Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.06.2015

БҮГІНГІ КҮННІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІ


БҮГІНГІ КҮННІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІ

Астана, 10 маусым. Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Нұрлан Жазылбеков Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевке депутаттық сауал жолдады.

«Мемлекеттік бағдарламалар өңірге қажетті жағдайларды жасап, елімізді ақпараттық қоғамға көшірудің алғы шарттарын қамтамасыз етеді. Ол мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, инновациялық және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтуға, қоғамның әлеуметтік-экономикалық мәдени дамуының ақпараттық негізін жасауға, отандық ақпараттық кеңістікті дамытуға бағытталған.

2007 жылдан бастап бұл бағытта ауылдық елді мекендерді телефонмен қамту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында ескірген аналогтық станциялардың орнына жаңа базалық WLL (сымсыз телефондар) станциялары келді. Сымсыз байланыс түріне көшу аналогтық станциялардың, сол секілді бұрынғы байланыс желіжолдарының тозуы мен сапалы қосылуды жүзеге асыру керек. Бұл жабдықпен ауылдық елді мекендерді, оның ішінде барып қайтуы қиын, шалғай әрі халық аз қоныстанған облыс өңірлерін ғаламтор желісімен қамту керек.

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы телекомуникация нарығындағы 20 жыл ішінде Қазақстандағы ауыл тұрғындарын ғаламтормен қамту, сапалы қызмет көрсету жұмыстары толықтай атқарылып жатқан жоқ.

Мысал ретінде алатын болсақ, Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, «Бозой» елді мекенінде тіркелген 96 жеке кәсіпкерлік иелерінің ай сайын 220 шақырым жердегі салық орталығына барып, 2-3 күн уақытын жоғалтып, әуре-сарсаңға түседі, Атырау облысының Индер ауданының ауылдық округтері де, Қорғантау, Тұздыкөл ауылды мекендері де қамтамасыз етілмеген. Әсіресе, ауылдың кәсіпкерлер қауымы осы мәселенің шешімінің табылмай отыруы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауындағы: «кіші және орта бизнесті қолдау саясатына» қайшы екенін ашына айтады. Сонымен қатар, аудандарда КЖҚ(компьютерлік жүйелердің құрылымы) қызметтерін сымсыз қатынау технологиясы арқылы ұсыну жобасының жүзеге асырылуы жоспарлануда. Жобаны іске асыру мерзімі 2012-2014 ж.ж. аралығын қамтыған. Осы мәселе туралы 2011 жылы атқарушы билік өкілдеріне, «Қазақтелеком» АҚ басшыларына арызданып барған халық саны көп екен. Басшылардың «бұл мәселе 2012-2014 жылдары іске қосылады» деп уәде бергенін, алайда әлі күнге «баяғы жартас, сол жартас» күйінде тұрғанын ашық баяндап отыр. Облыс орталығы мен аудан орталығының арасындағы тас жол қатынасы да өте қиын. Сондықтан жаңа технологияның мүмкіндігінше ауылға тартылуын халық ерекше қалап отыр. Осы жоғарыда айтылғандар бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.

Құрметті Әсет Өрентайұлы, Сізден жоғарыда аталған мәселелер бойынша министрліктің позициясын жариялауды сұраймыз».

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі