«Ақ жол» партиясы мүгедектерді куәландыру саласын ретке келтіруді талап етеді
2012 жылғы 23 қазан, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
«Ақ жол» партиясы мүгедектерді куәландыру саласын ретке келтіруді талап етеді – тиісті хат партия атынан ҚР Бас прокуратурасына жолданды.
«Ақ жол» фракциясы депутаттарының атына Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және басқа да облыстардың тұрғындарынан мүгедектерді куәландыру саласындағы жауапты тұлғалардың заңға қайшы әрекеттеріне қатысты көптеген шағымдар келіп түсуде.
Мәселен, «Ақ жол» партиясына Алматы қаласының тұрғыны М.Досановадан оның мүгедек баласы Т.Төлегеновке мүгедектіктің 1-ші мерзімсіз санатын беруге бас тартылғандығы туралы шағымы келіп түсті. Бұған оның зақымданған дене мүшелерінің жоқтығы басты себеп болған. Алайда, дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, азаматшаның баласы шизофрения, аутизм диагнозымен де мүгедектіктің осы санатына жатады екен. «1-топтағы мүгедектікті беру туралы ДКК анықтамасын алғаннан кейін, біз Әлеуметтік қорғау департаментінің №6 дәрігерлік-әлеуметтік сараптамасының (ДӘС) тұтқынына айналдық. Олар құжаттарды қолдан жасап, диагнозды жасырып, базаға күмәнді мәліметтер енгізеді», - деп мүгедек баланың анасының жазған хатында айтылған.
Оның сөздері бойынша, тіпті Алматы қаласы прокуратурасының ұйғарымынан кейін де Әлеуметтік қорғау министрлігі еш әрекет жасамаған. Тек Үкімет басшысы К.Мәсімовке хат жазғаннан кейін ғана, 2011 жылдың қыркүйек айында олар 1-топты алған. Осы арыз бойынша «Ақ жол» партиясы Бас прокуратураға М.Досанованың хатында аталған фактілердің дәлелденген жағдайында прокурорлық әрекет ету шараларын қабылдау туралы хат жолдады.
Бұдан бұрын да «Ақ жол» партиясының фракциясы Еңбек министрлігіне азаматтардың мүгедектік топтарын күшейтуге қатысты бас тартулар бойынша хаттар жолдаған болатын. Атап айтқанда, өзін 1-топқа ауыстыру жөніндегі Сараптамалық Кеңес консолиумының ұсынысы бар бола тұра, дәрігерлік-әлеуметтік сараптаманың оң шешіміне қол жеткізе алмай жүрген мүгедек К.Ермекпаевтың шағымын алуға болады. Сондай-ақ басқа да фактілер баршылық.
Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша азаматтар шағымдарының жүйелі сипат ала бастағанын ескере отырып, «Ақ жол» партиясының фракциясы мүгедектерді куәландыру саласындағы мәселелерді ҚР Үкімет басшысы С.Ахметовтың атына жолдаған депутаттық сауалында да көтерді.
«Ережелерге сәйкес, мүгедектік 6 айға, 1 жылға, 2 жылға немесе қайта куәландыру мерзiмiнсіз белгіленеді. Анатомиялық кемiстiктер (мысалы: аяқ-қолдың болмауы т.б.) болған жағдайда, мерзімсіз мүгедектік куәлігі беріледі.
Осы норма көптеген жарымжан жандардың арасында наразылық тудыруда. Себебі, протездеу, жүрек қалқаншаларын ауыстыру, асқазаны, бүйрегіне, өкпесіне және басқа органдарына жасалған операциялардың салдарынан мүшелерінен айырылып қалған азаматтарымызға мүгедектік дәреже белгілі ғана мерзімге беріледі. Олар әлсін-әлсін толып жатқан құжаттар жинауға мәжбүр болады. Медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргізу комиссиясынан өтеді, мүгедек екендіктерін қайта дәлелдеуге тырысады. Жоқ мүшенің қайта өсіп шықпайтыны белгілі», - деп Алмас Тұртаев осы жылдың 3 қазанындағы «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалында атап өткен болатын.
Сол кезде «Ақ жол» партиясының депутаттары азаматтардың сараптамалық комиссиялардың жұмысындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты көптеген шағымдарын да жеткізген болатын: «Мүгедектер мен олардың сенімді өкілдерінің пікірлерінше, сараптамалық комиссия мүшелері тарапынан болатын бопсалаушылық пен пара алу әдеттегі жағдайға айналған. Жақында ғана Алматы облысының Талғар қаласында комиссия мүшелерінің пара алуы туралы жанжал жария етілді».
«Кей кезде комиссия мүшелерінің тек біліктілігі ғана емес, сондай-ақ оларда қарапайым ғана мейірім сезімінің барлығы күмән тудырады», - деп санайды «ақжолдықтар».
«Ақ жол» партиясы «Медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу ережесiне» өзгерістер енгізуді, ал комиссия жұмысының ашық және әділ болуын қамтамасыз ету үшін олардың құрамына дәрігерлердің және мүгедектердің үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерін қосуды қажет деп санайды.