінгі, білім беру, медициналық ұйымдарға орналастыру бойынша шаралар кешенін және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің кепілдендірілген көлемін ұсыну кезінде қиын жағдайға әкелетін қолайсыз материалдық, физикалық, психологиялық-эмоциялық жағдайлар.

Осыған Үкіметтен өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға мемлекет тарапынан барынша толық және уақтылы көмек көрсету мақсатында стандарттарды әзірлеуді жеделдетуді, сонымен қатар әлеуметтік қорғау, жұмысқа орналастыру, жұмыспен қамту, денсаулықты сақтау, білім беру салалары бойынша мемлекеттік органдардың құзыреті мен үйлесімділігін реттейтін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді өтінеміз».

 

 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

                                                                               

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі