Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
04.03.2015

БАСҚА МЕМЛЕКЕТТЕРДЕ АЛЫНҒАН ҒЫЛЫМ ДӘРЕЖЕЛЕРІН ТАНУ ТӘРТІБІНЕ ӨЗГЕРІС ҚАЖЕТ


БАСҚА МЕМЛЕКЕТТЕРДЕ АЛЫНҒАН ҒЫЛЫМ ДӘРЕЖЕЛЕРІН ТАНУ ТӘРТІБІНЕ ӨЗГЕРІС ҚАЖЕТ

Астана, 4 наурыз, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Майра Айсина Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

                «2010 жылдан бастап Қазақстанда біліктілігі жоғары кадрларды даярлау философия ғылымының докторы (PhD) және бейін бойынша доктор ғылыми дәрежесі беріле отырып, жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда таяу шет елдерде кейде сирек кездесетін, қажет етілген техникалық, технологиялық, биотехнологиялық және басқа да мамандықтар бойынша диссертация қорғап, ғылыми дәрежеге ие болған Қазақстан азаматтары елге оралған кезде ғылыми дәрежесін тану рәсімдерінен өте алмай, тиісінше, ғылыми дәрежесі бар маман ретінде есептелмейді.

Осы ғалымдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысына сәйкес жалақыларына үстемақы ала алмайды, өйткені ол Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген диплом бойынша ғана белгіленеді.

Қазақстанда басқа мемлекеттерде алынған ғылым дәрежелерін тану тәртібі 2011 жылғы 31 наурыздағы № 127 Ғылыми дәрежелерді тану ережесінде регламенттелгеніне қарамастан, іс жүзінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің  Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті импакт-факторы бар журналдарға мақалаларды жариялау, диссертацияны қазақ/орыс тілдеріне аудару сияқты қосымша талаптар қояды.

Нәтижесінде ғылыми дәрежені тану рәсімі ұзаққа созылып, іздеушілерге қиындық тудырады. Сонымен қатар, аспирантура мен докторантура жүйесі дәстүрлі түрде сақталған елдерде алынған ғылым докторы дәрежесі PhD докторы немесе бейін бойынша доктор дәрежесіне теңеліп, қазіргі таңдағы PhD докторы деңгейіне қарағанда, ғылым докторының одан жоғары мәртебесін көрсетпейді.

Болон декларациясына қол қойған елдердің басым көпшілігінде ғылыми бөлімшелерде басшылық позицияларына ие болуға және PhD докторанттарын басқаруға құқық беретін ғылым докторының жоғары ғылыми дәрежесі бар (ғылым докторы, хабилиттелген доктор).

Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Тәжікстан арасындағы 1998 жылғы 24 қарашадағы білім, ғылыми дәрежелер мен атақтарды өзара тану және құжаттар баламалығы туралы келісім екіжақты келісіммен бекітілмеген. Қазақстан Республикасында ғылыми дәрежені өзара тану туралы келісімдер тек қана үш мемлекетпен, яғни Түркіменстанмен, Украинамен және Қытай Халық Республикасымен іске асырылады. Бұл Қазақстан азаматтарының шетел ғылыми және зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарында ғылыми біліктілігін арттыру мүмкіндіктерін шектейді. 

Жоғарыда айтылған негізде ғылыми-педагогикалық кадрлардың өсіп-өнуі және басқа елдерде, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәреже алған жас мамандарды уақтылы қолдау мақсатында ғылыми дәрежелер баламалығын және оларды тануды регламенттейтін нормативтік құжаттарға жедел түрде тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізуді сұраймыз.

  

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

      

                                                                                         

 

 

 

                                                                               

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі