Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
25.02.2015

ЖОЛДАР – ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ӨМІР ЖЕЛІСІ


ЖОЛДАР – ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ӨМІР ЖЕЛІСІ

 

Астана, 25 ақпан, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Серікбай Нұрғисаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

«Жол – біздің тәуелсіз мемлекетіміз үшін стратегиялық мәселе. Біз еліміздегі жолдарды жаңа тәсілдермен, жаңаша жаңғыртып жатқан жұртпыз. Елбасы Жолдауында «Жолдар – Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең-байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған.» - деп  еліміздің инфрақұрылымының әртүрлі салаларын дамытуды нақты атап өткен болатын.

Еліміздегі автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстауды неғұрлым тиімді басқаруға мүмкіндік беретін тетік ретінде 2013 жылы «ҚазАвтоЖол» АҚ жолдарды басқару ісі бойынша  толыққанды қызметін Ұлттық оператор негізінде жүзеге асыра бастады.

Облыстардағы Қазақстан Республикасы Автомобиль жолдары комитетінің аумақтық органдары таратылып оның штаттары мен мамандары Ұлттық операторға бекітіліп берілді. Сөйтіп, Ұлттық операторлардың функциялары нақтыланып, білікті мамандарды тарту мақсатында олардың жалақысы артты. «ҚазАвтоЖол» АҚ тиесілі республикалық маңызы бар автомобиль жолдары нарықтың талабына жауап бере алатын, инвестиция тарта алатын, жаңа технологияларды игере алатын шаруашылық көзіне айнала бастады.

Қазіргі таңда Үкімет тарапынан дайындалып жатқан Елбасы Жолдауы аясында «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруда 17 инфрақұрылымдық жобаны қамтитын Қазақстанның аумақтық дамуының хабтық жүйесі енгізілмекші. Оның 12-сі – автожол саласы.

Жалпы «Нұрлы жол-Болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатының шеңберінде, «Батыс Европа-Батыс Қытай» магистраль жобасы аясында жұмсалынған қаражат көздері ұлттық операторға өз септігін тигізіп отыр.

Ал, жергілікті маңызға ие жолдарға мұндай қаражат тәсілдері әрине қарастырылмаған. Еліміздегі жергілікті маңызға ие жолдардың 37 пайызы қанағаттанарлықсыз деңгейде. Өңірлердің жол саласы бірыңғай жүйеде болмағандықтан елді мекендердің бизнесті, ауыл шаруашылығын, жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына тежеу жасап отыр.

Облыстық елді мекендер жолдардың тас жабынды болмауы салдарынан жүк тасымалдау шығындары 2 есеге дейін артқан. Сол себепті екінші техникалық санаттағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және қайта жаңарту жобаларын іске асыру заман талабы.

Республиканың барлық аумақтары бойынша жергілікті маңызға ие 86 мың шақырым жолдарды қаржыландыру мөлшері жол жөндеу жұмыстарының барлық түрлерімен тек 2,5 мың шақырым ғана автожолдарды қамтиды. Мұндай қарқынмен біз өмірде жол салып бітпейміз. Өйткені кейбір өңірлерде жергілікті бюджет есебінен жолдардың жағдайын жақсартуға 10 млрд. теңгеге дейін қаражатты бағыттаса, кейбір өңірлерде тіпті бөлінбейді. Ал халық бір.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бола тұра автомобиль жолдары туралы мемлекеттік статистикалық маниторинг жоқ.

 

Жақында ғана өңірлердегі облыс басшыларының ел алдындағы есебі кезінде халықтың басым көпшілігінің жан айқайы осы жол туралы екеніне көз жеткіздім.

Сондықтан жергілікті бюджет гарант бола алатындай жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салуға, реконструкциялауға, оның ішінде жергілікті маңызға ие жолдарға жаңа тәсіл енгізу қажеттігі оның инфрақұрылымын дамытуға арналған жаңа концепциясын әзірлеу қажеттілігі туындап отыр.

Нарықтың талабына сай, өз алдына инвестиция тарта алатын, Азия даму банкі, Европа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ)  секілді қаржы институттарымен тікелей қатынаста бола алатындай дәрежеге жеткізу уақыт талабы  деп санаймын.

Автомобиль жолдары жөніндегі статистикалық, әкімшілік деректердің сапасына бақылауды күшейту қажет».

 

 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі