2023 жылғы 31 мамырда жарияланды
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Б.Н.Асыловқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Қазір Парламент қабырғасында депутаттар бастамасымен кезінде заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған, халқымыз үшін аса маңызды заң жобасы қаралуда. Осы заң арқылы біз отыз жыл бойы мемлекет қазынасын тонаған, еліміздің, халқымыздың болашағын ұрлаған жемқорларды жауапкершілікке тартып, олардың жасырған, шетел асырған дүниелерін мемлекетке қайтаруды мақсат тұтып отырмыз.
Менің бүгінгі көтергелі отырған мәселемде осымен үндес, Қазақстан азаматтарына қатысты ауқымды әлеуметтік маңызы бар.
Қазақстан бойынша бюджетке ең көп қаржы аударатын өңір ретінде Атырау облысы донор есебінде бірінші орында тұрса, Қазақстанда қызмет етіп жатқан шетелдік үлесі бар компаниялар ішінен ең көп салық төлеуші ретінде ТШО, яғни ТеңізШеврОйл компаниясы танылғаны белгілі.
Жақында ғана компания өзінің Қазақстан нарығындағы қызметінің отыз жылдығын атап өтті, осы уақыт ішінде ТШО Қазақстан қазынасына 176 млрд доллар қаржы құйған екен.
Яғни шетел асқан Қазақстан қазынасын іздестіреміз десек негізгі назарымызды осы өңірге және әлемдегі ең ірі 5 мұнай кен орындарының бірі – Теңіз айлағына аударуымыз керек.
Үлкен өкінішке қарай, отыз жыл бойы осындай ірі, алпауыт компаниялар айналасында репутациясы күмән тудыратын әртүрлі деңгейдегі Қазақстандық және шетелдік фирмалар қаптап кеткен. Кейбір деректер бойынша ондай фирмалардың саны мыңдап саналады. Олардың міндетіне қызмет көрсету, жұмыс жасау емес, ТШО сияқты алпауыт компаниялардан ірі тапсырыстар алып, оның аз бөлігін Қазақстандық компанияларға бөліп, қалған ірі бөлігін шетелге заңсыз шығару кіреді. Ел арасында ондай фирмалар аралық қабат, яғни прокладка атауымен белгілі.
Ең сорақысы сол, отыз жыл бойы түрлі жемқорлық жолдармен елден ақша шығарудың сұр схемалары әлі қалыпты жұмыс жасап тұр!
Менің қолымда қазір ТШО компаниясының мердігер компаниясы – «Сенімді құрылыс» ЖШС-не қатысты материалдар бар. Аталған серіктестіктің аты қазақша болғанымен, заты шетелдік, яғни құрылтайшылары шетел азаматтары. Ол мердігерлік қызметтерді ішінара өзі атқарғанымен, негізгі жұмысты Қазақстандық субмердігерлерге тапсырады. Екі ортадағы тура мағынасындағы делдалдық қызметі үшін табыстың басым бөлігін өзіне алып қалады. Нәтижесінде қарапайым Қазақстандық қызмет көрсетуші компаниялар банкротқа ұшырап, мыңдаған Қазақстандық жұмысшылар табысынан айырылып, жұмыссыз қалуда.
Схема өте қарапайым, ТШО белгілі-бір жоба бойынша қаражат бөледі, оны «Сенімді құрылыс» ЖШС сияқты мекемеге тапсырады, ек арада шарт жасақталады, онда жұмысшылардың саны, олардың тұру орны, тамақтануы, сияқты т.б. шығындарды есептейді, әрқайсысына бір сағаттық жұмысы үшін 15 доллардан еңбекақы қарастырады, егер теңге құнсызданатын болса, долларға индексацияланады, яғни қайта есептеледі.
Енді мердігер компания не істейді, ол сол жұмысты толығымен басқа субмердігер компанияға әр жұмысшыға 5 доллардан есептеп береді, жұмысшылардың тұратын жері, тамақтануы т.б. жағдайын жасау сол Қазақстандық компанияның өз мойнына жүктеледі. Екі ортада тек қана еңбекақының 10 долларын алып қалу арқылы мердігер ауадан ақша табады. Егер әр 10 долларды күнделікті 8 сағатқа, одан кейін бір айға көбейтер болсақ, бір ғана жұмысшының ақшасын өзіне алып қалу арқылы мердігер компания ай сайын 2400 доллар көлемінде негізсіз пайда табады. Ал ТШО-ның жобаларына мыңдаған жұмысшылар тартылатынын есептер болсақ, мердігер компанияның ай сайынғы негізсіз табыс көзі қанша құрайтынын өзіңіз есептей беріңіз.
Бұл көптеген деректер ішіндегі бір ғана мысал.
Осы жерде неге Қазақстандық компаниялар осындай жағдайда жұмыс жасауға келіседі деген заңды сұрақ туындары анық.
Себебі, ТШО сияқты алпауыт компаниялар өздеріне ыңғайлы Қазақстандық компаниялардың арнайы тізімін жасайды, егер Қазақстандық компания ТШО немесе оның белгілеген «Сенімді құрылыс» сияқты компаниялардың саясатына қарсы қандай-да бір әрекеттер жасар болса, онда олар «қара тізімге» енеді де болашақта жұмыс жасау мүмкіндігінен айырылады. «Қара тізім» қатарына енгізуге уәкілетті орган атына арыз жазу, сотқа талап арыз беру сияқты Қазақстан ғана емес, бүкіл өркениетті әлемде қолданылатын заңды, құқықтық іс-әрекеттердің өзі жеткілікті.
Сондықтан Қазақстандық компаниялар осындай, өздеріне алдын-ала тиімсіз жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Нәтижесінде жоғарыда атап өткенімдей, жүздеген отандық компаниялар банкротқа ұшырап, мыңдаған жұмысшыларымыз табыс көзінен айырылуда, ал мердігер компаниялар қаражатты оффшорлық компаниялар арқылы сыртқа шығарады.
Бұл қарапайым сұр схеманың қолданылып келе жатқанына отыз жыл уақыт болсада, ТШО компаниясының басшылығы осыны білмейтіндей сыңай танытуда.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қаражаттың олигополия өкілдері, яғни бір қолда заңсыз шоғырлануының заңдылығын тексеруді прокуратура органдарына тапсырғаны белгілі, ол тапсырманың берілгеніне де бір жылдан астам уақыт өтті.
Осыған байланысты депутаттық сауалымды Бас прокурордың атына жолдай отырып, мынаны сұрағым келеді,
Прокуратура органдары тарапынан мұнай саласындағы ірі компанияларға қатысты осы бақытта тексерулер ұйымдастырылды ма?
Ұйымдастырылған болса қандай тексерулер болды және оның нақты нәтижесін қандай?
Отыз жыл бойы үздіксіз жұмыс жасап келген сұр схемалардың жолына қашан, қай уақытта тосқауыл қойылады?
Сауалыма заңнамада белгіленген мерзімде жауап ұсынуыңызды сұраймын.
Құрметпен, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің бірмандатты депутаттары А.Т.Құспан О.Қасқарауов
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Е.Әбдиев Н.Сәрсенғалиев
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы фракциясының мүшесі С.Егізбаев