Таныстырылымға Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырысты жұмыс тобының жетекшісі депутат А.Д. Әлтай өткізді. Депутаттық корпусты заң жобасының негізгі ережелерімен депутат А. А. Қожаназаров таныстырды. Заң жобасында көзделген өзгерістер спорттық бағыттағы жылқы шаруашылығына мемлекеттік қолдаудың келесі түрлерін алуға мүмкіндік береді: асыл тұқымды орталықтармен шет елдік селекциядағы спорттық бағыттағы асыл тұқымды айғырларды сатып алуға, спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымының асыл тұқымды аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге, сондай-ақ спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымының асыл тұқымды басын ұстап-бағуға жұмсалатын шығыстарды субсидиялау жөніндегі шығындарды өтеу. Бұл шаралар спорттық бағыттағы асыл тұқымды жылқылардың гендік қорын сақтауға, дамытуға және қалпына келтіруге, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін асыл тұқымды өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымының басын көбейтуге және олардың спорттық қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта осы Заң жобасы бойынша жұмыс тобы құрылды, таныстырылым барысында көтерілген барлық мәселелер оның қызметі шеңберінде егжей-тегжейлі талқыланатын болады.