Толықтай бақылау мен азаматтарды жаппай кемсітудің шын мақсаты кедендік режимді қамтамасыз ету емес, дөрекі түрдегі бопсалаушылық болып табылады – Азат Перуашев.
Толықтай бақылау мен азаматтарды жаппай кемсітудің шын мақсаты кедендік режимді қамтамасыз ету емес, дөрекі түрдегі бопсалаушылық болып табылады – бұл туралы Азат Перуашев Кеден комитетінің төрағасы Мәжит Есенбаевтың атына жолданған, бүгінгі Мәжілістің пленарлық отырысында фракция депутаттарының атынан жария етілген депутаттық сауалда мәлімдеді.
Атап айтқанда, мәселе тәулігіне орташа алғанда 25 мың жеке тұлға мен 4 мыңнан астам көлік құралы өтетін Жамбыл облысындағы «Қордай» кеден бекеті туралы қозғалды.
Сауалда көрсетілген ақпаратқа сәйкес, әйел азаматтарды, жас балаларды, егде жастағы адамдарды, мүгедектерді және тағы да басқаларды қоса алғанда, бекеттің алдында күн сайын таңертеңнен бастап 300-дей адам кезекте тұрады. Шекарадан өту біздің азаматтарымыздың моральдық жапа шегуімен, алым-салық және жеке бастарының қадірін түсірумен қосақталады.
Заңға сәйкес қарастырылған «жасыл» және «қызыл» дәліз қағидаты лайықты түрде жұмыс істемей тұр. Тауарлар мен көлік құралдарын бір уақытта бірлескен түрдегі кедендік тексеру жұмысы екі елдің кеден қызметтерімен жүргізілмейді. Егер Қырғызстан жағынан шекарадан өту процесіне бар болғаны 3 минут уақыт жұмсалса, Қазақстан жағынан өту 2 сағаттан астам уақытты алады.
Депутатпен келтірілген ресми мәліметке сәйкес, 2011 жылы «Қордай» кеден бекетін 5 158 453 жеке тұлға кесіп өткен. 5 млн.-нан астам азаматтың ішінен тек 8 (!) адам немесе 0, 00 %-ы ғана тауарларды декларацияламағаны немесе жалған түрде декларациялағаны үшін жауапқа тартылған. Ал 5 млн. адамның 99 %-ы сағаттап кезекте тұруға, тексерістен өтуге, қолға ұстаған жүктерінің ақтарылуына, дөрекі қызметпен кезігуге мәжбүр болған.
«Бұл жерде сыбайлас жемқорлық жай ғана орын алып қоймай, шектен шыққан, тіпті ашықтан-ашық іске асырылып отыр, - дейді А.Перуашев. – «Ақ жол» партиясына хабарласқандардың ақпараттары бойынша, белгілі бір ақы үшін кедендік бекет жанынан ешбір кідіріссіз өтуге болады. Осындай әдіспен, сыбайлас жемқорлық «бағасын» төлеген жағдайда, жеңіл автокөліктер де тоқтатусыз және тексеріссіз өткізіледі».
«Ақжолдықтардың» пікірінше, соңғы кездері қолданылып отырған басшылықты ауыстыру және қызметкерлерді жаппай жұмыстан шығару әдісі мәселені шешпейді, бұл жерде кешенді тәсіл қажет.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауында басым бағыттардың бірі ретінде әкімшілік процедураларды одан әрі жеңілдету, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру және мемлекеттік органдардың қызметіне деген азаматтар сенімін жоғарылатудың атап өтілгендігін есепке ала отырып, «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы өкілетті мемлекеттік органды, «Қордай» бекетін қоса алғанда, Республикамыздың кеден бекеттерінде азаматтарымыздың конституциялық құқықтарының жаппай бұзылуына жол бермеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасау бойынша шаралар қолдануға шақырады.
2012 жылғы 26 қыркүйек, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі