Кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін Маңғыстау облысы тұрғынының несие алуына көмек көрсетілетін болды – азаматтардың хаттары бойынша «Ақ жол» партиясы жұмысының кезекті нәтижелері.
«Ақ жол» партиясына Маңғыстау облысының тұрғыны, кәсіпкер А.С. Рамазановадан кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін несие алуға жәрдемдесу туралы өтініш түскен болатын.
Осыған байланысты «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің атынан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-на хат жолданып, ол бойынша «Даму» Қорының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалымен тиісті шаралар қабылданды. Кәсіпкермен кездесу ұйымдастырылып, кәсіпкерлікті қолдаудың барлық мемлекеттік бағдарламалары туралы, соның ішінде «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша кеңес берілді.
Сондай-ақ, кездесу барысында кәсіпкер жанұясының 6 баладан тұратын көп балалы отбасы, ал олардың 2-інің мүмкіндігі шектеулі жандар екендігі анықталды.
«Қазіргі кезде азаматша А.С.Рамазанованың «Даму» Қорының бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі бойынша және кәсіпкердің қолда бар ресурстары мен мүмкіндіктерін есепке ала отырып, кәсіпкерлік қызметінің ұтымды бағытын анықтау бойынша «Даму» Қорымен жұмыстар атқарылуда», - деп «Даму» Қорының ресми жауабында жазылған.
Қор филиалының директорымен А.С.Рамазановаға шаштараз және киім тігу салонын ашуға көмек көрсету ұсынылды.
«Ақ жол» партиясы Сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру және кәсіпкерлердің мүдделері мен құқықтарын қорғау бойынша жұмысын жалғастыруда.
2012 жылғы 18 шілде, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі