Іс-шара белгіленген тақырып бойынша бұрын өткізілген отырыстың жалғасы болып табылады. Отырысқа Премьер-Министрдің орынбасары С.М. Жұманғарин, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші басшылары, квазимемлекеттік сектор өкілдері қатысты. Депутаттарды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау және аграрлық саладағы ахуалды тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. Сонымен қатар, 2024 жылғы көктемгі дала жұмыстары үшін ауыл шаруашылығы дақылдары мен тұқым қорының балансын қалыптастыру; ағымдағы жылғы астықты сатып алу; субсидиялар бойынша берешекті төлеу; фермерлердің қаржылық міндеттемелерінің мерзімін ұзарту мәселелері қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар айтылған шешімдердің іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстауға және алдағы егіс жұмыстарына ерекше назар аударуға кеңес берді.