Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы С.Р.Егізбаевтың баяндамасы
Аграрлық мәселелер комитеті Үкіметтің жеміс-көкөніс саласына қатысты саясатына халық барынша көп тұтынатын және қор ретінде жинайтын әрі бағасы инфляцияға елеулі әсер ететін (слайдта көрсетілгендей, азық-түлік тауарлары бір жыл ішінде 10 %-дан 26 %-ға дейін, ал жаңа піскен көкөністер 28 %-ға қымбаттады) көкөністің негізгі 6 түрі (картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, қияр, қызанақ) бойынша жүргізген талдау осы өнімдерді өндіру, өңдеу, сақтау мен өткізу процестерін тежейтін мемлекеттік саясаттағы мынадай олқылықтарды көрсетіп отыр:
Бұдан әрі. Біздің ойымызша, статистиканың анық әрі дәл болмауы Үкімет қабылдаған барлық шаралардың тиімділігін жоққа шығарады. Бұл бүкіл ауыл шаруашылығы саласының жүйелі проблемасына айналды.
Статистикалық деректер саладағы нақты ахуалды, істің мән-жайын көрсетпейді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысты статистикада асыра сілтеушілік бар!
Бұған әкімдіктер қызметін бағалау нәтижесінде олардың арасында көп жылдан бері қалыптасқан, жасырын бәсекелестік ықпал етіп отыр.
Жергілікті атқарушы органдардың қызметіне осылай баға беруден бас тартып, жұмыс тиімділігін бағалаудың басқа әдістеріне көшкен дұрыс болар.
Үкіметке статистикалық деректердің анықтығын қамтамасыз ету үшін мәліметтерді жинау мен есепке алу жолдарын қайта қарау қажет деп есептейміз.
Келесі маңызды мәселе. Республика көкөніс дақылдарының тұқымдары бойынша 95 %-ға, ал жеміс көшеттері бойынша 80%-ға импортқа тәуелді. Импорттаушы елдер географиясы – еуропа елдерінен Жаңа Зеландияға дейін, Ресейден – Үндістанға дейін. Тізімде тіпті Украинада бар, ол бүкіл қиындықтарға қарамастан, ауыл шаруашылығын барлық бағыттар бойынша барынша серпінді дамытып отыр.
Өткен жылы барлық ауыл шаруашылық дақылдары мен жеміс-жидек көшеттерін шет елдерден әкелу үшін 136 миллион доллар немесе 60 миллиард теңгеден астам елдің қаржысы кетті. Басқа сөзбен айтқанда, шет мемлекеттердің тұқым шаруашылығына белсенді қолдау көрсетіп, дамытып отырмыз.
2022 жылы Мемлекет басшысы Үкіметке тәжірибелік шаруашылықтар базасында алғашқы тұқым шаруашылығын дамыту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған еді, алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі әлі күнге дейін тұқым өндіруге емес, оны импорттауға субсидия беру көзделетін бұйрығын қайта қараған да жоқ. Ал, бұған не айтуға болады?!
Үкіметке отандық тұқым шаруашылығын дамыту мәселесін қарауды және Президенттің тапсырмасын нық орындауын ұсынамыз.
Бұл жерде аграрлық ғылымның жай-күйі туралы айта кету керек.
Осы салада сәтсіз эксперименттер легі бітпеуде, соның салдарынан ғылыми кадрларды, жылдар бойы жинақталған ғылыми тәжірибені жоғалтудамыз, отандық аграрлық ғылымды қаржыландыру мен қолдау жүйесінің мәні қалмады.
Үкіметке бұл жерде де ахуалды түзету үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет.
Тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары –олар бойынша да республика импортқа тәуелді. 2022 жылы импорт 38 миллиардтан астам теңгені немесе жалпы тұтыну көлемінің 54 %-ын құрады, басты импортер-елдер - Ресей (86 %) және Өзбекістан. Бұл - калий, фосфор және азот кендерінің жеткілікті мөлшері бола тұра, орын алып отырған жағдай.
Тағы да бір маңызды мәселе. Жаңа піскен жемістер мен көкөністің барлығы – тәуекелі жоғары карантиндік өнім болып табылады.
Ішкі нарықты қалайда толықтыру жарысында фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелері назардан тыс қалдырылуда. Осындай саясаттың салдарынан тек соңғы жылдары республикада аурулардың сегіз жаңа түрі тіркелді, атап айтқанда - америкалық ақ көбелек, азиялық мұртты қоңыз, картоп нематодасы және басқалар. Өкінішке орай, бұл аурулардан енді мәңгі құтыла алмаймыз!
Жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу жөнінде. Министр өз баяндамасында 93 миллиардтан астам теңге сомасына 30 жоба іске асырылатынын атап өтті, алайда бүгінгі таңда қосылған құны жоғары өнімнің үлесі сала бойынша 1,5 пайызды ғана құрап отыр. Бұдан төмен қайда барамыз?
Қант бойынша да жағдай өте күрделі. Республика дайын өнімнен де, шикізаттан да импортқа толықтай дерлік тәуелді. Отандық өнідіріс үлесі 10%-ға жетпейді. Слайдта көрсетілгендей, қант бағасы соңғы 4 жылда 213 теңгеден 442 теңгеге дейін өсіп, 2 еседен астам қымбаттады.
Үкімет 2022 жылы жалпы бюджеті 495 миллиард теңге болатын қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Өткен жылы 3,6 миллиард теңге көлемінде субсидия игерілді, ағымдағы жылы 14 миллиардтан астам теңге бөлінді. Алайда, осындай қомақты мемлекеттік қолдауға қарамастан, даму үрдісі теріс динамиканы көрсетіп отыр. Мысалға, егер 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныстың 9 %-ы қамтамасыз етілсе, ол 2021 жылы – 7 %-ға, ал 2022 жылы - 6 %-ға дейін төмендеді.
Парадокс: ақшаны көбірек игереміз, өнімді азырақ аламыз.
Осы орайда, Үкіметке аталған мәселені шешудің балама жолдарын қарастыруды ұсынамыз.
Саланың шешімін таппай отырған мәселелерінің бірі -қаржы институттарының несиелерін кепілмен қамтамасыз ету. Мысал ретінде айтатын болсақ, Агрокредиттік корпорациядан төртінші буындағы 1 гектар жылыжай кешенін салуға «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 1 млрд. теңге несие алу үшін тағы да 1 миллиард теңге кепіл ұсыну қажет. Фермерлердің жұмыс істегісі келгенімен, қаржыгерлер цифрларды «ойнатып», олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр!
Министрліктің басты міндеттерінің бірі - субсидиялау негізінде агроөнеркәсіп кешенінің дамуын реттеу болып табылады, бірақ мұнда да барлығы ойдағыдай емес!
Фермерлерге несие беру шарттарын, оның ішінде кепілмен қамтамасыз ету талаптарын түбегейлі қайта қарау қажет.
«Үкіметтің ұстанымы» өзгереді де жатады. Министрлік басшылығының соңғы 2 жарым жылдағы қызметі кезінде субсидия беруге қатысты бұйрықтар 21 рет өзгертілген!
Субсидия беру жөніндегі мемлекеттік саясат әрбір жарты жыл сайын өзгеретін болса, фермерлер өз жұмысын қалай жоспарлауы керек?
Министрлік субсидия берудің тұрақты және түсінікті ережелерін белгілеуі және оны кемінде 5 жылға дейін өзгертпеуі қажет деп есептейміз.
Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жұмыс істеуіне қатысты мәселелер бірнеше рет, оның ішінде Парламент қабырғасында да көтерілді, алайда проблема әлі күнге дейін шешілген жоқ, соңғы жарты жыл ішінде Министрлік осы ақпараттық жүйенің дайын екені туралы 11 рет!, оның ішінде Мәжілістің жаңадан сайланған депутаттарына да бірнеше рет сендіріп айтты.
Осындай қиын жағдайға байланысты біздің Комитет Премьер-министрге Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығын жауапкершілікке тарту туралы ресми хат жолдауға мәжбүр болды.
Келесі. Біздің бағамыз - су ресурстарын басқару менеджменті тиімсіз. Экология министрлігі бүкіл саланы «өз бетімен» жіберді деп есептейміз.
Өңірлерге шығу барысында фермерлер су тапшылығы, су қатынастарының реттемелгені және су шаруашылық нысандарының тозуы сияқты мәселелерді ұдайы көтереді.
Үкіметке су мәселесімен айналысатын дербес орталық мемлекеттік орган құру мәселесін қайта қарауды ұсынамыз.
Еліміздегі жеміс-көкөніс саласы ұсақ әрі кішігірім көлемде тауар өндіруге негізделген. Оның бірден-бір шешімі – кооперацияны қолға алу. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер бұл процесті дұрыс жолға қоя алмай отыр.
Жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау және өткізу мәселелері.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткендей, «жыл сайын 8 миллион тоннадан астам көкөніс пен картоп жиналады, ал көкөніс сақтайтын қоймалардың сыйымдылығы бар болғаны 1,7 миллион тонна. Бұл ретте қоймалардың 60 %-ы тоңазыту қондырғыларымен жабдықталмаған, 30 %ы пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен. Соның салдарынан сақтау кезінде әзірленген өнім көлемінің 35, тіпті 40 %-ы жарамсыз болып қалады».
Бұдан бұрын Үкімет көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөнінде кешенді жоспар қабылдаған болатын. Әдеттегідей, барлық іс-шаралар орындалғаны туралы есеп берілді, ал іс жүзінде айтарлықтай ештеңе өзгерген жоқ.
Жеміс-көкөніс өнімдерін өткізу – орталық және жергілікті атқарушы органдардың құзырында. Бұл орайда Президент осы бағыттағы Азық-түлік корпорациясының жұмысын күшейтуді тапсырды.
Ең басты мәселе, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу функциясы Сауда және Ауыл шаруашылығы министрліктері арасында бөлінген. Біздің ойымызша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің басты функциясын азық-түлік тауарларының бағалары мен нарықтарына мониторинг жүргізуге емес, өнім өндіруге бағыттау керек.
Осы орайда, Сауда министрлігі мен Ауыл шаруашлығы министрлігі арасында бұл функциялардың ара-жігін ажыратуды қарастырған орынды деп санаймыз.
Жоғарыда айтылғандар негізінде Үкіметке айтылған проблемалар мен ұсыныстарды ескере отырып, саланы дамыту стратегиясы бойынша шұғыл жүйелі шаралар қабылдауды ұсынамыз.
Баяндама аяқталды.
Назарларыңызға рақмет!