Бүгін, ағымдағы жылдың 23 тамызында «Ауыл» партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің төрағасы Серік Рахметоллаұлы Егізбаевтың қатысуымен «Ауыл» ХДПП» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік филиалында облыс активімен бірлескен кеңейтілген саяси кеңес отырысы өтті.
Өңірімізге жұмыс іссапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С. Р. Егізбаев Партияның алғышарттарын, өңірдегі көкейтесті мәселелерді шешу жолдарын көтеруде бірауыздылық танытуға шақырды.
Кеңейтілген отырысқа қатысушы партия активі Батыс Қазақстан облысындағы шиленіп отырған мәселелерді қозғады, ол оңтүстік аудандарының тұрғындары арасында әлеуметтік шиеленіс туғызатын ақбөкендер популяциясын қысқарту және олардың ауыл шаруашылығы жерлеріне – жайылымдар мен шабындықтарға келтірген шығындары, мал жаю үшін жердің, судың тапшылығы, ветеринария саласындағы күрделі шешімін таппай отырған мәселелер және т.с.с. сұрақтар көтерілді.
Депутат өз кезегінде аймақтағы су тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік беретін Сібір өзендерінің ағындарының бір бөлігін тасымалдау бойынша Стратегиялық жобаларды, шекара маңындағы аймақтардағы полигон үшін бөлінген ауыл шаруашылығы алқаптарының беріліп кеткендігі, сондай-ақ аграрлық салада сапалы кадрды даярлау туралы қозғады.
Жалпы өңірлік партияның кеңейтілген Саяси Кеңес отырысы күн тәртібіндегі тақырыптан ауқымды өтіп активтің көңілінен шықты, ал Серік Рахметоллаұлы бүгінгі іссапарын "Жайық ЕТ" ЖШС-і еңбек ұжымымен және БҚО аумақтық басқармасының қызметкерлерімен кездесумен тәмамдады.