«Ақ жол» партиясының талабымен Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша салық комитетінің төрағасы қызметінен босатылды.
«Ақ жол» партиясының талабымен Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша салық комитетінің төрағасы қызметінен босатылды – «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясының атына ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішевтің қолы қойылған ресми хат келіп түсті.
Естеріңізге сала кетсек, тамыз айының соңында жалған кәсіпкерлік мәселелері бойынша Шымкент қаласында өткен конференцияда «Ақ жол» партиясы ОҚО бойынша Салық комитетінің төрағасын қызметінен босату туралы талабын айтқан еді.
ҚР ҚК 192-бабын алып тастау туралы бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын талқылау барысында, ұйымдасқан қолдаусыз және салық органдарының «қамқорлығынсыз» жалған кәсіпорындардың іс-әрекетінің іс жүзінде мүмкін еместігіне конференцияда ерекше назар аударылған болатын. Сонымен қатар кәсіпкерлердің пікірінше, жалған кәсіпорындар сол салық органдарының қызметкерлерімен адал кәсіпкерлерді жолдан тайдыру және кейін қудалау үшін пайдаланылады. Көбінесе бопсалаушылық мақсатында. Дәл осы Оңтүстік Қазақстан облысында орын алған жағдай осыған кезекті бір дәлел болып отыр.
Жергілікті кәсіпкерлер айтқандай, осы жылдың 21 мамырында облыстық салық комитеті төрағасының орынбасары А.Садықов ұсталған. БАҚ мәліметтері бойынша, ол бюджетке 3,4 млрд. теңгеден астам сомаға зиян келтірген 6-дан 90-ға дейінгі жалған кәсіпорындарға, әр түрлі мәліметтер бойынша, қамқорлық көрсеткен. Бұл фактіні осы конференцияда Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) бастығының орынбасары С.Утембаев растады.
Сол кезде Азат Перуашев не облыстық комитет төрағасының өз еркімен қызметінен бас тартпағанына, не оның қаржы министрлігіндегі басшылығының өзінің қызметкерінің аса ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлық үшін қамауға алыну фактісіне ешқандай мән бермеуіне таңданысын білдірген болатын.
Сонымен қатар, парламенттік оппозиция көшбасшысы Мемлекет басшысының қойып отырған талаптарын және бірінші басшылардың тікелей қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін саяси жауапкершілігі туралы мемлекеттік қызмет нормаларының талаптарын еске салып өтті: «Президент осындай жағдайларда шенеуніктердің қызметінен кетуі қажеттігі туралы бірнеше мәрте айтқан болатын және ол кісі дұрыс мәлімдеді. Себебі сіздің орынбасарыңыз миллиардтап ұрлап жатқанда, сіздің оған қатыспауыңыз, тіпті аңғармауыңыз мүмкін емес жағдай».
Конференциядан кейін бірден фракция депутаттарымен қаржы министріне және мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасына, орынбасарының сыбайлас жемқорлық пен жалған кәсіпкерлікке жәрдем бергендігі үшін айыпталуына байланысты Оңтүстік Қазақстан облыстық салық комитеті төрағасының қызметінен кетуін талап ететін, тиісті сауалдар жолданды.
Қаржы министрлігінің жауап хатында «қазіргі кезде Ж.С.Нүсіпов Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша салық департаментінің бастығы қызметінен босатылды» деп көрсетілген.
Кеше ғана ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және аймақтық даму комитеті келіп түскен экономикалық сферадағы құқықбұзушылықтарды одан әрі декриминализациялау туралы заң жобасын талқылау барысында Қылмыстық кодекстен 192-ші «Жалған кәсіпкерлік» бабын алып тастау туралы «Ақ жол» партиясының ұсынысын қолдағандығы белгілі болды.
«Ақ жол» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мен сайлаушыларының заңды құқықтарын қорғау бойынша қызметін жалғастыруда.
2012 жылғы 27 қыркүйек, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі