Азат Перуашев: Жаппай кәсіпкерлікті дамыту және өндіріс пен банк арасындағы барынша әділетті қарым-қатынасты қалыптастыру әлеуметтік жаңғырту бағдарламасынан туындайтын бірінші міндеттер болып табылады.
«Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты әлеуметтік жаңғырту бағдарламасынан туындайтын бірінші тапсырма – бұл жаппай кәсіпкерлікті дамыту, соның ішінде экономиканың нақты секторындағы кәсіпкерлікті дамыту – бұл туралы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевпен ұсынылған әлеуметтік жаңғырту бағдарламасын талқылауға арналып өткен «Ақ жол» партиясының Орталық кеңесінің пленумында партия төрағасы Азат Перуашев мәлімдеді.
«Азаматтарды өндірістік еңбекке жаппай тарту туралы айта отырып, мемлекет барлық тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ете алмайтындығын және қамтамасыз етпеуі тиіс екендігін есте ұстау қажет. Н.Ә.Назарбаевтың өзі атап өткендей, «...мемлекет – шетсіз-шексіз донор емес, азаматтардың әл-ауқатының өсуі үшін жағдай туғызатын әріптес» - деп «Ақ жол» партиясының көшбасшысы атап өтті.
«Іс жүзінде бұл мемлекеттік емес секторда мыңдаған жұмыс орындарын ашуды, жеке кәсіпкерлікке бұқаралық және жаппай сипат беруді білдіреді», - дейді Азат Перуашев. Алайда Мәжіліс депутаты «Біз бұған дайынбыз ба?» деген сауал қойып отыр.
Азат Перуашев кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау түрлерінің басым бөлігі банктік несиелер арқылы жүргізілетіндігіне назар аударды. Сондықтан мұндай бағдарламалардан пайда табатындар алдымен жеке банктер болып табылады, ал жеке кәсіпкерлер екінші қатарда қалып отырады.
«Бүгінгі күні еуропалық банктердің басым бөлігіндегі маржа 2 пайыздан аспаса (еркін нарықта тартылған қаржы бойынша), ал отандық банкирлер тіпті мемлекеттік ақша арқылы да 5 пайыздан төмен түсіргілері келмейді. Қайта өңдеу саласындағы орташа 10-15 пайыз рентабельділік жағдайында кез келген өндірістік бизнес қазақстандық банктен 12-18 пайызбен несие алып, іс жүзінде тәуелділікке түседі және тек банк мүддесі үшін жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал мұндай жағдайларда жаңа бастаушы кәсіпкерлердің өндірістік секторға жаппай кіруінің перспективті мүлдем аз» - деп парламенттік оппозиция лидері бұл жағдайға қатысты өзінің ескертпе пікірін білдірді.
Сондай-ақ ол «Сандж» қорының жүргізген зерттеулері бойынша «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясымен Ұлттық Банкке жолданған мәлімдемесін еске салып өтті. Зерттеу қорытындылары кәсіпкерлердің банктерден несие алуларының өзі бопсалау және кемсітушіліктермен байланысты екендігін көрсеткен болатын. «ҚР Ұлттық Банкі берген жауабында өзіне есеп беретін салада тәртіп орнатудан тіптен түсініксіз түрде басын алып қашты» - деді Мәжіліс депутаты.
«Дегенмен, Президенттің «...әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз» деп айтуы тек әдемі сөздер ғана емес, өндіріс пен қаржы институттары арасындағы жаңа, барынша әділ және теңдестірілген қатынастарды қалыптастыруға айтылған үндеу деп ойлаймын» - деп санайды Азат Перуашев.
Осыған байланысты, «Ақ жол» партиясы әлеуметтік жаңғырту аясында заңға банктердің тәбетін шектейтін және қаржылық қызмет көрсету нарығы тұтынушыларының заңды мүдделерін қорғайтын түзетулер дайындауды және енгізуді ұсынады. Сонымен бірге, бұл шаралар тек кәсіпкерлерді ғана емес, сондай-ақ тұтынушылық және ипотекалық несиелер бойынша мыңдаған қарыз алушыларға әсерін тигізуі мүмкін, яғни кең ауқымды әлеуметтік нәтиже береді.
2012 жылғы 20 шілде, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі