Көшпелі отырыстың мақсаты үкіметтік сағатқа дайындық шеңберінде жеміс-көкөніс саласының ағымдағы жай-күйін, дамуын және проблемалық мәселелерін талқылау болды.
Іс-шараға ауыл шаруашылығы вице-министрі Ә.Ғ. Тамабек, сауда және интеграция, экология және табиғат, табиғи монополияларды реттеу саласындағы уәкілетті органдардың жауапты қызметкерлері, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е. Кенжеханұлы, облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ салалық қоғамдық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Сапар барысында депутаттар бірқатар ауыл шаруашылығы нысандарына барды, соның ішінде көкөніс өсіру бойынша «Аделя» жылыжай кешені; алма және басқа да жемістерді өсіру, сақтау және өңдеу бойынша «Dala Fruit» компаниясы; сүт өнімдерін өндіру бойынша «Бөрте Милка» кешені; ірі қара малды өсіру бойынша «Nurym Group» кәсіпорны, жемшөп дақылдарын өсіру бойынша «Түркістан Агро ХХІ» ЖШС, сондай-ақ Түркістан магистральдық каналының жұмысымен танысты.
Отырыс тақырыбын талқылау барысында жеміс-көкөніс саласын дамытудағы проблемалар мен тежеуші факторлар атап өтілді. Мысалы, көкөніс қоймалары көлемінің жеткіліксіздігі және болмауы, өндірісті дамытуға және кеңейтуге субсидиялар алу, саланы жеткіліксіз қаржыландыру, сумен қамтамасыз ету, қайта өңдеудің төмен үлесі, өндірістің жоғары шығындары және баға мен сапа бойынша жеміс-көкөніс өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі мәселелері талқыланды. Сондай-ақ маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауы инфляцияға кері әсер етіп, көкөністер мен жемістердің жекелеген санаттары бойынша импорт үлесінің артуына әкеліп соғатыны айтылды.
Нәтижесінде, отырысқа қатысушылардың барлық сындарлы ұсыныстары мен тілектері алдағы үкімет сағатының ұсынымдар жобасына енгізілетін болады.