Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.06.2015

ҮКІМЕТ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫН ЖАҢҒЫРТУДА ҚАНДАЙ ІС-ШАРА АТҚАРЫП ЖАТЫР?


ҮКІМЕТ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫН ЖАҢҒЫРТУДА ҚАНДАЙ ІС-ШАРА АТҚАРЫП ЖАТЫР?

 

 

Астана, 10 маусым. Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Николай Кузьмин Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

 «Қазіргі уақытта көпқабатты үй тұрғындары мен пәтер иелерінің кооперативі (бұдан әрі - ПИК) арасындағы қарым-қатынас біздің еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы күрделі мәселелердің ең бастысы болып табылады. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесулерінде халық ПИК-терінің тұрғын үй қорына сапасыз қызмет көрсету мәселесін жиі көтереді.

Бәрімізге белгілі, ортақ үй мүлкі үшін 1990 жылдары ПИК түрінде құрылған басқару моделі қазіргі кезде өзінің барлық потенциалын жоғалтты және бүгінгі күні қабілетсіздік танытуда.

Көп жағдайда, ПИК-нің ролі тек қана эксплуатациялық тарифтер мен нысаналы жарна жинақтаумен шектеледі. Бұл жинақтар төменгі сапалы ағымдағы ұстанылым жұмыстары мен апатты жағдайларды жоюға ғана жетеді. Тұрғындардан жиналған ақшаның басым бөлігі ПИК-нің аппаратын ұстауға кетеді, ал күрделі жөндеу жұмыстары қалған қаражат принципімен іске асырылады. Нәтижесінде еліміздің тұрғын үй қоры әбден тозды.

Мемлекет басшысы өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту қажеттілігін баса айтып өтті.

Тұрғын үй қорына сапалы қызмет көрсету мәселесін шешу мақсатында келесі ұсыныстарды қарастыруды сұраймын:

а) заңнамада тұрғын үйлердің классификациясының бірыңғай стандарттарын бекіту. Жайлылық сыныбына байланысты тұрғын үйлерді «элит сыныбындағы тұрғын үй», «бизнес сыныбындағы тұрғын үй», «комфорт сыныбындағы тұрғын үй», «эконом сыныбындағы тұрғын үй» және «социал сыныбындағы тұрғын үй» түрлері бойынша ажырату ұсынылады;

б)  «элит сыныбындағы тұрғын үй», «бизнес сыныбындағы тұрғын үй» және «комфорт сыныбындағы тұрғын үй» түріндегі тұрғын үйлерге қызмет көрсетуді басқарушы компанияларға беріп, бәсекелестік ортаға шығару;

в) «эконом сыныбындағы тұрғын үй» және «социал сыныбындағы тұрғын үй» түріндегі тұрғын үйлерге қызмет көрсету үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде арнайы коммуналдық кәсіпорындар құру. Осы кәсіпорындар сонымен қатар 1990-шы жылдарға дейін салынған үйлерге де қызмет көрсетеді.

                Аталған арнайы коммуналдық кәсіпорындар мынадай кешенді мәселелерді шешеді деп есептеймін:

-                      сапалы түрде жөндеу-қалпына келтіру және апатты жою жұмыстарын жүргізу, сонымен бірге кейінгі кепілдік жауапкершілікті алу;

-                      жергілікті бюджет қаражаты есебінен жеңілдіктері бар азаматтар үшін субсидия төлеу арқылы іске асырылып жатқан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламаларына халықтың кең құрамын, соның ішінде әлеуметтік әлсіз топтарын, тарту;

-                      ПИК-тердің санын және олардың әкімшілік шығындарын қысқарту. Бұл өз тарапынан эксплуатациялық тарифтерге әсер етеді;

-                      мемлекет пен қоғамның қосарланған бақылауына байланысты аталған кәсіпорындар қызметінің тазалығын қамтамасыз ету.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, Сізден осы ұсыныстарды қарастыруыңызды және Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғыртуда қандай іс-шара атқарып жатқандығын хабарлауыңызды сұраймын».                

 

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі